ДомойМедиасынТоқаев сұхбаты, Қаңтар оқиғасын тергеу, криптовалюта: 14-20 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Тоқаев сұхбаты, Қаңтар оқиғасын тергеу, криптовалюта: 14-20 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Тоқаев сұхбаты, Қаңтар оқиғасын тергеу, криптовалюта: 14-20 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Qazaqstan ұлттық арнасына берген сұхбаты болды. Қаңтар оқиғасына қатысты жүргізіліп жатқан тергеу барысы да апта қорытындысының назарынан тыс қалмаған: кейіпкерлер оқиғасы, Прокуратура мен ІІМ мәлімдемесі бар. Сондай-ақ, «Жеті күн» қаңтардағы бүлік пен тонауға қатысқан жастардың әлеуметтік портретіне мән беріп, бұған не итермелегеніне жауап іздесе, «Айна» уақытша ұстау орындарында азапталған кейіпкерді сөзге тартқан. Ал Apta авторлары қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан бейбіт адамдар туралы үлкен сюжет дайындапты.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Qazaqstan ұлттық арнасына берген сұхбатын 10 минутқа созылған сюжетте ұзақ талдады. Сюжетте Президенттің сөзінен үзінділер берілді. Сарапшылар, саясаттанушылардан пікір алынған, тұрғындардың пікірі бар. 

Президент осы сұхбатында наурыз айының ортасында халыққа жолдау жасап, Қаңтар оқиғасына қатысты алдын-ала тергеу жұмысының қорытындысын жариялайтынын мәлімдеді. Тергеу-тексеру барысы, Ішкі істер органдары өкілдерінің мәлімдемелері, қаңтарда зардап шеккен жандардың қазіргі халі топтастырылған сюжет жасалыпты. Авторы – Рият Шони. Прокуратура тәртіпсіздік жасаған топтың әлеуметтік портретін жариялады. «Жеті күн» осы портретте суреттелген жастарды бүлікке, мародерлікке баруға кім итермеледі деген сауалға жауап іздеп, әлеуметтанушы, сарапшыларды сөзге тартыпты.  Ұзақ, ақпараты сол сюжет.

Елімізден шетелге заңсыз шығарылған қаражат қашан және қалай қайтарылады? Гүлжан Мархабаева арнайы зерттеу жасапты. Қазақстаннан 30 жыл ішінде қанша ақша, қандай мақсатта сыртқа шығарылды, елге қайтарудың жолы қандай? Қолма-қол ақшаны кеденнен алып өтуге бола ма? Осы және өзге де сауалдар талданған сюжетте тілші сарапшылардың көмегімен жемқорлықпен табылған ақшаны елге қайтарудың жолдарын іздейді. Өзбекстанның бұрынғы президентінің қызы Гүлнара Каримованың шетелдегі қаржысы қалай елге қайтарылғаны айтылды. Қолма-қол ақшаны шекарадан алып өтудің жолдары да атап өтілді. 

Елдегі сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы «Жеті күн» жүргізушісі Дархан Әбдіуахит ұзақ айтты. Ақбөпе Тәңірберген теміржол тасымалындағы делдал компаниялардың кесірінен тарифтің қымбаттағанынан бастап, өзге салалардағы «елшілер» туралы ақпарат берді. Экономиканың басқа салаларындағы «дәнеркеші» компаниялардың зияны туралы сарапшыларды сөйлетті. Оған Президенттің делдалдар жұмысын ретке келтіру туралы тапсырмасы себеп болыпты, үзінді келтірілді. Бейтарап болу үшін, біржақты даттай бермей делдал компания өкілдерінен де сұхбат алу керек еді. Олардың өз уәжі бар шығар?

Президенттің апта ішіндегі қабылдаулары мен кездесулері Ақорда таратқан ресми ақпаратқа сүйеніп, бір топтамада баяндалды. 

Елімізде биыл «Балалар жылы» деп жарияланды.Мақпал Мадиярова әзірлеген сюжет «Бала денсаулығы» деп аталып, онда елімізде сырқат және мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артқаны, еміне қымбат дәрі-дәрмекті қажет ететін бүлдіршіндер туралы айтылды. Сюжет кейіпкерлерінің еміне керек дәрі-дәрмекті елімізде ала алмауының себебін Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі түсіндірді. Бұдан өзге, автор Атырау обылысында сәби өлімі көбейгенін айтып, оның себебін дәрігерлердің жетіспеуінен көреді. Денсаулық  сақтау министрлігі бала денсаулығына қатысты жол картасын әзірлеп жатқанын, «Қазақстан халқына қоры» орфанды аурулары бар 36 балаға көмек көрсететінін білдік. 

Криптовалюта өндіретін майнинг фермалары шамадан тыс электр энергиясын тұтынатындықтан, елімізде электр энергиясының тапшылығын тудырып отыр. Нұрболат Жаңаберген Үкіметте талқыланған осы мәселені талдап, оңтүстік өңірлерді аралап жүрген мәжіліс депутаты мен Блокчейн технологиялық қауымдастығының басқарма төрағасын сөзге тартып, саланы реттеуге қатысты екі тараптың да пікірін тыңдапты. 

Өткен аптада бір топ журналистер мен блогерлер, депуттаттар мен қоғам қайраткерлері  «Сарыарқаавтопром», «Агромашхолдинг», «Камлитkz» өндіріс орындарына пресс-тур жасады. Мағауия Қалиев жасаған сюжеттен еліміздегі автоөндіріс саласының кем-кетігі немесе әлі де жетілдіріле түсуі тиіс тұстары туралы ақпарат таппайсыз. Бұл сюжет утильалымға мүдделі топтың бірі ретінде аталған отандық автоөндірушілердің сойылын соққандай қабылданды.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Айна» бағдарламасы бұл жолы да «Қаңтар қасіретіне» ерекше мән беріпті. «Сол бір күн…» аталатын алғашқы сюжет қаңтар дүрбелеңінің құрбандары жайлы айтып, күәгерлерді сөзге тартады. ІІМ өкілінің мәлімдемесінен де үзінді берілді. «Үш тәулік бойы мұздай қаруланған адамдардың тұтқыны болған ақ халаттылар» деп Алматыдағы №7 аурухана дәрігерлерін сөзге тартты. 

Уақытша ұстау және тергеу изоляторларына қамалғандардың азапталуы жайлы ақпарат тарап жатқанын айтқан Ғалым Кәлмен «Кім жазықты?» атты сюжетке кезек берді. Онда тергеу орындарынан ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шыққан жандарды сөзге тартады. 16 жасар кейіпкер қамау орнында өзін қалай азаптағанын, қандай кінәні мойындатпақ болғанын ашық айтып беріпті. Денесіндегі азаптау іздері де көрсетілген. Кәмелетке толмаған кейіпкердің жүзі ашық көрсетілмеді. Әкесі де баласының жағдайы туралы айтып берді. Сюжетте Прокуратура мен ІІМ мәлімдемесімен қатар, Президенттің Qazaqstan арнасына берген сұхбатындағы осы мәселеге қатысты айтқан сөзінен үзінді берілді.  

Президенттің қазақ тілінде берген сұхбатына бөлек сюжет арналды.  «Президент сұхбаты» аталатын материалда Мемлекет басшысының сөздерінен үзінді беріле отырып, елге ҰҚШҰ әскерін кіргізу, жердің тұтастығы, блогерлер туралы пікірі және т.б туралы тілші баяндады. «Айна» Президенттің қазақ тілінде берген сұхбатын елге танымал адамдардың пікірімен айшықтай түсуге бел буыпты. Нұрлан Оразалин, Талғат Теменов және адвокат Айман Омарованың пікірі бар.  

«Күміс жаста»  қолдау». Үкімет зейнет жасына жақындағанда жұмыссыз қалған жандарды қаржылай қолдау мақсатында арнайы бағдарлама қабылдады. Махамбет Бейбітшілік осы бағдарлама туралы түсіндірме сюжет әзірлепті. Ақпараты мол материал. 

«Айна» бағдарламасының «eGov куәгері» аталатын айдарында Гүлнәзия Жалғасқысы «Қазақстан халқына» қорынан тұрғындар қандай себеппен көмекақы алатыны туралы қордың атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаевадан сұрап, біліпті. 

«Алыс-жақын шетелдердің ынта-ықыласын біздің елге аударып тұрған тағы бір нәрсе бар. Ол – біздің киноиндустрия», – дейді Ғалым Кәлмен. Алайда, әңгіме еліміздегі киноиндустрияға жауапты бірден-бір мекеме – «Қазақфильм» түсірген фильмдер туралы емес, «5:32» веб-сериалы турасында екен. «Айна» сериалдағы кейіпкерлердің прототипі жайында сюжет ұсынды. Олжас Сайлаубекұлы сериалдағы кейіпкерлердің бірінің шын өмірдегі қылмыстары, қалай ұсталғаны, тіпті оған кесілген ату жазасының үкімі қайда орындалғаны жайлы қылмыскерді тергеуге атсалысқан құқық қорғау саласының ардагері Ғабдырахым Меңдешевтен сұхбаттасып, баяндайды. Сюжетте өзге кейіпкерлерді ойнаған актерлардың өз образы жайында пікірі де бар. 

«Айнаның» сериал туралы материалы мұнымен шектелмеді. Бағдарлама авторлары көптен қонақ келмеген студияға «5:32» фильміндегі тергеушіні және 8-бөлімде маньяктың рөлін сомдаған актерды шақырып, сұхбат алды. Сұхбат соңында Ғалым Кәлмен қонақтарға әйгілі маньяктардың суретін көрсетіп, шағын викторина жасады.  Жамандықты насихаттағандай көрінген бұл әрекет ойын да болса, этикаға қайшы емес пе?

«Айна» бағдарламаны жыл басындағы дүрбелең кезінде жолда қалған пойыздың жолаушыларына қолдау көрсетіп, ас-су әзірлеген Қызылорда облысындағы Сексеуіл мен Қазалы станциясының тұрғындары туралы баяндаумен аяқтады. «Жақсылық станциясы» аталатын материалды Артур Мағзомов әзірлепті. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta президент Қ.Тоқаевтың бағдарлама жүргізушісі Жайна Сламбекке берген сұхбатынан басталды. Сұхбаттан ұзақ үзінділер: қаңтар оқиғасы бойынша тергеу қалай жүріп жатқаны, таяуда халықты мазалаған барлық сұраққа жауап берілетіні, олигополия, Ресеймен қарым-қатынас, ресейлік саясаттанушылардың Қазақстан территориясына қатысты мәлімдемелері, әкімдерді сайлау мен саяси реформалар, адамдарды азаптау туралы айтқанын көрсетті. Мұның бәрі жеті минутқа созылды. 

Apta авторлары қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан бейбіт адамдар туралы үлкен сюжет дайындапты. Оқ тиіп, қаза тапқандардың арасында балалар да бар. Марқұмдардың туған-туысы сөйледі. Олар жақынын кім атқанын анықтауды сұрайды.

Ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияның талан-таражға түсіп, жоқ болатыны екінші сюжетке арқау болыпты. Сюжетте шаруалар мен облыс әкімдігі қызметкерлерінің комментарийі бар. Субсидиялау ісі қаншалық «былығып» кеткенін көрсететін сюжет.

Майнинг дегеніміз не? Apta авторлары осы тақырыпта көлемді сюжет көрсетті. Бұған энергетика министрінің елдегі электр қуаты тапшылығын майнингпен байланыстыруы себеп болған екен. Сюжетте криптовалюта, биткоин не екенін түсіндіріп, майнинг процессі, цифрлы ақша арқылы табыс табу, салық салу, электр қуаты тапшылығы жөнінде де айтты. Сарапшы ретінде майнерлер, криптоброкерлер, криптосарапшылар мен министрлік өкілдерін сөйлеткен толымды сюжет.

Тұрғын үй құрылысындағы қулық-сұмдық, жасырын схемалар баспана бағасының қымбаттауына әкеледі. Осы тақырыпты қаузаған келесі сюжетте Талдықорғандағы бір топ адамның оқиғасы бар. Олар көпқабатты үй құрылысына ақша салған, алайда үй құрылысы әлі аяқталмай жатыр. Материалда құрылыс компанияларының адамдарды үлескерлік құрылысқа тарту қулықтарын, келісімшарттың келеңсіз жақтарын түсіндірді. 

Содан кейін Украина мен Ресей қарым-қатынасына ойысты. РФ дедегациясы Мюнхен конференциясына бармағанынан бастап, Украина мен АҚШ президенттерінің мәлімдемелеріне дейін қамтып, Ресейдің әскери жаттығуы мен Будапешт меморандумы жөнінде де айтты. 

Қазақстан құрамасы Бейжіңде өткен Қысқы олимпиада ойындарынан медальсіз оралды. Бұл бағдарламаның соңғы сюжетіне түрткі болыпты. Материалда осынау сәтсіздіктің себептерін іздеп көрді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты. 

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР