ДомойМедиасынДушанбе сапары, Ashyq және 2000 жыл. 17-23 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Душанбе сапары, Ashyq және 2000 жыл. 17-23 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Душанбе сапары, Ashyq және 2000 жыл. 17-23 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

17-23 мамырды қорытындылаған апталық бағдарламалардың барлығына бірдей ортақ тақырып болмады. «7 күн» эфирінің бірінші сюжеті президенттердің Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысқанына арналса, Apta тілшілері президент Тоқаевтың Душанбеге ресми сапарын баяндады. Ал «Басты бағдарлама» редакциясы Батыс Қазақстан облысындағы киіктерді түгендеп, шаруалардың мәселесін тыңдап қайтты.

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Бағдарлама ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысуына қатысуынан басталды. Сюжетте Тоқаев пен Назарбаевтың сөйлеген сөзінен үзінділер беріп, не айтылғанын талдамады.

Өткен аптада Тұңғыш президент Н. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Жиында киберқауіпсіздік, шекара қауіпсіздігі сияқты маңызды мәселелер айтылған. Әйткенмен, «7 күн» тілшілері бұл сюжетте де хабарлау, құрғақ баяндаудан аспады.

Қ. Тоқаевтың Тәжікстан астанасы Душанбеге ресми сапарына енді кезек жетті. Сюжет Тәжікстан тарапы Қазақстан президентіне қандай құрмет көрсеткенінен басталып, кездесулер, келіссөздер мен қол қойылған келісімдердің мән-жайына тоқталып, президент Тоқаев мінген ұшақ Душанбе әуежайынан қалай ұшып кеткеніне дейін көрсетті.

Мемлекет басшысының апта ішіндегі қабылдауларына шолу жасады. Сосын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған сюжет көрсетіп, 30 жылда мамыр айында болған маңызды оқиғаларды тізіп шықты.

«Соқыр сенімнің жетегінде жүріп, Сирия асып кеткендердің бәріне ортақ бір өкініш бар. Ата-анасының үмітін таптап, бүлдіршіндерінің балалық шағын бүлдіргені үшін, тек өздерін кінәлі санайды…».

Бұл — жүргізуші Дархан Әбдіуахиттің алғысөзінен үзінді. Сюжет «Жусан» операциясы арқылы Сириядан елге жеткізілген қазақстандықтардың бұрынғы және бүгінгі өмірін баяндайды. Кейіпкерлер хикаясы, теолог, психологтар комментарийі бар.

Форматы өзгерген ҰБТ туралы да сюжетте тестілеуден ең жоғары ұпай жинаған түлектерді сөйлетіп, ерекшеліктерін айтып берді. «Қоқысты кәдеге жарату» деп аталатын сюжет Нұр-Сұлтан мен қалаға жақын ауылдардағы ашық қоқыс полигондары проблемасын қозғайды. Тұрмыстық қалдықтарды өндеу саласы дамымай отырғанын да айтып өтті. Алайда сюжет алғысөзінде айтылған Бозжырадағы қоқыс жайында ләм-мим демеді.

«7 күн» редакциясы Қызылорда облысынан сюжет көрсетуді дәстүрге айналдарған. «Ағын су азайды» деп аталатын сюжет осы мәселені Қызылорда өңірімен байланыстырыпты. Өңірдегі су тапшылығы, трансшекаралық өзендер жайы айтылып, сарапшылар мен дихандарды сөйлетті.

Бағдарламаны түйіндеген «Қазақтың Олжасы» деген сюжет ақын Олжас Сүлейменовтың 85 жылдығына арналды.

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

Бағдарламаның бірінші сюжеті «Киіктің киесі мен кесірі» деп аталып, Батыс Қазақстан облысындағы киік популяциясы мен киік көбеюінің шаруаларға зиянын талдайды.

Ал «Ұр тоқпақ» айдары Атырау облысындағы былтыр жөнделген мектептердің бірін биыл мұғалімдер қайта жөндеп жатқаны туралы ақпаратты тексермек болыпты. Тілші жағдайдың анық-қанығын анықтауға тырысып, бірақ проблемаға терең бойламады.

Ішкі істер саласының қызметкері желілік маркетингке бет бұрғаны жайлы видеоны да көрсетіп, бұған сарапшы пікір білдіріпті.

Қазан мектебінде болған қайғылы оқиғадан кейін Мәжілісте мектептердегі қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіне шықты. Өткен эфирде «Basty bagdarlama» авторлары Мәжіліс депутаты Андрек Линник сөзінен үзінді келтіріп, тақырыпты қысқа қайырған. Бұл жолы мектептердегі қауіпсіздік мәселесіне бөлек арнапты. «7 күн» тілшілері 15 мамырдағы шығарылымында мектептердің күзет жағдайын сарапшымен бірге аралап, көрген еді. «Basty bagdarlama» тілшілері де осы тәжірибені қайталапты.

«Ashyq» ашық па?«. Ел назарындағы «Ashyq» жобасы туралы сюжет осылай аталады. Сарапшылардан бастап қолданушыларға дейін пікір айтып, ой бөліскен материал бұл қосымша төңірегіндегі дауды жан-жақты талдапты.

Apta, QAZAQSTAN

Apta эфирі ресми хабардан басталып, Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысқанын айтып, Тәжікстанға сапарына ойысты.
Жүргізуші Жайна Сламбек алғысөзде әдеби шегініс жасады.

«Орта ғасырда өмір сүрген атақты ақын, парсы, тәжік халқының ұлы Фирдоуси (940-1030) „Шахнама“ дастанын 30 жыл жазған. Дастанда өз елін жаулап алушыларға қарсы халық көтерілісі баяндалады. Ал енді осы шығарманы 1936 жылы қазақтың ақыны, ағартушысы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің еркін аударғанын ұмытпаған шығарсыз. Туындының „Рүстем-Дастан“ аталатын бөлімі аударма емес, құдды бір қазақтың дастанындай жырланған. Бірақ ақынның көзі тірісінде жарық көрген жоқ, Тұрмағамбеттің жазықсыз қудалауға түскені мәлім…».

Жүргізушінің сөзі қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығысқа байланысты айтылды ма әлде президенттер кездесуін меңзеді ме? Бұл жағы түсініксіз. Ал сюжет әдепкі хаттамадан аспады. Ресми сапар барысынан тараған ресми жаңалықтың барлығын да қамтыды.

«Apta қонағы» айдарына ҚР БҒМ биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария келді. Ол қазақстандық вакцина қалай жасалғаны, сынақтар туралы айтып берді. Әлемдік беделді медициналық журналдарда біздің вакцина туралы қандай да бір мақала неліктен жарияланбай келе жатқаны айтылмады.

Ақмола облысының ауылдарындағы жайылым, шабындық жер тапшылығы мен карьер қазу мәселесіне арналған сюжет толымды әрі мазмұнды дайындалған. Ауыл тұрғындарының, әкімдік пен карьер қазып жатқан кәсіпкерлердің комментарийі бар.

Қазақстанда әрбір төртінші отбасы ажырасады. Себебі неде? Сюжетте дағдарыс орталығында тұрып жатқан бірнеше әйелдің хикаясы бар. Жастардың отбасын құруға дайын болмай шығуы, туған-туыстың жас отбасы өміріне араласуы және тағы басқа мәселелерді қамтиды. Қоғамдағы өзекті проблеманы қозғаған сюжет.

Баланың психикалық денсаулығына кім жауапты? Бұл сұрақ мектеп психологтарының мәселесін талдауға себеп болыпты. Педагог-психологтардың БҒМ тарапынан бекітілген бірыңғай оқу әдістемелігі жоқ екен. Жылдық оқу жоспанын әкімдер бекітеді. Педагог-психологтардың жеке кабинеттері де жоқ, жұмыс сағаты берілмеген. Сюжет соңында баланың психикалық денсаулығына ата-анасы жауапты, деп түйін жасалды.

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл. Тележылнама» айдары 2000 жылға арналды. Мұнай қымбаттауы, Ұлттық қор құру, «Қарбыз» операциясы, Түркістанның 1500 жылдығы, боксшы Бекзат Саттархановтың Сидней олимпиадасынан жеңіспен оралуы, мезгілсіз қазасы, «Тәуелсіз тарлан» сыйлығы, «Рахат Лукум» қыздар тобы туралы айтылды. Тілші «Рахат Лукум» тобы жөнінде айта келіп, «Енді қылымсыған, лыпа киген қыздар экраннан жиі көріне бастайды. Әнші біткен клип түсіретін болды» деп түйіндейді. Бұл автордың әнші қыздар мен заманауи орындаушыларға қарата айтқан ащы мысқылы ма әлде зілсіз әзілі ме, бұл жағы түсініксіз.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР