Қазақстандағы Internews өкілдігі 26 маусым — 1 шілде күндері Алматыда Зерттеу журналистикасы бойынша офлайн-тренинг өткізді. Зерттеу журналистикасы мектебіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен 21 журналист пен блогер қатысты. Тренинг бағдарламасында медиазаңнамалар, журналистік зерттеуге дайындық кезеңдері, ақпаратты жүйелеу, ақпарат көзімен жұмыс және оларды қорғау, ашық деректер ресурсы, фактчекинг және сторителлинг сияқты тақырыптар бар.
«Жаңа репортер» сайты тренинг сессияларынан нұсқаулықтар жариялай бастады. Украиналық медиатренер, зерттеуші-журналист Олег Хоменок журналистік зерттеудің анықтамасын түсіндіріп, зерттеуге қалай дайындалу керегін айтып берді.
Журналистік зерттеу дегеніміз не?
Зерттеу дегеніміз — журналистің көптеген дереккөзбен жұмыс істеп, мәліметтерді мұқият талдап, салыстырып, қарама-қайшылықтарды іздей отырып ақпарат жинау әдісі. Журналист материалында «5W» формуласының (кім, не, қайда, қашан, неге) сұрақтарына жауап береді, яғни кәдімгі журналистік мақалаға ұқсайды. Сондай-ақ, зерттеу материалда: қалай/қалайша, кім кінәлі, бұл кімге тиімді / енді не болмақ / енді не істеу керек, деген маңызды сұрақтардың жауабы бар.
Зерттеу журналистикасының ерекшеліктері қандай?
- Мақалалар не мақалалар сериясы журналистің төл жұмысы болып саналады. Таралып кеткен ақпаратты жариялау журналистік зерттеуге жатпайды.
- Ақпарат жинағанда журналистиканың басқа жанрларына тән емес тәсілдерді қолдану.
- Жұртшылыққа белгісіз болып келген мәліметтерді жария ету, құпияны ашу, әшкерелеу. Қоғамның жасырын ақпаратты білу құқығы субъектінің сол ақпаратты құпия сақтау құқығынан айтарлықтай асып түседі.
- Жеке оқиғаны емес, жалпы жүйелі проблеманы көрсету.
- «Кеше — бүгін — ертең» уақыт өлшемінің болуы. Проблеманы сипаттау (осы шақ ), себептерін анықтау (өткен шақ), қалай дамитынына болжам жасау (келер шақ).
- Журналистік зерттеу материалына екі көзқарас аз. Материалда көптеген ақпарат көзі: сарапшылар комментарийі болып, ауқымды деректер қорын өңдеу керек.
- Шығыны мол. Ұзақ уақыт пен біраз қаражат қажет.
Гипотеза дегеніміз не, қалай дұрыс тұжырымдайды?
Гипотеза дегеніміз — журналист зерттеу кезінде дәлелдейтін не терістейтін болжам. Гипотеза — зерттеу субъектісін және зерттеу нысанын анықтап береді. Гипотезада кім, қалай және неліктен заң бұзатыны / заңға қайшы әрекет жасайтыны, салдары қандай болатыны тұжырымдалады.
Әуелі дерек жинауға көмектесетін ақпараттық сұрақтардан құрылады: кім, не, қалай, қашан, қанша, жүйесі қандай?
Сосын комментарий алып, деректерді бағамдауға не талдап-түсіндіруге арналған неліктен, бұл кімге тиімді, мұның/оның артында кім тұр, себеп-салдары қандай, деген бағалау сұрақтары болады.
Қандай ақпарат көздері бар?
- Ресми және бейресми құжаттар
- Құжат сақтайтын ұйымдар
- Интернет, мұрағаттар, деректер қоры және БАҚ
- Ақпарат білетін, құжатты алып жүретін адамдар
- Журналистің өзі де бақылау не тәжірибе жасау арқылы ақпарат көзі болады
Журналистер зерттеу кезінде қандай қиындықтарға тап болады?
- Қажет ақпарат көздеріне қол жетпеу.
- Ресурс (уақыт, қаражат) жетіспеушілігі.
- БАҚ қожайындары даулы, проблемалық ақпаратты жариялауға құлықсыз болуы, жұмыстан айырылу қаупі, сотқа шағым.
- Жарияланым үшін кек алудан қорқу, жеке өміріне қауіп.
- Психологиялық проблемалар — жалғыздық, кәсіби қажу, шаршау, сәтсіздіктен тайсалу.
- Журналистік ортада зерттеу тәжірибесі мен дәстүрінің болмауы.
Бұл кеңестер офлайн форматта өткен Зерттеу журналистикасы мектебінде медиатренер Олег Хоменоктің дәрісінен жазылып алынды. Зерттеу журналистикасы мектебі MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.