«Жеті күннің» басты тақырыбы – Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы, Нұрсұлтан Назарбаевтың партия төрағасы өкілеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру шешімі болды. Дархан Әбдіуахит партияның тарихына тоқталды, Елбасының партиялық куәлігі мен партия мүшелігіне өту туралы өтінішінің бейнесі студиядағы монитордан көрсетілді. Жүргізуші партияның жылдар бойы қол жеткізген жетістігін оның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланыстыра отырып, саяси кеңес жайында әзірленген сюжетке кезек берді.
Сюжеттің алғысөзі және «Елдіктің жеті тұғыры» аталатын материал бағдарламаның алғашқы 10 минутын алды. Nur Otan атқарған істер, Елбасының жиында жасаған мәлімдемесі, жария еткен «Жеті тұғыры» және оған қатысты саясаттанушы, Мәжіліс депутаты секілді сарапшылардың пікірі берілген сюжетті Дархан Әбдіуахит әзірлепті.
«Ақордадан кісі аяғы арылмайды». Мемлекет басшысының Бельгияға сапары туралы айтпас бұрын, Дархан Әбдіуахит осылай деді. Елімізге инвестиция құйған елдер тізімінде «алтыншы тұрған елмен ынтымақтың ырысы тағы еселенетін болды». Осылай деп жалғаған Дарған Әбдіуахит сапар жайында Гүлжан Мақабаева әзірлеген сюжетке кезек бермес бұрын, Президент сапары жайлы тағы біршама мәлімет айтты.
Бельгия королі Қасым-Жомарт Тоқаевты «өзі күтіп алып», бір сәтке маскасын шешіп суретке түсіпті. Одан кейін «жабық есік» жағдайында келіссөз өткізген. Алайда, тілші «әңгіменің ауаны белгілі» дейді. Оның айтуынша «жабық есіктің» арғы жағында екі елдің байланысы туралы сөз болыпты. Тағы бір сөзінде тілші «Еуроодақ Қазақстанға инвестиция салуда именбейді» деп қалды. Осы орайда Қазақстанға инвестиция салуда именетін себеп бар ма еді деген сауал туады. Президенттің сапар барысындағы кездесулері, сапар аясындағы бизнес форум және Қазақстаннан зығыр экспорттау туралы келісімге қол қойылуы. Соңғысына тілші ерекше тоқталып, қазақстандық және бельгиялық кәсіпкерлердің пікірін беріпті. Сапардың нәтижесі жайында Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді де өз пікірін айтқан. Брюссельге ресми сапары аясында Президент «The Parliament magazine» басылымына мақаласын жариялапты. Осы ақпаратпен тағы 10 минутқа жуық созылған сюжет аяқталды.
Дархан Әбдіуахит Президенттің апта ішіндегі қабылдауы жайында Ақорда таратқан ресми ақпарат негізінде студияда тұрып баяндады.
«Майнинг мәселесі» – әлемде криптовалюта өндіретін екінші ел бола тұра, Қазақстан одан неге пайда көрмей отыр деген мәселені талдаған сюжетті Нұрболат Жаңаберген әзірлепті. Энергия тапшылығын тудырып отырған сұр майнерлерді заңдастырып, криптовалюта өндіруден бюджетке қомақты салық алуға болатыны айтылды. Тақырыпқа орай Мәжіліс депутаты, Энергетика министрлігі өкілдері, блокчейн саласының сарапшылары пікір білдіріпті.
Алдыңғы аптада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы жалғыз баспанасынан айырылатын борышкерлердің мәселесін шешуге қатысты бірқатар ұсыныс жасады. Онда борышкердің өзі мүлікті сатуы, мүлікті бағалаушылардың біліктілігін арттыру секілді бірқатар проблемалар қамтылған еді. «Өтелмеген қарыз» сюжеті Президенттің осы бастамаларын талдауға бағытталды, заңгерлер, сарапшылар, зардап шегуші тарап пікір білдірген. Мемлекет басшысының бастамаларына қатысты жыл соңына дейін заң қабылданатынын айтқан тілші «бұл әрине борышкерлерге болысу емес, саладағы ескерусіз қалған ережелерді енгізу» деп аяқтайды сөзін.
Ұлттық кеңес отырысында талқыланған тағы бір мәселе – тұтынушылардың құқын қорғау турасында. «Жеті күн» бұл мәселеге де бір сюжет арнапты. Құқы бұзылған тұтынушылар, Тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестік өкілі, заңгерлер пікір білдірген сюжет елімізде халықтың да, кәсіпкердің де мүддесін ескеретін омбудсмен институты құрылатыны туралы ақпаратпен аяқталыпты. Бұл бастаманы үкімет басшысы көтерген екен, тұтас сюжет Асқар Маминнің осы бастамасының қажеттігін дәлелдеуге бағытталғандай әсер қалдырды.
Түркістанда өткен Халықаралық қазақ тілі қоғамының IV құрылтай туралы сюжет «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» айдарымен беріліпті. «Қазақ тілінің болашағына алаңдаған тіл жанашырлары бұл күнді көп күткені анық. Барлығының ойы мемлекеттік тіл мәртебесін көтеріп, тұғырына қондыру». Тілшінің бұл сөзі мемлекеттік тіл тұғырына барып «қонуы» үшін тек осы форумды күтіп отырғандай әсер қалдырады. Жалпылама жасалған тілші тұжырымы ешбір сауалнама қорытындысының не зерттеу жұмысының нәтижесі емес, өз топшылауы. Сюжетті Қорған Қонысбайұлы әзірлепті.
Елімізде апта бойы тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында өткізілген өзге де шаралар «Жеті күн» назарында екен. Бұлар жеке сюжетке топтастырылыпты. «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жастар форумы өтті. Елбасы үндеу жасаған еді, сюжетте үндеуден үзінді берілді. «Елбасы. Тәуелсіздік. Парламент». Бұл – Тұңғыш Президент күніне орай Парламент Мәжілісі өткізген халықаралық конфренцияның атауы. Ресей, Әзірбайжан, Еуропа, ТүрікПа парламенттерінің өкілдері жиналған алқалы жиын жайлы жеке сюжет жасалмағаны «Жеті күн» дәстүріне жат секілді көрінді. Алматыда өткен Азаматтық форум жайлы ақпарат та осы сюжетте берілді. Тілші Азамат Әбілқайыр бұл материалын «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» екенін ескерте аяқтапты.
«Жеті күн» соңғы сюжетін «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын түсіндіруге арнады.
«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»
«Айна» бағдарламасының басты тақырыбы — Алматыдағы қайғылы оқиға. Бағдарлама авторлары бұл мәселеге әлеуметтік тұрғыда баға бермекке ұмтылыпты. Келер жылдан бастап зейнетақы, жәрдемақы және ең төменгі айлық жалақы көлемі ұлғатынын айтып, «Ең төменгі күнкөріс көлемі» ұғымына тоқталып, бұл қаражатқа дүкеннен не сатып алуға болатынын тәжірибе жүзінде анықтауға тырысқан. Бұл жолы Берік Дүйсенбай дүкен аралапты. Азық-түлік бағасы бұдан бұрын да «Айна» авторларының назарын аударған болатын, ол кезде Айдана Үсенбай дүкен бағасын саралап көрген еді. Сюжет авторы сарапшы маман арқылы елде инфляция үкімет мәлімдеген деңгейден әлдеқайда жоғары екенін жеткізеді. Мәжіліс депутаты Ерлан Смаиловтың Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігін «бюджетті халықтан қорғау» министрлігі деп атау керек деген мәлімдемесін де келтіре кетіпті.
Ал Алматыдағы қайғылы оқиғаға байланысты студияда Айдана Үсенбай Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбай және психолог Олжас Сейітовпен бірге «Вертер» синдромының қоғамға қаупін, трагедияның ықтимал себептерін талқылапты. Көрерменге титр арқылы «Психологтың көмегіне жүгініп көрдіңіз бе?» деген сауал тасталған. Спикерлер де, жүргізуші де өлім себебіне қатысты өзінше топшылау жасауда сақтық танытқанымен, әйелдің әрекетін айыптау сипатындағы сөздер айтылды.
«Айна» бағдарламасы Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясы төрағалығық өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыруына, Алматы облысы әкімінің ауысуына да ерекше мән беріпті. Студияға онлайн қосылған сарапшы-саясаттанушы «Бұл ауыс-түйіс үлкен саяси өзгерістің басы болуы мүмкін бе?» деген сауалға жауап берген. Берік Дүйсенбай студияда тұрып, сарапшыға «Қайырлы кеш» деп амандасады. Алайда, көлік ішінде отырып, студияға онлайн қосылған сарапшының жүзіне күн сәулесі түсіп тұрғаны анық көрініп тұр. Бағдарлама кешкі сағат 20.00 эфирге шығады емес пе?
«Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мыңбаев ауылында «Княжевская» су бөгенінен саңлау шығып, айналаны су басқан». «Айна» авторлары елдегі жалпы гидротехникалық нысандардың жай-күйі, жалпы еліміздегі су ресурстарына қатысты проблемаға баса назар аударыпты. Сюжетке сұхбат берген сарапшылар еліміздегі суға қатысты проблемаларды шешуде су шаруашылығы жеке министрлік болып құрылып, оны осы саладан хабары бар маман басқаруы тиіс екенін айтыпты. Ақпараты мол, ізденіспен жасалған мазмұнды материалды Бақытнұр Әлібай әзірлепті.
«Оқулық пен олқылық» аталатын сюжет мектеп оқулықтарының сапасына қатысты мәселе көтереді. Оқулық мазмұнына қатысты әлеуметтік желілерде айтылған сыни пікірлерге тоқталып, ол сын әділ айтылған ба, жоқ па, сол тұсын анықтап көреді. Қарапайым ата-ананың, мұғалімнің, республикалық «Оқулық» орталығы мамандары мен оқушыны сөйлетіп, барлық тарапты қамти әзірленген толымды сюжет.
«Айна» авторлары оқулық тақырыбын бұдан әрі мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітап мазмұны мәселесімен жалғапты. «Ашық бюджет» тақырыбын бағдарлама тілшілері жүйелі түрде көтеріп келеді. Махамбет Бейбітшілік әзірлеген бұл сюжет мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптардың мазмұны, оқырманға қаншалықты қызықты екені және тапсырыспен шығарылатын кітаптар қалай іріктелетіні туралы айтады. Мәдениет министрлігінің салаға жауапты мамандары кітап мазмұнына қатысты келеңсіздіктер жайын сөз етіпті. Сюжетте сондай-ақ, жекелеген авторлар мен қарапайым оқырман ретіндегі журналистердің де жауабы бар. Орынды мәселе көтерген материал жасалыпты. Алайда мемлекеттік тапсырыс арқылы кітабы шыққан бірде-бір автордан пікірі жоқ.
«Айна» ұсынған соңғы сюжет «Ырымның естісі бар, есері бар» деп аталады. Сюжетте соңғы кезде түрлі ырымдар жасап, әлеуметтік желіде жарияланатын видеоларға қатысты этнограф мамандардың пікірін беріпті. Ұлттық дәстүрді насихаттау тұрғысынан көрерменге таратуға оңтайлы сюжет әзірленген. «Айна» бағдарламасы осы тәсіл арқылы соңғы минутқа дейін көрермен назарын ұстап тұруға талпынған сыңайлы.
Apta, QAZAQSTAN
Apta бағдарламасы коронавирустың жаңа штаммы таралып жатқаны туралы жаңалықтан басталды. Жүргізуші Жайна Сламбек соңғы бір тәулікте елімізде COVID-19 және коронавирусты пневмониядан қайтыс болған адамдар саны бойынша ресми статистиканы айтып өтті.
2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы сауда айналымы 18,4% артып, 20,8 млрд АҚШ долларына жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Брюсселге ресми сапарын Бельгия королі Филиппен кездесуден бастады. Корреспондент Альбина Әшім кейбір келіссөздер баспасөзден жабық форматта өткенін хабарлады. Президент Тоқаевты қандай қонақжай әрі құрметпен күтіп алғанына көбірек назар аударған ресми-хаттама мазмұндағы сюжет болды.
Apta редакциясы қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалардың жағдайына апта құрғатпай сюжет арнап келеді. Кешегі сюжет Түркістан облысында шопандар малын алып, Көксарай су қоймасының маңына жайлағанын баяндады. Қолда бар малын аштықтан аман алып қалудың барлық амалын істеп жатқан жұрттың қиын жағдайын анық көрсететін сюжет. Мемлекеттен көмек алудың қиындығы да айтылды.
Бағдарлама редакциясы ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаев Nur Otan партиясының төрағасы өкілеттігін тоқтатып, президент Тоқаевқа беретініне сюжет дайындапты. Тұңғыш президенттің көп синхроны бар, депутат пен сарапшы комментарийімен толықтырылған материал.
Алматыда үш баласын алып көпқабатты үйдің жоғары қабатынан секіріп кеткен әйел оқиғасы да назардан тыс қалмады. Сюжет авторы осы оқиғаны негізге ала отырып, отбасындағы кикілжіңге ерлі-зайыптылардың проблемасы деп бейжай қарау дұрыс па деген сауалға жауап іздейді. Материалда тағдыр тәлкегіне түскен әйел кейіпкер бар. Оны күйеуі жиі ұрып-соққан екен. Ол әйел кейде өз-өзіне қол жұмсауды да ойлаған. Алматы облысындағы осы отбасының проблемасын бәрі: учаскелік полицейден бастап мектеп қызметкеріне дейін білген. Алайда ешкім көмектесуге тырыспаған. Қазір әйел балаларымен бірге Нұр-Сұлтандағы дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Сарапшы-әлеуметтанушылар тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты көптеген мәселелерді атап, қалай шешу жолдарын да айтты. Жақсы материал, бірақ сол мәселелерді шешуге тікелей жауапты құқық қорғау органдарынан да, министрліктен де комментарий болмады. Егер журналистиканың бір қызметі — мәселені айтып, шешілуіне септесу болса, онда материал бұл қызметін толықтай орындады. Әйткенмен қайғылы жағдай болған отбасының шын мәніндегі проблемасын ешкім де жіті білмейді.
Бағдарламаны Нұрсұлтан Назарбаев барған концерт туралы сюжет аяқтады. «Астана Опера» театрында опера әншісі Мария Мудряктің жеке шығармашылық концерті өтті.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.