ДомойМедиасынҮкімет сағаты, ауыс-түйіс, азық-түлік қымбаттауы, ветеринария мәселесі: 4-10 cәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Үкімет сағаты, ауыс-түйіс, азық-түлік қымбаттауы, ветеринария мәселесі: 4-10 cәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Үкімет сағаты, ауыс-түйіс, азық-түлік қымбаттауы, ветеринария мәселесі: 4-10 cәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Үкімет сағатында көтерілген мәселелерге арналды. «Жеті күн» авторлары ұлттық қордан алынатын қаражаттың бір бөлігі әлеуметтік төлемдерді инфляцияға сай индекстеуге жұмсалатынын айтты. «Айна» бағдарламасы азық-түлік бағасының қымбаттауын сөз етіп, сала мамандарынан пікір сұраған. Олар бағаның өсуіне өндірушілер мен жеткізушілер арасындағы делдалдар ықпал етіп отырғанын айтады. Ал Apta ветенария саласында шешілмеген мәселелер (мардымсыз жалақы, маман тапшылығы, мал ауруының көбеюі) туралы материал дайындапты. Депутаттарды, ауылдағы мал дәрігерлері мен ғалымдарды сөйлетті. Сонымен қатар, апталық бағдарламалар елімізде су басқан бірнеше өңірдің бүгінгі жағдайы, Украиндағы ахуал, Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу істері туралы да сюжет ұсынды. 

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасын Дархан Әбдіуахит Геннадий Головкиннің Жапониядағы жеңісін сүйіншілей жеткізуден бастады. Мемлекет басшысының АҚШ-тың «The National  Interest» басылымында жарияланған мақаласы, апта ішінде өзге мемлекеттердің басшыларымен телефон арқылы сөйлесуі, үш аймақтың әкімін ауыстыруы туралы Дархан Әбдіуахит бір шолып өтті. Бұдан әрі Мәжілісте өткен Үкімет сағатында бюджеттің шығыс бөлігінің ұлғаюы, азық-түлік бағасын реттеуге қатысты мәселе көтерілгенін айтып, отырыстан синхрондар берілді. 

Ұлттық қордан алынатын қаражаттың бір бөлігі әлеуметтік төлемдерді инфляцияға сай индекстеуге жұмсалады. Бұл тақырып бөлек сюжетке арқау болды. Сарапшыларды сөйлетіп, Үкімет мүшелерінің комменарийін қосқан сюжетте жәрдемақыға қосылған аз ғана сома қымбатшылыққа қалқан бола алмасын айтылды. Елдегі инфляция деңгейі өсіп бара жатқаны жайлы Үкімет мүшелері де дабыл қағып отырғанын білдік. Тілші бүкіл әлемде азық-түлік бағасының көтеріліп жатқанын айтып, сюжетті аяқтады. 

«Мұржаның мұршасы». Петропавлдағы ЖЭО-ның 150 метрлік мұржасы құлап, бір адам мерт болды. Келесі сюжетте құзырлы органдардың тексеру нәтижесіне сүйене отырып, осы оқыс оқиғаның себебіне, елдегі өзге ЖЭО-лардың  жағдайына шолу жасалды. Тәуелсіздік алғалы отыз жыл ішінде бірде-бір жаңа ЖЭО салынбағаны, олардың басым көпшілігі көмір жағатыны, газға ауыстыра салу оңай болмайтыны, тариф құнының төмен екені, сондықтан салаға инвестор тарту да оңай шаруа еместігі айтылды. Түрлі сарапшыларды сөйлеткен ақпараты мол сюжет. Энергетика министрі Ақшолақовтың да пікірі бар.   

«Айлығы аз, жұмысы көп мал дәрігерлерінің мәселесі қалай шешіледі?». Дархан Әбдіуахит сюжеттің алғысөзінде осындай сауал тастады. Ал, Ақбөпе Тәңірберген арнайы ауылға барыпты. «…Күзгі мал ауруларының алдын алу жұмысын қазір жалғыз өзім істеп жүрмін» дейді сюжет кейіпкері – мал дәрігері.  Мал дәрігерлері тапшылығын шешу үшін Ауыл шаруашылығы  министрлігі Білім және ғылым министрлігіне мен Ұлттық экономика министрлігіне квота мен жас маманға берілетін жәрдемді арттыру бойынша ұсыныс жолдапты. Жүргізушінің алғысөздегі сұрағына берілген жауап осы.  

Көктемгі егіс науқанына Қазақстан сақадай-сай. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі. Іс жүзінде шаруашаларға арзан бағада жеткізілуі тиіс жанармай жетті ме, тыңайтқыштар уақтылы беріліп жатыр ма? Дихандар не дейді? Қорған Қонысбайұлы көктемгі егіс науқанына қатысты көлемді, ақпараты мол материал әзірлепті. Тараптарды сөйлетіп, нан бағасы көтерілуі мүмкін деген қорқыныштың бар екенін айтып, оған қатысты АШ министрі мен сарапшылардың уәжін келтіріпті. Биылғы астық түсіміне қатысты болжам мен егіс алқабының көлеміне қатысты да ақпарат берілді. 

Еліміздің батыс және шығыс аймағында көктемгі сел қаупі әлі сейілген жоқ, алдын-алу шаралары жалғасып жатыр. Кей ауылдарда суға кеткен үйлер бар. Осы сарындағы хаттамалық сюжеттің соңын ала берілген депутат Қайнар Абасовтың пікірі көңіл аудартты. Ол жыл сайын көктемде қайталанатын төтенше жағдайға жауапты органдар жылда дайын болмайтынын, мұндай жағдайдан зардап шеккендерге көмек беруге үкіметтен арнайы қаражат бөлінбегенін айтты. 

«Жеті күн» Алматыдағы қымбат аудандарда салынып жатқан тұрғын үйлердің мәселесін көтеріпті. Екі-үш нысанды аралаумен шектелмей, заң бұзып жатқан мердігер компанияның атын атап, кімге тиесілі екенін тексеріп, оны да жария ету керек пе еді? Сюжетте Президенттің де, әкімдіктің де қала құрылысына қатысты нақты талаптары бар екені айтылғанымен, құрылыс  компанияларының басшылары неге талапты орындамай отырғаны ашылмады.

Мемлекет басшысының «Абай» облысын құру туралы бастамасынан кейін «Жеті күн» арнайы сюжет жасаған болатын. Бұл жолы Риат Шонидың Семей қаласына арнаған сюжеті «Шешімін таппаған түйткілдер» деп аталып, қаладағы жөндеу көрмеген жолдар мен жөндеуіне 1 млрд теңге бөлінсе де, көркі көңіл көншітпейтін саябақтың жағдайы баяндалды.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы 

«Айна» бағдарламасы бұл санында да елдің батыс өңіріндегі елді мекендерді су басуын басты тақырып етіп алыпты. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облыстарындағы апаттың ауқымы көрсетілген «Тасқын салдары» аталатын сюжетте зардап шеккен тұрғындардың оқиғалары баяндалып, құзырлы орган өкілдері түсініктеме берген. «Жеті күн» әзірлеген сюжетпен салыстырғанда, «Айна» авторлары жауапты мекемелердің салғырт дайындығын сынап, әрекетсіздігіне баса назар аударыпты. 

Ғалым Кәлмен өткен айда өңірлердегі азық-түлік бағасы бірден 40% өсті деген дерек келтірді, дереккөзге сілтеме жасамады. Берік Дүйсенбай әзірлеген сюжет Мәжілісте өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында азық-түлік бағасының қымбаттауы сөз болғанына мән бере басталыпты. Пікір білдірген сарапшылар, сала мамандары азық-түлік өндірушілер мен жеткізушілер арасындағы делдалдар бағаның көтерілуіне ықпал етіп отырғанын айтады. Сюжетке түсініктеме берген мамандар сөзінен Үкіметтің бағаны бақылау үшін атқарып отырған шаралары не себепті нәтижесіз болып отырғанын ұғынуға болады. Тек өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдардың пікірі берілмеді.   

Келесі сюжет еліміздегі азық-түлік бағасының қымбаттауына арадағы делдал саудагерлердің ықпалын ашық көрсету мақсатында жасалған деп топшыладық. Махамбет Бейбітшілік журналистік зерттеу жанрында материал әзірлеп, Нұр-Сұлтандағы «Шарын» базарындағы келеңсіздіктерді баяндау арқылы, азық-түлік бағасын белгілеудегі монополияның жайын айтыпты. Базар басшылығынан зардап шеккен саудагерлер өз оқиғасын баяндап берді. Басшылардың есімі аталып, кейбір құрылтайшылары пікір білдіріпті.   

 «Айна» бағдарламасы да елдегі электр энергиясының нарығына сюжет арнады. «Тарифі тең, керегесі кең» аталған сюжетте ауыл мен қалада электр жарығына тариф әртүрлі екені және болашақта бұл салада өзгерістер болатыны айтылды. Осы уақытқа дейін қарапайым тұрғындар аз ақша төлеп келсе, енді олар үшін тариф көтеріледі. Әйтсе де, үкімет тұрғындардың энергияға жұмсайтын шығынын субсидиялайды екен. Ал, осы уақытқа дейін тарифті жоғары бағамен төлеп келген бюджеттік ұйымдар мен кәсіпорындар үшін баға арзандатылмақ.  

Жан басына шаққанда қаржыландыру әдісімен ашылған балаларға арналған тегін үйірмелер айналасында туындаған дауға қатысты да сюжет әзірленген. Баласы үйірмеге бармаса да, artsport.kz жүйесіне тіркелген кейіпкерді сөйлетіпті.  Дау неден туды, үйірмелерге қанша қаражат бөлінді, қандай және қанша үйірме ашылғаны туралы мәлімет келтірілді. Бұл мәселе Үкімет отырысында да талқыланған, министрдің де сөзі берілді. Алайда, үйірме ұйымдастырып, мемлекет ақшасын талан-таражға салған кімдер? Бейтараптық үшін үйірмелерді ашқан мекемелердің өкілдерінен де пікір сұралу керек еді. 

Отандық телехикаяларды негізге ала отырып, материал әзірлеу «Айна» авторлары үшін дәстүрге айналып келеді. Бұл жолы құмар ойындар жайлы «Игрок» фильміндегі оқиғаны негізге ала отырып, өмірде дәл осы жағдай кездесетінін, кейіпкерлерді сөйлете отырып баяндайды. Букмекерлік конторлар, ойын автоматтары, казиноларға қатысты деректер келтірілген, психологты сөйлеткен көлемді сюжет. 

«Хайпқа бұйырмаңыз» әдеттегідей апта ішінде әлеуметтік желілерде жиі талқыланған оқиғалар турасында болды. 

«Айна» Геннадий Головкиннің Жапониядағы жеңісін де ұмтыпады. Жекпе-жек  бағдарламаның эфирдегі уақытына тұспа-тұс келсе де, хабар соңында көрерменнен сүйінші сұраған Ғалым Кәлмен кадрда тұрып, сайыстың қалай өткенін бір-екі ауыз сөзбен сипаттап берді. 

Apta, QAZAQSTAN 

Apta бағдарламасының жүргізушісі ауысты. Жайна Сламбек «Хабар» телеарнасының директоры болды. Кешегі эфирді Саламат Омаш жүргізді. 

Бағдарлама ауыс-түйістен басталды: Жамбыл, Қызылорда және Атырау облыстарының әкімдері тағайындалды. Желіде Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаевтың тұрғындармен қоштасып, көзіне жас алған видеосы тараған еді. Сол видеоны да көрсетті

Қарағанды облысында бір қала мен бірнеше ауылдық округ әкімдерін сайлау өтті

Елімізде бірнеше өңірді су басты. Бұл бағдарламаның бірінші сюжетіне арқау болды. Орталық және солтүстік облыстардағы жағдайға тұрғындарды, ТЖД қызметкерлері мен ауыл әкімдерін сөйлете отырып, шолу жасады. 

Су тасқынынан БҚО мен Ақтөбе облысы көп зардап шекті. Бұған бөлек сюжет арнады. Материалда суға кеткен мүлік шығыны пен мемлекет көмегіне көбірек назар аударды (AMANAT партиясы зардап шеккен отбасыларға азық-түлік берген екен. Мұны да көрсетті). 

Бір тақырыпқа арналған екі сюжеттің де мазмұны жаңалық іспеттес боп шықты. Талдау жоқ. «Кім кінәлі?», «Келер жылы мұндай оқиға тағы қайталанбас үшін не істеу керек?» деген сияқты сауалдарға жауап жоқ. 

Ветенария саласында шешілмеген мәселе (мардымсыз жалақы, маман тапшылығы, мал ауруының көбеюі) көп. Үшінші сюжеттің тақырыбы осы, өйткені Мәжілісте ветеринария саласын реформалау жөнінде сөз болған екен. Депутаттарды, ауылдағы мал дәрігерлері мен ғалымдарды сөйлетті. 

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Киевке барды. Еурокомиссия басшысы Урсула фон Дер Ляйен Буча қаласына келіп, жағдайды көрді. Apta жүргізушісі мұның барлығын айта келіп, Буча қаласындағы сұмдықтың кадрларын көрсетіп, Украина мен РФ тарапының мәлімдемелерін берді. 

Украина тақырыбы «Apta қонағы» айдарында жалғасты. Студия қонағы – экономист Қайырбек Арыстанбеков. Ресейге салынған санкциялар Қазақстан экономикасына қалай, қаншалықты әсер ететіні жөнінде сұхбаттасты

Қазақстан Украинадан дәрі-дәрмек жеткізуді тоқтатты. Қазақстандықтар кейбір өмірлік қажет дәрілерді дәріханадан таба алмай жүр. Үкімет балама жолдарды іздестіріп жатыр. Кейіпкер хикаясы, сарапшылар мен министрлік өкілдерінің комментарийі бар сюжет

Бас прокуратурының қаңтар оқиғасы бойынша есебі «Қару ұстауға кімдер құқылы?» деген тақырыптағы сюжетке негіз болыпты. Толымды материал. 

Apta редакциясы жаңадан құрылатын облыстар тақырыбын жалғастырды. Өткен аптада Абай облысына қай аудандар кіретінін шолып шыққан болатын. Бұл жолы Алматы облысынан бөлініп шығатын Жетісу облысы туралы сюжет дайындапты. Материалдың мақтап өтер бір тұсы – жергілікті тұрғындарды көбірек сөйлетті. Олар шекара шебіндегі ауылдардың жағдайын айтып, бірнеше ауданды да бөлуді ұсынды. 

Жетісу облысы туралы сюжет эфирді түйіндеді. Геннадий Головкиннің жеңісі жөнінде ештеңе айтпады. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР