ДомойМедиасынҰн тапшылығы, мигранттар мәселесі, қаржы пирамидасы: 11 – 17 cәуірдегі апталық телебағдарламаларға...

Ұн тапшылығы, мигранттар мәселесі, қаржы пирамидасы: 11 – 17 cәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Ұн тапшылығы, мигранттар мәселесі, қаржы пирамидасы: 11 – 17 cәуірдегі апталық телебағдарламаларға шолу

Елімізде ұн тапшылығы болуы мүмкін. Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы осы мәселеге арналды. «Жеті күн» бағдарламасы астық өндірушілер ұнды қымбат бағамен экспортқа шығаруды көздейтінін, салдарынан ұнға деген тапшылық тууы мүмкін екенін айтты. Алайда, үкімет маусым айына дейін экспортқа шектеу бекітіп, жағдайды бақылауда ұстап отырған көрінеді. «Айна» авторлары ұн тапшылығы болуы мүмкін деген күдік бидай экспорттаушылар мен ұн зауыттарының арасындағы келіспеушіліктен туғанын, үкімет бұл дауды реттеуде қауқарсыз отырғанын астарлай жеткізді. Ал Apta Ресейдің бидай экспортына тыйым салынғанынан Қазақстандағы диірмендер тоқтап жатқанын айтып, арнайы сюжет ұсынды. Бұл мәселені «Apta қонағы» айдарында бұрын ауыл шаруашылығы министрі болған, қазір сенатор Ақылбек Күрішбаевпен талқылады. Сонымен қатар, апталық бағдарламалар еліміздегі Қаржы пирамидасы, ойыншықтар сапасы, Ресейге салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына әсері, көрші елдерден ағылып жатқан мигранттар мәселесі, Украиндағы ахуал, Қаңтар оқиғасына қатысты Бас прокуратураның жаңа мәлімдемесі туралы да сюжет ұсынды.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Католик шіркеуінің басшысы, Рим Папасы Францискпен онлайн кездесу өткізгенін баяндаудан басталды. Кездесуден синхрон беріліп, сарапшы пікір айтты. Президенттің апта ішіндегі қабылдаулары туралы хаттамалық ақпаратқа сүйене баяндалды. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың елде 1 миллионға жуық қызметкердің еңбекақысы көтерілетіні туралы мәлімдемесіне ерекше тоқталды. Сарапшылар сөйледі. Сауда және интеграция министрінің бағаны тұрақтандыру мүмкіндігі бар екені туралы пікірі берілді.  

Елде ұн тапшылығы болуы мүмкін. Өйткені шикізат тапшы. Өткен аптада бірқатар ұн зауыты жұмысын тоқтатты. «Жеті күннің» алғашқы сюжеті осы туралы болды. Астық тапшы, өйткені астық өндірушілер оны қымбат бағамен экспортқа шығаруды көздейді. Соның салдарынан ұнға деген тапшылық тууы мүмкін. Алайда, үкімет маусым айына дейін экспортқа шектеу бекітіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Сәкен Сейітханұлы үкімет жағдайды бақылап отырғанын айтып, алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізген сюжет әзірлепті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Дархан Әбдіуахит кадрда тұрып баяндады, Сенат депутатының пікірі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы орынбасарының түсініктемесі берілді. 

Рият Шони әзірлеген «Оңай олжаның ақыры» аталатын сюжет өзіне отқойған қаржы пирамидасы құрбанының әрекетін көрсетуден басталды. Өткен аптада Ішкі істер министрлігінің өкілдері оқыс оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Мәжіліс қабырғасында талқыланып, қаржы пирамидасын жарнамалаған блогерлерді жауапкершілікке тарту туралы мәселе көтерілген еді. Сюжетте осы жайттар баяндалды, ІІМ бірінші орынбасары, депутаттардың түсініктемелері мен ұсыныстары келтірілді. Одан бөлек экономист сарапшы мен психолог маманның пікірлеріне сүйене отырып тілші алаяқтарға алдануға бейім келетін жанның әлеуметтік портретін сипаттайды. Сюжетке қаржы пирамидасына алданбаудың жолын графикамен көрсететін нұсқаулық, сарапшылардың дәлелге сүйенген айқын түсіндірмесі жетіспеді. 

Президенттің БҒМ Асхат Аймағамбетовты қабылдауы, ғылымға мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттың өсетіні туралы ақпарат кадр сыртындағы мәтін мен синхрон түрінде қысқа қайырылды. Осыдан соң Дархан Әбдіуахит бірден еліміздегі жол сапасына көңіл бөліп, Мақпал Мадиярова әзірлеген сюжетке кезек берді. Тұрғындар жол сапасының нашар екенін айтып шағымданудан басталған сюжетте жол құрылысына жауапты мекеме басшылары сөйлепті, Мәжіліс депутатының да пікір бар. Жол салынғанмен сапасы сын көтермейтіні, мердігерлердің жауапсыздығы, биыл да жол салуға орасан қаржы бөлінетіні айтылды. 

Президент өткен аптада елорда әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады. «Жеті күн» Нұр-сұлтан қаласының экологиялық жағдайы, қоқыс алаңдары туралы сюжет ұсынды. Қаладағы қоқыс алаңдарынан түсірілген кадрлар жан түршіктіреді. Әкімшілік тазаладық деп есеп бергенімен қалада 400-ге жуық қоқыс полигоны көктем шыға қайта көрінген. Қаланың тазалығына, абаттандырылуына жауап беретін мамандардың пікірі бар. Сарапшылар да, тілші де қоқыс шығаратын құрылыс компанияларын кінәлайды, алайда бір де бір құрылыс компаниясы немесе қоқысты тасып жүрген көлік жүргізушісінің пікірі жоқ. Сюжет соңында қоқыс сұрыптау экологиялық қозғалысының жетекшісі өз ұсынысын айтты. Мәселе көтерілгенімен, тақырып толық ашылмады. 

«Қаралы қаңтар». Қаңтар оқиғасына қатысты Бас прокуратура өткен аптада Орталық коммуникациялар қызметінде жариялаған жаңа деректерге сүйене жасалған сюжет. 

«Елде борышкерлерден қарыз өндіру қиын. Оның негізгі себебі –қазақстандықтардың басым бөлігінің төлем қабілеті төмен». Ақбөпе Тәңірберген елімізде талқыланып жатқан «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасы жайлы сюжетін осылай бастады. Жаңа заң жобасының шарттары туралы баяндалған сюжетте экономист, Қаржы министрлігінің өкілі, заңгер, Мәжіліс депутаты пікір білдірді, шетелдік тәжірибе туралы да ақпарат бар. 

Денсаулық министрлігі тексерген балалар ойыншықтарының жартысына жуығы қауіпті екен. «Жеті күн» әзірлеген соңғы сюжет осы тақырыпқа арналды. Тілші сертификаттау саласының мамандарынан пікір сұрап, зертханаға барған, құрамында химиялық қауіпті заттар бар ойыншықтар неге елге жеткізілген деген сауал қойған. Алайда, ойыншықтардың елге емін-еркін жеткізілуіне кім кінәлі? Ойыншықтардан бала зардап шекпеуі үшін тауар елге әкелінбес бұрын неге қауіпсіздік сертификатын алмаған?  Бұл сұрақтар жауапсыз қалды.  

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Айна» бағдарламасы 15 сәуір күні елімізде бейресми түрде аталып өтетін Қозы Көрпеш-Баян сұлу күніне орай бірнеше сюжет дайындапты. Алғашқы сюжет таныстыру агенттігінің жұмысын баяндаудан басталды, қазіргі жастардың қызға сөз салу дәстүрі жайлы бірнеше кейіпкерді сөйлетіп,  арнадағы Qoslike бағдарламасы арқылы танысып, отбасы құрған жастардан сұхбат алған. Осылайша сюжет соңы арнадағы көпшілік сынына жиі ұшырайтын бағдарламаны ақтап алуға ұласып кетіпті. 

«Айна» бағдарламасы бұл санында өз өнімдерін дәріптеуге белсене кіріскендей. «БАҚ-қа бетбұрыс керек» аталатын сюжетте арнаның жұмысымен танысуға Парламент депутаттары келгені туралы сюжет беріліп, жиынға қатысқан депутаттардың арнадан көрсетілетін бағдарламалар жайлы пікірінен үзінділер берілді. Көпшілік сынаған Qoslike жобасын дамытуға қатысты Дархан Мыңбай пікір білдірді.  

«Жұтаң тартқан қалың мал». Қазақтың қалың мал беру дәстүрінің астарында не жатыр? Махамбет Бейбітшілік әр өңірдегі қалың мал көлемі туралы ақпарат ұсынды. Дәстүр тәртібі қандай болғаны, оның көшпелі халық өміріндегі экономикалық мәні жайлы сөз қозғайды. Қарапайым тұрғындарды, тарихшыны сөйлетіпті. Қазіргі уақытта қалың мал көлемі азайғанын, оның себебі халықтың әл-ауқатының төмендеуі екенін алға тартқан тілші статистикалық деректерге сүйене отырып, қалың мал беру дәстүрі сақталған аймақтарда ажырасу көрсеткіші төмен деген тұжырым жасады.  

«10 сотық кімге бұйырады?». «E-Gov куәгерінде» Гүлмәрия Жалғасқызы 10 сотық жер алу кезегіне қатысты құзырлы мекеме өкілдерін сөйлетіп, толыққанды ақпарат беріпті. 

«Үкімет ресейлік Сбербанкпен бірлесіп цифрлы платформа жасау туралы шешімінен бас тартты ма?» деген сауал басы ашық күйінде қалып отыр. Бастысы Цифрлық даму министрлігі қазір бұл платформаны өз елімізде жасаудың мүмкіндігін қарастырып, техникалық талаптарын әзірлеп жатыр.  Берік Дүйсенбай әзірлеген сюжетте отандық IT мамандарын сөйлете отырып, атышулы меморандумның талаптары қандай еді, өз еліміздің мамандарының қолынан келе ме деген сауалдарға жауап іздепті. Тиянақты сюжет.  

«Айна» да елімізде ұн тапшылығы болуы мүмкін екені туралы мәселе көтерді. Артур Мағзомовтың сюжетінде үкімет мүшелерінің жұбату сөздері болғанымен, ұн тапшылығы болуы мүмкін деген күдік бидай экспорттаушылар мен ұн зауыттарының арасындағы келіспеушіліктен туып отырғаны, үкімет бұл дауды реттеуде қауқарсыздық танытып отырғанын астарлай болса да айта алған.  

Бас прокуратура мен ІІМ-нің «Қаңтар оқиғасына» қатысты тергеу барысы туралы мәлімдемелері туралы Ғалым Кәлмен қысқа ғана ақпарат беріп, Прокуратура өкілінің сөзінен үзінді берілді. 

Елімізде астыртын қаржылық операцияларды анықтау үшін мобилдік аударымдар бақылауға алынады. «Айна» аударымдар қандай жағдайда тексерілетіні туралы ақпарат беретін сюжет әзірлепті. Бұл 2025 жылы басталатын жалпыхалықтық декларацияның алғышарты екені айтылған. 

Қазақ-қырғыз шекарасында әскери міндетін атқарып жүріп, наурыз айының басында іс-түссіз жоғалған Ұлықбек Бердішевтің денесі қырғыз аумағынан табылған еді. Осы ақпаратты негіз етіп алған «Айна» Байзақтағы жарылыста іс-түссіз жоғалып кеткен Бауыржан Дәуітбаевтың да табылмағанын айтыпты. Айдың-күннің аманында баласынан айырылған ата-ана, туыстардың мұңын жеткізген, іздеу жұмысының барысы туралы ақпарат берген сюжет. 

«Айнаның» соңғы сюжеті әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» деген айдармен апта ішінде әлеуметтік желіде талқыланған оқиғалар туралы болды. «Жеті күн» арнайы сюжет арнаған өзін-өзі өртеу оқиғасы да осы айдарда айтылды. 

Apta, QAZAQSTAN

Apta бағдарламасының жүргізушісі тағы ауысып, бұл жолы Альбина Әшім жүргізді. Ол да телеарнадағы жаңалықтар тілшісі әрі дикторы. 

Эфир Қазақстанға АҚШ мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зея келгенінен басталды. Оның сапары туралы егжей-тегжейлі айтып, Зея мен қазақстандық саясаттанушы Жұмабек Сарабековтың синхронын берді. Мәтінде де, синхронда да Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға ықпалы мен ел экономикасына әсерін жұмсартуға назар аударды. 

Ресейге салынған санкциялардан Қазақстан қазынасына 300 млрд теңге түспей қалуы мүмкін. Мұны Қаржы министрлігі хабарлады. Ресейдің  бидай экспортына тыйым салынғанынан Қазақстандағы диірмендер тоқтап жатыр. Әлемдегі астық экспорттайтын ел бола тұра, жағдай – осы. Тұқым да тапшы. Бірінші сюжет осы мәселеге арналып, кеңінен толғады. Ауыл шаруашылығы министрлігінен комментарий болмады (тілшінің айтуынша, министрлік спикер тауып бере алмапты). 

Аграрлық саланың мәселесі «Apta қонағы» айдарында да жалғасты. Эфир қонағы – бұрын  ауыл шаруашылығы министрі болған, қазір сенатор Ақылбек Күрішбаев. 

Президент Тоқаев бюрократиядан арылу жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Мұның не екенін, қандай пайдасы болатынын жан-жақты түсіндіріп, мамандарды сөйлетті. Олар бұл жарлықтың кереметін айтты

Сенат кибербулинг туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Қоғам белсенділері бұл заң жобасы осы күйінде қабылданса, әлеуметтік желілердің жұмысын шектейтінін айтып, қарсы болды. Тақырыпты қысқа ғана шолып өтті. Ел назарын аударған тақырыпқа бөлек бір сюжет арнаса да болатындай еді. 

Apta тілшілері Украинадағы жағдайға шолу дайындапты. «Қоршаудағы Мариуполь құлауға жақын» екенін айтып бастап, ресейлік «Москва» крейсерінің өртеніп, суға батып кеткеніне ойысты. Шолудың осы тұсы бұлыңғыр болды. Автор «Алып соғыс кемесінің апатқа ұшырауына не себеп болды?» деп сауал тастап, «Бұл сауалға нақты жауап жоқ» деп өзі жауап береді. Сосын «Кеме бортында болған адам саны шамамен 500 бен 700 аралығында. Ресей экипажды түгелдей эвакуацияладық деді. Десе де, кейбір басылымдар бұған күмән келтіреді» деп түйіндейді. Осылайша Украина мен РФ ресми органдары таратқан ресми мәліметтен сырт айналып, ләм-мим демеді.

«Қазақстан мигранттар еліне айналып кетуі мүмкін бе?». Ішкі істер министрлігі Қазақстанның жеке сәйкестендіру нөмірін алған ресейліктер саны күрт артқанын хабарлады. Осы тақырыпты арқау еткен үлкен сюжет Ресей мен Беларусь мигранттарының хикаясын баяндап, олардың жұмысқа орналасуы, компаниялардың релокациясы жөнінде айтып, Ресейде жұмыс істейтін Орталық Азия мигранттарын көрсетіп, министрлік пен кадр агенттіктерінің комментарийін берді. 

12 сәуір – ғарышкерлер және ғылыми қызметкерлер күні. Сюжет отандық ғылым саласындағы қиындықтар мен жетістіктерге арналыпты. Ғалымдарды көбірек сөйлеткен толымды да мазмұнды сюжет. 

Бағдарлама көп ұзамай Қонаев атын алып, жаңа облыс орталығына айналатын Қапшағай қаласы туралы сюжетпен аяқталды. Қаланың тарихы мен қазіргі жағдайын баяндап, мұндағы казинолар туралы да айтты. 

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР