Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында журналистикаға қатысты сын қандай болды? Осы сұраққа жауап іздеп, қазақ басылымдарының архивтегі нөмірлерін ақтарып шықтық.
КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанның жаңа саяси-экономикалық құрылым ретіндегі дербес ақпарат кеңістігі қалыптаса бастады. Ол тәуелсіздікті нығайтуға қажет идеяларды жария ету, журналистиканы партия билігінің насихат құралы болған қалыптан қоғамдық пікір алаңына айналдыру, демократияны негізге алған құқықтық өзгерістерге үндеу, «коммунизмнің жарқын жолы» насихатымен күн кешіп келген көпшіліктің өзгеріс атаулыны жатырқайтын көңіл-күйімен күресу тәрізді мақсаттарды көздеді.
Бұл – жазушы, Нобель иегері Александр Солженицынның Қазақстан жайында шовинистік-империалиcтік ой айтылған әйгілі мақаласы мен Владимир Жириновский сияқты саясаткерлердің дөңайбат көрсеткен мәлімдемелері халықтар арасында жаңсақ түсінік пен араздық туғызған кезең. Ел өңірлерінде казак, орыс қауымдастықтары, «Лад» славян қозғалысы және басқа да бірлестіктер мен топтар Ресей азаматтығын қоса алу, орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру, орысша жер-су атауларын өзгертпеу, орыс мектептерін көбейту мәселелерін көтеріп жатты. Қазақстан аумағының тұтастығына қауіп төндіретін бастамаларымен көзге түскен диаспоралар да болды. Қазақ тілін ғана мемлекеттік тіл деп тану мәселесіне келгенде қазақ зиялыларының өзі екіге бөлінді, қарапайым азаматтар ортасында тілге қатысты жеккөрініш бой көрсетті. «Қазақстан халық конгресі» партиясын басқарған Олжас Сүлейменов сияқты қоғам қайраткерлері орыс тілінің мәртебесін арттырумен бірге Ресей-Қазақстан конфедерациясы немесе Еуразия одағын құру идеясын насихаттады.
Осындай кералаң жағдайда қазақ басылымдары саяси жаңару, қазақ тілін дамыту, ұлттық мүддені қорғау, тәуелсіз елдің атрибуттарын қалыптастыру мәселелеріне тікелей атсалысуға, президентке, Жоғарғы Кеңес депутаттарына жедел ұсыныс айтып отыруға мәжбүр болды. Бұл жылдары қазақ баспасөзінің оқырманы күрт көбейіп, қазақ тілінде жаңа басылымдар («Zaman-Қазақстан», «Қазақ мемлекеті», «Түркістан», тағы басқа) пайда болды. Сол кездегі Байланыс министрлігінің баспасөзді тарату қызметінің «Ана тіліне» берген мәліметінше, 1993 жылғы қаңтарда қазақ тіліндегі газет-журнал алғаш рет таралымы жағынан «Правда» мен «Известияны» артқа тастаған. «Егеменді Қазақстан» (сол кездегі атауы осындай – Б.М.) таралымы 91%, «Қазақ әдебиеті» таралымы 81%, «Жас алаш» (сол кезде «Алаш» сөзі кіші әріппен жазылған – Б.М.) 78%, «Ана тілі» 67% болған. «Правда» – 25,7%, «Известия» – 44%.
Тәуелсіздіктің алғашқы 3 жылында қазақ тіліндегі басылымдар жазған журналистика туралы сынды идея-тақырып жағынан екіге бөлуге болады: біріншісі – Ресейдің бұрынғы одақ көлеміне тарайтын ақпарат құралдарындағы империалистік-шовинистік ұстанымдарға және орыс тіліндегі жергілікті басылымдардың да сондай нарративтер ықпалында болуына қарсылық, екіншісі – Қазақстан журналистикасының кәсіби мәселелері. Бұл материалымызда әуелгісі сөз болады.
1992 жылғы 23 қаңтарда «Ана тілінде» осы газеттің бас редакторының орынбасары Бақыт Сарбалаұлының «Шет ел газеттері ши жүгірте бере ме?» деген мақаласы жарияланды. Автордың айтуынша, бұл – Ресейдің «Известиясы» қаңтардың 7-сінде жариялаған «Югославия сабағын бұрынғы КСРО-да болғандардың бәрі есте ұстауы керек» аталатын мақалаға реакция. Бақыт Сарбалаұлы «Известияның» бас редакторының орынбасары Владимир Надеиннің Қазақстан аумағының тұтастығына күмәнданғанын сынады. Мақалада «Әзірше ТМД мемлекеттерінің басшылары бір-біріне жер жөнінде талаптар қойып отырған жоқ. Бірақ мұндай қақтығыстарды болжайтындай әдістерді, алдын алатындай шешімдерді және ұсынбай отыр. Сайып келгенде, Қазақстан шекарасының Ресей есебінен жөнсіз кеңейтіле салынғандығы, ал Қырымның Украинаға Хрущевтің ойсыз шешімімен беріле салынғандығы жөніндегі фактілерді ешкім де жоққа шығара алмайды», – деп жазылған. Қазақ журналисі мұндай мақаланы «кезекті арандату әрі ұятсыз өтірік» деп атады. «Известияның» материалында Югославияда туып, Америкаға кеткен орыс азаматы Михайло Михайлов Қазақстан туралы «Халқының 42%-і ғана қазақша сөйлейтін елде қазақ тілінің мемлекеттік тіл деп танылуы – «ақырын жарылатын мина» деген пікір айтқан.
«Енді бұған не айтуға болады? Бұл – Михайло Михайлов пен Владимир Надеиннің Қазақстан мен Ресей тарихынан түк хабарсыз сауатсыздығын аңғартады, сондықтан олар ауыздарына келгендерін айта берсін; «ит үреді, керуен көшеді» деп жылы жауып қоя саламыз ба? Жоқ, бұлай етпеу қажет. Біріншіден, бұған қарсы өрелі де өткір мақала жазылуы керек. Әрине, «Егеменді Қазақстан» газеті бұл тұрғыда Мамадияр Жақыптың «Көлденең көк аттының сөзін қоштап…» деген (11.01.1992, №9-10) «Известия» газеті мен В.Надеин – М.Михайловтың шовинистік пасықтығын, имандылыққа сыйыспайтын арандатушылығын әдемі әшкерелеген мақаласын жариялап, жеделдік танытты, өте дұрыс жасады. Алайда осы қанағат па? Біздіңше, қанағат емес. Өйткені бұдан бұрын да көріп жүргеніміздей, ондайларға тек қазақ газеттерінде жауап беру – өз оқырмандарымыз үшін аса қажеттілігін айта отырып, бүгінгі күні тым-тым аздық ететінін мойындамай болмайды», – дейді Сарбалаұлы («Ана тілі», 23.01.1992, №3). Автор дәл осындай мазмұндағы материалдар «Комсомольская правда», «День» (кейін «Завтра» деп аталды – Б.М.) газеттерінде де жазылғанын айтқан. Ол Ресейдің арандатушы мақалаларына қарсылық білдіріп, авторларын сотқа беру керек деп мәлімдеді.
Газеттің осы нөмірінде журналист Мәдәт Аққозиннің «Өз орысша газетіміз керек» деген мақаласы жарық көрген. Онда тәуелсіз ел болғалы қазақ басылымдарында Қазақстан халқының ұлттық сана-сезімін оятатын жарияланымдар көбейгені, бірақ қазақша білмейтін азаматтар одан құр қалып жатқаны айтылады. Қазақстанда орыс тілінде шығатын газет-журнал мазмұны болса, Ресей журналистикасының ізімен келе жатыр. Автор жергілікті орысша басылымдар тәуелсіз Қазақстан қоғамының ұлттық мүддесі мәселесіне әлі көңіл бөлмегеніне мынадай мысал келтіреді: «Астанадағы Пастер, «50 лет Октября», «Красногвардейский тракт» деген көшелерге Мақатаев, Райымбек, Сүйінбай есімдері берілген күннің ертеңінде үлкен газетіміздің бірі «Казахстанская правда»: «Бұл – халықтың ақшасын орынсыз жұмсау», – деп байбалам салып шыға келді. Ал «Вечерняя Алма-Ата» «Әлемге белгілі ғалым Пастер атындағы көшенің атын қайдағы белгісіз біреудің атына өзгертті» деген мазмұнда мақала жариялады. Сондағы айтып отырғаны – біздің біртуар ақынымыз Мұқағали Мақатаев».
Мақалада «Единство» қоғамдық қозғалысының «Көшелер мен кейбір елді мекендердің атын өзгерту – орыстарды тарихи сана-сезімінен айыру» деген мәлімдемесі де сыналады. Журналист Қазақстанға қазақ мәселесін көтеретін орысша басылым қажет екеніне тағы бір дәйек айтады: «Қазақ тарихы, салт-дәстүрі, дүниетанымы, рухани мұрасы туралы материалдар мен саяси себеппен айтылмаған ақиқат орысша оқитын қауымға да қызық, құнды болар еді». Мысалы, қазақ-орыс тілдерінде шыққан «Азия дауысы» деген шағын газеттің ұлты орыс терімшісі редактордан жазушы, журналист Сапабек Әсіповтің «Қазақтардың қыстақтары неге қиратылды?» атты мақаласын қысқартпауды өтініпті. Мақала авторы оның сөзін келтіреді: «– Қазақстанда өмір сүріп те, қазақтардың мұндай қиындық, зорлықтарды бастан кешкенін білмеппін, – дейді ол. – Осы мақаланы теру кезінде менің көзім ашылғандай болды» («Ана тілі», 23.01.1992, №3).
«Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған Берісбек Тоқаевтың «Көтергені кімнің шоқпары?» мақаласында «Известия» жанынан шығатын «Жизнь» апталығы тілшісінің материалы сыналған. «Пройдусь по Абрикосовой, сверну на Виноградную» деп аталған материалда Қазақстанның Жаңатасында Пушкин мен Достоевский көшелерінің атауы «жөнсіз өзгертілгені» жазылыпты. Тоқаевтың жазуынша, В.Куклин деп көрсетілген автор «Пушкин мен Достоевскийдің аттарын аластап жатыр, орысша аталған көшелердің барлығын, тіпті шаң басқан архивистердің өздері де естімеген, әйтеуір, тұрғылықты халықтың өкілі ғана екенін білетін адамдар атымен ауыстырған» дей келе, бұрынғы одақ көлеміндегі «мұндай «проблемаларға жаңадан құрылған елдердің президенттері мен парламенттері мән бермей отырғанын» айтқан.
«В.Куклин Жаңатаста неге Пушкин мен Достоевскийдің есімдері жоқ деп зар еңірейтін болса, біз оған неге «Смоленскіде немесе Рязаньда Абайдың көшесі жоқ?» деп талап қоймасқа? Бұл – бір. Екінші маңызды мәселе – В.Куклин жолдас өзі әңгіме етіп отырған Орта Азия республикалары мен Қазақстанның жеке, тәуелсіз мемлекеттік статус алғанын, Жер шарының жетпіске тарта мемлекеті мойындап отырғанын естен шығаратын сияқты. Ол осы мақаласы арқылы ортаазиялықтар мен қазақстандықтар орыс халқына қиянат жасады дей отырып, өзінің әлі де сол бір кезде тәуелді болған, қазірде тәуелсіз, Ресеймен терезесі тең мемлекеттерге үстемдік жасағысы келетін пиғылын аңғартады. Сонда біз В.Куклинді кім деп атауымыз керек? Балағаттамай-ақ қоялық, бірақ В.Куклиннің саяси сауатсыз журналист екені көрініп-ақ тұр», – дейді қазақ журналисі («Қазақ әдебиеті», 14.02.1992, №7).
«Вестидің» қажеті не?». «Қазақ әдебиетінде» журналист Сұлтанғали Қаратаев Мәскеу орталық теледидарынан берілетін «Вести» бағдарламасын бейтарап бағыт ұстанбайтын сыңаржақтығы үшін сынаған. Оның байқауынша, бұл бағдарлама КСРО-дан бөлек шыққан мемлекеттер туралы хабарлағанда жанжал-жеккөрініш туғызатын сөздерді жиі қолданады. Әсіресе, Тәжікстандағы, Армения мен Әзірбайжандағы қақтығыстар кезінде «мұсылмандар», «түріктер», «азиаттықтар» деген сөздер жағымсыз контексте айтылған. Автор онсыз да «Новости» бағдарламасынан көрсетілетін ақпаратты басы артық қайталайтын «Вести» ұшқары пікірімен, қаскөйлік мәнерімен Орта Азия халықтары арасына сына қаққысы келетін сияқты деп топшылайды. Ол бұл телехабар жөнінде мынадай талап қояды: «…Ресей қазір – өз алдына отау тігіп отырған жеке ел. Олай болса, ол бір каналды тұтас жайлап алғаны үшін халықаралық келісімшарт бойынша төлем төлесін. Бірақ әлгіндей қысастық, қаскүнемдік сөздерді айтпайтын болсын. Халықтар арасында сыйластық болсын десе, сыпайы сөйлесін, көкіректік жасамасын! Келісімшартта осындай жайттар ескерілуге тиіс деп білем. Бұл үшін Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі Орта Азия республикаларының министрліктерімен бірлесіп, Ресей үкіметіне өздері дайындаған шартты ұсынуы керек-ау. Бірақ мұнымен де іс біте қоймас. Сондықтан бұл каналды тоқтату қажет. Әйтпесе, ол түбінде Орта Азия халықтарын, қандас-жандастарымызды дүрдараз етіп тынуы мүмкін. Жалпы, Мәскеуден әзірше «Новостиді» ғана ала тұрған жөн» («Қазақ әдебиеті», 28.08.1992, №35).
Мемлекеттік органдар Ресей жақтан жасалған империалистік-шовинистік мәлімдемелерге қалай шара қолданарын білмегенімен ішкі ахуалды уысынан шығармады. Ақпарат саласына жауапты ведомство қоғам өкілдері мен қазақ баспасөзінің елдегі этностық дискриминация көріністері мен сепаратистік бастамаларға наразылығына жылдам үн қатып отырды. Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің бас маманы, жазушы Қуандық Түменбайтегі «Қазақ әдебиетінің» 1993 жылғы 1-санында «Бірлесу» газетінің үстінен не себепті азаматтық іс қозғалғанын түсіндірген («Бірлесу» бірлікке шақыра ма?»).
«Газетке тағылған нақты айыптар – еліміздің егемендігі мен территориялық тұтастығына көз аларта қарап, қазақ жерін, атап айтқанда, Жетісу өңірін ұйғыр жері деп газет бетінде бөлісу, президент пен премьер-министрдің атына кір келтірер лақаптарға бару, жалпы жергілікті ұлт атын қорлайтын материалдар жариялағандығы. Олардың ең бастылары: «Президентский бассейн с подогревом или без?..», «Ох, и дурят нас», «Мир спасёт мир», «Права уйгуров в Семиречье должны быть защищены» деп аталады. Ауылдан келіп, жоғары оқу орнына түсушілер жайлы жазылған мақалада «ауылдан келген жастар шала білімді» деген ұлтты кемсітушілік бар», – дейді мақала авторы («Қазақ әдебиеті», 01.01.1993, №1). Министрлік өкілінің айтуынша, тәуелсіз газет редакциясына әуелі ауызша ескерту жасалған, одан нәтиже болмаған соң Алматы прокуратурасы іс қозғаған. Сол кезеңде демократияны қолдаған қауым – құқық қорғаушылар мен журналистер сөз бостандығын тыю үшін билік бұл газетке негізсіз айып тақты деп есептегенін де айта кетуіміз керек.
1994 жылғы қаңтарда «Ана тіліндегі» «Жоқ жерден от көсемейік» деген материал авторлары «Караван», «АБВ» газеттерінде жарияланған «Определение берега» деген мақаланы сынайды. «Караван» журналистері Борис Гиллер мен Виктор Шацких Қазақстанда орысша сөйлейтін азаматтардың мүддесі қорғалмай жатқанын жазған. Қазақ баспасөзі бұл авторлар жасаған тұжырымдар шындыққа жанаспайтынын дәлелдеуге тырысқан. Мәселен, Мемлекеттік есеп комитетінің мәліметінше, 1993 жылдың басында Қазақстан азаматтарының 43,2%-ы қазақ, 36,4%-ы орыс, 5,2%-ы украин, 4,1%-ы неміс, 2,2%-ы өзбек, 2%-ы татар, 1%-ы ұйғыр ұлтынан болған. «Караван» авторлары қазақтан басқа ұлт өкілдерін «тілі орыс азаматтар» деп көрсеткен. «Өзбектер, татарлар, ұйғырлар ежелден түркітілдес халықтарға жатады және бір-бірін орыс тілінсіз түсінеді. Олардың барлығын «орыстілділерге» жатқызу аталған халықтардың намысына тию емес пе? Сонда бұл термин кімге, не үшін қажет болды? Ендеше біздің республикамызда өмір кешіп отырған барлық ұлтты «орыстілділер» деп біріктіріп, қазаққа қарсы қою кімнің мүддесіне, мақсатына сай келді екен? «Екі қарға таласса, сауысқанға жем болар» ма немесе «Бөліп ал да, билей бер» деген саясаттың салқыны ма?» – деп жазды «Ана тілі» («Ана тілі», 13.01.1994, №2).
Қазақ газеті Гиллер мен Шацкихтің «Қазақстаннан орысша сөйлейтін азаматтар неге жаппай көшіп жатқаны жария етілмей отыр» деген сөйлемінің астарындағы емеурінді де жоққа шығарды. Өзге басылымдарға сілтеме жасаған «Ана тілі» журналистерінің мәліметінше, 1992 жылы Қазақстаннан кетіп қалған 369 мың адамның 110 мыңы Германияға, Грекия мен Израильге барған, 236 мыңы Ресей, Украина, Беларусь азаматтығын алған. Бірі туыстарын, тарихи отанын аңсап, бірі қызмет не тұрмыс жайымен қоныс аударған. «Тіліне байланысты теперіш көргеннен не қудалауға ұшырағаннан кетуге душар болды» дегенге дәлел жоқ әрі, керісінше, 1993 жылдың 10 айында Ресейден ұлты орыс 154 мың азамат көшіп келген. Басылым сонымен бірге «Караван», «АБВ» газеттері «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына наразы болып, оларды «мансап пен жалақы үшін жүрген функционерлер» деп көпе-көрінеу қаралағанын жазды.
Осы жылы «Известияның» Қазақстан медианарығын тіл принципі бойынша алалайтыны да қазақ баспасөзінің сынына ұшырады. Ресейден шығатын газет Қазақстандағы телеарналардың бір аптадағы бағдарламалар тізімін жариялай бастаған. Бірақ онда орыс тілінде хабар тарататын «Тотем», «Таң», «КТК», «31-арна» телеарналарының бағдарламасы бар, Қазақ теледидарынікі жоқ болып шықты. «Известия» қазаққа қырын қарауын қашан қояды?» деген мақала авторларының пікірінше, орыс газеті осылайша Қазақстандағы орысша сөйлейтін азаматтардың мүддесін ойлаған болып отыр. Қазақ теледидары хабарларының тең жартысы орыс тілінде екеніне қарамастан Қазақстандағы басқа телеарналарды «өзіміз» дегендей бөліп-жарған. «…алдағы уақытта «Известия» сияқты газеттер де Қазақстанға демократияға сай келісімшарт негізінде тарап, еліміздің заңына бағынуға тиіс. Демек, еліміздің тұтастығына, тыныштығына, тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін қос азаматтық, тағы сол сияқтылар туралы материал жариялап, қазақ тілі қор, орыс тілі зор күйінде қала беруіне жәрдемдесетін жалған, жала мақалалар басқан газеттер үлкен айыппұл төлеуге немесе олардың республикамызға таралуына тыйым салынуға тиіс», – дейді «Ана тіліндегі» мақала («Ана тілі», 07.04.1994, №14). Осындай мазмұндағы мақаланы «Ана тілі» тамызда да («Алған бетіңнен жарылқасын, «Известия») жариялап, мұны «Известияның» «қазақсыз Қазақстанды аңсауы» деп жазған («Ана тілі», 11.08.1994, №32).
90-жылдардың басында жаңа ақпарат кеңістігін дамытуда қазақ баспасөзінің орны ерекше болды. Біз сол кезеңнің полемика-дискуссия алаңынан журналистика сыны үлгілерін бөлек қарастырдық. Сын авторлары ақпарат құралдары материалдарына кәсіби-азаматтық, этикалық-демократиялық ұстанымдар бойынша талдау жасап, баға беруге тырысқанын, жария етілген ақпараттың рас-өтірігін мүмкіндігінше анықтап-дәлелдегенін байқадық. Бұл кезеңдегі журналистикаға қатысты сынның негізгі өлшемі жарияланымдардың ел тәуелсіздігіне, бірлігіне, аумақтық тұтастығына қауіп төндірмеуін қадағалау болған деп қорыта аламыз.