Соңғы жылдары қазақстандық телеарналарды түрлі ток-шоу мен реалити-шоулар жаулағаны мәлім. Әрбір телеарнаның желісінде міндетті түрде осы жанрдағы бағдарлама бар. Олардың басым бөлігі қазақ тілінде, кейбірі орыс тіліндегі субтитрмен шығады. Жасыратыны жоқ, осы шоулар негізінен телеарналардың рейтингісін түсірмеуде үлкен рөл атқарады.
Newreporter.org медиасыншысы Назира Дәрімбет биыл қаңтардан қыркүйекке дейін қандай ток-шоулар мен реалити-шоулар жоғары көрсеткішке қол жеткізгеніне шолу жасап, қандай телеарналар қандай ток-шоуларды көрерменіне ұсынуда және көрерменін қандай тақырыппен қызықтырып, экран алдында ұстап отырғанын анықтап көрді.
Қазақ тіліндегі ток-шоулар мен реалити-шоулар КТК, Еуразия, 31 арна, Qazaqstan, Хабар, Kazakh TV және Almaty TV арналарында көрсетіледі.
Kantar* телевизиялық өлшемдері негізінде International Media Service дайындаған мәліметтер бойынша, КТК-дағы «Астарлы ақиқат», «Еуразия» бірінші арнасындағы QosLike реалити-шоуы және 31 арнадағы «Кел, татуласайық» ток-шоудың алғашқы үштігіне енген.
1. Қыркүйек айында КТК-да «Астарлы ақиқаттың» жаңа маусымы басталды (3.6**), ток-шоуды негізінен табысы орташа 18 жастан асқан әйелдер тамашалайды. Бағдарламаның YouTube-тегі нұсқасы да танымал, ол жердегі қаралым – 10 мыңнан 2 миллионға дейінгі аралықта. Ток-шоу арнада дүйсенбіден бейсенбіге дейін, сағат 20.00-де көрсетіледі. Бұл ретте, «Астарлы ақиқат» өз жанрындағы бағдарламалар арасында ғана емес, жалпы отандық ТВ-ның қазақ тіліндегі барлық бағдарламалары рейтингінің басында тұр.
Бағдарламаның жаңа шығарылымының біріне назар аударайық. Түркістандағы интернаттардың бірінде 15 жасар қыз босанып, бірнеше ай бойы баланың әкесінің туыстарымен тұрады. Кейін ол жақтан кетіп, бейтаныс адамдардың баспанасын жалдайды. Пәтер иесінің айтуынша, баланың да, қыздың да жағдайы мүшкіл болған: үсті-басы кір, шашы биттеген. 15 жасар қыздың өзіне, баласына қарауға еш мүмкіндігі болмаған. Қазір жас ана дағдарыс орталығында екен.
Қыздың анасы азаматтық некедегі күйеуімен бірге тұрады, ал әкесінің басқа отбасы бар. Қыздың ата-анасы студияға келді, әкесі маскада отырды. Анасының азаматтық некедегі күйеуінің үстінен кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншекке жыныстық зорлық жасады деген қылмыстық іс қозғалған. Ал қыздың айтуынша, ол 18 жастағы жігітпен «махаббат» құрып, жыныстық қатынасқа түскен. Содан жүкті болған. Бағдарламаның бұл шығарылымы да жүргізуші Дина Төлепбергенмен өтетін кезекті отбасылық шиеленіске толы драма желісіне құрылған. Жүргізуші бағдарлама барысында бірде кейіпкерге аяушылық танытып, дауысын жұмсарта сөйлесе, енді бірде оларға ретсіз сұрақ қойып, қысымға алады.
Жеткіншек қызға журналист тарапынан «Жыныстық қатынасы қалай болды? Ол жерде диван немесе басқа бірдеңе болды ма, а… тұрып болдың ба?» деген сипаттағы сұрақтар қойылып, оны қиын жағдайға түсірді. Көрермен мен әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан «бұл бағдарлама жабылсын, қазақтың атына кір келтіруде» дейтін қарсылық талаптары қарша борағанына қарамастан, жоба сұранысқа ие, рейтингтің көшін бастап тұр.
Ток-шоу рейтингін ұстап тұру үшін осы және басқа да бағдарламаларда көрермен тартатын қандай оқиғалар көрсетуде?
Біріншіден, «Астарлы ақиқат» біздің көрермен үшін орыстың «Окна», «Пусть говорят» жанрындағы бағдарлама іспеттес. Бұрын біздің көрермен ресейлік отбасындағы жабайы оқиғаларды қызықтаса, енді өзінің қазақ қоғамындағы дәл сондай оқиғаны көре алады. Бөгде оқиғадан гөрі өзіңе жақын отандастардың шиелініскен тағдырын тамашалау әлдеқайда қызық емес пе?!
Екіншіден, бағдарламада кез келген дүние ашық, тіпті анайы түрде көрсетіледі және айтылады. Керек десеңіз, бұрын қазақ қоғамындағы айтылмаған мәселелер студияда ашық сөз болады. Келін қайын атасынан бала туыпты, бес баланың анасы бәрін тастап жас көңілдесіне қашып кетіпті және тағы басқа да осындай оқиғаларды бұрын жұрт тек желіден оқыса, қазір мұндай оқиғаларды күнделікті үйдегі теледидардан тамашалай алады. Тағдыр тәлкегіне тап болған қара көздеріміз күн сайын өзіміздің Түркістан, яки Талдықорғаннан-ақ табылып жатыр.
Адамдар әр заманда өзгенің жеке өмірін сөз етуге құмар екенін ескерсек, бұл бағдарлама осындай негізге сүйеніп отыр. Осындай контентке сұраныс барда, ток-шоудың дәуірі жүреді, рейтингісі асқақтайды. Жүргізілген сараптамаларға сүйенсек, қазақстандық көрермендер ақыл-ойға негізделген, интеллектуалды бағдарламаларды көруге құлықсыз.
2. «Еуразия бірінші» телеарнасындағы «QosLike» (1,9**) реалити-шоуы күн сайын тікелей эфирде 4 сағат бойы көрсетіледі. Көрермендері 10 жастан асқан орташа әлеуметтік жағдайы бар әйелдер. Эфирдегі уақыты қолайсыз және көрсетілімі ұзақтығына қарамастан, телеарна ресми сайтында «мақтанғанындай», бұл бағдарлама да жоғары рейтингке ие.
«Еуразия бірінші арнасы» және НТК телеарнасындағы «Қалаулым» мен «Қалаулым сен» бағдарламасы тарағаннан кейін жарық көрген бұл ток-шоу ресейлік «Давай поженимся», «Дом-2» жобалары іспеттес. Отбасын құруға ниетті қыз бен жігіттердің танысатын бағдарламасы. Танысу тікелей эфирде өтеді, кейін жұптар құпия бөлмеге кетеді де, сол жерде жұп болатыны туралы шешім қабылдайды. Егер жұп болып қалуды көздесе, онда әр кездесуінен фото, видео түсіріп, оны әлеуметтік желілерде бөліседі. Ал егер керісінше болса, басқа үміткер күтеді. Әр шығарылымда ең азы 5-6 жұп арасындағы қарым-қатынас жайлы әңгіме өрбиді.
Жұптардың үйленіп, тойға жетуі екіталай. Есесіне студияда бірін-бірі сөз етіп, қатысушылардың өзара «қырылуы», кейде арты төбелеске де ұласатын жанжалы жұртқа қызық.
Мәселен, бағдарламаның бірінде қатысушының бірінің пәктігі сөз етілсе, енді бірінде бір қыздың татуировкасы талқыға салынады. Бүгінде мұндай тақырыптар қазақстандық көрерменге қызықты әрі өзекті болып тұр.
Қазақстандағы жастардың арасындағы жұптық байланыс шамамен бірдей бағытта өрбиді: танысу, кафе, киноға бару, саябақта қыдыру, бірге түскен фото, видеоларды әлеуметтік желіде бөлісу. Реалити-шоу осыны негізге алған. Жастардың әжелері, шешелері, әпкелері арасында эфирдегі оқиғаларды тамашалап, өз жақындарының осылай жүргенін ойша елестететін де болар.
Бағдарлама тікелей эфирде өтеді, қолайсыз жағдайларды алып тастау мүмкін емес, эфирдегі қатысушылардың әрекеті, көңіл-күйі қаз қалпында көрсетіледі. Көрерменді қызықтыратыны да сондықтан болса керек. Кейде көрерменді тарту үшін танымал әншілер қатыстырылып, шоуды көруге қызықтыра түсетіні тағы бар.
3. 31-арнадағы «Кел, татуласайық» реалити-шоуы (0,5 **) алдыңғы екеуіне қарағанда рейтингі төмендеу, десек те, алғашқы үштікке енді. Бұл шоудың көрермені де орта жағдайдағы 10 жастан асқан әйелдер.
Өткен маусымда бұл үш сағаттық реалити-шоу күн сайын сағат 17-00-ден 20-00-ге дейін көрсетілгенін айта кету керек. Ал қазір оның бұрыңғы шығарылымдарын түнгі сағат 2.00-де қайталап көрсетіп отыр. Бағдарламаның ескі шығарылымдарына талдау жасалды. Бәлкім, телеарна басшылығына реалити-шоудың нәтижесі ұнамай, ток-шоуды жабу туралы шешім қабылданған болуы керек.
Естеріңізде болса, біраз уақыт бұрын бұл бағдарлама туралы мақала жаздық. Ол кезде материал дайындауға реалити-шоуда балаларды пайдалану мен жыныстық зорлыққа ұшыраған 18 жасар қызды зорлық жасаған адамдармен татуластырмақ болғаны себеп болған. Қалай десек те, көрермен бұл шоуды көріп, бағдарламаға рейтинг жасап отырды.
Қатысушылардың шытырман оқиғалары мен шешілмеген мәселелері сериал секілді сағызша созылатын. Негізінен бұл ралити-шоудың басты мақсаты –жұрттың проблемасын шешіп, оларды өзара татуластыру. Алайда татуластырудың орнына, жүргізуші Тахир Сұлтанның өзі айтқандай, студия төбелес пен жанжал орнына айналады. Қатысушылардың жағдайын сөз етудің ақыры айғай-шуға, ұрыс-керіске, тіпті кейде ауыр сөз айтып, қол жұмсауға дейін баратын. Студияда ер азаматтардың ғана емес, қыз келіншектердің шаш жұлысуына да куә болдық.
Дегенмен, басы дауға қалға адамдардың өзара татуласуы қалай өтеді, бағдарлама қандай көмек береді деген қызығушылық жобаның көрерменін көбейтсе керек.
4. «Kim bilgir?» (0,4**) ток-шоуы Qazaqstan телеарнасында бүгінде көрсетілмейді.
Бұл жолы әртүрлі ток-шоулардың дәстүрлі әйелдер аудиториясына ер адамдар қосылған, дәлірек айтсақ, бұл бағдарламаның көремені – 10 жастан асқан, орташа және жоғары табысы бар ерлер мен әйелдер.
Бағдарламада артист, актер және басқа да жұлдыздар ақыл-ойының деңгейін көрсетеді. Дегенмен, бағдарламаны интеллектуалды шоу деп атау қиын. Мүмкін, «ақылды» шоуға айналмаған себеппен жабылған болар. Онда қатысушылар — екі командаға бөлініп, қарапайым сканворд шешеді, суреттер арқылы әндерді табады. Тапсырмалар қатысушылардың білім деңгейін аса көрсетпейді. Студиядағы немесе экранның арғы бетіндегі көрермен бұл бағдарламадан ешбір жаңалық, я болмаса білім алмайды. Әдетте, интеллектуалды шоуды тамашалай отырып, әртүрлі саладан жаңа бір дүние үйренесіз немесе білімпаздардың ойлау логикасын қызықтайсыз. Бірақ «Kim bilgir?» бағдарламасын ол қатарға жатқыза алмаймыз.
Шығарылымдардың біріне екі «жұлдызды» жұп: әнші Айқын Төлепберген жұбайы – «КешYOU» тобының бұрынғы солисі Жұлдыз Өмірғалимен және тележүргізуші Аша Матай жұбайы – әнші Арман Қоңырбаевпен қатысады. Көрермен сүйікті әншілерін басқа қырынан көрсе, ал олар бағдарламаға рейтинг жасап отырған сияқты. Шоудың YouTube-тегі арнасында кейбір шығарылымы, мысалы 200 мыңға жуық көрсетілімге ие болды. Ал жоғарыда аталған шығарылым 500 мыңнан астам қаралды.
5. Біз рейтингтің келесі позицияларына егжей-тегжейлі тоқтамаймыз, өйткені көрсеткіші шамалы және кейбір жобалар қазірдің өзінде жабылып қалған. Мәселен, «Хабар» арнасындағы «Dala Battle» (0,2**) биыл қаңтар айында көрсетіліп, наурыз айының соңында жабылды. Бұл шоу да танымал тұлғаларды тартқан.
Онда спортшылар мен шоу-бизнес өкілдері спорт және білім жарысына түседі. Мысалы, шоуда Абайдың өлеңдерін Тәуекел Мүсілім, Арман Әшімов жылдам оқып жарысып, тросс тартып бақ сынайды. Бір қызығы, бұл бағдарламаның көрермені де орташа табысы бар 10 жастан асқан әйелдер боп шықты. Мүмкін көрермен әншілер мен спортшылардың тек әдемі түр келбеті мен дене бітімін тамашалаған болар. Негізі көрерменді бағдарламаның ерекше форматы қызықтыруы тиіс еді, өйткені түсірілім студияда емес, табиғат аясында, тамаша жерлерде өтті. Алайда олай болмай шықты, жобаның ғұмыры ұзаққа созылмады, ал көрсетілімі аса көп болмады.
6. «Хабар» арнасының тағы бір ток-шоуы – «Qalamaimyn» (0,2**) 10 жастан асқан орташа табысы бар әйелдер ұнатып көрген бағдарлама. Жобаның екі маусымы өтті, дегенмен жүргізуші – танымал актер және әзілкеш Бауыржан Ибрагимов соңғы шығарылымдардың бірінде үшінші маусымы болатынына үміті барын айтқан еді.
Бір сағаттық мақсаты бұлыңғыр шоудың жабылуы табиғи нәрсе шығар. Мысалы, телеарна сайтында жобаның басты мақсаты «Мемлекет басшысының той туралы үндеуін халыққа жеткізу және ұлттық дәстүрді насихаттау» делінген. Алайда, ток-шоу тойды қалай дұрыс өткізу керегін көрсеткісі келді ме? Мемлекет басшысының «той туралы» үндеуі қай тұрғыда насихаттағысы келді? Түсініксіз..
Шын мәнінде, ток-шоуда сол баяғы жастарды үйлендіру деген жалғыз мақсат болған секілді, тіпті бұл үшін оларға пәтер де тікті. «Кел, үйленейік» деген сарынды бағдарламалардан айырмашылығы – студияда ерлі-зайыптылар ғана емес, олардың ата-аналары да кездесті. Ұл-қызына лайықты жар іздеген құдалардың өзара таныстығы қазақ отбасына жақын тақырып болғандықтан, бұл бағдарлама көрерменді осымен қызықтырған да болар.
Айта кетейік, нәтижесінде жеңімпаз атанған бір жұп елордада тұрғын үй алды. Ал, көрермен олардың үйленген, үйленбегенін біле алмайды енді.
7. Kazakh TV арнасында «Bailanys aiaysynan tys jerde» (0,1**) реалити-шоуы былтыр қазан айында басталды. Негізгі аудиториясы — орташа табысы бар 18 жастан асқан әйелдер. Онда танымал тележүргізуші, әнші және шоу-бизнестің басқа да өкілдерінен тұратын екі команда киіз үй тігіп, отта тамақ пісіреді, сонымен қатар қазақтың дәстүрі мен әдет-ғұрыпын қаншалықты білетінін көрсетеді, тағы сол жарыс. Ең бастысы, олар ұялы телефон, ғаламтор пайдалана алмайды, кезекті байқаудың жеңімпаздары ғана күніне бір сағат телефон пайдалана алады. Идеяның жаңашылдығы, оқиғаның қызықты жерде өтуі – мұның бәрі көрерменді тарту үшін жеткілікті еді. Жоба авторлары екінші маусым туралы айтқанымен, YouTube арнасында тек бірінші маусымның шығарылымдары жарияланды. Ал арнаның өзінде бағдарламалар арасында бұл шоу жоқ.
8. Almaty TV арнасындағы «Шешімі бар» ток-шоуы (0,1**) біздің тізімнің соңында тұр. Бір қызығы, бұл бағдарламаны 18-54 жас арасындағы табысы төмен еркектер көреді екен. Бұл ток-шоуда айғай-шу, ұрыс-керіс немесе кейіпкерлердің жеке өмірін сөз ету сияқты дүниелер жоқ. Бағдарламаның атына сай әлдебір проблеманың шешімі табылуға тиіс екені белгілі.
Алайда оның орнына, мысалы бір шығарылымда келін мен ене арасындағы қарым-қатынастың қалай болуы керектігі, қазақ қызының қандай болуы керектігі туралы айтылады. Шын мәнінде, өмірде олардың қандай екені сөз етілмейді. Ток-шоудың рейтингі де осындай у-шусыз болғаны үшін төмен шығар.
Биылғы тамыз айынан бастап ток-шоуда тек вакцинация тақырыбы көтеріліп отыр, оған сарапшылар қатыстырылғанымен, көрілім саны мүлде азайып кеткен. Бәлкім, ток шоу енді вакцинация жасауға үгіттейтін мемлекеттік тапсырыспен жасалып отырған арнайы бағдарламаға айналған шығар. Бірақ көрерменге мұндай нәрсе қызық емес.
* Мақала International Media Servicе медиаселлерінің Kantar телевизиялық өлшеміне негізделген сұрыптауына сүйеніп дайындалды.
** Рейтинг — бағдарламаның жалпы халық санына процентпен шаққанда алынған теледидары бар аудитория. Жарнама берушілер үшін маңызы зор.