Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы президенттің Қостанай облысына сапары, орман өртінен зардап шеккен ауылдардың бүгінгі ахуалы, өрт сөндірушілердің жалақысы мен әлеуметтік жағдайына арналды. Сондай-ақ, Республика күнін күнтізбеге қайтарып, Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тастау жаңалығы, «Қоғамдық саясат» институтының жолдауға қатысты жүргізген зерттеуінің нәтижесі, «Конституциялық сот туралы» заң жобасы және тағы басқа экономикалық, әлеуметтік мәселелер турасында сюжеттер ұсынылды.
«Жеті күн», «Хабар»
«Жеті күннің» кіріспесінде жүргізуші Жігер Сәрсен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының өтпей қалуына Қостанайдағы өрттің кедергі болғанынан бастап, президенттің өрт сөндіру кезінде қаза болған ТЖД қызметкерін марапаттағанына дейін біраз ақпарат берді.
Алғашқы сюжетте президенттің Қостанай облысына сапары туралы баяндалды. Жергілікті халықтан алынған пікір көп. Зардап шеккен ауылдардың көрінісін, өрт сөндірушілердің жұмысын, эвакуацияланған тұрғындардың жағдайын қамтыған. Әдеттегі хаттамалық сюжеттен ерекшеленді.
Жігер Сәрсенұлы «ел айтады» деп, Әулиекөл ауданында жергілікті бюджеттен орман шаруашылығына мардымды қаражат бөлінбейтінін, оның орнына әкімшілікке баратын жолды жөндеуге қыруар қаржы жұмсалғанын айтты. Мұндай ақпарат нақты құжатқа сүйеніп айтылса, тіпті экраннан құжаттың суреті көрсетілсе, құнды болар еді. «Ел айтады» деген соң, ақпараттың рас-өтірігіне күмән туады.
Сәкен Сейітханұлы еліміздегі орман шаруашылығының материалдық-техникалық қамтылуы, қазіргі жай-күйі, орманшылардың жұмысы туралы көлемді сюжет әзірлепті. Экологтарды, құзырлы мекеме өкілдерін, орманшыны сөйлеткен.
Президент өткен сенбіде ірі кәсіпкерлермен кездесті, осы жиынға қатысты тек Тоқаевтың сөзінен үзінді берілді. Бұдан әрі Жігер Сәрсен «Қоғамдық саясат» институты жүргізген зерттеудің нәтижесін айтты. Бұл мекеме телефон арқылы сауалнама жүргізіп, халықтың президент жолдауына көзқарасын сұраған. Экраннан сауалнама нәтижесі көрсетілді.
Президент жолдауда үкіметке қала құрылысы кодексін әзірлеуді тапсырды. «Жеті күн» осы туралы сюжет ұсынды. Нұр-Сұлтандағы проблемалы құрылыстар, саладағы заңсыздықтар туралы айтты, тұрғындарды, Құрылысшылар одағының басшысын сөзге тартқан. Алайда құрылыс компаниялары өкілдерінің уәжі жоқ. Есесіне қалалық урбанистика басқармасының өкілі осы саладағы бейберекетсіздікті ақтағандай пікір білдірген. Біржақты сюжет.
Келесі сюжет Алматыдағы жатахана жетіспеушілігіне арналды. 13 студентті үйіне тегін паналатқан кейіпкер, хостелде тұрып жатқан студенттер, құзырлы министрлік өкілі және тағы басқа спикерлер пікір білдірген. Саладағы проблеманы жан-жақты баяндады.
Тілші Индира Жылқайдарова 25 қазан – Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданған күн ұлттық мереке ретінде аталып өтетіні, Президент күні бұдан былай атаулы дата болмайтыны туралы заңға енгізілген өзгерістерге сюжет арнады. Тарихшы, саясаткерлер сөйлеген маңызды сюжет. Бұл күнінің маңызы мен оны тойлауға ерекше мән беру керектігі жайлы өзекті пікірлер айтылды. Тек тілші декларацияның мәтіні жарияланған 1990 жылғы «Лениншіл жас» газетін ашып, құжаттан үзінді оқымас бұрын газеттің атауына қатысты: «қазір бұл басылым «Жас қазақ» деп аталады» деді. Қазақ баспасөзінің тарихында маңызды орын алатын бұл газет «Жас алаш» аталатынын білмесе керек.
Соңғы сюжет «Астана Опера» театрының жаңа маусымының ашылуы жайында болды.
Sarap-Times, Astana TV
Бағдарлама Қостанай облысындағы өрттің жайын айтудан басталды. Әулиекөл ауданынан жасалған ауқымды сюжетте жергілікті тұрғындар, жауапты мекеме өкілдері, «Қазгидромет», «Қазақстан ғарыш сапары», Экология министрлігінің басқарма басшысы, экологтар сөйледі. Еліміздің бірнеше жерінде өрт болғаны айтылды, табиғатқа зиян келтіру заңмен қудаланатыны ескертілді, тиянақты сюжет.
Sarap Times өрттен зардап шеккен Әулиекөл тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетілгені, арнайы қор ашылғаны туралы жеке сюжет ұсынды. Бұл материалда Amanat партиясының атқарған жұмысы баяндалды. Дегенмен, қорға қанша қаржы жиналғаны, қор басшылығының жоспары туралы мәлімет берді.
Өрт сөндірушінің жалақысы мен әлеуметтік жағдайы қандай? Осы турасында әзірлеген материалда еліміздегі өрт сөндірушілердің жалақысын алыс-жақын шет елдердегі көрсеткішпен салыстырған. Толымды сюжет.
Президент сайлауы өтетітіні, оған Нұрсұлтан Назарбаев мен Дариға Назарбаеваның қатысуына құқықтық тұрғыда шектеу жоқ екені, президент және парламент сайлауын өткізуге үкімет резервінен бөлінетін қаражат көлемі туралы айтылып, цитаталар берілді. Студияда Саят Жөкен депутат Ерлан Саировпен жолдауда айтылған кезектен тыс президент сайлауы, Ұлттық қордан балалардың есеп-шотына аударылатын қаражат туралы ұсыныстарды талқылады.
«Сатқын судьялар». Келесі сюжет Қызылордада істі болған судья Гүлнұр Құрманбайдың оқиғасы баяндалды. Бала күтімімен үйде отырған судьяның бұрын қараған істері бойынша сот процессі басталып, үкім шыққан. Кейіпкердің өзі «ащы шындықты айтқаным үшін істі болдым» дейді. Бұл іске қатысты қарсы тараптың пікірі жоқ. Сюжет судьялардың «сатқындығы» туралы болғандықтан, үстінен іс қозғалған судьяның оқиғасын баяндау қаншалықты қисынды? Сюжетте әділетсіз жаза арқалап, кінәсіз сотталған қарапайым жанның оқиғасы жоқ. Бұдан әрі сөз алған спикерлер судьялардың әділетсіздігін, мұндай жағдайға тергеушілердің де қатысы болатынын айтты.
Соңғы сюжет Нұр-Сұлтанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының сьезіне дайындық барысы жайында болды.
«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»
Жүргізуші Ғалым Кәлмен президенттің еліміздегі ірі кәсіпкерлермен кездесуін кадр сыртындағы мәтін және синхрон форматында баяндады. Сондай-ақ, «Қоғамдық саясат» институтының жолдауға қатысты жүргізген сауалнамасына сүйеніп, президенттің 7 жылдық бір мезгілге сайлануын репонденттердің 82,4 пайызы қолдайтынын атап өтті.
«e-Gov куәгері» айдарында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов студияға келіп, білім сапасы төмен аймақтарға үздік педагогтарды тарту бағдарламасы, Қостанайдағы өрттен зардап шеккен ауыл балаларын арнайы лагерлерде демалту, тегін тамақтану, құқықтық сауат мәселесі туралы сауалдарға жауап берді.
«Айна» бағдарламасы Transparency International ұйымының жемқорлыққа қатысты жасаған рейтингін негізге ала отырып, хаттамалық сюжет ұсынды. Махамбет Бейбітшілік әзірлеген материалда үкіметтің жемқорлықпен күрес саясаты, осы бағытта атқарылып жатқан шаралары туралы айтылды.
«Қайтқан малда қайыр бар» аталатын келесі сюжетте мемлекет тәркілеген мүліктер қалай кәдеге жаратылатыны туралы айтылды. Қуандық Бишімбаевтен тәркіленген демалыс үйінің бүгінде мәдениет мекемесіне айналғанын көрсетті.
«Өрттен кейінгі өмір» сюжетінде Қостанай облысындағы барлық үйі жанып кеткен «Аманқарағай» ауылының бүгінгі ахуалы көрсетілді. Тілші Мұхтар Өміртай дайындаған материалда өрттің шығу себебі, мемлекет басшысының уәдесі, президенттің сапары туралы хаттамалық ақпарат жоқ. Өрттен кейінгі жағдай шынайы баяндалған.
«Құтқарушыларға құт қона ма?» сюжеті өрт сөндірушілердің әлеуметтік жағдайын баяндады, нақты мәліметтер мен жауапты мамандардың уәжі бар.
Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары тәмамдады.
Apta, QAZAQSTAN
Өткен аптада Абай ауданындағы орман өртін сөндіру кезінде өрт сөндіру қызметінің көлік жүргізуші қаза тапты. Алайда Apta бағдарламасы кісі қазасынан емес, орман өртіне қатысы бар, бірақ маңызы жағынан кісі өмірінен төмен түсініксіз ақпараттан басталды. Жүргізуші Альбина Әшім еліміздің бірнеше облысында дала өрті болғанын айтып, студиядағы экраннан «Ескі Қазақстан, өзгерістерге өрт қойма!» деген мәтін жазылған сурет көрсетті. Оның сөзінше, бұл сурет жұрт арасында кең тараған, өйткені «ел ішінде «бұл қасақана әрекет» деген пікір де айтыла бастады».
Абай облысындағы өрт кезінде автоцистерна жарылып, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмысы қызметі №14 өрт сөндіру бөлімінің көлік жүргізушісі Айдос Тоғызбаев көз жұмды. Президент жарлығы шығып, марқұм ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Альбина Әшім бұл туралы екінші алғысөзде айтып, өрт сөндірушілердің аз айлығы, әлемдегі және Қазақстандағы орман үлесі, еліміздің мардымсыз орман қоры мен статистиканы үш минуттай әңгімеледі. Жүргізуші: «Осы төтенше жағдайдан кейін өрт сөндірушілердің жалақысы өсірілмек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандарының еңбекақысымен теңестіріледі» деді. Сонда олардың айлығы қанша болады? Осы тұста өрт сөндірушілердің айлығы қаншаға өсетіні, я болмаса ҰҚК қызметкерлерінің қазіргі айлығы қанша екені айтылмады.
Ал сюжет тосын ақпардан басталды: орман өртінің ауқымы ұлғаймаған екен. Керісінше, қысқарған. Мысалы, «2020 жылы орманда 701 өрт болып, 102 мың гектарды өрт шалған. Ал былтыр 749 өрт 167 мың гектарға жеткен. Биыл соңғы аптадағы оқиғаларды қоспағанның өзінде 690 өрт болып, 37 мың гектар жанған». Сюжетте орманшылардың төмен жалақысын (олардың айлығы 60-90 мың теңге шамасында екен) елеусіз қалдырмады. Алайда олардың жалақысын өсіруге жауапты, яғни мәселені шешуге құзырлы органдардан комментарий болмады.
Жанармай бағасының өсуіне байланысты мәжіліс депутатының комментарийін бермес бұрын, сюжет кіріспесінде: «Қазір кей өңірлерде жағармай бағасы 500 теңгеге дейін жеткен» деді, бірақ қай өңірлер екенін атамады. Мұның орнына Мәжіліс депутаты Ерлан Саировты сөйлетті. Ол дизель отынының қымбаттауын олигархтық қылмыстық топтармен байланыстырды.
Олигархтар тақырыбы келесі материалда да жалғасты: президент Тоқаев өткен аптада еліміздің ірі бизнесмендерімен кездесті. Бұл жиынға үлкен сюжет арнаған екен. Сюжетте президентке көп сөз беріп, арасында заңгер, экономист пен кәсіпкерді сөйлетті.
Кешегі аптада көп талқыланған тақырыптың бірі – Республика күнін күнтізбеге қайтарып, Тұңғыш президент күнін мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тастау. Apta редакциясы бұған тоқталмауды жөн көрген сияқты, өйткені Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың комментарийімен ғана шектелді.
Мәжіліс өткен аптада «ҚР Конституциялық соты туралы» заң жобасын мақұлдады. Конституциялық сот қалай жұмыс істейді? Қандай болуы керек? Оған кімдер мүше бола алады? Көлемді сюжет осы сауалдарға жауап беруге тырысты. Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Ерлан Саировтың, экс-депутат Ирак Елекеевтің, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімовтың, заң ғылымдарының докторы мен Әділет министрінің комментарийі бар. Apta редакциясының спикерлерді қалай таңдайтыны түсініксіз. Аты аталған адамдар былтыр да бағдарлама эфирінен жиі сөйлейтін, биыл да солай. Мәжілісте басқа депутат жоқ па? Мәселен, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде сарапшы көп. Ал Айдос Сарым мен Ерлан Саиров Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне мүше. Демек, Конституциялық сот құруға қатысы шамалы.
Президент өкілетін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ел не дейді? Көшеде сауалнама жүргізген екен, жауап бергендердің бәрі де бір ауыздан қоштапты.
Халықаралық жаңалықтар топтамасы Украина әскерінің сәтті қарымта шабуылынан басталды. Қысқа айтып өтті, сюжет болмады.
Кешегі аптада Еуропа одағының 27 елі Ресей газының бағасын шектеуге келісе алмады. Apta Еуроодақтың осы және басқа да экономикалық шараларына арналған шағын сюжет көрсетті.
Энергетикалық дағдарыс тақырыбы студияда жалғасты. Саясаттанушы Жұмабек Сарабековпен Қазақстанның осы дағдарыстағы жағдайы қандай деген тақырыпта сұхбат өрбіді.
Қазақстандықтардың жаңа автокөлік сатып алуға қалтаса көтере бермейтіні, шетелден ескі көліктер кіргізу мен президенттің шетелдік көліктерді заңдастыру тапсырмасын қамтитын сюжет мәнді әрі әсерлі шықты. Кейіпкерлер хикаясы, жұртшылықтың, мемлекеттік органдардың, автоблогер мен қоғам белсендісінің комментарийі бар.
Бағдарлама астанада AMANAT партиясы ұйымдастырған «Береке – бірлікте!» концерті туралы пропаганда тұнған сюжетпен аяқталды.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.