Бұл модульдің мақсаты қатысушыларға екі сағаттың ішінде жаңалықты әлеуметтік желіге лайықталған бір минуттық видео контент ретінде жасауды үйрету. Екі сағат барысында қатысушылар интернеттегі жаңалықтың мәтінін Lumen5 платформасында бір минуттық видеоға айналдырып, әлеуметтік желіде жариялау жолдарын меңгереді. Сол арқылы әлеуметтік желілердің жаңалықты жеткізу формасына тигізіп жатқан әсерін байқайды.
Осы мақсатқа жету үшін сабақ барысында қатысушылар төмендегідей сауалдардың жауабын табады:
- Интернет пен әлеуметтік желілердің қандай түрлерін білесіздер?
- Әлеуметтік желіде жасалатын видеоконтенттің ерекшеліктері қандай?
- Әлеуметтік желіде қандай жауапкершілік бар?
- Lumen5 платформасымен бір минуттық видео қалай жасалады?
- Әлеуметтік желідегі жаңалықтың берілу ерекшеліктері?
1-ҚАДАМ. Қатысушылармен танысу. Сабақ мақсатын айқындау (15 минут)
Сабақ басталмас бұрын тренер әрбір қатысушының аталған тақырып туралы білімі мен біліктілігін ұғу үшін «Жауабын тап» ойынын ойнатады.
«Жауабын тап» ойыны үш кезеңнен тұрады:
- Ойынның ережесі бойынша әр қатысушы сауалдың жауабын басқа жеті қатысушыдан сұрап, есімі деген жерге жауап берген адамның атын, ал жауабы деген жерге жауабын жазады. Жауабы деген жерге «білмеймін, менің ойымша былай болар» деген тәрізді жауаптар да қабылданады. Ең бастысы ойыншы өз парағына өзінің атын және өзге жауап берушінің атын біреуден артық жаза алмайды. Тапсырманы орындауға 10 минут уақыт беріледі». Бұдан соң тренер тапсырма жазылған үлестірмені әр қатысуышыға бір-бірден таратып береді. Осы аралықта қатысушылар өздерін еркін сезіну үшін бес минуттық әуен қосып қойса болады.
- Қатысушылар парақтарын толтырып жатқанда тренер, қай сауалға қатысушылар көбіне дұрыс жауап беруде екенін, ал қай сауал қиындық тудырғанын бақылайды. Сонымен қатар осы тақырып бойынша білімі 173 мен біліктілігі өзгелерге қарағанда артығырақ қатысушылардың кім екенін анықтай алады.
- Тренер уақыт аяқталғанын білдіріп, қатысушыларға өз орындарына жайғасуын сұрайды. Әрі қарай тренер әр сұрақтың жауабын қатысушылардан сұрап, жеке-жеке талдап шығады. Егер қатысушылардың сауалы қате болса, тренер оны түзетіп, дұрыс жауабын көрсетеді.
Сұрақтардың жауаптары:
№ | Сұрақтар | Жауаптары |
1. | Google Advanced Search ерекшелігі неде? |
Google тереңдете іздеу функциясы деректі жылдам әрі оңай табуға жәрдемдеседі. Google.com деген сілтеме арқылы шағын терезе ашылғанда ол жерге кілт сөздерді енгізіп қоймай, pdf, word, xls тәрізді әртүрлі формадағы құжаттарды және арнаулы сайттардағы деректерді тез табуға болады. |
2. | Pixabay деген не? |
Әлеуметтік желіде мәтіннен гөрі визуалды контент маңызды. Осы орайда заңға қайшы келмейтін суреттер мен визуалдарды pixabay.com тәрізді ресурстан алып қолданса болады. |
3. | Bit.ly деген не? | Әдетте әлеуметтік желіде сілтемелерді бөліскіміз келетін кездер болады. Бірақ сілтемелер тым ұзақ, әрі шұбалаңқы болғандықтан әдемі көрінбейді. Сондықтан оны қысқарту қажет. Осы орайда ұзын сілтемені bit.ly ресурсына салып, ықшамдалған нұсқасын пайдалансақ болады. Әрі осы сервистен сілтемені қанша адам ашқанын, қандай браузермен кіргенін қадағалап отыруға болады. |
4. | Lumen 5 деген не? |
Lumen5 платформасы бүгінде AJ+, HBO тәрізді әлемдік медиалар әлеуметтік желіде видеоконтент жасағанда кеңінен пайдаланады. Бұл платформада аз уақытта сапалы видео жасауға болады. Ол үшін мәтін болса жеткілікті. Ресурс қажетті сурет пен видеоны автоматты түрде өзі ұсынады. |
5. | Видео жаңалықтың ұзақтығы қанша минут болғаны жөн? |
Әлеуметтік желі қолданушысы ұзақ дүние оқығысы келмейді. Дәлірек айтқанда контенттің көп болуы, таңдаудың көп болатынын, әрі адамның назарына таласу үшін көп тер төгу қажеттілігін ұқтырады. Сол себепті видеоның қысқа, дәл, нақты болғаны жақсы. Біз бұл сабақта жасайтын видеоның ұзақтығы бір минуттың көлемінде болады. |
6. | Фактінің пікірден қандай айырмасы бар? |
Факті нақты сандарға негізделеді. Фактіні тексеруге, терістеуге болады. Ал пікір сол факті туралы адамның жеке ойы. |
7. | Әлеуметтік желідегі жазбаның пікірден қандай айырмашылығы бар? |
Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес әлеуметтік желі де медиаға, яғни ақпарат құралына жатады. Сол себепті жазылған пікір мен жазбаның заң алдында жауапкершілігі бірдей болмақ. Сондықтан, кез-келген адам интернеттегі әрбір әрекеті үшін жауап беретінін естен шығармауы тиіс. |
2–ҚАДАМ. Тақырыпқа теориялық кіріспе (20 минут).
2008 жылы Астана қаласындағы мектепті үздік аяқтаған 16 жастағы Ерлан Айтымов ҰБТ-дан 116 ұпай жинап, ресейлік Лукойл компаниясының шәкіртақысымен Мәскеудегі Губкин атындағы Мұнай Газ университетіне қабылданған еді. Алайда сол жылдың 14-желтоқсанында бірінші курстың алғашқы семестрін енді аяқтағалы жатқан Ерлан жатақханасының қасында қылмыскерлердің қолынан ажал құшты. Суық хабарды «Жас қазақ» редакциясында тәуелсіздік күніне арналған мерекелік нөмірді әзірлеп жатқанда естідім.
Дәлірек айтқанда көрдім. Ерланның қазасын естіген достары Facebook желісінде еске алу тобын құрған екен. Қаралы хабарды сол жерден көріп, әлеуметтік желі арқылы достарын тауып, «Жас қазақ» газетінің алғашқы бетіне мақала етіп жарияладық. Егер әлеуметтік желідегі достарының хабары болмағанда Ерланның өлімі 16 желтоқсан тәуелсіздік күнінің көлеңкесінде қалып, елеусіз қалып қояр ма еді… («Жас қазақ» газетінің журналисті Асхат Еркімбайдың жазбасынан)
«Жас қазақта» жарияланған ақпарат қоғамда үлкен дүрлігіс тудырды. Мәскеуде оқып жатқан қазақ студенттерінің қауіпсіздігіне қатысты мәжіліс депутаттары үкіметке арнайы сауал жолдады. Әлеуметтік желідегі маңызды ақпараттарды ескеріп, дер кезінде қоғамға ұсына білу – журналистің міндеті. Алайда журналистер ақпаратты тексеріп, оның дұрыстығына көз жеткізіп барып жариялауы тиіс.
Жоғарыдағы мысалды айта отырып, медиатренер журналистер үшін әлеуметтік желі жаңалықтың драйверлерін табуға, верификация жасауға жақсы құрал болатынын айта отырып, жауапкершілік 175 мәселесіне тоқталады.
Әлеуметтік желіде контент жауапкершілігі туралы тақырыпқа кіріспе ретінде Бэлла Орынбетованың TEDxAlmaty сахнасында жасаған баяндамасын көрсетуге болады.
Бұдан соң «Әлеуметтік желідегі жауапкершілік» (авторы Есенгүл Кәпқызы, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы басшысы) презентациясын таныстырған дұрыс. Презентация қосымша құрал ретінде тіркелген.
Презентацияда тренер сонымен қатар Сергей Штурхецкий, Сәния Әбдіғапар әзірлеген «Медиасауат», 2018 кітапшасындағы төмендегі деректерге де тоқталып өткені абзал.
Әлеуметтік желі қағидалары
Әлеуметтік желілер негізін қолданушылардың профайлдары құрайды. Желіге оңай әрі тегін кіре алатын болғандықтан, кез келген адам өзіне профиль (аккаунт) аша алады, жаңалықтар, суреттермен бөлісе алады, сонымен қатар хабарламалармен алмаса алады.
Ұйымдар мен брендтер де әлеуметтік желілер көмегімен сатып алушылары мен жақтастарын жинап, идеяларын жүзеге асырып, тауарларын сату үшін әлеуметтік желілерге келді.
Желі қолданушылары өз парақшаларын және қызығушылықтарына қарай топтар аша алады. Әлеуметтік желілердің қарқынды дамуымен авторлық құқық, агрессия мен өшпенділік тілін тарату, сонымен қатар адамның “жеке өміріне қол сұғу” секілді мәселелер өршіп кетті.
Уақыт өте желi жасаушылар қауіпсіздік ережелерін және т.б. бекітуді қолға алды
Әлеуметтік желілерде жалған ақпараттың таралуы
Өкінішке қарай, жаңа медиа деген ақпарат алмасу мен таратудың жылдам құралы ғана емес, өсек-аяң, жалған ақпарат және фейктерді таратудың да ең қолайлы құралы болып отыр. Жеңіл қолжетімділік (соның ішінде оңай тіркелу), аты-жөнін біршама көрсетпеу және горизонтальді құрылым хабарламаны географиялық орналасқан жерді көрсетпей-ақ тез таратуға мүмкіндік береді.