Abai TV – Qazaqstan ұлттық корпорациясының құрамындағы республикалық телеарналардың бірі. Абайдың 150 жылдығы аясында ашылды. Эфирге шыққанына 1,5 жылға жуықтады.
«Abai TV арнасы – ақыл-ойдың айнасы». Телеарна ұжымы «ақыл-ойдың айнасы» болу міндетін ойдағыдай атқарып отыр ма, әлде бұл ұрансөз ғана ма? Арнаның бір апталық бағдарлама кестесін шолу арқылы осы сұраққа жауап іздеп көрдік.
Байқағанымыз, бағдарламалар форматына қатысты Abai TV арнасында жұтаңдық пен ұстамдылық басым. «Ақыл-ойдың айнасы» болу мақсаты телеарна ұжымын шығармашылық ізденістен, түрлі форматтарды қолдану, тәжірибе жасап көруден шектеп отырғандай әсер қалдырады.
Телеарнаның сайтында берілген ақпаратқа сәйкес, Abai TV тәулігіне 17 сағат (07:00-ден 00:00-ге дейін) қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады. Эфирдің 75% телеарнаның төл туындылары: бағдарламалар, фильмдер мен телехикаялар. Оның 80 пайызы қазақ тілінде эфирге шығады. Хабарлардың жанрлар бойынша үлесі: театр және кино – 13%, музыка – 11%, әдебиет – 8%, тарих – 24%, мәдени-танымдық – 44%.
Жылдың соңы болғаннан шығар деп топшыладық, қазір телеарна эфирінде ешқандай телехикая жүріп жатқан жоқ.
Соңғы уақытта телеарналарда театр және кино жайлы үздіксіз жасалып отыратын хабарлар тізбегі аз. Abai TV арнасы осы олқылықтың орнын толтырып отырғандай. Мәселен, 24 желтоқсанда орыс тілінде эфирге шыққан «Премьеры» бағдарламасы Астана Балет театры ұсынған «Алпамыс» қойылымына арналды. Сондай-ақ, дүйсенбіден жұмаға дейін (аптасына 5 рет) 1,5-2 сағат көлемінде спектакльдер беріледі. Мысалы, өткен аптада «Ләйлі-Мәжнүн», «Қымбатты Помелла» қойылымдарымен бірге «Корсар» балетін көрермен назарына ұсынды.
Дейтұрғанмен, телеарна кино жанрына қатысты мұндай жомарттық таныта алмаған. Өйткені бағдарлама кестесінде көркем фильмдер аптасына 3 рет (жұма, сенбі жексенбі) ғана қойылған. Алайда, эфирге жіберілетін көркем фильмдерді таңдауға баса мән берілетіні көрініп тұр. Кино жанры туралы арнадағы бірегей бағдарлама – Дархан Әбдіктің «Соңғы музасы».
Телеарнасы сайтында бағдарлама сипаттамасы былай берілген: «Хабардың мақсаты қазақ теледидарының тарихында алғаш рет, қазақ тілді көрерменнің назарына әлемдік, авторлық кино жауһарларын ұсыну. Авторлық кино деп аталатын күрделі жанрға аудитория дайындау, жас кино мамандарға осы сала мәселелерін, сол арқылы отандық кино мәселелерін талқылауға мүмкіндік беру. Интеллектуал кино проблемаларын талқылайтын орта қалыптастыру. Әрі бұл әңгімеге атақты «мэтрларды» ғана емес, жас аудиторияны да баулу». Хабарға негізінен киносыншы, кинотанушы, режиссер, әдебиеттанушы мамандар қатысады. Алайда, интеллектуал кино проблемаларын талқылайтын орта қалыпастыра ала ма, жас аудиторияны баули алды ма? Жалпы, бұл сипаттама бағдарламаның белгілі бір ортаға ғана арналғанынан хабар беріп тұрғандай. Студиядағы талқылау, берілу формасы, фильм, режиссер жайлы спикерлер пікірі, жүргізуші Дархан Әбдіктің хабар қонақтарын бағыттап отыруы үйлесім тапқан бағдарлама. Дегенмен, студияға бірнеше спикер шақырылып, талқылау жасау форматы Abai TV арнасы үшін жиі қайталанатын формат. Көрермен мұны қалай қабылдайды?
«Соңғы музадан» соң, хабарда талқыланған фильм қазақ тілінде көрсетіледі. Бағдарлама аптасына бір рет, жұма кешкі сағат 21.35-те эфирге шығады. Сенбі қайталанады.
Студияға шақырылған бірнеше қонақпен әңгіме құратын тағы бір бағдарлама – «Сана». Телеарна сайтында хабарға былайша сипаттама берілген: «Бағдарламаның мақсаты – қоғамдағы сан-алуан мәселеге қатысты әр буын өкілінің пікірін ортаға салу. Бүгінгі заманның оқиғаларына, өзгерістеріне зиялы қауымның көзқарасын білу. Ел өміріндегі күнделікті мәдени-рухани жаңалықтарды талқыға салу. Бағдарлама дүйсенбі-жұма аралығында 20:00 көрермен назарына ұсынылады». Жүргізушісі – Молдияр Ергөбеков.
«Бүгінгі заманның оқиғаларына, өзгерістеріне зиялы қауымның көзқарасын білу» мақсатындағы хабардың өткен аптадағы сандарында «Аристотельдің авангард поэтикасы», «Хабермастың қоғамдық алаң концепциясы», «Шебер ұстаз», «Креатив экономика» секілді тақырыптар көтерілді. 1,5 сағатқа созылатын бағдарлама негізінен талқылаудан тұрады, көрерменді жалықтыруы мүмкін. Сонымен қатар, сөз болып отырған «бүгінгі заманның оқиғалары мен өзгерістері» көрерменге де қызықты, өзекті болғаны дұрыс. «Хабермастың қоғамдық алаң концепциясы» туралы бағдарлама спикерлердің өзара Хабермастың тұлғасын көрерменге таныстыруынан басталды. Бұл қоғамдық лекция емес, телебағдарлама болғандықтан, көрерменді жалықтырып алмас үшін неге Хабермас туралы қысқаша сюжет берілмеді деген сұрақ туады. Оның үстіне, үшбұрыш үстел басындағы әңгіме барысында бейнеқатардың жұтаңдығы хабардың тартымдылығын төмендете түсетіндей. Өйткені телебағдарлама болған соң көтерілген тақырыппен қатар, көрсетілетін бейненің тартымдылығы да маңызды болуы тиіс емес пе? Студияның безендірілуі де жұтаң.
Ал безендіруі жағынан анағұрлым тартымды көрінетін, алайда форматы жағынан студиядағы әңгімеге құрылған тағы бір бағдарлама – «Үркер». «Сана» бағдарламасына қарағанда «Abai tv» эфиріндегі ғұмыры да ұзақ. «Бағдарламаның мақсаты – көрерменнің кітапқа деген қызығушылығын ояту, кітап оқуға үндеу. Халықтық сипатқа ие болған шығармаларды талқылай отырып, шығарма кейіпкерлерінің өмірден алынатынын көрсету арқылы көрерменді кітапқа жақындату». Бағдарламаға белгілі бір шығарма авторы мен өзге жазушы, публицист, әдебиеттанушылар шақырылады. Жүргізуші Жүсіпбек Қорғасбек қонақтармен бірге хабарға арқау болған шығарма мен оның авторы туралы пікірлерін ортаға салады. Тіпті, жазушының көзінше оны мақтап, ол туралы оң пікір айтады. Дәл осы форматты көрерменнің кітапқа деген қызығушылығын ояту, кітап оқуға үндеу деп айта аламыз ба? «Үркердің» бір санын көргеннен кейін кітап оқуға қызығушылығы артқан оқырман бар ма, көрерменнен кері байланыс бола ма? Бұл сұрақтарға бағдарлама авторлары жауап бере жатар. Бұл хабар кестеге сәйкес, дүйсенбі, жұма және жексенбі күндері шығады. Әйтсе де, жұма дүйсенбідегі хабардың қайталануы ұсынылыпты.
Кітап жайлы тағы бір бағдарлама – «Мазмұндама». Бағдарламаның эфирде жүріп жатқанына жылдан аса уақыт өтті. Ол да көрерменді кітап оқуға қызықтыруға талпынады. Телеарна сайтында берілген бағдарлама сипаттамасы мынадай: «Mazmundama» бағдарламасы – Қазақстанда жарық көрген бір кітапқа немесе жуырда ғана қазақ тілді аудиторияға аударып ұсынылған әлемдік бестселлердің біріне тоқталып, мазмұнына қысқаша талдау жасап, сол туралы кеңірек ақпарат береді». Яғни «хабардың мақсаты шығарманы мазмұндап бере салу емес, оқырман қауымды қызықтыру. Сондай-ақ, көрерменді әлемдегі, еліміздегі ең мықты туындылармен таныстыру. Еліміздегі жанданып келе жатқан кітап индустриясына қолдау көрсету» деп сипатталады. Жүргізуші Дәурен Дариябек суфлердан мәтін оқып отырғанда, бейнеқатарды жандандыру үшін, әңгіменің мазмұнына орай анимация беріледі. Әйткенмен, бұл бағдарламаның аудиториясына лайық шешім бе деген сұрақ туады.
«Сөзтаным», «Сарасөз», «Сөз патшасы». Түбірі сөз болғанымен, үш бағыттағы бағдарлама. «Сөз патшасы» – «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған поэтикалық жоба. Мақсаты – қазақ әдебиетіне ерекше леп, серпін әкелген жас ақындардың шығармашылығын насихаттау, халыққа таныстыру. Жас ақындардың әрқайсысының қолтаңбасы, өзіндік бағыты бар. Сол ерекшелікке байланысты әр ақынның өлеңдері жеке зерттеліп, соған сәйкес режиссерлік қойылымдар жасалады». Бағдарламаның әр саны бір қойылымға пара-пар.
«Сөзтаным» – «Көпшілік қауымға қазақ тілінің сөздік қоры мен сөздік құрамындағы сөздердің мағынасы, қолданысы мен шығу тегі жөнінде нақты әрі практикалық кеңес беру. Бағдарлама танымдық-тәжірибелік сипатта өтеді» делінген сипаттамасында. Негізінен студияға шақырылған мамандармен пікір алмасу форматында өтеді.
Ал «Сарасөз» сұхбатқа құрылған бағдарлама. Жақында ғана эфирге шықққан «Зинһар» бағдарламасы да сұхбат. «Сарасөзге» шақырылған қонақ – «қоғамға белгілі тұлға. Әдебиет, мәдениет, тарих, әлеуметтік салада қордаланған мәселерді терең қаузап, тоқетер ойын, «сарасөзін» айтады. Бағдарлама жалпыны рухани тамырдан нәр алуға үндеп, жол сілтейді». Бағдарламаның дәл осы мақсаты қаншалықты орындалып жатыр, «жалпыға жөн сілтеу» қонаққа жүктелген артық міндет емес пе?
«Зинһар» бағдарламасына сипаттама берілмепті.
Abai TV арнасының танымдық бағыттағы контентін салт-дәстүр, ұлттық жәдігерлер, тарихи оқиғалар жайлы бағдарламалар толықтырып тұр, десек те, саны жағынан аз болса да, орыс тіліндегі хабарлардың мазмұны қызықтылау көрінді: «Art професии», «ПроТанец», «Магия звука», «Музейные историй», «Оркестровая партитура», «Bookwill».
Сондай-ақ, телеарна тұлғалар туралы да бір топ бағдарлама ұсынады: «Дәуір даналары», «Ұмытпаймыз» тарихи тұлғалар туралы болса, «Тәуелсіздік тарландары», «Әйел әлемі» осы заман кейіпкерлерін сөз етеді. Бұдан өзге археологиялық қазбалар, ғимараттар жайлы бағдарламаларды тамашалауға болады. «Әндіground» хабары белгілі бір әншімен шығармашылығы жайында сұхбатқа құрылған.
Abai TV танымдық бағыттағы хабарлар ұсынатын жалғыз арна болып отыр. Десек те, телеарна адал аудитория қалыптастыра алды ма деген сұрақ өзекті болып қала бермек. Ал шығармашылық ұжымның ізденісіне сәттілік тілейміз!