ДомойМедиасынЕуропаға жол, Біртанов соты, несие, рақымшылық: 24-30 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Еуропаға жол, Біртанов соты, несие, рақымшылық: 24-30 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Еуропаға жол, Біртанов соты, несие, рақымшылық: 24-30 қазандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы Еуропалық Кеңес төрағасы Шарль Мишельдің Қазақстанға ресми сапарына арналды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізіп, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуіне қатысты. Бұдан бөлек, ТМД елдерінің бір-біріне қашқын жемқорларды экстрадициялау туралы келіскені, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішовке қатысты сот үкімі шыққаны, Қаңтар оқиғасына қатысып, ауыр қылмыс жасамаған жандар рақымшылыққа ілінетіні және тағы басқа мәселелер туралы жеке сюжет ұсынылды.

«Жеті күн», «Хабар»

Жігер Сәрсен «Жеті күннің» әлқиссасын «Мемлекеттік қызметте министр деңгейіне жеткен тағы бір шенеуніктің мансабы аяқталды» деп бастады. Оылайша бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен экс вице-министр Олжас Әбішевке қатысты сот үкімі шыққанын, алайда олар аппеляциялық шағым түсіретінін айтып өтті.

Еуропалық Кеңесі төрағасы Шарль Мишельдің Қазақстанға сапары және Орталық Азия елдері басшыларымен кездесуі туралы жеке сюжет әзірленді. Жиынның мазмұны баяндалып, Тоқаев пен Мишельдің екі жақты кездесуінен кейінгі баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінен синхрон берілді. Экономист сарапшылар Орта Азия елдері, Қазақстан мен ЕуроОдақ ынтымақтастығының маңызы туралы пікір білдірді. Әдеттегідей ұзақ сюжет болды.

Жігер Сәрсен ТМД-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары кездескенін, оған Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысқанын, күнтәртібінде көтерілген мәселелер туралы кадрда сөйлеп, қысқа қайырды.

Қостанай облысы Әулиекөл ауылының шығысында жанып кеткен бір ауылдың орнында жаңа шыған аудан салынып, оған «Бірлік» атауы берілді. 90 үйдің ішкі-сыртқы жұмысы толық аяқталып, коммуналдық жүйесі іске қосылған. Ауылдағы құрылыстың қалай жүргізілгені, зардап шеккендерге қанша өтемақы төленетіні туралы сюжет берілді. Тұрғындарды, жергілікті шенеуніктерді  сөзге тартқан. Тілші «аз уақытта саздауыт жерге салынды», «сапасы нашар болуы мүмкін» деген секілді пікірлердің болғанын айтып өтті. Алайда сюжетте сыни пікір айтқан бірде-бір адам болмады. Сондай-ақ өртке қатысты қылмыстық іс қозғалып, орман шаруашылығының басшысы қамауға алынғаны тілге тиек етілді. Сюжеттің мақсаты биліктің «үй салып береміз» деген уәдесін орындағанын көрсету болды.

Жігер Сәрсен мал фермасы мен криптоферманы салыстырып, «жем-шөп жинап, қора тазаламайсың, компьютер мен серверге ғана күтім жасайсың» деп криптоөндірісті «машақаты аз, майшелпегі көп табыстың төте жолына» теңеді. Бір саланың бәсін асыру үшін, бір саланы төмендете сөйлеу жарамайды. Теміртауда 12 гектар жерді алып жатқан криптофермадан сюжет әзірленді. Криптовалюта өндіру мен осы нарыққа қатысты ақпарат берілген тұщымды сюжет.

«Жеті күн» сайлауалды үгіт-насихат туралы сюжет жасапты. Бірінші Тоқаевтың науқанына қатысты ақпарат берді. Үміткерлерді тегіс көрсетіп, барлығын сөйлетуге талпыныс бар. Нұрлан Әуесбаевты «оппозициялық кандидат» деп атап, оның сенімді өкілін сөйлетті. Оппозициялық күштер кандидат ұсынып па еді?

Сәкен Сейітханұлы ел әскерінің әлеуетінен бастап бұл саладағы әлімжеттік, жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандыру мен  күзгі әскерге шақыру маусымына дейін қамтып, ауқымды сюжет әзірлепті. Тақырып ауқымының тым кең болуы нақты бір мәселеге қатысты толық сараптама жасауға кедергі болды.

Елордада Аstana Media Week өткені қысқа баяндалып, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің пікірінен үзінді берілді. «Жеті күн» осылай аяқталды.

Sarap-Times, Astana TV

Sarap times алдымен Еуропалық Кеңес төрағасы Шарль Мишельдің Қазақстанға сапары туралы ақпарат ұсынды. Алайда жеке сюжет болған жоқ. Кадр сыртындағы мәтін және синхрон форматында баяндалды.

Қаңтар оқиғасына қатысқан, ауыр қылмыс жасамаған жандар рақымшылыққа ілінеді. Сенат заң жобасын мақұлдады. Дастан Сейілхан осы жаңалықты айтып, Қайрат Құдайберген мен Дикий Арман рақымшылыққа ілінбейтінін ерекше атап өтті. Кәрім Мәсімовтің де жазадан құтылмайтынын тілге тиек етіп, Бас прокуратура өкілінің пікірін берді.

Дастан Сейілхан бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты сот үкімі шыққанын айтып, оған қатысты экс-министрдің пікірі берді. Рамиль Мухоряповтың мәлімдемесіне қатысты тергеу басталғанын да атады. Алайда бұл ақпарат ресми органдарға емес, журналист Күлтегін Аспанұлының Facebook парақшасында жариялаған жазбасына сүйене айтылды. Журналист ресми органдарға сұрау салып, ақпаратты нақтылау қажеттігін ескермеді.

Президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат барысы туралы студияда сұхбат болды. Сұхбатқа ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Ермек Тоқтаров шақырылған. Сарапшы электоралды процесске баға берді.

Мемлекет басшысы халықтың көптеп несие алуына қатысты алаңдап, мәлімдеме жасайтынын айтқан болатын. Президенттің осы сөзін негізге алған Sarap times арнайы сюжет әзірледі. Онда төлеу мерзімі 90 күннен асқан несиенің көптігі, тұтыну несиесін алушылар ұлғайғаны, халықтың қарызға тамақ-киім алып отырғаны туралы сөз болады. Сарапшылар, қарапайым тұрғындарды сөзге тартқан. «Қазіргі заң банктердің ғана мүддесін қорғауда» деген тілші нақты қай Заң туралы айтып отырғанын нақтыламады.  Банкроттық туралы заң талқыланып жатқанын айтып, сарапшы пікірін білген. Дегенмен тілші сюжет соңын президенттің мәлімдемесінен сүйіншілейтін жаңалық күтетінін айтып, аяқтады.

Sarap times «Әскери қоймалар қашан жаңарады» деген мәселе көтерді.  Мемлекет басшысы Арыста болған жарылыстан кейін қару-жарақ қоймаларын елдімекеннен алыста салуға пәрмен берген. Бұл тапсырма әлі орындала қоймаған. Ал қоймаларды көшіруге 3 трлн теңге қажет екен.  Мәселе жан-жақты талқыланып, түрлі сарапшылар пікірі берілді. Олар әскери қоймалардың қауіпсіздігіне баса мән берді. Толымды сюжет.

Сондай-ақ бағдарлама оңтүстіктен солтүстікке көшкен отбасылар туралы сюжет әзірледі. «Еңбек» бағдарламасының осал тұсы және қалай жүзеге асып жатқаны, мемлекет тапсырысымен салынған үй сапасы, бағдарламаға көңілі толмағандар туралы айтылды. Мәселені жан-жақты талқылаған сюжет.

Ресейден соңғы уақытта көшіп келгендер қазақ тілін үйренуге талпынып жүр екен. Sarap times осы жайында сюжет жасап, мобилизациядан қашқан ресейліктерден сұхбат алды. Олардың барлығы Қазақстанды, қазақстандықтарды мақтады. Қазақша үйреніп жүрген орыстардың да пікірі бар.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

Бағдарлама қыстың қамына кіріскен ауыл халқының мәселесін көтерді. Тілші Ақбөпе Тәңірберген Ақмола облысына барып, отын бағасын анықтаған. Халықтың әл-ауқаты нашар екенін, отын алуға ақшасы жетпей отырғанын  айтып, қарапайым тұрғындарды сөзге тартты. Ауыл халқының мұңын айтқан өзекті сюжет.

«eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқысы елдегі жалғызбасты аналар мәселесін көтерді. Күйеуге шықпай, өзі үшін бала туған әйелдер жалғызбасты деп есептелгенмен, толық емес отбасына жатпайды. Тілші осындай отбасылар қандай мемлекеттік қолдау алатынын айтады. Сонымен қатар, тұрғылықты жерде тіркеуде тұрмаған жандарға айыппұл салынатынын айтты. Зейнетке шығу жасына қатысты заңды Мәжіліс мақұлдағаны туралы да ақпарат бар.

«Айна» бағдарламасы жалғызбасты әкелердің де мәселесін көтерді. Махамбет Бейбітшілік әдеттегідей тиянақты сюжет әзірлеген. Жалғызбасты әке асырап отырған балалар тұратын отбасы» толық емес отбасы» деп саналмайтыны, оларға әлеуметтік төлем төленбейтіні туралы орынды мәселе көтерген.

«Айна» бағдарламасы Мәди Ахметовтан сұхбат алды. Ақбөпе Тәңірберген әзірлеген «Қалаулы болу оңай ма?» сюжеті арқылы кейбір депутаттардың өмірі туралы тың ақпарат беруге талпынса керек.

Бағдарлама әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарымен аяқталды.

Apta, QAZAQSTAN 

Бағдарлама Еуропалық Кеңес төрағасы Шарль Мишельдің Қазақстанға ресми сапарынан басталды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізіп, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуіне қатысты. Apta тілшілері осы сапарды басты назарға алды, көп сарапшы сөйлетіп, сараптамалық мәні бар сюжет дайындапты.

Елдегі мыңдаған тонна бидай шіріп кеткелі тұр. Өйткені диірменге жеткізуге де, сыртқа сатуға да мүмкіндік жоқ. Вагондар тапшы. Бар бидайды сыртқа сатудың қиынға айналғаны тағы бір үлкен сюжетке арқау болыпты. Дихандардан бастап тасымалдаушыға дейін сөйлетіп, тараптардың бәрін дерлік қамтитын материал.

Мәскеу Украина астығын тасымалдау туралы шілдедегі келісімнен шығатынын мәлімдеді. Украинадағы соғыс туралы шолу сюжетте бұл келісім бұзылса, азық-түлік нарығына қандай қауіп төнетініне және екі тараптың бірін-бірі айыптауына көбірек мән берді.

Апта ішіндегі маңызды оқиғаларға қысқаша шолу төрт тақырыпты қамтыды:

  • ТМД елдері бір-біріне қашқын жемқорларды экстрадициялау туралы келісті.
  • Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішовке қатысты сот үкімі шықты.
  • Қыркүйек айында Қазақстанда әуе тасымалының құны 20 пайызға өскен.
  • Депозитте ақшасын теңгемен жинаған адамдар үшін пайыздық мөлшерлеме ұлғайтылады.

Біртанов соты туралы толымды сюжет дайындаса болар еді. Бұрынғы денсаулық министрінің сот ісі жұртшылыққа қызық болса да Apta бағдарламасына аса қызықсыз сияқты әсер қалды.

Сеулде Хэллоуинді мерекелеуге жиылған жұрт сығылысып қалып, 151 адам қаза болды. Жүзге жуық адам түрлі жарақат алған. Оқиғаның жай-жапсарын айтып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының президенті Юн Сок Ëльге көңіл айту жеделхатын жолдағанын хабарлады.

Қазақстандағы жылу электр орталықтары құрал-жабдықтарының 70%-ға жуығы тозған. Күні кеше Теміртауда жаңа жылу магистралінде апат болып, ондаған көпқабатты үй жылусыз қалды. Еліміздегі жылу электр орталықтарының мәселесін зерттеген сюжетте комментарий де, мағлұмат та мол. Сюжет авторы Амангелді Сейтхан жап-жақсы талдамалы сюжет жасап, «Демек, қалтаға салмақ түспес үшін әзірге ескі орталықтарды жамап-жасқап отыра тұруға тура келетіндей» деп түйіндеді.

Еуропа елдеріндегі энергетикалық дағдарыс, Еуропада жылу маусымы қашан басталып, биыл қандай қиындықтар туындауы мүмкін екенін баяндау үшін жүргізуші Альбина Әшім Бельгиядағы тілшімен тікелей байланысқа шықты. Шетелдегі тілші жағдайды баяндап берді. Қызық әрі елең еткізер көп ақпарат айтты.

Кезектен тыс президент сайлауына 3 апта қалды. Кандидаттардың сайлауалды штабының жұмысы, олардың жер-жердегі кездесулері туралы сюжет бағдарламаны түйіндеді. Apta ұжымы сайлау туралы бір сыдырғы қызықсыз сюжеттерді мінсіз жасайды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР