үйМедиасынДушанбедегі саммит, жылыту маусымы және тағы да қуаңшылық. 13-19 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға...

Душанбедегі саммит, жылыту маусымы және тағы да қуаңшылық. 13-19 қыркүйектегі апталық телебағдарламаларға шолу

Апталық сараптамалық бағдарламаларға дәстүрлі шолуымызда «Жеті күн» және «Апта» бағдарламаларын қамтыдық. Екі бағдарламаның бірінші сюжеті президент Қ.Тоқаевтың Душанбедегі қос бірдей отырысқа қатысуына арналыпты. Apta редакциясы өңірлердегі бірнеше ауқымды проблеманы қозғаса, «Жеті күн» тілшілері Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жамбыл облысындағы Әлжан ана ауылына барғанына ерекше мән берді. 

Айта кетелік, «Еуразия бірінші арнасының» жаңа маусымда басталған «Айна» сараптамалық ток-шоуының соңғы шығарылымы телеарнаның сайтына да, YouTube-арнасына да жарияланбапты. Сондықтан бұл шолуымызда қамтылмады. 

«Жеті күн», «Хабар»

Бағдарлама президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Душанбеде өткен ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен отырысына қатысуынан басталды. 13 минуттық сюжетте Қазақстан президентінің отырыстардағы сөзінен үзінділер көрсетіліп, ұсыныстары баяндалды. Душанбе қаласының әдемі көріністері сюжетке ерекше өң берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Душанбеде түрлі ел басшыларымен кездесуінен де көрсетіп, сарапшылар президент бастамаларын талдады

Содан кейін жүргізуші Дархан Әбдіуахит ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы туралы естелік айта жөнелді. Тақырыбы жағынан қисынсыз бетбұрыс арқылы бағдарлама авторлары Н. Назарбаевтың апта ішіндегі жұмысын баяндауға ауысқысы келгендей. Тұңғыш президент Жамбыл облысындағы Әлжан ана ауылына сапарлапты. Ауылдағы Әлжан ана музейіне, Мәдениет үйіне, Спорт кешеніне «арнайы ат басын бұруы» және тағы басқасы жөнінде сюжет әзірлепті. Сюжет авторлары Назарбаев сапары қалай өткенін рет-ретімен айтып шықты. 

Ал «Жаңа кампус» деген сюжет Алматыда Назарбаев Университетінің жаңа кампусы ашылатынына арналды. Бұл ақпарТұңғыш президент Н. Назарбаев НУ басшысы Шигео Катсуды қабылдауы барысында мәлім болған екен. Сюжетте университеттің білім саласындағы орны мен жаңа кампустың ерекшелігі туралы әңгімеледі. 

Президент Тоқаевтың апта ішіндегі қабылдауларына бағдарламаның 28-минутында кезек жетті. Осылайша «Жеті күн» авторлары Тұңғыш президент пен қазіргі президенттің жұмыс аптасын жарты сағат баяндап, бағдарламаның екінші бөлімін бастады. 

«Қыстың қамы» деген сюжетте тілшілер солтүстік өңірлердегі тұрғын үйлерді жылытуға байланысты туындаған қиындықтарды айта келе Үкімет отырысында премьер-министрдің тапсырмасынан үзінді берді. Сюжет елдегі қысқа дайындық қалай жүріп жатқанынан біршама ақпарат берді. 

Әкімшілік мәртебесі өзгеріп, ауылдан қалаға айналған Қосшы жайында «Қалың қалай, Қосшы?» деп аталатын сюжет дайындапты. Қала мәртебесін алған ауыл тұрғындарының проблемаларын жан-жақты қамтып, мәселеге жауапты мекеме өкілдерін сөйлетті.

Реновацияға жататын ескі үйлер проблемасы туралы сюжет тақырыпты жан-жақты ашып, тұрғындарға қайдан және қалай баспана берілетін түсіндіріп, мемлекет қажетіне алынатын жер үйлердегі тұрғындардың аз өтемақыға келіспей отырғанын да көрсетті

«Атамекен» ҰКП еліміздің барлық өңірінде қаржы орталықтарын ашқан екен. Аз пайызбен несие береді. Бұл үшін кәсіпкерлер палатасына мемлекеттен 22,5 млрд теңге бөлініпті. Келер жылы 50 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Сюжет авторы Сәкен Сейітханұлы микроқаржы ұйымдары тарапынан бизнеске берілетін несиенің артықшылығын сарапшылардан сұрапты. Алайда келер жылы бизнесті несиелеуге бөлінетін қаражат барлық микроқаржы ұйымдары арқылы іске асырыла ма әлде тек «Атамекен» палатасының қаржы орталықтары арқылы беріле ме? Мұны нақтыламады.

Бағдарламаны түйіндеген «Тәуелсіздік тойы» деген сюжет соңғы аптада өңірлерде өткен мәдени іс-шаралар топтамасынан тұрады. Алматы облысында ұйымдастырылған «Отбасы фест» шарасында мұқтаж отбасыларға азық-түлік қоры беріліпті. Сюжетте осы отбасы мүшелерінің бет-жүзін анық көрсетті. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta АҚШ, Ұлыбритания және Аустралия елдерінің AUKUS қорғаныс альянсы құрылғанын хабарлаудан басталды. Осы альянс туралы толығырақ айта келе, Душанбеде өткен ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен отырысына ойысты. Жүргізуші Жайна Сламбек алғысөзде осы отырысқа РФ президенті В. Путин онлайн-режимде қатысқанына және Ауғанстандағы жағдайға назар аударды. Душанбеден дайындалған сюжет әдепкі хаттама мазмұннан аспай, ҚР президенті Қ.Тоқаевтың сөздерінен және ҚР СІМ басшысының комментарийінен құралыпты. 

Елімізде халық санағы онлайн-форматта өтіп жатыр. 1 қазанда офлайндағы санақ басталады. Халық санағының қажеті не, қорытындысын дұрыс талдай білеміз бе? Міне, осы сауалдарға жауап іздеген сюжет әлеуметтанушылар, санақшылар және астана тұрғындарын сөйлетіп, жан-жақты дайындалыпты. Тілші халық санағы не үшін қажет екенін түсіндірді. Сюжет басында әлеуметтанушылардың аты-жөнін шатастырып, кейін түзетті. 

Түркістан облысының Шардара ауданында балабақша тәрбиешісін жұмыстан шығарып жіберген екен. Apta сюжетінен кейін қызметкер қайта жұмысына орналасыпты. Алайда балабақша меңгерушісі оның сол аралықтағы жұмыс күндеріне толықтай ақы төлеуден бас тартыпты. Өйткені оны телеарнадан көрсетіпті. Apta редакциясы тәрбиешіні сөйлетіп, бұл мәселені оның көзқарасы тұрғысынан баяндады

COVID-19 және коронавирусты пневмония туралы ресми статистикадан кейін басқа дерекке, дәлірегі жол-көлік оқиғаларына ауысты. 2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында көлік апатынан 1258 адам қаза тауып, 10 947 адам жарақат алған. Өте ауыр мәлімет. Сондықтан да авторлар осы тақырыпқа сюжет арнағанда болар еді. Бұл бұрнағы көрсеткіштерден аз ба, көп пе? Бұл сандардың арғы жағында не бар? Сан дегеніміз салыстырып берсе ғана мәнді бола түседі. 

Қуаңшылықтан Түркістан облысының да ауылдары зардап шегіп отыр. Жер тақыр, мал көтерем, жем-шөп жоқ, болса да қымбат. Шаруалар қысқа жинаған мал азығын қазір беріп жатыр. Бәрі де жұт келгенін айтады. Өзекті тақырыпқа жақсы сюжет дайындапты. 

Қазақстанда жылыту маусымына дайындық қалай? «Жеті күн» редакциясы да сюжет арнаған тақырыпты Apta авторлары да нысанаға алыпты. Еліміздің жылыту саласында мәселе жетерлік екен (құбырлар әбден тозып, шіріген, көмір сапасыз әрі қымбат және тағы басқа). Сюжетте тұрғындарды, әкімдік, министрлік өкілдері мен сарапшыларды сөйлетіпті. 

Маңғыстау облысындағы Қошқар-Ата радиоактивті заттар дала-қоймасында зарарсыздандыру жұмыстары тоқтап қалыпты. Өйткені ақша бөлінбеген. Бұл жер аймақ тұрғындарының өміріне қауіпті. Сюжет барлық тарапты қамтып, экологтарды тартып, ауқымды проблеманы көрсетті. 

Бағдарлама суретші Бектас Кәрімұлы туралы портрет сюжетпен аяқталды. Ол малдың жауырын сүйегіне сурет салады екен. Моңғолиядан қоныс аударған қандасымыз Ақмола облысында тұрады. Жұмыс барысынан түсірілген әдемі кадрлары бар танымдық сюжет. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды. 

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Cоңғы жазбалар

 «Ұлы көш», шаруалар митингі және ревакцинация: 15-21 қарашадағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
«Жеті күн» бағдарламасы «Ұлы көш» деп атау қойып, көрермен назарына тәуелсіздік жылдарында елге оралған қандастарымыз жайлы әсерлі сюжет ұсыныпты. «Айна» авторлары Степногор қаласындағы дарынды...

Ток-шоуға телмірген көрермен: отандық шоулардың рейтингі неліктен жоғары?

Соңғы жылдары қазақстандық телеарналарды түрлі ток-шоу мен реалити-шоулар жаулағаны мәлім. Әрбір телеарнаның желісінде міндетті түрде осы жанрдағы бағдарлама бар. Олардың басым бөлігі қазақ тілінде,...

Президенттің Стамбулға сапары, «росномер» және ревакцинация: 8-13 қарашадағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
8-13 қараша аралығындағы апталық сараптамалық бағдарламалардың арасында «Жеті күн» мен Apta бағдарламаларына ортақ тақырып – Президенттің Стамбулға сапары, ресейлік нөмірлі көліктер проблемасы мен ревакцинация...

Шахтадағы апат, моноқалалар және эко-квота. 1-7 қарашадағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
«Жеті күн» бағдарламасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Екібастұзға сапарын баяндай отырып, осы ресми сапар барысында көтерілген бірқатар мәселені басты назарға алған: моноқалалардың мүшкіл халі, ауылшаруашылық...

Президентке сыйлық, цифрландыру және Пенжім оқиғасы. 25-31 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

0
«Жеті күн» бағдарламасы президент Тоқаевтың Түркіменстанға мемлекеттік сапарын басты тақырып етіп, цифрландыру тақырыбына бірнеше сюжет арнады. «Айна» авторлары әлеуметтік мәселелерді қозғап, Пенжім оқиғасына сюжет...