ДомойМедиасауатЖурналистер заманауи кино тілін қалай түсінуі керек?

Журналистер заманауи кино тілін қалай түсінуі керек?

Журналистер заманауи кино тілін қалай түсінуі керек?

60-жылдардың басына дейін: кино — элиталық білім беретін озық қозғалыс саналды. Кейін өнердің бұл түрі басқа позицияға ауысып, тілі де өзгерді. Заманауи киноны қалай түсінеміз, қалай танимыз? III MediaCAMP Эдьютон — 2022 инновациялық семинары аясында өткен ашық сессияда ресейлік киносарапшы Камилл Ахметов осы жөнінде айтып берді. «Жаңа репортер» тілшілері сессияға қатысып, негізгі тезистерді жазып алды.

Өнер мен аттракцион

Қазір уақыт тым қатты өзгерген. Біз постмодернизм дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Постмодернизм белгілері: 

  • дайын формаларды қолдану;
  • маргинальдылық;
  • ирония;
  • синтетикалық;
  • ойын.

Сондай-ақ бүгінгі уақытты XX ғасырмен салыстыруға келмейді. Айырмасы бар. Бұған өткен ғасырдағы оқиғалар, атап айтқанда, екі дүниежүзілік соғыс, ядролық қару мен ақпарат алаңының пайда болуы себеп. Бұрын жұртшылық ақпаратты газеттен алатын. Газет арқылы тұтас бір мемлекетті соғысқа қатыстырып, көтеріліске шығаруға болатын. XX ғасырда радио пайда болып, ақпарат тарату оңай бола түсті. Кейін телевизия шықты. Ақпарат тарату тіпті оңайға айналды. 

Ақпарат тарату оңай болған сайын шынайылығы жоғалады. Бұл мәдениетті айтарлықтай өзгертіп, ақпарат алаңында болып жатқан нәрсеге сенімсіздік тудырады. Тұтынушы мен суретшінің қарым-қатынасы да өзгеріп жатыр. 60-жылдардың басына дейін өнер мен кино элиталық білім беретін озық қозғалыс болып келді. 70-80-90 жылдары өнер басқа позицияға — көңіл көтеретін мәнге көшті. Енді экрандағы кино көрерменімен сөйлеседі. Екі дүниежүзілік соғыстан кейін адамдар тек өзіне сенеді. Өзі мүмкін санайтын мораль нормаларын ғана алға қояды.

Мысалы, бұрынғы соғыс фильмдерінде экрандағы адам өлімі де көрерменді қинайтын ауыр жағдай саналатын. Қазіргі кинодағы өлім — көңіл көтеру. Қоғам айналасында боп жатқан оқиғадан моральды тұрғыдан қорғанады. Бұл «барлығы нашарлады» дегенді білдірмейді, қазір бәрі басқаша боп кетті. Постмодерн дәуіріндегі заманауи өнер дегеніміз осы. Ең қорқынышты, атышулы нәрселерді көрсетуден де, соған күлуден де қорықпайды. Ойын-сауық, көңіл көтеру мен жұртты қызықтырудан алшақтау әсте мүмкін емес. 

Реализм

Сөйте тұра шағын студияларда жасалып жатқан заманауи тәуелсіз өнер реализмге ұмтылады. Реализм көпшілікті толғандырады. Егер экраннан шын жұлдыздың өмірін көрсетсе, онда бұл реализмге жатпайды, өйткені жұлдыздардың өмірі жұртшылықтың тұрмысына ұқсамайды, мүлдем басқаша. Реализм қарапайым адамдардың, олардың драмаға толы проблемасы мен жалпыға таныс өмірімен байланысты. Мысалы, «Айка» фильмін алайық. Қарапайым адамдардың тұрмысын бүге-шігесіне дейін көрсете білген реализмнің керемет үлгісі. 

Мұндай фильмдер көп шығып жатыр, халықаралық үлкен кинофестивальдерде бағаланады.

Жалпы алып қарасақ, 10-15-20 жылда шындыққа оралу боп тұрады. Кез келген Алтын ғасыр көрерменді жалықтырып, олар реализмге қайта оралады. Мұндай оралу дыбыссыз кинодан кейінгі 30-жылдары да, Голливудтың алтын ғасыры аяқталған 60-жылдардан кейін де болды. Қазір де боп жатыр: жұртшылық блокбастерлерден жалығып, реализмге бет бұра бастады.

Жаңа реализм

Бірақ реализм қатаң болуы шарт емес, реалистік кинода да аздап әсірелеу, астарлап жеткізу де ұшырасуы мүмкін. Қазіргі кино тіліне қарасақ, реализмді берудің қызық тәсілдерін көреміз. «Тән мен жан» — ет комбинатында жұмыс істейтін шын адамдардың өмірін көрсеткен фильм. Бірақ екі кейіпкер де түнде бірдей түс көреді, түсінде бірін-бірі бұғы кейпінде көреді. Бұл да реализм. 

Комикстерде реализм болуы мүмкін емес сияқты, алайда реализмге жататын «Джокер» фильмі бар. Саха фильмдерінің барлығында мифология элементтері бола тұра жаңа реализм үлгісіне жатқызуға болады. Реализм де тәмсіл мен астарлы мәнге ие болуы да мүмкін. Мәселен, Андрей Звягинцевтің фильмдері. 

Кино тілі қайда барады?

Дүние абыр-сабыр, әлем бейберекет. Бұл өнерден де көрініс тауып, кинода шым-шытырық композиция пайда болды. Мысалы, Pulp Fiction фильмі. Айтпақшы, бұл Андрей Тарковскийдің «Зеркало» фильмінің құрылымын қайталауға жатады. Ол 1974 жылы адам миының жұмысына ұқсайтын шым-шытырық әңгімелеу жүйесін ойлап тапты. Өйткені біз өткенді, бүгінді және болашақты қатар ойлаймыз. 

Тағы басқа мысалдар бар. Мәселен, Кристофер Ноланның Memento психологиялық детективі мен Гаспар Ноэнің Irréversible драмалық трилеріндегі риверсив драматургия. 

Уақыттың жаңа ағымы

Режиссерлер уақыт қозғалысымен жұмыс істегенде батыл тәжірибелер жасайды. Кристофер Ноланды алайық. Ол Дюнкерк шайқасын үш параллель оқиға арқылы баяндайды. Үш оқиға үш түрлі уақыт шегінде өтіп жатады: біреуі — бір аптада, екіншісі — бір күнде, ал үшіншісі — бір сағатта. Сөйте тұра көрермен жеңіл қабылдайды, қиналмай түсінеді. 

Адамның ойлау формасына сай келетін толықтай бейберекет баяндау талпынысын Ален Рененің L’année dernière à Marienbad фильм-манифестінен көреміз. Басы да, аяғы да жоқ. Бәрі шатасып кеткен. Мұндай баяндау құрылымын пайдаланып, түсірілген жаңа фильмдер де бар. Мысалы, Кристоффер Боэнің Reconstruction психодрамасы, Дэвид Линчтің Inland Empire драмасы мен Дени Вильневтің Arrival ғылыми-фантастикалық фильмі. 

Құрастырмалы шындық

Әлем де мәтін сияқты. Мұндағы мәтін дегеніміз — кез келген нәрсе, кез келген образ бен конструкция жиынтығын білдіреді. Суретші әлемді кез келген нәрсе жасауға болатын деректер қоры сияқты көреді. Кейіпкеріне басқа біреу құрастырып берген шындыққа негізделген фильмдер. Мәселен, Дэвид Финчердің Seven, The Game, Gone Girl фильмдерін алайық. Бас кейіпкердің бәрі басқа кейіпкер жасаған шындықта өмір сүреді. 

Сана жұмысын көрсету

Әлем — иллюзия, адам санасының құрылымы мен жұмысын көрсететін сюжеті бар фильмдер. Мәселен, Gravity мен Birdman фильмдері осы принципке негізделген. 

Скринлайф

Әлем де мен сияқты. Өзіңізді осы әлемнің ең бас өкілі ретінде қабылдаңыз. Осы тұжырымдаманың аясына сыйып кететін көптеген тенденция бар. Мысалы, Тимур Бекмамбетовтің скринлайф фильмдері осы тұжырымдамаға келіп саяды. Білу керек маңызды жайт: бұл жаңа тәсілге жатпайды, мұндай тәсілді сонау псевдодеректі фильмдер түсіріле бастаған кезде қолданған. Қазіргі псевдодеректі киноны Орсон Уэллс ойлап тапты. Ол 70-жылдары қазіргі смартфондар метафорасындағы F for Fake деген фильм түсірді. Қонақтардың бәрі бір кеш түсіріп, сосын өз хикаясын көрсетті. 

Тыйым салынған тәсілдер 

Драматургия дамуындағы өте қызық тәсілдің бірі — драматургияның негізгі ережелерін жоққа шығару. Қазіргі драматургияны алып қарасақ, бәрі де ережелерден бас тарту, ережелерді жоққа шығару. Түпнұсқа драматургия жалғыз бас кейіпкері бар оқиға желісінен тұрады. Қазір бұл ереже өзгерді. 

Тағы бір тәсіл — түсіндіруден бас тарту. Мысалы, Рашид Нугмановтың «Игла» фильмі, Ли Чхан-Доннің Beoning фильмі. 

Тыйым салынған тағы бір тәсіл — контекст нарратив. Режиссер Сергей Параджанов «Саят-Нова» деген фильм түсірді. Фильм екі сағатқа жалғасатын статикалық көріністерден тұрады. Ештеңені түсіндірмейді. Егер Саят-Нованың кім екенін білмесеңіз, фильмнен ештеңе түсінбейсіз. Драматургияда кез келген фильм экспозициядан құралады, бас кейіпкер кім, оның қандай әлемде өмір сүретіні, қарсыласы кім екенін түсіндіруден тұрады, деп оқытты. Бірақ қазіргі кинода экспозицияны қысқартқан. Демек, экспозициядан да бас тартуға болғаны. «Трудно быть богом» фильмі тап сондай тәсілмен түсірілген: егер кітабын оқымасаңыз, ештеңе түсінбейсіз. Once Upon a Time in Hollywood фильмі де сондай: егер Поланскийдің өмірінен хабарсыз болсаңыз, онда сізге бұл фильмнің еш мәні жоқ. 

Демек, заманауи кино көрерменнен эрудицияны талап етедіі. Бүгінгі әлемде талдап-таңдап, салыстырып білім ала білмейтін адамды Google да құтқармайды.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР