ДомойМедиасынЖасанды интеллект тақырыбын қалай жазып жүрміз?

Жасанды интеллект тақырыбын қалай жазып жүрміз?

Жасанды интеллект тақырыбын қалай жазып жүрміз?

Жасанды интеллект Қазақстан баспасөзінде тұрмыстық контекстен гөрі саяси қайраткерлердің аузынан жиі естілетін тақырып. Себебі бұл қазір тренд, халық алдында заман көшіне ілескен адам ретінде көрінуге жақсы құрал. Сондықтан саяси қайраткерлер кейде сарапшы деңгейіндегі пікір білдіріп, тәуекелге барып жатады.

Ал біз Қазнеттің жасанды интеллект туралы танымдық тұрғыда қатардағы оқырманға не беретінін шолып шығамыз.

«Жасанды интеллект деген не және оның адамзатқа қаупі қандай?» (авторы – Жолдас Өрісбай) деген мақала тақырыпты жан-жақты қамтыған, алғашқы мағлұматтар алу үшін тамаша лоңрид. Дегенмен, танымдық мақсаттағы  материал үшін жанама мәліметтерге қажетсіз ойысу бар. Кейбір тарихи деректер артық көрінді. Тақырыпта «деген не?» деген соң, жалпылама сипат шеңберінен шықпау керек еді.

«Жасанды интеллекттің жетістігі» (авторы – «The Qazaq Times»). Үлкен дәйексөз келтіріп, мақаланың символ санын көбейтіп алу қулығым емес, бірден айтайын. Лид: «Уақыт өткен сайын жасанды интеллект (AI) дамуы артты. Ядролық энергияны бейбіт және деструктивті мақсаттар үшін пайдалану, мұнай өндірудегі энергетикалық мәселелерді шешу және жаңа материалдарды синтездеу үшін шикізат алу – адамзаттың өмірін өзгерткен өнертабыстар». Алғашқы сөйлем мен кейінгі сөйлемді мазмұндық тұрғыдан қабыстыру оңай емес секілді.

«Жасанды интеллект мемлекет басқара ала ма?» (авторы – Serikqazy KÓKENAI). Неліктен жасанды интеллекттің тап осы мемлекет басқару қабілеті басты назарға алынғаны түсініксіз. Тақырыбына жауап беретін зерттеуден гөрі, ойтолғау деуге келеді.

«Жасанды интеллект мұғалімді алмастыра ала ма?» (авторы – Думан Анаш). Жасанды интеллект бойынша мазмұны тақырып атауын толық ақтап шығатын тиянақты сирек жазбалардың бірі. Мамандар тақырыптың түрлі қыры бойынша пікір берген. Білім саласындағы жасанды интеллекттің рөлі қандай болатынын түсінуге әбден болады.

«Жасанды интеллект журналистикаға қызмет ете ала ма?» (авторлар – Томирис Байғабыл, Іңкәр Серікқызы). Жазба тақырыбы елең еткізгенмен, мазмұны шығарма, эссе секілді. «Тілшілер бұрындары қойын дәптерді алмастыратын компьютер мен ноутбукты армандаса, келешек журналистердің жанында түсірілім кезінде робот көмекші мен робот оператор да жүруі ғажап емес» дейді авторлар. Жалпы, келешектегі игіліктер туралы тұспалдарды өмір бойы жаза беруге болатын сияқты. Тақырыппен сең қозғағасын, мазмұнда да айқын тұжырымдар болуы керек шығар. Ең болмаса, мамандардың, тараптардың пікірі болуы керегі анық. Айтпақшы, автор ретінде жақшадағы екі адам көрсетілгенімен, парақтың метамәліметтер бөлігінде Меруерт Сағымхан деген есім жазылған екен. Мұным жай, қазнет сайтарының көбіне тән – жазбаның метамәліметтер бөлігін ұйымдастырудағы олқылыққа нұсқау ғана.

«Жасанды интеллект және роботтар сайыс алаңына кезекке тұруда немесе АҚШ-тың болашағы президенттің қолында». Тақырыбын қорытудың өзі біршама білікті қажет ететін бұл жазбаның қызық тұсы бар. Жалпы, жазба авторы, журналист (сайттағы қолтаңбасында осылай жазылған)  Әсем Әлмұханбеттің танымдық жазбаларын ара-тұра кездестіріп тұрамын. Автор білетін мол мәліметтер редактура кезеңін аттап кететіндей. Сондай қызық мәліметтер кәдімгі орфографиялық олқылықтың («ГолемЛық», «Aegis ракеталық крейсТерде») құрбаны болып кетіп жататыны өкінішті. Ал қазақ тілінде әлдеқашан қалыптасқан қырғи-қабақ соғысты «суық соғыс» деуі – Yandex аудармашының тәй-тәй басқан кезіндегі аудармасының сапасын еске түсірді.

Қазақша мақала жазарда басқа тілдің драйвер болу трагедиясы мына жаңалықтан да айқын көрінеді. «Сот шешімдерін болжауға жасанды интеллект көмектеседі». Табиғи интеллектімізге бірден келетін ой: соттың қандай шешім шығаратынын болжап не керек, практикалық пайдасы қандай? Мәтінде тақырыпқа түсініктеме беру әрекеті бар: «…жасанды интеллект жүйесі кәсіпкерлерге сот актілерін іздеуге және сот істерінің ықтимал аяқталуына болжауға мүмкіндік береді». Қазақшадан қайта қазақшаға аударсақ, былай екен: сотқа жүгінетін адам шешімнің өз пайдасына шығу ықтималдығын біле алатын болады. Біреудің орнына сонша сеніммен сөйлетіп отырған – тап осы жаңалықтың орысша нұсқасы.

Жазбаларды шолу әдісін айта кетсем. Олар Google-де «жасанды интеллект» деген сұрау бойынша табылған алғашқы жазбалар. Ішінен тек редакциясы бар немесе ақпарат агенттігі/желі басылымы болып тіркелген ресурстар таңдап алынды. Сөздің «жасанды сана» деген нұсқасы да бар, мұндай терминдік екіұдайлық тіпті мемлекеттік сайттарда да кездеседі. Іздеу жүйесіне ол сөз арқылы да сұрау жасалды. Нәтижесі мардымсыз, көбіне копи-паст немесе рерайт. Бұл тақырып бойынша методикалық түрде жазатын болашақ авторларға жасанды интеллект не деген сұрақтан бастауына тура келе ме деп қорқамын. Оны тіпті уақытында мемлекеттік қайраткерлер де түсіндіре алмаған сияқты.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР