ДомойМедиасын«Хабар 24» арнасындағы «Әкім» билік өкілі жұмысын қалай бағалайды?

«Хабар 24» арнасындағы «Әкім» билік өкілі жұмысын қалай бағалайды?

«Хабар 24» арнасындағы «Әкім» билік өкілі жұмысын қалай бағалайды?

Лай-балшықтан аяқ алып жүргісіз көшелер, елді мекен аумағындағы күл-қоқыс, ауызсуға, газ бен жарыққа мұқтаж тұрғындар, журналистің алдында ақталуға тырысқан әкімдер. Мұнда әдетте мемлекеттік телеарналардан жиі айтылатын біржақты ресми ақпарат жоқ, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі шынайы көрсетіледі, телеарна тілшісі әкімнің жұмыс орнына аяқ астынан бас сұғады. Мұндай телебағдарламалар көрерменге ұнайды. Сын көтермейтін тұсы да бар.

«Жаңа репортер» авторы Болатбек Мұхтаров «Хабар 24» телеарнасындағы «Әкім» жобасының наурыз-сәуір айларындағы бағдарламаларына (тоғыз шығарылым) талдау жасады.

Мақтайтын жағы

Кадрдан дауыс мәнері, әзіл-қалжыңы, қылығы музыкалық телеарналардағы шоу-бизнес жаңалықтарын еске салатын тілшіні көреміз. Бірақ бұл біздегі стереотип болуы мүмкін және ол лезде ұмытылады: қағылез, ойнақы, пысық қалыппен ойын-сауықты ғана емес, әлеуметтік мәселелерді де айтуға болады екен. Аңғал боп көрінуден қысылмайтын тілші Ақбөпе Тәңірберген барған елді мекенінде жол неге нашар, ауызсу неге жоқ, неге қоқыс шашылып жатыр – бар проблеманы бірден тауып, оның шешімін іздеуге батыл кіріседі. 

Бір сәтте ол Шымкенттің қоқыс полигонында тұрса, одан кейін лай басқан көшемен жүреді, тұрғындардың шағымын тыңдайды, шағымды әкімге жеткізеді. Қосулы камера, дубльсіз режиммен түсіре отырып, республикалық телеарна эфирінен ауылдың барын бар, жоғын жоқ деп көрсетеді. Проблемасы ортақ, әкімге, шенеуніктерге өкпесі бар аудитория өзіне әйтеуір біреу көңіл бөлетінін түсініп, бұған риза болуы мүмкін. Әр бағдарламаның басында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жергілікті билік органдары халыққа қолжетімді болуға тиіс» деген сөзі оқылуы, экрандағы картада Нұр-Сұлтаннан тілші барған елді мекенге дейінгі әуе бағыты сызылуы мәселені көрсетуге астанадан «арнайы мән берілгенін» меңзегендей. Мемлекеттік басқару жүйесін аудан әкімдері деңгейінде болса да сынау телеарнаны көрерменге жақындата түседі. 

Наурыздағы төрт бағдарлама Шымкент аудандары әкімінің жұмысы туралы болды.  Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов «бұл инфрақұрылымы ең артта қалған аудан» екенін айтып, тілші қандай кінә тақса да, «дұрыс» деп жауап берді, мәселелердің қай-қайсын да жасырмады. 10 елді мекенде ауызсу жоқ, әкім жылдың соңына дейін бұл ауылдарға су құбыры түгел тартылатынын айтты. Ми батпақ боп жатқан не асфальты шұрқ-тесік көше-жол елді мекендерге ауызсу, газ, жарық желілері салынып біткеннен кейін – 2023 жылға қарай жөнделеді екен. 

Тұрғындарды шаршатқан жайттарға көз жеткізген журналист эмоция-экспрессиясын іркіп қалмайды. Жаңаталап ықшамауданындағы көшені көргенде «Бұл – Шымкент қаласы???» деп таңданса, Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекеніндегі батпақты кешкенде «Жаяу адам түгілі көлік өте алмайтын жол ғой бұл, ма-а-ас-қара-а-а!» демесіне лажы болмайды. Әкімдерден бар сұрағына тәптіштеп жауап алады, айтылған жауапқа бас шұлғи бермейді. «Орталық көшеге төсеген асфальтыңыз сол ма?» деп, сұрақты төтесінен қояды. Аудан басшысынан «қандай әкімсіз?» деп, қарсы жолыққан тұрғыннан «Мына азаматты танисыз ба?» деп және сұрайды. «Қызметкерлеріңізді, тазалыққа жауапты мекемелерді бастап, Бадам өзенінің жағалауына барыңызшы» деген өтініш те айтады. Мұндай қамқор телеқаһарман халыққа қалай ұнамасын!?

Тележобаның «ревизиясынан» әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарының әкімі де өтеді. Бұл аудандарда да сол проблема: ауызсусыз, газсыз, жарықсыз отырған тұрғын үй алаптары бар, жол инфрақұрылым желілері жүргізілмейінше жөнделмейді. Ақбөпе Тәңірберген сөйлескен тұрғындардың көбі әкімі кім екенін білмейді, жұмысына да риза емес. 

«Әкім» тележобасының эфирге шыққанына 2 жыл болған. Наурыздағы бір бағдарламада жылдың басынан бергі шығарылымдарға шолу жасалды. 

Сәуірдегі бағдарламалар Маңғыстау облысындағы Қарақия, Бейнеу, Маңғыстау аудандарына арналған. Қарақия ауданында түсірілім тобын бір әйел аңдып жүреді. Журналист «неге біздің соңымыздан қалмайсыз?» деп қыспаққа алғанда «дүкенге өз шаруаммен келдім» деп ақталды. Бірақ тұрғындардың бірі құпияны ашып берді. Түсірілім тобының соңынан жүрген адам ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы екен. Шалғай аудандарға қандай да бір телеарнаның түсірілім тобы ескертусіз барғанда ішкі саясатқа жауапты мамандардың осылай сырттай бақылауы журналистерге жақсы таныс. «Әкім» бағдарламасына жергілікті басқару аппаратының «кәсіби тәсілін» әшкерелеудің сәті түсті. Тілшінің хабарлауынша, аудан басшысы Қыдырберді Беков «қызметкері бұл спектакль үшін жазаланатынын» айтқан.

Бұл үш ауданда тұрғындар негізгі проблема – жұмыссыздықтан қиналып отырғанын айтты. Жұмыс табылса, жалақы аз. Бір мұғалім көше сыпыруға мәжбүр болғанын айтты. Азық-түлік қымбат. Базарларда сауда да жүріп жатқан жоқ. Ауызсусыз, газсыз, сапалы жолсыз, интернетсіз отырған ауылдар бар. Қарақия тұрғындары әкімнің жұмысына риза емес, керісінше, Бейнеу мен Шетпеде тұратын азаматтар жұмыссыздыққа, қат-қабат проблемаларға қарамастан аудан басшысының қызметіне сын айтпады. 

Жоғарыда айтылғандарды бағдарламаның аз-кем артықшылығы деп есептейік.

Ақсайтын жағы

Бағдарламада тұрғындар әкімнің қызметіне баға береді. Бұл – эффект үшін қолданылған тәсіл, объектив әлеуметтік зерттеу емес. Дегенмен соның өзі үстірт жасалған. «Әкімді танисыз ба?» деген сұраққа тұрғын «жоқ» деп жауап берсе, ол әкімнің жұмысына қатысты дизлайк деп есептеледі. Азаматтардың аудан басшысын танымағаны оның жұмысына көңілі толмайды дегенді білдірмеуі мүмкін ғой. Сол сияқты әкімді жақсы танығаны да адам оған риза дегенді аңғартпайды. Хабардың орысша нұсқасында олай емес, тілші Асхат Ниязов тұрғынға «Әкімді танисыз ба», «Жұмысына ризасыз ба», «Неге ризасыз?» деген сұрақтарды бірінен соң бірін нақтылап қояды. Содан кейін барып, бағасын есепке алады. 

Шымкентте түсірілген төрт бағдарлама да әуелі тұрғындардан, олардың шағымынан емес, әкімнің кабинетінен басталады. Елді мекен проблемаларына екпін түсірілген болса, «әлеуметтік сюжет» драматургиясы оқиғадан, мәселеден, тартыстан ары қарай өрбуі керек еді. Бұл шығарылымдарда проблеманы әкім бастап, тұрғындар жалғап, композиция ары-бері шатасады. Мысалы, әл-Фараби ауданында электр бағанын қолдан орнатып алған тұрғындардың жайы әкімнен бұрын көрсетілгенде қызық болар еді. Оның орнына мұндай көріністер аудан басшысының әдеттегі құрғақ есебі арасындағы «лирикалық шегініс» сияқты қолданылған. Дегенмен Маңғыстау облысынан түсірілген бағдарламаларда тілші сюжет құрылымын қисынды етіп реттеген. 

Режиссура шешімдері де түсініксіз болып жатады. Бейнеу ауданында тілші хабарды не себепті түйенің жанында «Қазір – Маңғыстауда түйе боталап жатқан сәт» деп бастайтыны беймәлім болып қалады. Бұдан соң өңірдегі мал шаруашылығы туралы бір де бір мәлімет айтылмайды. Осы шығарылымда журналист «көше қиылысында жаяулар жолағы жоқ, көшенің арғы бетіне қалай өтерімізді білмейміз, мынадай бағдаршамдар көбіне жаяу жүргіншілерге арналмаған сияқты» дейді. Лезде бағдаршамдағы жаяу адамның қызыл түсті белгісі жанып тұрғаны көрсетіледі. Демек, қарама-қайшылық – көше реттейтін құрылғы жаяуларға да арналған. Журналист «көліктер бағдаршамның түсіне қарамай жүре береді, сондықтан көшені кесіп өту қиын» деген ойды дұрыс жеткізбегенге ұқсайды. 

«Нәтижелер» деп аталған шығарылымда бағдарлама тілшісі Созақ ауданының әкіміне «Түркістан облысында өзіңіз сияқты қарт әкімдер бар. Бірнешеу. Сіздің ойыңызша, қарт әкімдердің жұмысы өнімдірек пе, жас әкімдердікі ме?» деген сұрақ қояды. Журналист эйджизмнен хабарсыз. Есесіне әкім оған «бұл әркімнің қабілетіне байланысты» деген қарапайым ақиқатты айтады. 

«Әкім» жобасының негізгі кемшілігі – мәтін бойынша мазмұны. Жалпы, мұнда журналистің жазбаша жұмысы көрінбейді. Кадр сыртындағы мәтін өте аз, оның өзінің ауызекі тілден айырмасы жоқ. Бағдарлама редактордың көмегіне зәру. Республикалық телеарна журналисінің кадр сыртында аудан басшыларын «әкім мырза» деп атауы, тіпті «әкім – бір қауым елді басқарып отырған адам» деген түсінігі де ойлантады. Әкім халықтың бір бөлігін басқарудан бұрын белгілі бір аумақтың дамуына жауапты мемлекеттік өкіл ғана. 

Тілшінің сөйлеу лексикасы жұтаң. Дайындықсыз, экспромтпен сөйлейтіндіктен тавтология-плеоназм көп. Кейде екі сөйлемде бір сөзді екпін түсіріп бірнеше рет қайталайды. Стендаптарда, басқа да кадрларда журналист ойын дұрыс жеткізсе екен, сөйлем мүшелерін дұрыс қолданса екен деп қипақтап қаласың.

Шымкент аумағына кіретін ауылдар туралы айтқанда «Елді мекендер дейінші, қала деуге ауыз бармайды» дейді. Бұлар онсыз да қала құрамындағы елді мекендер деп аталады. «Сұраса бола ма», «айтсам бола ма», «десем бола ма?» дегеннің орнына «сұрауға бола ма», «айтуға бола ма», «деуге (деуіме) бола ма?» деп сөйлеу сауаттырақ болар еді. «Көптеген әкімдер», «барлық мәселелер» деген тіркестердің дұрысы: «көп әкім», «барлық мәселе». «Ауа райы суытып кетті», «Жарғақ басы жастыққа тимей жүр» деген сөйлемдер де редактордың тезінен өтпеген, дұрысы: «Күн суып кетті», «Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр».

«Әкім» тележобасы белгілі бір тақырыпты терең зерттеуді емес, «өңірде қандай проблема бар, оны шешу үшін әкім не істеп жатыр?» дегенді көрсетуді ғана мақсат еткенімен мұндай бағдарламаға да сауатты мәтін керек. Бұл тікелей эфир емес, сондықтан журналистің кадрда олқы сөйлеуін, алдын ала дайындалмауын, дубль жасамауын ақтауға себеп жоқ. Кадр сыртындағы мәтін ауызекі әңгімеден гөрі салмақты, ақпаратқа қанық, жүйелі болғаны жақсы. Бағдарламаның орыс тіліндегі нұсқасында журналистің мұндай сөзі сараланған, талданған ақпараттан тұрады, редактордың жұмысы білінеді. 

Қорыта айтсақ, «Әкім» – әзірше негізінен аудан әкімдерінің жұмысын жергілікті тұрғындармен бірге бағалайтын, халықты мазалаған мәселелерді көтеретін қызық бағдарлама. Жоба видеокамера объективіне іліккен объектив жағдайды көрсетеді. Енді журналистер жұмысын кәсіби талаптарға сай жақсарта түскені дұрыс.

Болатбек Мұхтаров
Болатбек Мұхтаров
Журналистикада 2003 жылдан бері қызмет етіп келеді. Телевизияда, баспасөзде, интернеттегі басылымдарда, PR саласында жұмыс істеген.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР