19-25 сәуірде түйіндеген апталық бағдарламалардың барлығына ортақ тақырып — QazVac вакцинасы. Үш бағдарлама да отандық вакцинаны өңірлерге жөнелту басталғанын хабарлады. «7 күн» және Apta бағдарламалары ауыл әкімдерін сайлау өтетінін талдаса, «Басты бағдарлама» редакциясы Абайдың 175 жылдығынан кейін Семей қалай өзгергенін сараптайды.
Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.
«7 күн», «Хабар»
Бағдарлама QazVac вакцинасының алғашқы партиясы өңірлерге жеткізіліп, отандық вакцинаны жасаушыларға президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында алғыс айтқанынан басталды.
Жүргізуші Дархан Әбдіуахит Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бесінші отырысы туралы студиядан ұзақ әңгімеледі. Ал сюжетте жүргізушінің айтқанын толықтырып, отырысқа қатысушылар мен президент сөзінен үзінділер берді. Әдепкі хаттама сюжет.
Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли президент жарлығымен бірнеше лауазымды тұлға қызметінен босатылғанын хабарлаған. Дархан Әбдіуахит шенеуніктердің есімдерін атап, «жылы орындарын суытты» деп айтты.
Мемлекет басшысы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңесте елдегі сапасыз жолдарды да айтқан. Бағдарлама авторлары 500 шақырымдық Орал-Атырау тасжолының жағдайын жергілікті тұрғын сөзімен растай отырып, президент өткізген кеңес туралы сюжет әзірлепті.
Өткен аптада Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңес хатшысы Әсет Исекешовті қабылдады. Тұңғыш президент Назарбаев пен қазіргі президент Тоқаевтың жұмыс аптасына шолу осы жаңалықтан басталып, кімдерді қабылдағанын қамтыды.
Бір сағат эфирдің алғашқы жартысын президенттерге арнап, екінші бөлігінде ғана сараптама сюжеттерге кезек жетті.
Кешегі аптада мемлекеттік телеарналардың бәріне ортақ тақырыптың бірі — ауыл әкімдерін сайлау. «Хабарлықтар» сарапшылармен бірге мұндай саяси науқанның ел өміріне тигізер пайдасы мен зиянын, әкімдердің заң бұзу ықтималдығын талдайды. Эксперимент түрінде бір жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласынан 50 шақырымдағы «Бұлақсай» ауылында әкім сайланғаны, алты айда ауылда қандай өзгерістер болып, қандай проблемалар туындағанын ауыл тұрғындарының айтуымен баяндайды. Сайлауға түсетін азаматтарға қойылатын талаптар, сайлауға жұмсалатын қаражат жөнінде баяндайтын толымды сюжет.
Тілші Мақпал Мадиярова Қазақстандағы балалар үйінің жай-күйін, бала асырап алу, патронатқа беру, баланы кері қайтару мәселелерін зерттейді. 7 баланы қамқорлығына алып, екеуін кері қайтаруға мәжбүр болған кейіпкерді сөйлетіпті. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин баланы кері қайтарудың бала психологиясына теріс әсерін, бала асырап алуға ниеттілер саны көбейгенін айтады.
Сенатта туризм саласын дамыту жөнінде жаңа заң жобасы қаралып жатыр. «7 күн» тілшілері осы заң жобасын негізге алып, туризмдегі жаңашылдықтарды бір сюжетке жинақтапты. Сюжеттің кадрден тыс мәтінінде тау-шаңғы спорты саласына мемлекет тарапынан субсидия бөлінетін айтып, сол сәтте кадрде жазғы жағажай мен судағы аттракционды көрсетті. Әрбір шетелдік туристке кететін шығынның 15 мың теңгесін мемлекет субсидиялайды екен. Тілші Ерболат Қайыржанның айтуынша, «Бұл ел ішіне турист тартатын мамандар үшін үлкен мотивация болмақ». Ал туроператорлар бұған келісе ме? Қазақстанға шетелден турист тартатын операторлардың проблемасы қандай? Сюжетте бұл айтылмады.
«Қазақстан — өз вакцинасын ойлап тапқан он елдің бірі». Осы сөз бағдарламада үш рет айтылып, отандық вакцинация жөнінде сюжет берді.
Алматыда атақты шопан Жазылбек Қуанышбаетың туғанына 125 жыл толуына орай «Қазақстанның қой шаруашылығы, өткені, бүгіні және келешегі» атты онлайн ғылыми конференция өтті. Жиынға Мемлекеттік Хатшы Қырымбек Көшербаев қатысқан екен. Сюжетте Мемлекеттік хатшының үндеуінен ұзақ-ұзақ үзінділер беріп, Жазылбек Қуанышбаевтың өмірдерегін баяндады. Ғылыми конференцияда қандай мәселелер талқыланды? Бұрын дүркіреп, қазір тоқыраған қой шаруашылығының болашағы қандай? Мінеки, осындай өзекті сұрақтар сюжетте ескерусіз қалыпты. Бәлкім, сюжеттің мақсаты басқа болған шығар. Әйткенмен сараптамалық бағдарламаның эфирін «өтті, кетті» сюжеттермен толтыру жөнсіз-ақ.
Бағдарламаны Қызылорда облысындағы көктемгі егіс науқанынан хабардар ететін сюжет түйіндеді. Өңірдегі алғашқы дән себу рәсіміне облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова қатысыпты. «7 күн» бағдарламасы Қызылорда облысына, өңір басшысы Гүлшара Әбдіхалықоваға ерекше көңіл бөлетінін байқаймыз. Бұған дейін де бірнеше рет Қызылорда мен әкімі туралы сюжеттер көрсеткен.
«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»
Электр энергиясының қымбаттауы «Басты бағдарламаның» басты тақырыбына айналды. Тұтынушы, сарапшылар, мемлекеттік орган өкілдерін сөйлеткен сюжетте электр қуатын өндіретін компания өкілдерінің уәжі жоқ. Электр қуатын өндірушілерді кінәлайтын пікірлер көп айтылды. Алайда қарсы тараптың жауабы естілмеді.
«Ұр тоқпақ» айдары эфирге оралыпты. Әлеуметтік желіде қоғам назарын аударған мәселерді талқылады.
«Басты бағдарлама» да отандық вакцинаның алғашқы партиясы өңірлерге жөнелте бастағанын хабарлап, вице-премьер Ералы Тоғжанов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен ғалымдарды сөйлетті.
Ұлы Абайдың 175 жылдығы пандемиямен қатар келіп, тойланды. Өңірлер мерейтойдың пайдасын сезінді ме? Тілші Артур Мағзомов Семейге сапарлап, аймақ ахуалын бағамдайды. Сюжет «Біз көрген Семей сүреңсіз» деп аяқталады. Аймақтарға тек мерейтойда көңіл бөлінетінін мәселе етіп көтерген тәуір сюжет.
Тілші Айдана Үсенбай Түркістан облысындағы Қазығұрт тауына барып, «Ғайып ерен, қырық шілтен» деген жердің кереметін баяндайды. Бұл сюжет Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналыпты. Әуеден түсірілген видеолары әсерлі, сонысымен де тартымды сюжет.
Apta, QAZAQSTAN
Бағдарлама Алматы мен Түркістандағы атыс оқиғаларынан басталды. Екі оқиғаны қысқа қайырып, ресми жаңалықтарға ойысты.
Дәлірегі, Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңеске ауысты. Мемлекет басшысы өткізген жиын туралы сюжеттің ең жанды тұсы — облыс тұрғындарынан алынған сауалнама. Адамдар баға өсіп, айлық өспейтінін, 100-120 мың теңге жалақы ештеңеге жетпейтінін айтады. Аймақтағы орташа айлық жалақы — 358 мың теңге деген мәліметті аңызға балайды.
Ауыл шаруашылық жерлерін сатуға тағы 5 жыл мораторий жарияланды. Президент көмекшісі Ерлан Қаринмен шағын сұхбатта Жер реформасы жөніндегі комиссиясының жұмысын әңгімеледі. Түсіндірме ақпараты мол сұхбат.
Әйтсе де соңғы уақыттағы ең жиі талқыланатын тақырыпға бөлек бір сюжет арнағанда құба-құп болар еді.
Күзде ауыл әкімдерін сайлау өтпекші. Ал ауыл әкімі болуға үміткерлер бар ма? Apta бағдарламасының осынау тақырыпты талдаған сюжеті Алматы облысындағы оқиғадан басталады. Мұнда ауыл тұрғындары жаңа әкімге қарсы шығыпты. Ақмола облысындағы бір ауылдың әкімін көрсетті. Әкімнің айтуынша, ауыл әкімі болуға ниетті адам жоқтың қасы. Ол бұған не себеп екенін айтса, саясаттанушы мұның жалпы себебін түсіндірді. Басты саяси тақырыпқа арналған толымды сюжет.
Жүргізуші Жайна Сламбек COVID-19 және коронавирусты пневмония статистикасы хабарлап, QazVac сауда белгісімен шығаралытан QazCovid-in қазақстандық вакцинасын өңірлерге жөнелту басталғанын хабарлады.
Қазақстанда 120 балаға бұлшықет атрофиясы диагнозы қойылған. Әлемде сирек кездесетін аурудан емдейтін үш түрлі препарат бар. Үшеуі де Қазақстанда тіркелмеген, құны өте қымбат. Бір препараттың бағасы 53 млн теңгеден басталып, 1 млрд теңгеге дейін жетеді. Ал мұндай диагнозы бар балаларды 2-3 жасына дейін емдеу керек, әйтпесе кеш болады. Ата-аналары үкіметтен көмек сұрап, бұл дәрілерді Қазақстанда тіркеуді өтінеді. Сюжетте бірнеше отбасының хикаясы, ата-анадан бастап шенеуніктерге дейін пікір айтып, комментарий беріпті.
Мүгедектігі бар адамдар отандық цифрлы қызметтерді толыққанды пайдалана алмайды, өйткені қазақстандық сайттар, порталдар оларға бейімделмеген. Мұны міндеттейтін заң не қаулы керек. Сюжетте кейіпкерлер, сарапшылар, депутаттар мен министрлік өкілінің комментарийі бар.
Бағдарламаның соңғы сюжеті — «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» тұрақты айдарына арналып, бұл жолы 1998 жылды еске алды.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.