ДомойМедиасынPegasus аңду бағдарламасы онлайн медиамызды қалай алаңдатты? 

Pegasus аңду бағдарламасы онлайн медиамызды қалай алаңдатты? 

Pegasus аңду бағдарламасы онлайн медиамызды қалай алаңдатты? 

18 шілдеде Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу жөніндегі орталық (OCCRP) Pegasus жобасы материалдарын жариялай бастады. Оған 17 БАҚ-тан 80-нен астам журналист қатысты. Зерттеушілер Pegasus шпион бағдарламасы белсенділердің, саясаткерлердің, бизнесмендер мен журналистердің, тіпті мемлекет басшыларының да ізіне түсуге қолданылғанын анықтады. Бағдарламаны жасаған Израильдің NSO Group компаниясы клиенттерінің қатарында Қазақстан да болуы мүмкін. Біздің онлайн басылымдарымыздың арасында бұл жаңалықты қалыс қалдырмағандар да, елегісі келмегендер де болды. 

Ақпаратқа төрт күннен соң Қазақстан билігі атынан алғаш болып Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев ресми үн қатты. Осы төрт күн бойы тәуелсіз БАҚ журналистері шенеуніктерден қандай да бір түсінік алуға тырысқан еді. Мысалы, «Азаттық Радиосы» тілшісі мемлекет органдарынан телефоны тыңдалғандарға қатысты ақпарат алу мүмкін болмағанын егжей-тегжейлі жазды. Үкіметтің баспасөз хатшысы «бұл жағдай жөнінде түсінік беру, оған назар аударту орынсыз» екенін айтқан. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері де журналиске ешқандай жауап бере алмаған. Абаевтың телеарна эфирінен айтқан түсініктемесінен кейін HOLA News редакциясының сауалына жауап ретінде Ішкі істер министрлігі ведомствода шпион бағдарламаның қолданылуы туралы мәлімет жоқ екенін хабарлады. Мемлекеттік күзет қызметі «ҚазТАГ-тың» сауалына бір аптадан соң «БАҚ-та жарияланып жатқаннан басқа ақпарат жоқ» деп жауап жолдаған

Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары мемлекеттік телеарна эфирінен түсінік бергеннен кейін ақпарат құралдары Pegasus-қа қатысты мәлімет туралы еркін жаза бастады. «ҚазАқпарат» агенттігі де 22 шілдеде бұл атышулы оқиғаны бірінші рет хабарлады. Мәтіннің екінші сөйлемінде жуырда Pegasus тыңшылық бағдарламасы арқылы телефоны тыңдалған адамдардың тізімін жарияланғанын еске салып, Дәурен Абаевтың «Хабар» телеарнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында айтқан сөзін берген. Хабарламада OCCRP жария еткен адамдардың аты аталмайды. 

Дегенмен танымал онлайн басылымдар ресми мәлімет болмаған төрт күн ішінде де бұл туралы жылдам хабарлаудың амалын тапты. Tengrinews.kz редакциясы ақпарат көзінің өзіне емес, Deutsche Welle-ге сілтеме жасап хабарлаған материалын «Дүниежүзі жаңалықтары» айдарына орналастырыпты, онда Қазақстан туралы айтылмайды, енді бір басылымда ол ақпаратты «Өмір салты» айдарынан оқуға болады. Қазақстандағы Forbes болса, Pegasus-қа қатысты жанжалды шетел баспасөзіне жасалған шолуда «Новая газета» жариялаған мақалаға сілтеме бере отырып, үш сөйлеммен атап өткен

Zakon.kz түпкі ақпарат көзі ретінде Euronews сюжетін пайдаланған, бірақ мемлекет телефон әңгімесін тыңдайтын бағдарламаны өз азаматтарына қолданғаны ықтимал екенін атамаған. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Pegasus қолданылуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған 20 шілде күні бұл сайт тек президент Құрбан айтқа орай онлайн құрбан шалғанын хабарлаған еді. Есесіне Қазақстанның басқа интернет-ресурстары тыңшылар заңсыз аңдыған болуы мүмкін Франция президенті Эмманюэль Макронның жайына көбірек көңіл бөлді

Ауқымды ребрендинг жасалған «Экспресс К» редакциясы негізгі ақпаратты мүлдем басқа бағытқа өзгертті. 22 шілдеде сайтта «За Токаевым следили зарубежные хакеры. Правда или фейк?» деп аталатын материал жарияланды. Дегенмен мұнда автор ешқандай фактчекинг жасамайды, аптаның негізгі жаңалығы туралы Қазақстан интернет қауымдастығының президенті Шавқат Сабыровтың пікірін берген. Спикер «хакерлер Қазақстан президентін айрықша назарға алғанын» айтқанымен олар қандай да бір эксклюзив ақпарат тапқанына күмән келтіреді. Маман жария болған зерттеуде тыңшылықты сыртқы жау емес, Қазақстан мемлекетінің өзі ұйымдастырғаны меңзелгенін айтпайды. 

Медиаресурстардың бір бөлігі мәселені әбден дұрыс түсінген: мысалы, masa.media журналистері Қазақстанда мемлекет органдары қандай жағдайда азаматтардың телефонын тыңдай алатыны туралы мақала жариялады. Тергеу сотының немесе прокурордың санкциясымен мұндай құқықты жеті орган пайдалана алады. Ұялы байланыс операторлары абонентінің телефоны тыңдалатынынан бейхабар болады, жеке әңгімесі заңсыз тыңдалғанын білсе, азамат сотқа шағымдануға құқылы.  

ProTenge жобасы үшін Pegasus-қа қатысты оқиға аудиторияға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «жабық бюджеті» туралы мәлімет беруге себеп болды. Авторлар 2021 жылы ведомствоның бюджеті 350 миллиард теңгеден астам қаржы болғанын жазды, бұл сома ІІМ-дікіне қарағанда екі есе, еліміздің сыбайлас жемқорлықпен күресуге бөлетін қаржысынан 50 есе көп. Оның үстіне, Қазақстан азаматтары ҰҚК бұл қаржыны қаншалықты тиімді жұмсап жатқанын жалпылама болса да біле алмайды. 

Журналист Асылбек Бисенбаев Orda.kz-те биліктегі саяси партия Қазақстандағы заңсыз тыңшылықты тексеруге парламенттік бастама көтеруі қажет екенін жазды. «Тиісті комиссия баяндама әзірлеуі керек, оны депутаттар талқылауға тиіс. Оның қорытындысы бойынша шенеуніктер мен журналистердің телефонмен сөйлескен әңгімесін тыңдауға тыңшылық ұйымдастырғандар жазалануы керек және келешекте ондай жағдайға жол бермеу амалдары жасалуы керек», – деген автордың пікірінше, «президент демократизацияны қолдайтынын ісімен дәлелдегені дұрыс». Қазақстандағы The Village басылымына пікірін айтқан саясаттанушы Виктор Ковтуновский де: «Тоқаев заңсыз тыңшылыққа қатысы бар адамдарды жазаламаса, мемлекет басшысы ретінде беделінен біржола айырылады» , – деп мәлімдеді. 

Басылымдардың Pegasus-қа түрліше анықтама бергеніне де назар аударуға болады: медианың бірқатары оны «шпиондардың озық бағдарламасы» десе, бірі «вирус бағдарлама» деп сыпайы атаған. Тақырыптардың кейбірінен бұл оқиғадан хабарсыз оқырман ақыры ештеңе түсінбеуі мүмкін: «Телефоны президента и премьер-министра РК обнаружены в списке Pegasus».

Интернеттегі басылымдардың бір тобы шпионаж құрығына іліккен журналистер Серікжан Мәулетбай мен Бигелді Ғабдуллиннің, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның пікірін жариялады. «Азаттық Радиосы» телефонын тыңдауға Қазақстан билігі тапсырыс беруі мүмкін француз белсендісі Квентин Гийменмен сұхбаттасқан. Ол құқық қорғау органдарына шағымданғалы отырғанын және тыңшылыққа себеп болуы мүмкін жайт – Мұхтар Әблязовпен байланысы қандай екенін айтып берді. 

Әзірше Pegasus тізімінен кейін анықталған саясаткерлер мен басқа да азаматтардан ешбір ақпарат құралы пікір ала алмады. Бірақ БАҚ-тың бір тобы еш дәлелсіз-ақ шпион бағдарлама тұңғыш президент туралы да ақпарат жинауы мүмкін екенін жазды. Беймәлім автор Pegasus-қа жеке құрылымдар немесе өзінің құпия агенттерін бақыламақ болған ҰҚК тапсырыс беруі ықтимал деп топшылайды. 

Мейнстрим ақпарат құралдары конспирологияны тысқары қалдыра отырып, мәселенің техникалық жағына айтарлықтай көңіл бөлді. Vласть интернет журналы Pegasus телефондарға қалай орнатылатыны және оның бар-жоғын мамандар қалай анықтайтыны туралы OCCRP-дің мәліметін жария етті. KZ.MEDIA былтыр First Look Media командасы жариялаған материалды оқырманға ұсынуды ұйғарған, онда осы тыңшылық бағдарламадан қорғану амалдары баяндалады. «Sputnik Қазақстан» порталы Қазақстанның Кибершабуылдарды талдау мен тексеру орталығының басшысы Олжас Сатиевтен 10 минуттық сұхбат алды. IT маманы елдің қарапайым азаматтарының Pegasus-тан қауіптенуіне негіз жоқ екенін айтты, оның орнына адамдар күдікті сілтемелерді ашудан аулақ болып, гаджет бағдарламаларын тұрақты жаңартып жүргені абзал. 

Тыңшылыққа қатысты жанжалдың құқықтық және саяси аспектілері әзірше кең талқылана қойған жоқ — мемлекеттік органдар, әлбетте, жедел жауап берудің орнына қағазбастылықты артық көріп отыр. Журналистер шенеуніктердің ресми сауалға жауап беретін күнін күтіп жүр. Сол себепті Қазақстан азаматтары жергілікті БАҚ-тың арқасында жылдың айтулы халықаралық зерттеуінен хабардар болып жатыр деуге келмейді. Біздің халық үшін кибершпионаж — ел өмірінен алыс, дүниежүзіндегі мәселе. «Макронның жағдайын қайтейік» деп қарауы мүмкін. 

Шолуды орыс тілінен аударған: Болатбек Мұхтаров 

Болатбек Мұхтаров
Болатбек Мұхтаров
Журналистикада 2003 жылдан бері қызмет етіп келеді. Телевизияда, баспасөзде, интернеттегі басылымдарда, PR саласында жұмыс істеген.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР