үйМедиасынЭнергетика қауіпсіздігі, балалар өлімі және курьерлер. 24-30 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

Энергетика қауіпсіздігі, балалар өлімі және курьерлер. 24-30 мамырдағы қорытынды бағдарламаларға шолу

24-30 мамырды қорытындылаған бағдарламалардың үшеуіне бірдей ортақ тақырып болмады. «7 күн» эфирі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың апта ішінде қатысқан жиындарынан басталса, Apta редакциясы тауда жоғалған туристер, шатқалдағы сел оқиғасын басты тақырып етіпті. Ал «Басты бағдарлама» авторлары балалар қауіпсіздігі, баланың оқыс өлімі неліктен көбейгенін талдайды. «7 күн» мен «Басты бағдарлама» тілшілері де Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына барып, оңтүстіктен көшіп келген отбасылардың тұрмысын көріпті. 

Дәстүрлі мониторингімізде «Хабар», «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

«7 күн», «Хабар»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сейсенбі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 74-ші сессиясы жабылуына қатысып, видео үндеу жасады. Жүргізуші Дархан Әбдіуахит президент сөзінен үзінді келтіріп, «2 миллиард түп ағаш егу идеясын Прездент өз жолдауында айтқан. Бір тал ексең он тал ек қағидасын ұстансақ, біз үшін бұл тым қиын іс емес» деп қайырды. Он ағаш егу қиын емес-ау, ал 2 миллиард түп ағаш егу үлкен жауапкершілік емес пе?! 

Дархан Әбдіуахит: «Қазақстан жасыл экономикаға өту тұжырымдамасын іске асыра бастағанына 8 жыл болды. Осы уақыт ішінде баламалы энергия өндіретін нысан саны 115-ке, ал қалдықтарды өңдеу көрсеткіші өткен жылы 36%-ке жеткен» деп дерек келтірді. 1 шілдеден бастап Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай әзірленген жаңа экологиялық кодекс күшінен енетінін айтқан ол: «…осылайша Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасында жасыл экономика идеясын жүзеге асырған алғашқы ел атанады» деп сенімді байлам жасады.

Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Осы жиыннан Рауан Мыңбаев әзірлеген сюжет президент сөздерінен құралыпты. Президент елдегі көмір пайдаланатын жыл электр станцияларын газға көшіру кешеуілдеп жатқанын, құрал-жабдықтың ескіруі сияқты көптеген проблеманы айтқан еді. Мұның барлығы жүргізушінің «…Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасында жасыл экономика идеясын жүзеге асырған алғашқы ел атанады» деген ұйғарымын терістеп тұрғандай әсер қалдырды. 

Қазіргі президент пен Тұңғыш президентің апта ішіндегі кездесулеріне ресми шолудан кейін СҚО-ның Айыртау ауданына көшіп барған отбасылардың тұрмысын баяндаған сюжет берді. Тұрғындар баспана, жол, ауыз су жағдайын айтса, үкіметтегілер атқарылған жұмыс есебін баяндады. 

«Баспана хит» және «7-20-25» ипотекалық бағдарламаларын тоқтату елдегі баспана нарығына қалай әсер етеді? Сюжетте құрылыс компаниялары мемлекеттік ипетокалық бағдарламалар арқылы үй тез сатылғанын, енді нарықтағы жағдай қиындауы мүмкін екенін айтады. Тұрғын үй бағасының өсуіне мемлекеттік бағдарламалар да себеп болғаны қысқа айтылып, бірақ терең талданбады. 

Коллекторлық қызмет туралы заңға енгізілген өзгертулер қабылданды. Нұрболат Жаңабергеннің сюжеті осы өзгерістерді түсіндіреді. Ақпараты мол, заң өзгерістерін жан-жақты талдаған сюжет. 

«Вакциналау барысы» деген сюжет жаппай вакцинацияның жайын баяндайды. Денсаулық сақтау министрлінің жоспары, Білім және ғылым министрінің жаңа оқу жылы офлайн не онлайн өту шарттары туралы айтқаны да бар. 

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған сюжет АЛЖИР лагерінде дүниеге келген адамның өмірін, сталиндік жүйенің қатігездігін айтып, тарихшылар, музей қызметкерлері мен кітапханашыларды сөйлетіпті. 

«Басты бағдарлама», «Еуразия бірінші арнасы»

«Басты бағдарлама» тілшілері 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында бүлдіршіндердің оқыс өлімі һәм қайғылы оқиғалары көбейгені жөнінде сюжет әзірлепті.

Тілші Әсем Изатқызы полициямен бірге рейке шығып, тыйым салынған аймақта шомылған, өрт аумағында жүрген балалармен сөйлесіп, сарапшылармен бірге «балалардың қараусыз ойнауына кім кінәлі» деген сұраққа жауап іздепті. 

Сарапшының: «Ана баласына үш жасқа толғанша қарауы үшін алиментация болуы керек» деген пікіріне сүйенген тілші: «не күйеуден, не Үкіметтен үміт болмаған соң, амалсыз ана байғұс көңілін жүз бөліп, жұмысқа шығады» деп түп кінәліні меңзегендей болады. Елімізде Ана капиталы жоқ екенін де айтып өтеді. Бала қауіпсіздігі аналарға ақша берумен шешіле ме екен? 

Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы Бағыс және Хиебон ауылдары Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының құрамына қосылып, Қазақстан картасына енгізілді. 

«Басты бағдарлама» тілшілері екі елдің де құрамына енбей келген ауылдың жиырма жылдағы тұрмыс-тіршілігі туралы репортаж дайындапты. Тілші ауыл тұрғындарын, әкімдік өкілдері мен мәслихат депутатын сөзге тартып, «Не өзгереді» деп ойлайсың?» деген сұрақ қояды. Тұрғындардың біреуі тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге тұру, ауруханаға тіркелу жағынан қиындықтар болғанын аз-кем айтқаны болмаса, ауылдардың жиырма жылдағы өмірін көрсетуі тиіс тақырып толық ашылмапты. 

«Түсінген адамға теріскей бетке түстіктегі жұртты көшірудің сыры белгілі» деп басталатын алғысөз осынау көштің қалай орындалып жатқанын сараптайды. 2017 жылдан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында 27 мыңнан аса адам оңтүстік өңірден солтүстік аймаққа көшіп барыпты. Кейбірі кері көшкен. Тілші оңтүстік жұртшылығы көшіп барған елдімекендерді аралап, жағдайын пайымдайды.

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем ұлттық паркі аумағында жоғалып кеткен туристер және Шарын шатқалында сел жүру оқиғасынан басталды. 

«Қазақстан — әлемде ең көп энергия пайдаланатын елдердің бірі». Кешегі аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл отырыс елдегі баламалы энергия көздерін дамыту жөніндегі сюжетке арқау болыпты. Маңызды тақырып хаттамалық сюжетке айналып, Тоқаев синхрондарынан құралған. 

Реновация дегеніміз не? Алматыда ескі үйлерді бұзып, орнына көпқабатты тұрғын үйлер салмақ. Реновацияның не екенін түсіндірер сюжетте әбден ескірген үйлердің адам шошытар кадрлары, тұрғындар уайымы, тараптардың комментарийі бар. 

Маңғыстау облысында әкімдік 72 кәсіпкерден жерін қайтаруды талап етіп жатыр, өйткені олар жерді аукционсыз, комиссия шешімін алған екен. Кәсіпкерлер алған жерде бизнес ашыпты.  Жерді қайтарса, шығынға батады. Тараптардың бәрін сөйлеткен сюжет

Алдыңғы аптада курьерлер наразылыққа шыққан болатын. Алайда Apta авторлары бұл туралы кешеуілдетіп, араға апта салып сюжет берді. Мағлұматы мол сюжет. 

Содан кейін COVID-19, коронавирусты пневмония, вакцинация туралы ресми статистиканы баяндап, Беларусь Республикасындағы саяси жағдайға ойысты. Қазақстандық саясаттанушының комментарийін берді. 

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Азалы күн қарсаңында «Ашаршылық. Голод» атты үш томдық деректі хроника кітаптың тұсаукесері болыпты. Қазақ даласындағы қуғын-сүргін және ашаршылық туралы басқа да кітаптар жөнінде айтты. Ал Apta қонағы Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы болды. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін, ашаршылық төңірегінде сұхбаттасты.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Cоңғы жазбалар

ЕЭК отырысы, қымбатшылық және “Кальмар ойыны”. 11-17 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалар ел ішінде жиі талқыланған мәселерге көбірек арналды. «Жеті күн» авторлары президент Қ.Тоқаев қатысқан отырыстарға эфирдің жартысын арнады. Ал «Айна» редакциясы ел назарында болған...

Баспана бағасы, дизель тапшылығы және аңшылық. 4-10 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
«Жеті күн» және «Айна» бағдарламаларына ортақ тақырып — тұрғын үй бағасының қымбаттауы мен дизель тапшылығы. Ал Apta авторлары көмір тапшылығын да, мүгедектігі бар жандар...

Тұран жолбарысы, азып-тозған ауылдар және қымбатшылық. 27 қыркүйек — 3 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаны қорытындылаған «7 күн» авторлары Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшқанына 30 жыл толғанын айтып, президент аптасына ауысса, «Айна» редакциясының негізгі тақырыбы — азық-түлік қымбаттауы....

Алматыдағы атыс, президенттің Маңғыстауға сапары және деменция. 20-26 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

0
Кешегі аптаны қорытындылаған бағдарламалардың барлығына ортақ тақырып — Алматыдағы атыс. «Айна» редакциясы тұтас бағдарламаны осы оқиғаға арнаса, «Жеті күн» және Apta авторлары президент Қ.Тоқаевтың...

Душанбедегі саммит, жылыту маусымы және тағы да қуаңшылық. 13-19 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

0
Апталық сараптамалық бағдарламаларға дәстүрлі шолуымызда «Жеті күн» және «Апта» бағдарламаларын қамтыдық. Екі бағдарламаның бірінші сюжеті президент Қ.Тоқаевтың Душанбедегі қос бірдей отырысқа қатысуына арналыпты. Apta...