ДомойМедиасынҚай телеарнада қазақ тіліндегі жаңалықтың көрермені көп?

Қай телеарнада қазақ тіліндегі жаңалықтың көрермені көп?

Қай телеарнада қазақ тіліндегі жаңалықтың көрермені көп?

Қазақ тіліндегі ақпаратты тұтынатын көрермен телеарна жаңалықтарын кешкі уақытта көреді, әсіресе «КТК» телеарнасы жаңалықтарының көрермені көп. 2021 жылғы қаңтар-маусым аралығындағы рейтингіге* қарасақ, ақпарат бағдарламаларының алғашқы үштігіне «КТК, «Еуразия бірінші арнасы» және QAZAQSTAN ұлттық телеарнасының жаңалықтары кіреді.

«КТК» телеарнасының қазақша жаңалықтары (1,9**) дүйсенбі-жұма күндері прайм-тайм уақытта, яғни 19.30-20.00 аралығында эфирге шығады, 04.00-те және 07.00-де қайталанады. Телеарнаның көрермен саны «Кешкі жаңалықтар» кезінде артады. Кешкісін жаңалықты 18 жастан асқан, табыс деңгейі орташа әйелдер, ал 07.00-дегі қайталауды 18 жастан асқан, табыс деңгейі орташа ерлер мен әйелдер көп көреді екен.

Жарты сағаттық эфир негізінен коронавирусқа қатысты ахуалды баяндайтын дәстүрлі сюжеттермен бірге қылмыс оқиғалары мен аймақ жаңалықтарына толы. Телеарна жаңалықтары көрерменінің көптігі мен рейтингіде бірінші орынды иеленуі де осы себептен болар.

Мәселен, 27 шілдедегі шығарылымда өңірлердегі жергілікті атқарушы билік жұмысын сынайтын бес жаңалық пен қылмыс оқиғалары туралы төрт сюжет болды.

«Еуразия бірінші арнасының» жаңалықтар бағдарламасы — «Басты жаңалықтар» (1,7**) 18.30-да көрсетіледі, 02.50-де қайталанады. Негізгі эфир көрермені — 18 жастан асқан, табыс деңгейі орташа әйелдер. Түнгі қайталауды 18 жастан асқан, табыс деңгейі орташа не ортадан төмен әйелдер көреді.

Бұл арна жаңалықтарында да өңірлердегі жағдайды хабарлайтын және қылмыс туралы сюжеттер бар. 27 шілдедегі шығарылымда арна тілшілері жантүршігерлік жол апатынан 10 жасар қыздың «жыныс мүшесі жұлынып кеткенін» егжей-тегжейлі баяндайды. Бірақ «КТК» телеарнасымен салыстырғанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысына жұмыс сапарын, Токио Олимпиадасы туралы айтуды ұмытпады. Бағдарламаның соңғы бес минуты ауа райы болжамына арналады.

QAZAQSTAN телеарнасы Aqparat бағдарламасының (1,1**) негізгі шығарылымын сағат 20.00-де көрсетіп, 03.00-те және 06.00-да қайталайды. Таңертең қайталанатын жаңалықтардың негізгі көрермені — 10 жастан асқан, табысы орташа ер адамдар (бірлесіп қарау). Ал күндіз жән түнде 10 жастан асқан, табысы орташа әйелдер (бірлесіп қарау) көреді.

Жаңалықтарда ресми хабар көп. 27 шілдедегі шығарылым мемлекет басшысының Ақмола облысына сапарынан басталды, сюжет ұзақтығы 6 минут болды. Бағдарлама соңында Олимпиада жаңалықтары, көбіне Қазақстан спортшыларының жетістігі хабарланды.

Бір қызығы – қалалық телеарна ретінде құрылған ALMATY TV (0,21**) телеарнасының жаңалықтары рейтингіде «Хабар» телеарнасынан жоғары тұр. ALMATY TV 2016 жылы ғана бүкіл республика аумағына хабар тарата бастады.

Арнаның жаңалықтар шығарылымдары күндізгі, прайм-тайм және түнгі уақытта көрсетіледі. Күндізгі аудиториясы (15.00) 10 жастан асқан, табысы орташа ерлер (бірлесіп қарау) болса, кешкісін (19.00) — 30 жастан асқан, табысы орташа әйелдер, түнде 10 жастан асқан, тұрмыс жағдайы орташа әйелдер көреді екен. Неге екені белгісіз, телеарнаның YouTube арнасында жаңалықтардың шығарылымы жоқ, бірақ 25 шілдеде өткен ауыл әкімдерін сайлау туралы арнайы шығарылымы бар.

«Хабар 24» (0,20**) телеарнасының қазақша жаңалықтары күні бойы көрсетіледі. Әсіресе, таңертең, түстен кейін және кешкі прайм-таймда көрсетілетін шығарылымдарына сұраныс жоғары. Таңғы 7-дегі эфирін 30 жастан асқан, табысы орташа ер адамдар қараса, 09.00-дағы жаңалықтарды 18 жастан асқан, табысы орташа әйелдер көреді. Ал 13.00-де 10 жастан асқан, табысы орташа әйелдер (бірлесіп қарау), 15.00-де 18 жастан асқан, табысы орташа әйелдер көреді екен. Түнгі жаңалықтарының негізгі көрермені — 30 жастан асқан, табысы орташа ер адамдар.

Телеарна жаңалықтарының құрылымы біршама қисынсыз. Мәселен, 28 шілде, сағат 11.00-де шыққан жаңалықтар дайджесінде вакцинация туралы сюжет көрсетіліп, бірден шетелдегі төтенше жағдайларға ойысты. Содан кейін іскерлік жаңалықтарына ұласып, кейін Маңғыстау облысындағы шаруа қожалықтарының проблемасын баяндаған сюжет берілді, бұдан соң вакцина тақырыбына қайта ауысып, АҚШ пен Еуропада вакцинация қалай жүріп жатқанын айтып берді.

«Мир» арнасының қазақ тіліндегі жаңалықтары (0,20**) тек таңғы уақытта көрсетіледі екен. Әйткенмен рейтингіде «Хабар 24» телеарнасымен бір қатарда тұр. Арна жаңалықтарының көрермені — 18 жастан асқан, табысы орташа ерлер мен әйелдер.

Телеарнаның Қазақстандағы филиалы сайтынан жаңалықтар шығарылымын табу қиын. YouTube-тегі арнасынан тек жеке сюжеттерді көруге болады. Онда тек Қазақстан туралы маңызды жаңалықтар жарияланады. 

https://www.youtube.com/watch?v=GTQKDlW0u5I&list=PLBZo8U17p9gwcAtMQkqIVJoI1MW5He5Mj

«СТВ» арнасының (0,06**) қазақша жаңалықтары «Тәулік тынысы» деп аталады. 21.30-да эфирге шығады. Таңғы уақытта 10 жастан асқан, табысы орташа ерлер мен әйелдер (бірлескен қарау) қараса, кешкі прайм-таймда 10 жастан асқан, табысы орташа әйелдер (бірлескен қарау) көреді екен.

Телеарнаның жаңалықтарында эксклюзив жоқ. 27 шілдедегі жаңалықтар топтамасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысына сапарынан басталып, Алматы облысындағы ауылды көркейту туралы сюжетке, шетел жаңалықтарына, мысалы, Үндістандағы су тасқыны туралы хабарға ұласты. Токио Олимпиадасы туралы айдарда спортшылар арасында COVID-19 таралып жатқаны хабарланды.

Рейтингідегі соңғы орын ATAMEKEN BUSINESS (0,03**) телеарнасының қазақша жаңалықтарына тиесілі. Негізгі шығарылымы сағат 20.00-де Live режимінде көрсетіледі. Бұдан кейін сағат 00.00-де, 03.00-те, 06.00-да және ертеңіне 13.00-де қайталанады. Күндізгі жаңалықтарды негізінен 10 жастан асқан табысы орташа ер адамдар (бірлесіп қарау), қайталауды 18 жастан асқан, табысы орташа ер адамдар, прайм-таймда 18 жастан асқан, табысы орташа ер адамдар, түнде 10 жастан асқан, табысы орташа ер адамдар көреді.

28 шілдедегі күндізгі шығарылым мектеп формасының бағасы, оларды өндірушілер мен сатушылар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға барған жас мамандар проблемасын көрсететін сюжеттен басталды. Тілшілер ерекше стартап туралы да айтты. Әр сюжеттің хронометражы әдеттегі телеарна жаңалықтарынан ұзағырақ – 6-7 минут. Алайда ақпараттың тиянақты, жанжақты көзқарас бойынша ұсынылуы мен сапалы кадрлар көрерменін зеріктірмейді, сюжет ұзақтығы байқала бермейді. Телеарна жаңалықтарының рейтинг соңына түсуін негізгі контенті іскерлік аудиторияға бағытталғанынан деп түсіндіруге болады.

Осылайша 2021 жылғы қаңтар-маусымда «КТК» телеарнасы қазақша жаңалықтарының көрермені көп болды. Бір қызық жайт — кешкі жаңалықтарды көбіне-көп әйелдер, ал таңғы жаңалықтарды ерлер көреді екен.

* Мақала International Media Servicе медиаселлерінің Kantar телевизиялық өлшеміне негізделген сұрыптауына сүйеніп дайындалды.

** Рейтинг — теледидары бар ел тұрғындарының жалпы санынан пайызбен көрсетілген бағдарламаның әлеуетті аудиториясына сүйеніп жасалған. Жарнама берушілер үшін принципті маңызы бар.

Назира Даримбет
Назира Даримбет
Назира Даримбет работает в журналистике более 15 лет, в основном в независимых медиа. Была главным редактором газеты «Азат», редактором отдела политики и социума в медиапроекте «Республика», обозревателем Ratel.kz, редактором казахоязычной версии сайта. Специализируется на социально-политических темах. Пишет на русском и казахском языках. Сейчас пишет для Total.kz обзоры казахскоязычных СМИ. Обозреватель портала KZ.MEDIA.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР