Модуль 10.2. Конспирология: қастандық теориясы

Модуль 10.2. Конспирология: қастандық теориясы

Теориялық бөлім (20-25 минут) Конспирологияны кімдер жасап шығарады?

Шын мәнінде, қастандық теориясын кез келген адам жасай алады. Ал әлеуметтік желілер мен интернет-форумдар оны таратуға керемет мүмкіндік беріп отыр. Тіпті сіз де қастандық теориясын жасап, тарата аласыз. Кез келген түсініксіз құбылысқа өз бетіңізше түсіндірме жасап, түрлі оқиғаның арасынан байланыс пен ерекше белгілер іздеп көріңіз. Жасаған түсіндірмеңіз адамдарды қорқытып, ашу-ызасын оятатын болса, тіпті керемет.   

Илья Яблоков АҚШ пен Ресей қоғамындағы қастандық теорияларын сипаттай келе, мынадай тұжырым айтады: АҚШ және басқа да экономикасы жоғары және салыстырмалы түрде демократиялы мемлекеттерде әдетте төменгі тап өкілдері елдегі әлеуметтік, мәдени, политэкономиялық өзгерістерді қабылдай алмай, реакция ретінде қастандық теорияларын жасап шығарады. Яғни өмірде жолының болмауына, байлыққа қол жеткізе алмауына өзін емес, белгісіз зұлым күштерді кінәлағысы келеді және елдегі сөз бостандығы бұған мүмкіндік береді. Қастандық теориясы жауапкершілікті өзгелерге аударуға тамаша мүмкіндік сыйлайды.

Ал авторитар жүйедегі мемлекеттерде қастандық теориясын саяси элита мен интеллигенция өкілдері жасап шығарады. Мұндай мемлекеттерде қастандық теориялары халықты үрейде ұстап, элитаның саяси билікті сақтап қалуы үшін дайындалады. Мысалы, сыртқы күштер мемлекетте саяси төңкеріс болуын қалайтынын айтып, елдің үкіметіне бағынуын сұрайды [3]. 

Қастандық теориясы ғылымға қайшы болса да, неліктен адамдар оған сенеді?

Соңғы бірнеше онжылдықта тарих, антропология, әлеуметтік психология, дінтану, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттену ғылымдарының зерттеушілері қастандық теориясы құбылысына жан-жақты назар аударып, оған сенушілердің табиғатына үңілді. Жалпы алғанда, әлеуметтік ғылымдар қастандық теориясын бірнеше кең тараған көзқарас аясында қарастырады:

  • діни сенімнің жаңа бір түрі: жоғарыдағы Карл Поппердің ойларын еске түсірейік
  • әлеуметтік паранойя: адамдардың ішкі үрейі, шарасыздығы конспирологияны тудырады
  • билікке наразылық формасы және саяси құрал: адамдар билікке қарсылық ретінде немесе билікке сенбегендіктен қастандық теориясына сене бастайды, сонымен қатар авторитар жүйелер халықты бақылауда ұстап отыру үшін қастандық теориясына сүйенуі мүмкін.
  • альтернатив білім: қастандық теориясы тарихи, саяси оқиғаларға альтернатив көзқарас ұсынады, ғылым адамдары мен мектеп-университеттердің білімді меншіктеп алуына қарсылық білдіреді [4].

Әлеуметтік психологтар адам бойында сенімсіздік пен күмәннің мол болуы қастандық теориясына сенуге апаратынын айтады. Сонымен қатар, түрлі апатты жағдайларда (мысалы, жер сілкінісі, соғыс, пандемия, т.б.) қастандық теориясына сенім күшейе түседі. Басқа зерттеулер бір қастандық теориясына сенетін адамның келесі бір қастандық теориясына сену ықтималдығы жоғары екенін анықтаған. Ал керісінше, жоғары білімді және сыни ойлауды меңгерген адамдар қастандық теориясына азырақ сенетін болған [3].

Ғылыми журналист Нсика Акпанның ойынша, адамдар қастандық теориясына неліктен сенетінін білу үшін миымыз кез келген ақпаратты қалайша “шындық” деп бағалайтынын және қалай қорытатынын қарастыруымыз керек [5]. Зерттеушілер Надя Брашир мен Элизабет Марштың пайымынша, ақпаратты шындық деп қабылдауымызға әсер ететін негізгі үш кілт бар: базалық мөлшерлеме (base rate), эмоционалды байланыс (emotional attachment) және жүйелілік (consistency) [6]. 

Базалық мөлшерлеме дегеніміз — адамдардың күнделікті өмірде кездесетін нәрселерді шындық деп ойлауға бейімділігі. Адамдар табиғатынан сенбеуден гөрі сенуге бейім. Ал күнделікті өмірімізде кездесетін нәрселердің көпшілігі объективті шынайы оқиғалармен байланысты: оқитын жаңалықтарымыздың басым бөлігі өмірдегі шынайы оқиғалар, ал көретін фотоларымыздың көпшілігі “фотошопталмаған”, яғни өтірікке қарағанда шындыққа жақын. Сондықтан естіген нәрсеміздің (тіпті ол қастандық теориясы болса да) күнделікті өмірде болу ықтималдығын ескеріп, оны шынайы деп қабылдап жатамыз. 

Ақпаратты шындық деп қабылдауымызға әсер ететін екінші кілт — эмоционалды байланыс (бір нәрсені жақсы көру немесе жек көру сезімдеріміз). Ол қате түсініктерді бекітуімізге көмектеседі. Әдетте миымыз жақсы көретін нәрселеріміз жайлы жағымсыз хабарларды қабылдамай, ал керісінше, жағымды хабарларды сын елегінен өткізбестен шындық деп түсініп жатады. Осыған дейінгі зерттеулер сайлауда ұтылған саяси партияның жақтастары ұтқан партияға байланысты қастандық теорияларына көбірек сенетінін анықтаған. Біздің біреулерді жақсы көруіміз немесе жек көруіміз жаңсақ нәрсені қабылдауымызға немесе шындықты қабылдамауымызға апарып жатады. 

Ақпаратты шындық деп білуімізге әсер ететін үшінші кілт — жүйелілік. Әдетте адамдар ақылға қонымсыз бір жаңалықты алғаш көргенде сенбесе де, оны бірнеше мәрте түрлі жерден көрген соң сене бастайды. Яғни бір қастандық теориясы жүйелі түрде ұсынылатын болса, адамдардың оған сенуі арта түседі. Өкінішке қарай әлеуметтік желіде кез келген қолданушы қастандық теориясын бөлісе алады, осылайша күнімізде әлеуметтік медиа конспирологияның мәңгі өмір сүретін мекеніне айналып отыр. 

Осы үш кілттен басқа, Роберт Бротертон адамдардың қастандық теориясына сенуіне әсер ететін тағы үш факторды атап көрсетеді: 

  1. Оқиға неғұрлым көлемді болса, ол оқиғаның түсіндірмесі де соғұрлым үлкен болуы тиіс. Яғни оқиға мен түсіндірме арасында пропорционал байланыс болуы қажет. Мысалы, қастандық теориясына сенетін адамдар жалғыз қарулы адамның Кеннедиді атып өлтіріп, бүкіл тарихты өзгерткенін қабылдай алмайды. Бұл оқиғаға барынша кең түсіндірме, үлкен себеп іздейді, осылайша қастандықтың астыртын топтар арқылы жоспарланғанын алға тартады.
  2. Оқиға-құбылыстар арасындағы заңдылықты іздеу — адамзаттың табиғатында бар, қастандық теориясына сенушілердің бойында бұл қалау басымырақ. Адамдар көп жағдайда бір-біріне қатысы жоқ кездейсоқ оқиғалар арасынан байланыс іздеп, жаңсақ пайымдауларға ұрынып жатады. Көптеген қастандық теориясы осындай әдіспен дүниеге келген.
  3. Заңдылықтарды іздеу, әсіресе, адамның ішкі ниеті мен мотивтерін анықтау кезінде қолданылады. Зерттеуші Бротертон біреудің ішкі мотивін білуге құмар адам конспирологияға сенуге бейім келетінін айтады [5]. Себебі адамның ішкі пиғылын жорамалдау көп жағдайда жаңсақ пайымдауға апарады. Адамның ішкі ойын білуден қиын не бар? 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР