ДомойМедиасынПрезиденттің ҚХР-ға сапары, Қаңтар оқиғасы: ІІМ мәлімдемесі, Ресей-Украина шиеленісі: 31 қаңтар –...

Президенттің ҚХР-ға сапары, Қаңтар оқиғасы: ІІМ мәлімдемесі, Ресей-Украина шиеленісі: 31 қаңтар – 6 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Президенттің ҚХР-ға сапары, Қаңтар оқиғасы: ІІМ мәлімдемесі, Ресей-Украина шиеленісі: 31 қаңтар – 6 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Президенттің ҚХР-ға сапары, Си Цзиньпинмен кездесуі, екі ел арасындағы тауар айналымы, кедендегі заңсыздық мәселесі болды. Сондай-ақ, «Жеті күн» Мемлекет басшысы өткізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес туралы сюжет ұсынды. Ал «Айна» Ресей мен Украина арасындағы шиеленіскен жағдайға қатысты «Асқынған ахуал» аталатын көлемді сюжет дайындаған. Apta авторлары ауыл шаруашылығын субсидиялау саласын жайлаған жемқорлық жөнінде мәселе көтерген. «Apta қонағы» – Shopan ata ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевпен ауыл шаруашылығын субсидиялаудағы жемқорлық схемасын, қарапайым шаруалардың субсидияға қол жеткізе алмауын, Батыс Қазақстанда қуаңшылықтан жаппай мал қырылғанын, ауыл шаруашылығындағы лобби туралы егжей-тегжейлі талқылаған. 

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасын Дархан Әбдіуахит көрерменге жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың қазасын естіртумен бастады.

Қытайдағы қысқы Олимпиада ойындарының ашылуы, оған мемлекет басшысының қатысуы, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келіссөз жүргізуі, екі ел арасындағы тауар айналымы, кедендегі заңсыздық – алғашқы сюжет осы тақырыптарды қозғады. Кедендегі заңсыздықтар туралы сарапшы пікірі бар. Терең талдаудан гөрі, оқиғаны баяндауға құрылған сюжет. 

«Қоғам дерті». Президент өткізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес туралы сюжет осылай аталыпты. Шынар Асанқызы сюжетін «Халық арасында «бара берме, пара бер» деген түсінік бар» деп халықты айыптағандай бастады. Тілші айтқан нақыл сөздің дұрысы: «Пара берме, бара бер». Автор сюжетте мақалдың дұрыс нұсқасын да келтірді.  Алайда сюжет басында оны бұрмалай келтіргенін ақтамайтын бір тұсы – көпшіліктің пікірі. Тұрғындар негізінен жемқорлыққа шенеуніктер итермелейтін айтқан. Сюжетке себеп болған жиынның өзінде де шенділердің жемқорлық әрекеттерін сөккен. Автор жиыннан бірнеше синхрон берді. 

«2019-2020 жылдар аралығында елдімекендерден қалаға 880 мың адам қоныс аударған». Дархан Әбдіуахит келесі сюжеттің алғысөзінде осындай дерек келтірді. Сюжет авторы Ақбөпе Тәңірберген  еліміздің әр өңіріндегі ауылдарға ортақ проблеманы тұрғындардың айтуымен тізбектеп берді. Ауылдар дамуына байланысты төрт топқа бөлінетінін жіктеген. Ауыл шаруашылығы мамандарын сөзге тартыпты. 

Қаңтар оқиғаларына байланысты Бас прокуратура мен ІІМ өкілдері мәлімдеме жасады. Онда оқиғаға қатысты жаңа деректер жарияланды. Шынар Асанқызы құқық қорғау органдары өкілдері берген мәліметтер негізінде сюжет жасапты. Сарапшылардан пікір алмаған.  

Апта ішіндегі ауыс-түйістерге тоқталған Дархан Әбдіуахит Мәжіліс  төрағасының ауысқанын да айтты. Жаңа төраға Ерлан Қошанов өткізген Мәжілістің кеңейтілген отырысы жайлы жеке сюжет жасалыпты. Әдетте «Жеті күн» Мәжіліс отырыстарына ерекше назар аудармайтын. Сәкен Сейітханұлы сюжетті Мәжіліс төрағасын сайлау процессі қалай өткенінен  бастап, Ерлан Қошановтың еңбек жолына қысқаша шолу жасады. Қошанов өткізген алғашқы отырыста жаңа спикердің жасаған ұсынысы мен осы жиында талқыланған мәселелер туралы да айтылды. 

«Жолы ауыр жоба» аталатын сюжет Нұр-Сұлтан қаласындағы LRT құрылысына арналды. Гүлжан Марқабаева жобаның болашағына қатысты отандық әрі шетелдік урбанист мамандардың, қарапайым тұрғындардың пікірін сұраған. Сарапшылардың басым көпшілігі жобаны жалғастыру керегін айтады. Алайда, сарапшылардың бірі атап өткендей, жобаға қатысты қаржылық операциялар, міндеттемелерге қатысты жұмбақ көп. Сюжет авторы жауапты мекеме өкілдерінен пікір сұрамапты. Қала әкімшілігі өкілдерінің де пікірі жоқ. 

Елімізде мамыр айынан бастап 70 мыңға жуық тұрғынның жалдамалы пәтер ақысының жартысын мемлекет субсидиялайды. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі осындай мәлімет таратқан еді. Сәкен Сейітханұлы әзірлеген сюжетте  бұл шара қалай жүзеге асатыны, көмекке мұқтаж адамдардың күнкөріс деңгейін анықтау үшін қандай көрсеткіштер есептелетіні туралы сарапшылар, Отбасы банк  өкілдері жан-жақты баяндады. Ақпараты мол сюжет. Тілші мұқтаж отбасылар жайында айтқанда негізінен тұрғын жайы қолайсыз көп балалы отбасылар көрсетілді. Сюжетте әлеуметтік жауапкершілік сақталмаған. Бүлдіршіндердің жүзін ашық көрсетуге болмайтынын сюжет авторлары ескермеген.

Дархан Әбдіуахит «Адамзат тағдырының жыршысы» деп атаған жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың дүниеден өтуіне орай жасалған сюжет «Әдебиет абызы» деп аталыпты. Материалда жазушының көзі тірі кезіндегі сұхбаттары, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуіндегі әңгімесі, жазушы шығармашылығы жайлы ғалымдардың, сондай-ақ, Мырзатай Жолдасбековтың пікірі топтастырылған. 

«Жеті күн» әзірлеген соңғы материал «Утилизация: алым мен салым» деп аталады. Сюжеттен утилалымды қабылдауды «Жасыл даму» мекемесі қайта жалғастырғанын, алым көлемі әлі талқыланып жатқанын білдік.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы» 

Өткен аптада бұқаралық ақпарат құралдары Алматыдағы балалар ауруханасының бірінде жатқан екі жасар баланы  төрт айдан бері ешкім іздеп келмегенін хабарлады. «Айна» авторлары осы туралы «Жетімекпін мен неге?» аталатын эксклюзив сюжет әзірлепті. Бүлдіршінді ауруханаға қандай жағдайда қалдырғаны, қазір қайда орналасқаны туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, сюжет авторы баланың әкесімен хабарласып, анасы жайлы, оның бұрынғы некесі туралы сұрақтарға жауап алған. Сонда бұл сюжеттің мақсаты бүлдіршіннің әкесі туралы ақпарат беру ме? Баланың тағдырын желеу етіп, әкесінің жеке өмірін қазбалаудың қажеті қанша?  

Жақында Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева атаулы әлеуметтік көмек көлемін әр балаға 36000 теңгеге көтеру керек деген ұсыныс жасады. Осыған қатысты «Айна» авторлары депутаттардан сұхбат алып, «бұл ұсыныс жүзеге асуы мүмкін бе?» деген сауал қойыпты. «eGovкуәгері»  айдарында «Миллионер мама», яғни «1 миллион теңге декреттік төлемақы  алуға бола ма?» деген сауал талқыланған. Айдардың жүргізушісі Гүлнәзия Жалғасқызы Instagram желісінде осы тақырыпта түрлі сабақтар жүріп жатқанын айтады. Әлеуметтік сақтандыру қорының департамент директоры Гүлбағила Болатбекова студияда бала күтіміне байланысты төленетін төлем тәртібін түсіндіріп, декреттік төлемге миллион алу мүмкіндігі бар-жоғын айтады. Құптарлық тақырып.  

«Айна» бағдарламасы да үкіметтің мұқтаж отбасылар жалдайтын пәтердің жарты құнын субсидиялау туралы бастамасын талдаған. Махамбет Бейбітшілік әзірлеген сюжет «Үй аламыз ба, ұяламыз ба?» деп аталады. Тілші тақырыптың ашылуына жауапты қарағанымен, әлеуметтік жауапкершілікті ұмытқан. Бүлдіршіндердің жүзін бұлдыратуы тиіс еді. Сюжетте «времянка» жалдап тұратын кейіпкердің мысалында «мұқтаж жандардың барлығы тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялай ала ма?» деген сауалға жан-жақты пікір алынған. Субсидиялау талаптары турасында ақпарат түсінікті жеткізіліпті.

Ресей мен Украина арасындағы шиеленіскен жағдай «Асқынған ахуал» деп аталыпты. Сюжетті Берік Дүйсенбай әзірлеген. Украина, Ресей, Қазақстан сарапшыларын сөйлеткен сюжетте автор «екі ел арасында соғыс бола ма?» деген сауалға жауап іздейді. Сондай-ақ, сарапшылар Ресейдің көксегені не, Батыстың мүддесі қандай деген сауалды да талдапты. Ал екі елдің текетіресі экспорттың 40 пайызы Ресей арқылы өтетін Қазақстанға қалай ықпал етеді? Бұл турасында да сарапшылардың пайымы бар.

«Бақ шапса да, бап шапса» аталатын сюжетте апта ішіндегі ауыс-түйістерден бастап, Олимпиададағы Қазақстан үміт күтетін спортшыларға дейінгі оқиғаларға шолу жасалған.  

«Қош келдің, Қошанов». Мәжіліс төрағасының ауысуына назар аударған «Айна» да жаңа спикердің бастамаларына мән беріпті. Дегенмен, «Жеті күндік» әріптестеріне қарағанда, бұл сюжеттің автолары Нұрлан Нығматуллиннің жұмысын еске алып, сөздерінен үзінді келтірген. Қошановтың қызмет сатысына шолу жасап, бұрынғы қызметтерінде  сөйлеген сөздерінен үзінді берді.

Қаңтар оқиғасына бір ай толды.  «Бір айдан соң» аталатын сюжетте «Айна» авторлары да құқық қорғау органдары өкілдерінің мәлімдемелерін ұсынған.  Сюжетте айыпталушы ретінде күдікке ілінген тараптың, заңгерлердің, адвокаттардың пікірі бар. Қоғам үшін ауыр болған оқиға туралы сюжеттің басында және соңында Алматы туралы әндерден үзінді берілген. Автор бұл әндете көтеретін тақырып емес екенін ұмытқандай.

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасының алғашқы тақырыбы – ҚР президентінің ҚХР-ға жұмыс сапары. Жүргізуші Жайна Сламбек алғысөзде Қ.Тоқаев Бейжіңде өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысып, Аспан асты елінің төрағасымен келіссөз өткізгенін хабарлады. Бұл оқиғаларға қысқа хаттама сюжет арналыпты. Президенттің жұмыс сапары қалай болғанын баяндайтын сюжетте видеодан гөрі келіссөзден түсірілген фотосуреттерді көбірек көрсетті. 

Эфирдің екінші тақырыбы да президентке, дәлірегі Тоқаевтың жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзіне арналды. Мемлекет басшысының сөзінен ұзақ синхрон берді.

Содан кейін жүргізуші Жайна Сламбек Orda.kz порталындағы материалға сүйеніп, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Әлия Назарбаеваға тиесілі компаниямен келісімшартты бұзғанын хабарлады. Бұл ақпаратты әлеуметтік желі қолданушысының темір жол билеті арзандағанына таң-тамаша болған жазбасының скриншоты толықтырды.

Ал сюжет соңғы кезде жиі айтылып жүрген «монополия», «олигополия», «картель» ұғымдарының мәнін ашуға талпынды. Материалда салалық департамент, қауымдастық өкілдері мен экономистер комментарийі бар. Олар аталған терминдердің мағынасын айтты. Жап-жақсы түсіндірмелі сюжет, алайда монополия, олигополия, картель әлемінің жарқын өкілдерінен ешкімнің есімі аталмады. 

Қ.Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте ауыл шаруашылығын субсидиялау саласын жайлаған жемқорлық жөнінде де айтқан. Бұл тақырып «Apta қонағы» айдарына арқау болыпты. Студия қонағы — Shopan ata ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев. Ол ауыл шаруашылығын субсидиялаудағы жемқорлық схемасы, қарапайым шаруалардың субсидияға қол жеткізе алмауы, қуаңшылықтан Батыс Қазақстанда жаппай мал қырылғаны, ауыл шаруашылығындағы лобби туралы егжей-тегжейлі айтты. 

Табысы күнкөріс деңгейінен төмен әрі үй кезегінде тұрған адамдардың пәтер жалдауға төлейтін ақысының тең жартысын мемлекет субсидиялайды. Бағдарламаның екінші сюжеті осы тақырыпты қозғап, қабылданғалы отырған әлеуметтік бағдарламаның мән-жайын түсіндірді. Кейіпкерлер хикаясы мен бұл бағдарламаның қандай теріс әсері болатынын айтқан экономист пікірі бар. 

Apta редакциясы Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың азапталғанын әр шығарылымда айтып келеді, бірақ бұл мәселеге әлі бір сюжет арнамады. Жайна Сламбек азапталғандар туралы айтып, «Аманат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі Абзал Құспанның Facebook әлеуметтік желісіне жариялаған жазбасынан үзінді келтірді. Ол тергеу кезінде  арқасына ыстық үтік басылып азапталған Азамат Батырбаев туралы пост жазған екен. 

Алматыда рұқсат етілген митинг өтіпті. Жүргізуші митинг қатысушыларының қандай талап қойғанын қысқа қайырып, жеңілдетілген автонесие бағдарламасына ойысты. Алдағы көктемде қайта басталып қалатын 4%-дық автонесие туралы сюжет елдегі автонарық проблемалары мен бұл автонесиенің кемшіліктеріне тоқталды. 

Ахмет Байтұрсынов дүниеге келген Ахмет ауылына (Қостанай облысында) апаратын жолға асфальт төселмеген, интернет жылдамдығы әлсіз. Ауыл тұрғындары мәселелерді шешіп беруді сұрайды. Бағдарламаның төртінші сюжеті қаузаған мәселе осы. Соңынан «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалынан үзінді көрсетті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР