Модуль 13. Гендерлік таптаурындар

Модуль 13. Гендерлік таптаурындар

3-ҚАДАМ. Саясат және гендерлік теңдік (15 минут)

Әңгіме саясаттың гендерлік аспектісіне келіп тірелгенде, үнемі әйелдердің биліктегі үлес салмағы туралы мәселе көтеріледі. Бұл ретте мемлекеттік құрылымдар елімізде әйелдердің шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдердің саны үнемі өсу үстінде екендігі жайында есеп беріп жатады. 2017 жылдың қыркүйегіндегі статистика бойынша әйелдердің Мәжілістегі үлес салмағы 21 пайызға жеткен екен, бұл әлем бойынша 57-ші нәтиже көрінеді.

Екінші жағынан, феминист әйелдер әйелдердің биліктегі үлес салмағын арттыру қажет дегенді жиі айтады. Демократиясы дамыған скандинавия елдерінде ер депутаттардың саны әйелдерден анағұрлым аз, бұл ретте Қазақстандағы жағдай өте нашар.

Тапсырма-1 (уақыты — 10 минут):

Қатысушылар әйелдердің биліктегі үлес салмағын арттыруды қолдайтын және қолдамайтындар болып екі топқа бөлінеді. Өзіңізді ақтап алатын бірнеше аргумент дайындаңыз.

Ростислав Ищенконың «Гендерное равенство – удар по политикам-женщинам» атты сұхбатымен таныс болыңыз.

Талқылауға арналған сауалдар:

  1. Оның көзқарасы сізге сенім ұялатты ма?
  2. Сіздің көзқарасыңызға материал қаншалықты әсер еттті? Неге?

Түйін

Әйелдер саяси шешім қабылдауға ерлермен тең дәрежеде қатыса алады әрі ел басқара алатын қабілеті бар, алайда ол үшін олардың бұған лайық мінезі мен көшбасшылық қасиеті болуы тиіс. Қоғамдағы патриархальды стереотиптерді жеңу үшін әйелдердің көшбасшылық қасиетін тани білу керек, сондай-ақ олардың бұл қасиетін дамытуға жағдай жасаған жөн. Әрі олар өз қабілеттерін ерлермен бірдей дәрежеде жүзеге асыруына жол ашу үшін арнайы платформалар жасаған жөн.

13-модульге қосымша

Тақырып: Ішкі сексизм, көп әйел алу және дін

«КӨП ӘЙЕЛ АЛУ» ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНУЫ КЕРЕК ПЕ?

Интернетті ақтарып отырсам, орыс тілді БАҚ –тар да тоқал туралы мәселені мысқылдап қозғап отыр екен. Оларға бұл тақырып қазақты мазақ қылу үшін керек, ал қазақ тілді баспасөз бұл туралы түк білмегендей кейіп ұстанғаны жөн.

Егер алда-жалда парламентте екі әйел алу жөнінде заң қабылдай қалса, қазір ол қазаққа жұмыс істемейді. Керісінше, орасан зияны тиіп, қазақ халқына орны толмас өкініш әкеледі. Сыртқы да, ішкі де жауларымыз осы заңның қабылданғанын күтіп отыр. Қабылданған күннің ертесіне іштен, сырттан шыққан жаулардың қаржыландыруымен мыңдаған «Әйел құқығын», «Бала құқығын», «Әйел теңдігін қорғау» ұйымдары тарақанша қаптап, бүкіл ақпарат құралдары өзіміздікі бар, сыртқы жаулардың орыс тілдісі бар ермегі біздің әрбір татутәтті тұратын екі әйелі бар отбасыларының шаңырағын ортасына түсіріп, соны жерден жеті қоян тапқандай, балаларын бақытсыз, әйелі қорланған, зорланған, азаптанған, құқығы аяққа тапталған қылып көрсетеді. Кішіжарды арандатып, ажыратып сосын олар үшін арнайы бейімделу орталықтарын ашып, «қол ұшын» беріп әлемге күніне мың рет жарнамалап, өсіп келе жатқан ұл мен қыздардың санасына жиіркенішті етіп көрсетіп, қазақ жастары қазақ болудан қашады. Өз ұлтының салтын, дәстүрін, дінін жек көретін болады.

Ішкі саясатымыз тұрмысқа шықпаған қызымыз бен ажырасқан әйелдерімізді екі әйел алмайтын өзге ұлттарға байға тисе бақытты өмір сүріп, балалары сорлы болмайтын қылып көрсетеді. Өзге ұлттардың сорлы, алаяқ, ұры-қары, алқаш, жаман-жәутіктеріне дейін қазақтың бай, биліктегі әйелдерін қатын қылып мамыражай өмір сүретін болады. Бұндай сұрқия мысалдардың миллиондаған түрін айтуға болады. Сондықтан бірінші міндет — қазақтың тоқсан пайызы қазақша жазып, қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын дәрежеге жеткенше екі әйелі бар отбасыларының жақсы жақтарын үнемі арасын үзбей күнде жарнамалап көрсете беру керек, айта беру керек, жаза беру керек. Сосын барып «Көп әйел алу» туралы заңды қабылдауға болады. Дәл қазіргі жағдай да өте қауіпті.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ,

Астана.

Abai.kz

«Екінші әйел алатын еркек қандай болуы керек?»

Асыл дінімізде көп әйел алуға Алла Тағала рұқсат берген. Мұны екінші, үшінші, төртінші әйел алуға Алла бізді міндеттеді, парыз етті, солай бұйырды деп қате түсініп қалмаңыз. Көп әйел алудың Ислам дініндегі үкімі – парыз не уәжіп емес. Тек кейбір жағдайларға байланысты рұқсат етілген жол ретінде ғана қарастырылады. Қазіргі таңда жасыратыны жоқ, екінші әйел алу кейбір дәулетті еркектердің ермегіне айналып барады. Қазір некелерін ың-шыңсыз қидырып, «үй ішінен үй тігіп» жүргендер өте көп. Сондай-ақ, тұрмысы жүдеу еркектердің де жасырын некемен екінші отбасын құрып жүргенін көз көріп жүр. Ал шын мәнінде шариғат жолымен екінші әйел алатын еркек қандай болуы керек?!

Жарыңызға дінді үйрету үшін алдымен өзіңізді жарылқаңыз! Екінші әйел алуға ниет еткен әрбір ер азамат алдымен өзінің иман деңгейіне баса назар аударғаны дұрыс. Себебі, «ізгі әйелдер ізгі еркектерге» ғана тиесілі. «Бізге екінші әйел алуға рұқсат етілген ғой» деп айтып алып, өздері Алла парыз еткен намаздарды дұрыс орындамай, әсіресе, таң намазына да тұра алмайтын еркектер де бар. Ер адамның ең басты міндеті – отбасы мүшелеріне дұрыс тәрбие беріп, пайдалы ілім үйрету. Және тәрбиелеуде діни қағидаттарға сүйенгені абзал. Отағасы үшін отбасы мүшелеріне діни мəліметтерді үйреніп, құлшылықтарын орындай алатын жағдай жасау да негізгі міндеттердің бірі. Мұсылманның білімі телегей теңіз болғаны жарасымды. Отағасы ретінде əйелі мен балашағасына имани мəселелерді (ақида), харам мен халалды үйретуі керек. Білім беруде ең бірінші діни құндылықтарды үйрету парыз. Сондықтан, екінші, үшінші және төртінші әйел алсаңыз да, алдымен өзіңіздің иманыңызға берік болыңыз. Себебі, иманды адам ешқашан өзіне де, өзгеге де қиянат жасамайды.

Мақалада Қ.Жолдыбайұлының «Күдікпен күрес» кітабынан деректер пайдаланылды

islam.kz

«Әйелді ұрма, сағы сынады…»

Отбасында әйелдердің зорлық-зомбылық көруі барлық қоғамда кездесіп отырған шындық. Бүгінгі күні, өкінішке қарай, жер бетіндегі әйелдердің әрбір бесіншісі еркегінен соққы көреді. Кейбірі зорлық-зомбылықтың құрбаны да болады. Республикамызда тұрмыстағы қысымды болдырмау мақсатында 2009 жылдан бері «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң да қолданыста. Десек те ресми дерек бойынша, елімізде жыл сайын шамамен 20 мыңға жуық әйел зорлыққа тап болады екен.

Қазақ әйелдеріне тән мінез болса керек, көбіне ерлерінен көрген зорлығын сыртқа айта бермейді. «Бас сынса, бөрік ішінде», — деп қарайды. Дегенмен зорлыққа шыдамағанда, оны жақынына, не анасына айтады. Шыдамы таусылғанда барып әлдекімдердің ақылымен заң орындарына жүгінеді. Бірақ күйеуінің ұрғанынан өліп кететін әйелдер де аз емес.

Отбасындағы жанжалға себеп көп. Соның бірі – ішімдік. Арақ ішіп, есін білмеген күйеуі әйелін өлесі етіп сабап тастағанын кеш түсініп жатады. Бір айта кетерлігі, отбасындағы осындай зорлық-зомбылық әйелге ғана кері әсер етпейді. Мамандардың айтуынша, өсіп келе жатқан балалардың психологиясына да бұл жағдай жағымсыз әсер етеді. Ұл бала мәселені шешу мен әйелді бағындырудың жолы таяқ деп түсіне бастайды. Өзі де өскенде соны қайталауға бейім тұрады. Қыз бала үшін отбасылық өмірдің қорқынышы басым. Әйелдер күйеулерінің ұрғанына шыдауы керек деген ойға барады. Осындай жағдайларға мен де тап болуым мүмкін деп үрейленеді. Ер кісілерді жек көретін болады. Тәуекелі жетпей тұрмыс құруы кешеуілдейді. Ұл мен қызда бірдей қорқыныш, алдағы күнге деген сенімсіздік пайда болады. Ұйқы жүйелері де бұзылады. Бұндай зорлық-зомбылықтың балаға деген ең жағымсыз әсері отбасында мәселелер осылай шешіледі екен деген ойға баруында. Яғни шешесінің таяқ жегенін көріп өскен бала әйелді жұдырықтауды қалыпты әрекет ретінде қабылдайды. Бұндай отбасында өскен балалар күйзеліске, өз-өзіне қол жұмсауға, үйден қашып кету әрекеттеріне жақын келеді.

Анығында ерлі-зайыптылар өзіндік мәселелерін ашық сөйлесу, тілдесу арқылы шешуге дағдылануы керек. Өйткені мәселе көбіне түсініспеушіліктен де туындайды. Күйеуі әйелінің күнделікті үйдегі бір бітпейтін әрі көзге аса көріне бермейтін ұсақ тірліктерді атқаруын да бағалай білуі тиіс. Әйеліне әркез ұнатқан сыйлығын әперіп тұрса, ал әйелі күйеуі ұнатқан ас түрлерін дайындап, көңілін таба білсе, бұл да араларындағы сыйластықты арттыруға жарайтын тәсіл. Бұған қоса, Ислам дінінде әйелді ұру ұнамсыз әрекет екенін қаперде ұстау керек. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірінде ешкімді ұрмаған, тіпті жаман сөз айтып балағаттауға да тыйым салған. Хадисінде әйелге қол көтерген жандардың нашар адамдар екенін білдірген.

Иә, «Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген ата-бабаларымыз әйелді де, баланы да ұрмай-соқпай-ақ ақылмен басқара білген. Сондықтан отбасы берекесін кетірмей, татулықта ұстау – есті азаматтар ескеріп жүретін жайт.

islam.kz

Автор: Құдайберді Бағашар

Лəйлə Сұлтанқызынан жаңа тұрмыс құрғандарға 10 кеңес

Өмірден өз теңін тауып, тұрмыс құру – барша қыздың басты арманы. Тұрмысқа алғаш шыққанда бойжеткендер бақыттан басы айналып, қуаныштан төбесі көкке бір елі ғана жетпей жүргендей сезімде болады. «Болды, енді өмірім өзгереді, барлығы басқаша болады» дейсің іштей. Махаббат, ынтық сезім, сыйластық, құштарлық… Құдды бір қанат бітіп, ертегі əлемінде саяхаттап жүргендей ерекше сезімге бөленесің. Алайда, уақыт өте келе мұның бəрі уақытша нəрсе екенін түсіне бастайсың. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді. «Үй болғысы» келетін қыз-келіншектер көкейге түйіп жүретін бірқатар кеңестерді тізбелемекпін:

  • Ешқашан күйеуіңіздің ұялы телефонын ақтармаңыз. Оның поштасын, интернеттегі аккаунттарын тексермеңіз. Ер азаматтарға «тергеуші» əйел ұнамайды.
  • Қыз болып, шыр көбелек айналып, сырласы, досы, көңілдесі, әртүрлі амплуадағы әйел бола білсеңіз, ер азаматтың сізге деген қызығушылығы жоғалмайды. Ол үшін «жұмбақ əйел» бола біліңіз.
  • Еркекке былғанбаған ар және өзін аңсатып тұратын мейірімді жан керек. Ер азаматтар өзінің жарынан қашан да тартымдылықты, құшағына шақырып тұратын құштарлықты күтеді.
  • Сіздің бойыңызда бәрі — шашыңыздың ұшынан башпайыңыздың тырнағына дейін «Мен әйелмін» деп тұруы керек. Өзіңізді жақсы көріңіз, өзіңізге уақыт бөліңіз, күтініңіз, əдемі болуға еш ерінбеңіз. Жеке бас тазалығына баса мəн беріңіз. Ерлердің ең əлсіз тұсы – қылықты, тартымды, əдемі əйел.
  • Өз жарыңызға еркелей біліңіз, кейде оны да еркелетіп тұрыңыз. Бірақ, күйеуіңіз Сіздің «тұңғыш балаңыз» болып кетпесін.
  • Азаматыңызды жылуды жаттан іздейтін жағдайға жеткізбеңіз.
  • Уақыт өткен сайын киіну стиліңізді, имиджіңізді өзгертіп отырыңыз. Азаматыңыз үшін сізден көркем, сізден сұлу, сізден ерекше əйел болмауы керек.
  • Күйеуіңіздің əке-шешесін (ата-енеңізді), туысқандарын, дос-жаранын сыйлаңыз, үйге ертіп əкелген қонағына құрмет көрсетіңіз, жылы қабақ танытыңыз. Бұл қасиетіңіз күйеуіңіздің жақындары арасындағы абыройын, ал күйеуіңіздің сізге деген сыйластығын арттырады.

Алдағы уақытта түрлі тақырыптарда ой қозғап, шамам келгенше, өз кеңесімді сіздермен бөлісіп отырамын. Жаңа тұрмыс құрған сіңілім, үлкен өміріңе басқан қадамың құтты болсын! Бір сөзбен айтқанда, «супер келіншек» бол, бақыт тілеймін!

Ләйлә Сұлтанқызы

Ғалымдар исламда әйел адамға қалай дұрыс қол көтеру керектігін түсіндірді

Ислам әдебі туралы кітап авторлары әйел адамды қалай және қай жерінен ұру керектігін түсіндірді.

Бұл туралы esquire.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Мұхамет Камал Мұстафа, «Исламдағы әйел» кітабының авторы:

Әйелді ауырсынатын жерлерінен ұруға болмайды. Атап айтар болса, бетінен, төсінен, ішінен, және басынан жұдырық жұмсаған дұрыс емес. Соққылар негізінен қол мен аяққа бағытталуы тиіс.

Тым жуан шыбықтың қажеті жоқ. Шыбық жіңішке әрі жеңіл, сондай-ақ, әйелдің денесінде қандай да бір із қалдырмайтындай болуы керек.

Сіздің негізгі мақсатыңыз әйелдің физикалық тұрғыдан қиналуы емес. Керісінше, қателігін жан дүниесімен ұғындыруға себепкер болу. Сол себепті, соққылар қатты әрі жойқын болмауы тиіс.

«Ер мен әйелдің бір-бірінен айырмашылығы неде?»

Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ

Әр адам – өзінше бір әлем. Әр әлемнің де сіз секілді өзіне тән «ой-пікірі, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы» бар. Соның ішінде әсіресе ер мен әйел арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Ер мен әйел арасындағы айырмашылықты көп адам мойындайды, бірақ парқына бара бермейді. Байқасаңыз, екеуінің де өзіндік табиғаты бар. Әрқайсысы бойына біткен қасиетімен ерекшеленеді. Әртүрлі ойлайды, әртүрлі сезінеді, қабылдауы мен бір оқиғаға көрсетер реакциясы да әртүрлі, тіпті сүюі де бөлек. Әрбірі өз тілінде сөйлейтін жаратылыс.

Ер мен әйел арасында белгілі айырмашылықтың болуы – табиғи нәрсе. Екеуі де өздеріне тән қасиеттері арқылы бірін-бірі толықтырып отырады. Екі жақтың осы мәселені ұғынуы арада дұрыс қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Себебі адамда «маған ұнаған нәрсе басқаға да ұнауы тиіс» немесе «мен қалаған нәрсені ол да қалауы тиіс» деген эгоистік түсінік бар. Бұл нәрсе дұрыс емес әрі адамға пайда әкелмейді. Ерлі-зайыптылар арасында көптеген проблема осындай теріс түсінік салдарынан туындап жатады. Бұған белгілі дәрежеде феминизмнің де зор ықпалы бар.

Алла тағала ер мен әйелді бір-бірін толықтыратын жаратылыс етіп жаратты. Яғни, ер кісіге қажетті болған нәрсені әйел кісінің бойына, әйел кісіге қажетті болған нәрсені ер адамның бойына топтастырған. Бар болғаны екі жақ та қарсысындағы адамның қажетін лайықты түрде ұсынып, өзіне қажет нәрсені даналықпен ала білгені қажет. Сол кезде шаңырақтың босағасы берік болады.

Дмитрий Шорохов
Дмитрий Шорохов
С 2000 года по 2010 год — доцент факультета журналистики КазНУ им. аль-Фараби. С 2011 года по настоящее время — ассоциативный профессор кафедры Медиакоммуникации и ИК Международного университета информационных технологий. Работал с международными организациями UNICEF, UNESCO, IMO, ILO, Gender Bureau of UNDP и др. по реализации социальных программ. Член Союза художников РК с 2004 года. Участник более 50 республиканских и международных выставок. Работы находятся в музеях и частных коллекциях Казахстана, России, Германии.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР