Жарты ғасырдай уақытты араға салып, АҚШ-тың Жоғарғы соты «әйелдердің өз еркімен аборт жасау құқығына» қатысты шешімін өзгертті. Енді әр штат өз заңнамасы аясында бұл мәселеге рұқсат беріп, тыйым сала алады. Консерватив штаттар эмбрионның адам ретіндегі құқына қол сұғуға болмайды деген ұстанымда. Жергілікті халық бұл шешімге қарсылық білдіріп те, қолдап та жатыр. «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр отандық басылымдарда аборт тақырыбы қалай жазылып жүргеніне шолу жасады.
Іздеу жүйесіне «аборт жасату» деп жазғанда демде 125 мыңнан астам нәтиже шығады, ал қазақша «жасанды түсік» десек, 19 мыңға тарта материалды көреміз. Бірінші болып islam.kz cайтындағы «Шариғат қандай жағдайда түсік (аборт) жасатуға рұқсат береді?» деген материал тұр. Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы мұсылман болғандықтан, шариғаттың бұл тақырыпта не дейтініне көптің алаңдауы заңды.
Ал БАҚ не жазып жүр? Отандық басылымдар аборт туралы жазғанда, көбіне дін тұрғысынан ауыр күнә дегенге келіп тірейді. Одан кейін жасанды түсіктің ана денсаулығына зияны, болашақта құрсақ көтере алмай қалу қаупі туралы жазады. Арагідік «әркім аборт жасауға қатысты шешімді өзі қабылдауы керек» деген мәндегі материалдарды көре аламыз. Мәселен manshuq.com сайты «Ал, егер» жобасы аясында жасанды түсік жасау үшін нені білу керектігі жайлы танымдық мақала жариялаған. «Ал егер мен жасанды түсік жасатқым келсе ше?» материалында түсік түрлері, қайда жасату керек, аборт алдында қандай тексерістен өту қажет дейтін сауалдарға жауап бар. Мақаланың лидінде былай делінген: «Жасанды түсік жасау не жасамау – бөгде адамдардың бұған қатысты басқа ойлары болып жатса да, әрбір әйелдің өзінің ғана жеке шешімі. Бұл сұрақта белгілі бір шешімге келу құқығы әйелдің өзіне ғана тиесілі».
Жасанды түсік жайлы жазылған көлемді мақала көп. Тақырыбында екіұдайы сауал, болмаса ашық айыптау да жиі кездеседі. Айталық, zhasalash.kz сайтында «Алтын құрсақ ажал апанына айналды» деген материал жарық көрген. Аңдатпасында: «Елімізде жыл сайын 78 мыңнан астам әйел жасанды түсік жасатады. World Population Review сайтының мәліметінше, әлемдік рейтингте Қазақстан түсік жасату бойынша үшінші орынға жайғасқан» делінген. Дәл осы факті бірнеше материалға арқау болған. Бір қызығы, бұл рейтиң 2004 жылғы деректерге негізделген. 10-орындағы Қытайдың статистикасы 1998 жылғы екен. Тілшілер материал әзірлегенде бұл фактінің жылын (ескіргенін) көрсетпеген.
Айталық, newsroom.kz cайты былтыр сәуірдің басында «Қазақстан аборт жасату бойынша үштіктердің қатарына енді» деген тақырыппен ақпарат жариялады. Алайда World Population Review статистикасының 20 жыл жаңармағанына мән бермеген. Портал: «Статистикаға сүйенсек, бұл рейтингте Ресей бірінші орында тұр. БҰҰ мәліметінше, Ресейде аборт жасау коэффициенті 1000 әйелге 53,7 құрайды. Тізімде Вьетнам – 35,2 көрсеткішімен екінші орында, ал Қазақстан (35) үшінші орынға жайғасқан» деп жазады.
Осы тақырыпқа қатысты Factcheck сайты аборт жасатудан 3-орында екеніміз рас-өтірігін зерттеген. Барлығын егжей-тегжей талдай келе, автор бұл ақпараттың үкімін манипуляция деп бағалаған. Қорытындысы былай: «Қазақстан аборт жиілігі бойынша әлемде 3-орын алады» деген ақпарат манипуляция болып саналады, себебі ол қатты ескірген деректерге сүйеніп жазылған. Оның үстіне кейбір қазақстандық БАҚ «жиілік» дегенді «сан» деп ауыстырып, ақпаратты одан сайын бұрмалап жіберген. 2019 жылғы деректер бойынша, Қазақстанда аборт жиілігі фертильді жастағы (тууға қабілетті) 1000 әйелге шаққанда 16,8-ді құрайды. Бұл World Population Review сайтында көрсетілген саннан екі есе аз».
Ресми деректерге сүйеніп жазылған материалдардың бірі inbusiness.kz сайтында жарық көрген. Тақырып «Қазақстанда аборт жасату көрсеткіші жоғары болып тұр» деп аталады. Артынша «Қазақстанда әйелдердің жартысы ғана жүктілікті жоспарлайды. Соңғы онжылдықта қазақстандық әйелдердің контрацепциямен қамтылуы төмен деңгейде қалып отыр. Бұл ретте, Қазақстан түсік жасау көрсеткіші жоғары елдерге жатады, әрбір алтыншы жүктілік жасанды түрде үзіледі, ал 15-19 жастағы 100 жасөспірім қыздың үшеуі жүкті болып, олардың 15% аборт жасайды» деген дерек келтіреді. Мәліметтер Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығымен бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстелде айтылған.
Оtyrar.kz сайтында «Қазақстанда әйелдер аборт жасату үшін күйеуінен рұқсат алатын болады» деген материал жарық көрген. Ашып қарайтын болсақ, бұл тақырыптың кликбейт екенін көреміз. Өйткені «болады» дегені заң аясында қабылданғанын білдірмейді екен. Мәжіліс депутаты Магеррам Маггерамов екі жыл мынадай ұсыныс айтқан: «Мемлекеттік орган тіркеген заңды некеде тұрған әйел түсік жасату мәселесін жолдасымен ақылдаса отырып жасату дегенді ұсындым. Себебі, неке және отбасы туралы заңда неке куәлігін алғаннан кейін ер мен әйел тең құқық пен жауапкершілікке ие болады делінген. Онда барлық мәселе ортақ шешілуі керек деп жазылған».
Айтқандай, аборт тақырыбындағы материалдардың көбінде құрылым мынадай: ашық дереккөзде бар статистика, акушер-гинекологтың және дін маманының пікірі. Сондай-ақ, автордың жеке пікірін білдіретін мақалаларды да көруге болады. Мысалы egemen.kz сайтына Гүлзейнеп Сәдірқызы «Ең ауыр күнә» деген материал жариялаған. Мұнда тілші «Әйел ағзасында жүріп жатқан табиғи қалыпты күшпен бұзып, баланы жасанды жолмен алдырып тастау әйел үшін құдай алдында күнә, адам алдында қылмыс десе де болғандай» деп келтіреді. Ал anatili.kazgazeta.kz сайтында «Жасанды түсік жасату – күнәнің ең ауыры» деген мақала бар. Автор аборт жасатуға кімдер көбірек барады дегенге қатысты дәлелденбеген, бірақ ел ішінде бейресми пікір ретінде қалыптасқан мына ойды алға тартады: «Әлбетте, ауылдан арман қуып келген қыздар өзіне таңсық қала тіршілігіне келгенде алды-артын бағамдамай алданып жатады. Амалсыз әке-шешесіне айта алмағандықтан әлі дүние есігін ашпаған сәбидің өмірін қияды».
Аборт мәселесі төңірегіндегі талқылау БАҚ-та осылай өрбиді. Көпшілігі үйдегі тәрбиемен, иман мәселесінің әлсіздігімен байланыстырып, бір сәттік құмарлықтың жетегінде жасалған ағат қадам дегенге келтіреді. Сондай-ақ, қоғам қасіреті деп баға беретіндер де бар.