ДомойМедиасынТок-шоу, концерт және үнді сериалдары: 2021 жылдың I тоқсанындағы қазақша топ-10 бағдарлама

Ток-шоу, концерт және үнді сериалдары: 2021 жылдың I тоқсанындағы қазақша топ-10 бағдарлама

Ток-шоу, концерт және үнді сериалдары: 2021 жылдың I тоқсанындағы қазақша топ-10 бағдарлама

«Кекеш келін» деп аталатын үнді сериалын Болливудтың тағы бір сағызша созылған «Тұмарым» сериалымен алмастырған Astana TV телеарнасының рейтингін үнді мелодрамаларын сүйетіндер көтеріп-ақ тұр.
Ал КТК телеарнасындағы «Астарлы ақиқат» ток-шоуы бірінші орынға нық жайғасыпты.
Qazaqstan ұлттық телеарнасы әлемдік фильмдерді қазақша сөйлетіп, ата-анасымен бірге қарайтын балалар есебінен көрермендерін жаулап алмақ.
Биылғы қаңтар-сәуірде қазақ тілінде көрсетілген ең танымал 10 телеөнімге шолу ұсынамыз.

1. «Астарлы ақиқат» ток-шоуы (3,6**). КТК телеарнасындағы Дина Төлепберген жүргізетін «Астарлы ақиқат» ток-шоуы 2021 жылдың алғашқы төрт айында көрермендер қызығушылығын жоғалтпай, мемлекеттік тілдегі танымал телебағдарламалар арасында бірінші орыннан түспей келеді. «Қайын атадан қойын атаға» деген атышулы шығарылымдар сериясы 1 ақпанда көрсетілді. Мұнда Түркістан облысындағы бір отбасының оқиғасы баяндалады. Жас келін күйеуі мен қайын енесінің ұрып-соғуынан құтылуға тырысып, қайын атасынан қорғаныш іздеп, екеуі көңіл жарастырған. Жүргізуші айтқандай, «бұл сұмдық бәрімізді есеңгіретіп, жаға ұстатты».

Үш сериялы шығарылымды талқылау кезінде жүргізуші мен сарапшылар оқиғаның сұмдық екеніне таңданып отырды. Сарапшының бірі: «қазақ болмағанына шүкір» деп айтып салды. Бұл шығарылым әлеуметтік желіде де талқыланып, жұртшылық «қазақты масқаралайтын» бағдарламаны жабылуын талап етіп, шулады.

Ток-шоудың негізгі аудиториясы — 18 жастан асқан әйелдер, студенттер, зейнеткерлер, жұмысшылар, табысы орташа не төмен адамдар екен. «Астарлы ақиқат» дүйсенбі-бейсенбі күндері прайм-таймда 20.00-21.00 аралығында көрсетіледі.

2. «Джунгли кітабы» (3,1**). Фильм «Disney» апталығы аясында Qazaqstan ұлттық телеарнасында жаңажылдық мереке күндері көрсетілді. Редьярд Киплингтің «Джунгли кітабы» шығармасының желісі бойынша 2016 жылы жарыққа шығып, қазақ тіліне аударылған фильм топ-10-дықта екінші орынға шықты. Ұлыбритания және АҚШ бірлесіп түсірген картина 1967 жылы Walt Disney Pictures жасаған мультфильмнің ремейкі әрі компьютерлік анимация элементтері бар көркем фильм. Фильмде көрерменге белгілі джунглиде қасқыр үйірінде өскен, қазір қазақ тілінде сөйлейтін Маугли баланың оқиғасы баяндалады. Фильм аудиториясы орташа табысы бар, 6 жастан 29 жасқа дейінгі көрермендер, балалар мен студенттер болды.

3. П@утina (2,2**). «Еуразия бірінші арнасындағы» осы бір бағдарлама қазақ аудиториясын қалай жаулап алғаны түсініксіз. Бағдарламаның сипаттамасында «Бүкіләлемдік ғаламтордан белгілі бір тақырыпта жиналған танымал шынайы өмір туралы күлкілі бейнелер» делінген. Шын мәнінде, қазақ тілінде жүргізетін жүргізушісі бар, титрде орыс тіліндегі аудармасы жазылған, хронометражы 40 минутқа созылатын интернет-роликтердің теледидардағы көрсетілімі. Бағдарлама күн сайын түнде, 01.35-те, кейде түнгі 02.40-та эфирге шығады. Мүмкін, оны интернеті жоқ, түнгі ұйқысы бұзылған көрермендер тамашалайтын шығар? Алайда бағдарлама аудиториясы — 18-39 жастағы әйелдер, сонымен қатар зейнеткерлер, студенттер, жұмысшылар, орташа және табысы аз адамдар екен.

4. Ток-шоу «QosLike» (2,2**). Кезінде «Қалаулым» деген жандалға толы атауын өзгертіп, әуелі «ҚалаулымLive», кейін «Qoslike» болған реалити-шоу «Еуразия бірінші арнасының» рейтингін көтеріп-ақ отыр. Бағдарлама жұмыс күндері 14.30-дан 18.30-ға дейін төрт сағат бойы тікелей эфирде өтеді.

Бұл реалити-шоу — ресейлік «Давай поженимся» және «Дом-2» реалити-шоуларына ұксайды. Қатысушылар — 25 қыз-жігіт оларды таңдап, студияға келген адамдармен танысады. Егер бір-бірін ұнатса, кездесіп, бұл туралы әлеуметтік желілерде және эфирде айтады. Бағдарламаны Диана Скатова жүргізеді. Жақында бұрынғы жүргізуші Аша Матай эфирге оралды. Шоу авторлары бағдарламаны «отандық медианарықтағы қатысушылары бағын тауып, романтикалық әңгімелермен бөлісетін рейтингісі ең жоғары реалити-шоу» деп сипаттайды. Шын мәнінде, эфирдің төрт сағаты көбіне  қатысушылар арасындағы ұсақ-түйек әңгімелер, кейде тіпті ұрыс-жанжалмен де өтеді. Реалити-шоуды 18 жастағы әйелдер, студенттер, зейнеткерлер, орташа табысы бар жұмысшылар көреді.

5. «Кекеш келін» (2,1**). Сәуірде «Аstana TV» телеарнасы бұл үнді сериалының көрсетілімін аяқтады. Бас кейіпкер Тапкидің «сұлу және ақылды», бірақ кекештігінен зардап шегетін өмірін көрсетер 698 эпизодтан тұратын үнді мелодрамасы әдеттегідей сәтті бітті. Телехикая Үндістанда екі жыл — 2015 жылдың мамырынан 2017 жылдың шілдесіне дейін көрсетілді. Осы уақыт ішінде фильмдегі оқиғалар 15 жылды толығымен қамтыды. Қазақ тіліне аударылғанға дейін Пәкістанда, Индонезия, Вьетнамда да тәржімаланып, көрсетілді. Сериал орыс титрлерімен шығады. Мелодрама көрермендері 10 жастан асқан қыздар, әйелдер, сондай-ақ студенттер, зейнеткерлер, орташа табысы бар қызметкерлер екен.

6. «Ральф интернетке қарсы» (2,1**). «Ральф интернетке қарсы» фильмі 2 қаңтар күні қазақ тілінде Qazaqstan телеарнасынан көрсетілді. Walt Disney Animation Studios-тің 2018 жылғы толықметражды компьютерлік анимациялық фильмі әрі 2012 жылы экранға шыққан «Ральф» мультфильмінің жалғасы. Сюжетте екі достың — Ральф пен кішкентай қыз  Ванилопаның Интернет кеңістігіндегі шытырман оқиғалары туралы баяндалады. Ойын автоматтарында тұратын қаһарман ойын кейіпкерлері достықты жоғалтпай әрі жаһандық желіні бұзбай, маңызды нәрсені табуы керек. Сандық технологиялар әлеміндегі достық тарихы «Оскар» және «Алтын глобус» жүлделеріне ие болған. Мультфильмнің қазақша нұсқасын 6-29 жас арасындағы көрермендер көріпті.

7. Концерт «МузАрт» (2,0**). Танымал музыкалық топтың мерекелік концерті 8 наурызда Qazaqstan телеарнасынан эфирге шықты. Нақты қандай концерт болғаны белгісіз. Топтың 20 жылдығына арналғаны ма әлде музыканттар 15 жылдығын атап өткен 2016 жылғы түсірілім бе? Телеарна мұрағаттарынан немесе YouTube арнасынан концерт бейнежазбасын табу мүмкін болмады. Халықаралық әйелдер күніне арналған концертті 30 жастан асқан әйелдер, сондай-ақ зейнеткерлер, орташа табысы бар қызметкерлер тамашалады.

8. Концерт «Ән мен әнші. Жаңа Жыл» (1,9**). Жаңа жыл қарсаңында КТК телеарнасында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысқан жыл сайынғы дәстүрлі концерт көрсетілді. Көрермендерді Мақпал Жүнісова, Мәдина Сәдуақасова, Жұбаныш Жексенұлы және басқа да әншілер қуантты. Телеарна жүргізушілері Мәдина Балғабаева мен Ерланби Дәулетиярдың дуэті де жағымды тосынсый болды. Бұл концертті 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер, сондай-ақ студенттер, зейнеткерлер, жоғары және орташа табысы бар жұмысшылар тамашалапты.

9. «Ән мен әнші kz» концерті (1,8**). Qazaqstan ұлттық телеарнасында қазақстандық эстрада жұлдыздарының 1,5 сағаттық концерті 2 қаңтарда көрсетілді. Концерт телеарнаның бағдарламалар кестесінде бар, бірақ концерт видеосы арна сайтында да, YouTube-те де жарияланбаған. Сондықтан көрермендер не көргені түсініксіз. Жаңа жыл қарсаңында басқа арнада көрсетілген концерт пе әлде басқа ма? Концертті 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер, студенттер, зейнеткерлер, орташа табысы бар жұмысшылар көрген сыңайлы.

10. «Тұмарым» (1,8**). Сәуірде аяқталған «Кекеш келін» сериалының орнын басқан жаңа үнді мелодрамасы Astana TV-де көрсетіліп жатыр. Сериал туғанда ата-анасы тастап кеткен Каали деген қыздың хикаясын баяндайды. Бақуат тұратын Вишвавир Джах деген адам «Гаури есімді қызын отбасылық қарғыстан құтқарсын» деген мақсатта тастанды қызды «тұмар» ретінде үйге алып келеді. Сериал 2015 жылдан 2017 жылға дейін түсірілді, барлығы 400-ден астам сериясы бар. Қазақ тілінде көрсетіледі, орысша титрлері бар. Сериалды 10 жастан асқан қыздар, әйелдер, сондай-ақ, студенттер, зейнеткерлер және орташа табысы бар жұмысшылар көреді.

Мінеки, 2021 жылдың қаңтар-сәуір айларында қазақ тіліндегі үздік 10 бағдарламаның қатарына ток-шоу мен концерт, мультфильмдер мен үнді сериалдары енді. Ойын-сауық бағдарламалардың негізгі аудиториясы — 18 жастан асқан әйелдер мен ерлер, студенттер, зейнеткерлер, қызметкерлер және орташа табысы бар адамдар боп шықты. Мультфильм көрермендері — балалар мен студенттер. Үнді мелодрамаларын 10 жастан асқан қыздар және орта табысы бар әйелдер көреді екен.

* Мақала International Media Servicе медиаселлерінің Kantar телевизиялық өлшеміне негізделген сұрыптауына сүйеніп дайындалды.

** Рейтинг — бағдарламаның жалпы халық санына процентпен шаққанда алынған теледидары бар аудитория. Жарнама берушілер үшін маңызы зор.

Назира Даримбет
Назира Даримбет
Назира Даримбет работает в журналистике более 15 лет, в основном в независимых медиа. Была главным редактором газеты «Азат», редактором отдела политики и социума в медиапроекте «Республика», обозревателем Ratel.kz, редактором казахоязычной версии сайта. Специализируется на социально-политических темах. Пишет на русском и казахском языках. Сейчас пишет для Total.kz обзоры казахскоязычных СМИ. Обозреватель портала KZ.MEDIA.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР