«Жеті күн», «Хабар»
«Жеті күн» Ресейден Қазақстанға үдере көшкендердің мәселесін басты тақырып етіп алыпты. Шекара бекетіне барып, келушілерден пікір сұраған. Ресейде жарияланған ішінара мобилизация туралы да айтты. Жалпы «Жеті күн» Ресей-Украина қақтығысын жиі қозғай бермейді. Сенат спикерінің мәлімдемесі, тұрғын үй нарығына қатысты сарапшылар пікірі бар. Сюжеттің мақсаты проблема бар, дегенмен алаңдауға негіз жоқтығын ескерту секілді.
Жігер Сәрсен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ сапары туралы ұзақ алғысөз айтты. Президенттің БҰҰ-да сөйлеген: «әлем ядролық соғыс алдында тұр» деген сөзін келтіріп, «кімді меңзегенін өздеріңіз де сезіп тұрсыздар» деп қайырды. Сюжет ұзақ. Президенттің Нью-Йорк сапарын толық қамтуға тырысқан. Мемлекет басшысының шетелде жұмыс істейтін қазақ жастарымен кездесуін де көрсетті. Кездесу кезінде түсірілім болғанымен, телефон камерасына түсірілген синхрон ұсынды. Сондай-ақ, өткен аптада әлеуметтік желіде кең тараған президент пен Google қызметкерінің диалогын көрсетті. Мемлекет басшысы жиынға келген өзге жастармен диалог құрмаса керек.
«Жеті күн» жүргізушісі сайлау алды науқанға қатысты да біршама ақпарат берді. Алайда сюжет Парламент қарауында жатқан, денсаулық саласына қатысты заң жобасы туралы болды. «Дәрігер қателігінің құны қанша тұрады?» Осы сауал төңірегіндегі сюжетте тілші түрлі тараптың пікірін қамтуға тырысқан. Дәрігер қателігі үшін қолданылатын жаза туралы заң жобасына қатысты қоғамдық пікір әралуан.
«Жеті күн» әзірлеген соңғы ұзақ сюжет еліміздегі қой шаруашылығының бүгіні мен болашағы жайлы болды. Бұл шаруашылықты дамытуда үкімет тарапынан қолдау қажет екені айтылды. Сарапшыларды, сала мамандарын, фермерлерді сөйлеткен.
Sarap-Times, Astana TV
«Sarap times» сайлау алдындағы науқаннан бастап, Қайрат Сатыбалдының сотына дейін ел ішіндегі жаңалықтарды бір шолып шықты. Саясаттанушылардың пікірінен цитата келтірді.
Сюжетте Президенттің билікке келген үш жыл ішінде елде болғн саяси-экономикалық өзгерістерге шолу жасалды. Сюжетте сондай-ақ, саяси партиялар, сайлау туралы жаңа заң талаптары туралы айтылды. Саясаттанушылар, сарапшылар сөйледі. «Аманат» партиясына қарасты телеарна осылайша, партияның алдағы саяси науқанда кімді қолдайтынын білдіргісі келгендей.
Сайлау тақырыбын студияда Саят Жөкенұлы Мәжіліс депутаты Айдос Сарыммен талқылады.
«Көршіден көш келуде», Ресейдегі мобилизациядан қашқандар туралы бұл бағдарлама да сюжет әзірлепті. «Жеті күн» әзірлген сюжеттен бір ерекшелігі сарапшылардың бірі елде қолма-қол рубль көбейетінін айтып қалды. Алайда, бұл мәселенің экономикалық салдарын тілші терең қаузамапты.
Қатерлі ісік ауыруына шалдыққандарға берілетін ауруды басатын «Трамадол» препараты еркін саудаланып жатыр екен. Мұндай дәрінің саудасына полиция тарапынан қатаң бақылау болуы тиіс екен. Келесі сюжетте тілші осындай сауда орнының біріне барып түсіріпті. Сатып алған колледж студентінің бетін бүркеп, пікірін де сұраған, титрға сәйкес бұл — Орал қаласы болды. Сюжет барысында осындай тағы бір орын көрсетілді, титрда Астана деп тұр. Алайда, сюжет барысында бұл орындарға қатысты құзырлы орган өкілдерінің түсініктемесі не пікірі жоқ. Тағы бірде «Трамадол» препаратының атауы ірі әріптермермен жазылған видео көрсетілді. Ол көрерменге жарнама секілді көрінуі де мүмкін.
Бұл бағдарлама да денсаулық тақырыбына да сюжет арнады. Қызылорда қаласында жүкті әйел туыт үстінде қайтыс болған. Туыстары мен емдеуші дәрігерден сұхбат алыпты, тілші. Марқұмның туыстары дәрігерлерді кінәлайды. Тілші туыстарының көзінше туыт қабылдаған дәрігерден сұхбат алады. Дәрігердің мардымсыз жауабынан соң, ана өліміне дәрігер кінәлі деген ой туады. Марқұмның туыстарының алдында дәрігерден сұхбат алу қаншалықты орынды? Журналист әшкерелеуші орган өкілі емес қой. Қылмыс құрамы болса, ол үшін құқық қорғау органдары бар емес пе?
Сонымен қатар, «Аңсаған сәби» бағдарламасы үшемді дүниеге әкелген келіншек туралы да ақпарат бар. Ол сәбилеріне Қасым, Жомарт, Кемел деп ат қойыпты. Осылайша бұл сюжет қайғылы оқиғаны баяндаудан басталып, сәби өлімі туралы көрсеткішті айтып, жағымды жаңалықпен аяқталыпты.
Бағдарлама ұсынған соңғы сюжет өте ауқымды. «Аналар үйі», «Атамекен» балалар қалашығы, шетелдіктер асырап алған балалар, бала асырап алушыларға арналған мектеп, балалар үйінде өсіп келе жатқан баланың арманы. Бәрінің ортақ тақырыбы бала болғаны үшін бірнеше проблема осылай топтастырылған ба? Сюжеттің мақсаты не?
«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»
«Айна» бағдарламасы Ресейдегі мобилизация мәелесіне терең үңіліп, Украин-Ресей қақтығысына қатысты да ақпарат беріпті. Мобилизацияға қатысты ресейліктредің наразылық шарасын ұйымдастырғанын, шетелдік ақпарат құралдарының видеосын көрсете баяндайды. Путиннің ДХР мен ЛХР және өзге басып алған облыстарындағы референдум жайлы мәлімдемесін келтіріп, оған батыс елдерінің жауабын да беріпті.
Ресейден елімізге келіп жатқан көш туралы да «Айна» сюжет әзірлепті. Мұнда негізінен Алматыдағы пәтер бағасы, қонақ үйлердегі орынның тапшылығы көбірек сөз болыпты. Тілші бір проблеманы тиянақты талдауға ден қойған.
«eGov куәгері» айдарында студияда Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Тамара Дүйсенова сұхбат беріпті.
«Айна» бағдарламасының тілшісі Махамбет Бейбітшілік Астанадағы алып мешіттің мердігерлері сонда қызмет көрсететін компания жұмысшыларының ақысын төлемегені туралы сюжет әзірлепті. Тілші араласып, мердігер компанияның өкілдері ашық сұхбат беріп, мәселенің оң шешілуіне ықпал етіпті.
Жастарды әскер қатарына тартуда ынтаналдыру үшін жаңа жоба дайындалып жатыр. Оған сәйкес, әскери борышын өтеп келгендер сынақсыз ЖОО-ға қабылданады. Бұл мәселе жеке сюжетке арқау болыпты. Тілші, әскерилер жастарды ынталандыру үшін әскерде тіпті Тик-ток түсіріліп жатқанын баяндайды. Әскери борышын өтеген жанның пікірі бар. Астарлы, тартымды материал.
Ақбөпе Тәңірберген әзрлеген бойдақтар проблемасын көтерген сюжет әлеуметтік мәселені қозғады дегенмен, сараптамалық бағдарламаның форматына сай келмейтіндей. Жалпы, «Айна» бағдарламасы көрерменді ұстап тұру үшін мәселеге жеңіл қарауға, әзілмен астарлауға тырысады. Кейде сәтті шыққанымен, кейде сәтті бола бермейді.
Елде сәбилер өлімі көбейіп келеді. Бұл туралы «Сәбилер зираты» аталатын сюжет әзірленіпті. Сюжетте қолданылған видеода балалардың бет әлпеті ашық көрсетілмепті. Құптарлық.
Қызылордадағы ана мен бала өлімі және Денсаулық министрлігінің дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігі туралы талқыға шығарған заң жобасы бір сюжетте талқыланды.
Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.
Apta, QAZAQSTAN
Кезектен тыс президент сайлауына 56 күн қалды. Үміткерлерді тіркеудің үшінші күні өтіп жатыр. Әзірге ешкім тіркелмеді. Apta алдағы сайлау тақырыбынан басталды. Сюжетте үміткерге қойылатын талаптарды айтып, басқа мемлекеттерден мысал келтірді (елімізде Зеленский де, Трамп та шықпайтынын меңзеп, өйткені мемлекеттік не сайланбалы қызметті 5 жыл еңбек өтілі болуы керек). Спикер ретінде қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары Бауыржан Серікбаев пен Елдос Жұмағұлов, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтынан Алуа Жолдыбалина мен Ермек Тоқтаров сөйледі. Серікбаевтың сөзінше, 1 қыркүйектен бері саяси партиялар мен қозғалыстардың сайлауға кімді ұсынатынын талқылауға уақыты болыпты. Тек қазақстандық қоғамдық даму институты (бұрынғы “Рухани жаңғыру” кеңсесі) мен Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚР Президенті жанындағы) сарапшыларын ғана емес, еліміздегі тәуелсіз ұйым сарапшыларының да пікірін сұрағанда болар еді. Алайда, Apta оларды елемеуді жөн санапты.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа барып, БҰҰ Бас ассамблеясының 77-сессиясында сөйлегені екінші үлкен сюжетке арқау болды. Бәрін айтып (БҰҰ мінберінде сөйлегені, АҚШ-тағы ірі компанияларда жұмыс істейтін қазақстандықтармен және жергілікті ірі бизнесмендермен кездесуі), барлығын көрсетті.
Владимир Путин Ресейде ішінара мобилизация жариялады. Телеарнаның Мәскеудегі тілшісі осы тақырыпта сюжет дайындапты. Көшедегі адамдардан пікір сұрап (пікірлер әралуан: бірі Путинді қолдаса, ендібірі не үшін өлетінін түсініксіз соғысқа баруды қаламайды), кімдер мобилизацияға жатататынын, кімдер ілінбейтінін айтты. Шап-шағын, бірақ мағлұматы мол, ең бастысы тараптарды сөйлеткен, баланс сақтаған сюжет.
Ресейде ішінара мобилизация жарияланған соң ресейліктердің біразы басқа елдерге көше бастады. Көбі Қазақстанға бағыт алды. Елге үдере көшіп келіп жатқандар қоғамға қалай әсер етеді? Міне, осы туралы үлкен сюжет жасапты. Шекара бекетінде тұрған РФ азаматтарының мен Қазақстандағы РФ азаматтарының пікірін сұрап, эксперттер мен экономисті сөйлетті. Сенат спикері, ҚР ІІМ өкілі мен Krisha.kz компаниясының басшысынан да пікір алыпты. Сюжеттегі назар аударатын бір сәт – мұнда да сарапшы ретінде қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары Бауыржан Серікбаев пен Елдос Жұмағұлов сөйледі. Демек, екеуі де түрлі тақырыпта сөйлей беретін әмбебап сарапшылар болғаны ғой. Apta редакциясы сарапшы спикер таңдауға жете мән берсе екен.
Қостанай халқы бір айға жалғасқан орман өртінен кейін қалай өмір сүріп жатыр? Бұл сауалдың жауабын іздеген сюжетте тұрғындардың жан тебірентер хикаялары, салмақты мәселелері қамтылған. Тілшінің қозғалмалы стендаптары материалды әсерлі ете түсіпті. Ахуалды анық көрсеткен сапалы сюжет.
Осы аптада Қайрат Сатыбалдының үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша нюанстар белгілі болды. Сот отырысы туралы айтып, Қайрат Сатыбалды мемлекетке қайтарған миллиардтарға қанша мектеп салуға болатынын да есептеді. Тартымды салыстыру.
Түркістан облысы мақташыларының проблемасы үлкен сюжетке түрткі болған екен. Әкімдік мақтаның 1 тоннасы 374 мың теңгеден сатылсын деп баға белгілегенімен, жекеменшік зауыттар оның құнын тоннасына 200 мың теңгеден асырмай отыр екен. Дихандар шығынға бататынын айтып шырылдап жүр. Шыдамы таусылған жұрт егістігін тастап, облыс әкімдігінің алдына келіп, бағаны көтеруді талап етті. Комментарийі көп, эмоцияға толы, дихандардың проблемасын айқын көрсетер сюжет. Облыс әкімдігінің өкілдері мен Қазақстан мақта қауымдастығының төрағасын да сөйлетіп, “Ауыл” партиясы өкілінің пікірін сұрапты.
Бағдарламаны Димаш Құдайбергеннің Алматыда ғаламат концерті өткені туралы хабар түйіндеді. Әншінің концертіне еліміздің және әлемнің түкпір-түкпірінен 30 мыңнан аса көрермен жиналды.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.