ДомойМедиасынТоқаев сапары, теледебат, тұрғындар уәжі: 7-13 қарашадағы апталық телебағдарламаларға шолу

Тоқаев сапары, теледебат, тұрғындар уәжі: 7-13 қарашадағы апталық телебағдарламаларға шолу

Тоқаев сапары, теледебат, тұрғындар уәжі: 7-13 қарашадағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қорытынды сараптамалық бағдарламалардың негізгі тақырыбы Тоқаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапарына арналды: Каспий теңізі арқылы өтетін мұнай тасымалының маңызы, өңірдегі ауыз су тапшылығы және тағы басқа мәселелер көтерілді. Бұдан бөлек, Самарқанда Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өткені, Ресейден келгендер, елімізде атом электр станциясын салу мәселесі, қазақ тарихы туралы салмақты сюжеттер ұсынылды. Бұл аптада тұрғындардың әлеуметтік проблемасы туралы сюжет көп: ауыз су тапшы, жылу жоқ, азық-түлік қымбат және тағы басқа.

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күннің» басты тақырыбы Самарқандағы Түркі мемлекеттері ұйымының басқосуына арналды. Сюжетте негізінен Тоқаевтың бастамаларына басымдық берілді. Ұйымның әлеуеті турасында сарапшылар пікірі болғанымен, жиыннан жасалған хаттама сюжетті сараптамалық деңгейге көтере алған жоқ.

Президенттің еліміздің Маңғыстау облысына сапары жайлы келесі сюжетте тілші өңірдің проблемасы мен жетістігін айтып, Тоқаевтың сөздерінен үзінді берді. Осылайша бағдарламаның алғашқы 18 минуты президент тақырыбына арналды.

Осыдан кейін «Хабар» арнасында президент сайлауына түсуші кандидаттар арасында дебат өткені туралы ақпарат берілді. ОСК мүшесі пікір білдірді.

Ресейден келген релоканттар Қазақстан экономикасына пайдасын тигізіп жатыр. Олардың көпшілігі жұмыс тауып, тіпті компаниясын ашып жатыр. Релоканттарға қатысты жағымды портрет қалыптастырған сюжеттің негізгі мазмұны осы болды. Бейтараптық үшін ресейліктердің келуімен елімізде инфляция жоғарылағаны айтылды. Өзбек сарапшысы өз еліне барған релоканттардың (жалақысы төмен болса да) кез келген жұмысқа орналасуға ниетті екенін айтты. Ресейден келіп, елімізде жұмысқа орналасқандардың пікірі бар. Сюжетте ресейліктерден келетін зиян жоқ деген уәж басым болды.

Бағдарламаның соңғы сюжеті автокөлікке берілетін 4 пайыздық несиенің револверлік негізде қайта жалғасатыны туралы болды. Сюжет бірнеше тараптың пікірін қамтыды. Сонымен қатар, отандық автокөлік өндірісінің ахуалынан хабар береді.

Sarap-Times, Astana TV

«Мәсімов пен оның отбасы мүшелерінде Венгрияның азаматтығы болған екен» – Дастан Сейілханұлы бағдарламаны осылай бастады. Құзырлы органдар бұл ақпаратты жоққа шығарған болатын. Sarap Тimes жалған ақпарат таратқаны үшін көрерменнен кешірім сұрайды деген үміттеміз.

Осыдан кейін елдегі ақпарларға шолу жасап, Риддерде ЖЭО-дағы қазандықтың бірі істен шығып, 20 мың адам жылусыз қалғаны туралы сюжетке кезек берілді. Оқиғаның хронологиясын тізіп, ШҚО әкімінің түсіндірмесін берген, тұрғындардың уәжі бар. Алайда компания өкілдері пікірі жоқ, апаттың себебін, орталықтың жылыту маусымына дайындығын, қанша қаржы жұмсалғанын компания өкілдері айтқаны дұрыс еді.

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты әзірленген сюжет саладағы түрлі проблеманы қамтыды. Атап айтқанда, АЭС салатын компаниялардың геосаяси ерекшелігі, технологияның қауіпсіздігі, Балқаш көлінің тартылып бара жатқаны, энергия өндіру үшін қолданылатын шикізат түрлері туралы энергетик, эколог, саясаттанушыларды сөйлеткен. Мәселені жан-жақты талқылауға ден қойған толымды сюжет.

Самарқанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінен тек Тоқаевтың сөзінен үзінді берілді. Осыдан кейін бірден президенттікке үміткерлер арасында өткен теледебат туралы айтып өтті.

Студия қонағы, саясаттанушы Самат Нұртаза сұхбатта жастардың саясатқа араласуы туралы пікір білдірді.

Азық-түліктің қымбаттауы, өңірлердегі инфляция туралы сюжет әзірленген ұзақ сюжетте қарапайым халық, сатушы, кәсіпкерлер сөйледі. Оған Аманжан Жамаловтың Үкіметке жасаған депутаттық сауалы түрткі болыпты. Депутат азық-түліктің қымбаттағы сонша, жақында әйелдерге гүл емес, аскөк сыйлайтын боламыз деген еді.

Өткен аптада Алматыда екі автобус соқтығысып, бір адам қаза тапты. Апатқа кінәлі ретінде автобус жүргізушілерінің бірінен жауап алынуда. Автобус жүргізушісін жұмысқа алғанда қандай талап қойылады? Сюжетте дәл бұл сауалға автопарк басшылары тарапынан жауап берілген жоқ. Дегенмен материалда қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол апатының жиілегені туралы орынды мәселе көтерілген. Жол полициясының, автобус жүргізушілерінің пікірі артық болмас еді.

Қазақ тарихы қайта жазылуы керек. Sarap Тimes көтерген бұл мәселеде ел тарихын ғылыми негіздеуде жаңа көзқарас керектігі айтылды.  Сарапшылар ел тарихында жүйеленбей, толыққанды зерттелмей жатқан фактілер көп екенін айтады. Дегенмен, тілші олқылық мектеп оқулықтарында ма, әлде академиялық ортада ма, әлде бұл бағыттағы ғылыми-көпшілік әдебиеттер тапшы ма, сол жағын нақтыламады. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бұл бағытта қандай жұмыс атқарып жатыр, мүмкін ғылыми еңбектер жазылып жатқан болар? Өкінішке орай, бұл туралы ақпарат жоқ.  Сараптамалық материалдар жекелеген тұлғалардың пікірінен ғана емес, журналистің жан-жақты ізденісінен тұратынын ұмытпау керек.

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

Бағдарламаның басты тақырыбы – «Аязда жылу іздегендердің» жайы. Астана полициясы аязды күндері үйсіз азаматтар үсіп қалмасын деп оларды іздестіріп, рейд жүргізеді екен. Ақбөпе Тәңірберген осындай рейдтің біріне қатысыпты. Жылы жер тауып, соны паналап жүрген үйсіз азаматтардан сұхбат алған  Өкінішке орай, журналист әр кейіпкерінің бетін көлегейлеуді ұмытыпты. Сұхбаттасушының өзі камерадан бетін алып қашып жатты. Кейіпкердің рұқсатынсыз кім болса да бетін ашық көрсетуге журналистің құқы жоқ. Этика стандарттары сақталуы тиіс.

Ақбөпе Тәңірберген келесі сюжетінде бірнеше депутаттан сұхбат алыпты.  Айтуынша, Мәжіліс қабырғасында бір де бір депутаттық сауал жолдамаған депуттардың тізімі жасақталып жатыр. Бұл тізімді кім жасап жатқаны беймәлім. Әдеттегіше, кейіпкерін тығырыққа тіреп сұрақ қойған Ақбөпенің сюжеті көрерменге ұнауы мүмкін.

«Айна» президенттікке үміткерлер арасындағы теледебат өткені туралы сюжет әзірлеп, әр үміткердің, Ердан Қошановтың сөзінен үзінді берді, олардың сайлауалды бағдарламасы туралы қысқаша айтып өтті.

«Айна» бағдарламасы сондай-ақ, шетел жаңалықтарына да үнемі қысқаша шолу әзірлеп отырады. Еуразия бірінші арнасына 25 жыл толуы туралы да қысқаша ақпарат берді. Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.

Apta, QAZAQSTAN 

Apta бағдарламасы президент Тоқаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапарынан басталды. Алғысөзде Каспий теңізі арқылы мұнай тасымалының маңызына тоқталды. Сюжет басында аймақтың басты мәселесі – ауыз су екенін (жазда су белгілі бір уақытта ғана беріліп, кейбір елдімекендер тіпті апталап ауызсуыз қалады) айтты. Тұрғындарды сөйлетіп, қандай қиындықта өмір сүріп жатқанын көрсетті. Ал президент Кендірлі ауылындағы су тұшытатын зауыттың құрылысын бастауды тапсырды. Өңірдегі тағы бір атышулы мәселе – Қошқар ата қалдықтар қоймасы. Ел ішінде «улы көл» аталып кеткен жерде радиоактив қалдықтар көмілген. Мұны да бір қозғап өтті.

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, Атырау облысы негізгі «донор» аймақтардың бірі болып қала береді. Бірақ қағаз бетінде ауқатты өңір болғанымен, «әлеуметтік көрсеткіштер мәз емес». Тоқаевтың осы өңірге сапары жөнінде сюжет алғысөзі осылай басталды. Мұнда да Маңғыстау сапарын баяндаған сюжеттегідей әуелі өңірдің басты мәселелерін (экология, өкпе және жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастардың саны көбеюі, нашар инфрақұрылым, құрылысы созбалаңға салынған жолдар) тізіп, президент мәлімдемесін, экобелсенділер мен тұрғындар комментарийін қосты. Apta тілшілері Тоқаевтың екі облысқа сапары жөнінде қызық, тартымды, хаттамалық емес сюжеттер дайындапты.

Өткен аптада Самарқанда Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтті. Түркі мемлекеттерінің басшылары жиналды. Apta редакциясы осы жиыннан үлкен сюжет дайындап, сарапшыларды да сөйлетіпті.

Apta тілшісі Оңғар Алпысбайұлының «АрселорМиттал» шахталары мен сонда жұмыс істейтін шахтерлер туралы сюжеті мақтауға лайық. Журналист «Ленин» шахтасында болған апаттың себебін анықтауға тырысыпты. Креатив стендап пен түрлі диалогқа толы материал көрерменді шахтаның қуыс-қуысына жетелеп, шахтерлердің қиын еңбегімен таныстырды. Осы материалдың сайттағы және YouTube-арнадағы тақырыбын «Осы аптада Риддердің жылу электр орталығында 2 рет апат болды» деп қоймай, басқаша жазғанда болар ма еді. Өйткені сюжет тақырыптағы мазмұнға емес, басқа бір салмақты мәселеге арналып отыр.

Украинадағы соғыс туралы шолу сюжет Херсондағы жағдайды баяндады. Неге екенін, Apta редакциясы Украинадағы жағдайды «қарулы қақтығыс» деп атап («Қарулы қақтығыс басталғалы Ресейдің бақылауында болған Херсон осы аптада Украинаға қайтарылды»), жергілікті тұрғындар Украина жауынгерлерін қуана қарсы алғанын көрсетті. Айта кетейік, қорытынды бағдарламалардың ішінде Apta бағдарламасы ғана Украинадағы жағдайды елеусіз қалдырмай, апта сайын сюжет көрсетіп келеді.

Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде жеңіл өнеркәсіп үлесі 0,1% ғана екен. Қазақстан жеңіл өнеркәсіпті неге дамыта алмай отыр? Мінеки, осы сауалдың жауабын іздеген үлкен сюжетте кәсіпкерлерді көбірек сөйлетіп, министрлік өкілі, экономист, қазақстандық және шетелдік сарапшылардың комментарийін беріп, тақырыпты жан-жақты ашты.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың мемлекеттік тілді білмейтін шетелдіктерге Қазақстан азаматтығын бермеу туралы мәлімдемесі қоғамда қызу талқыланды. Бұл туралы материалда қарсыларды да, қолдайтындарды да сөйлетіпті.

Кезектен тыс президент сайлауына бір апта қалды. Бес кандидаттың сайлауалды үгіт-насихатын баяндаған шолу сюжетте төрт кандидаттың (Мейрам Қажыкен, Қарақат Абден, Нұрлан Әуесбаев, Салтанат Тұрсынбекова) синхроны бар, ал Жигули Дайрабаевтың орнына оның республикалық қоғамдық штабының басшысы Төлеутай Рақымбеков сөйледі. Ал Қасым-Жомар Тоқаевты алғысөзде де, сюжетте де атамады, есесіне Халықтық коалицияның 20 мың байқаушысы арнайы курстан өтіп жатқанын айтты. Осы тұста бұрынғы сайлауалды кампаниялар еске түседі. Сол кезде Назарбаев та сайлауалды бәсекеден тыс қалып, жеңіп-ақ жататын еді.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

 

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР