ДомойМедиасынҚазақстандағы суицид: журналистерге суық сана жетіспейді

Қазақстандағы суицид: журналистерге суық сана жетіспейді

Қазақстандағы суицид: журналистерге суық сана жетіспейді

БАҚ беттерінен «25 жастағы келіншек 9-қабаттан секіріп, суицид жасады», «Маңғыстаулық ер адам үш баласын өлтіріп, артынша өзі де асылып қалды», «Абай облысында оқушы өз-өзіне қол салды» деген сынды жаңалықты жиі көреміз. Мұндай қаралы хабарды «ет үйреніп кететіндей жиілікпен» еститін болсақ та, жүректі дір еткізбей қоймайды. Әсіресе, айқайлаған тақырып, оқиға орнынан түсірілген суреттер, соңғы жазған хатының мәтіні мен марқұмдардың өміріне қатысты қосымша деректерді білгенде тіпті қиын. Қазақша медиа кеңістікте суицид жайлы жазғанда журналистер қандай қателік жібереді? «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр осы тақырыпты талдап көрді.

Іздеу жүйесінің баптауын кейінгі бір жылда жарияланған жаңалықтарды ғана шығаратындай етіп алдық. Бұлай іздегенде түрлі нәтиже табуға болады: Қазақстандағы суицидке қатысты статистика, қысқа жаңалық, «тың деректермен» көмкерілген көлемді материал, өз-өзіне қол салудың алдын алу жолдары және т.б.

Turkystan.kz сайтынан скриншот

Байқағанымыз, суицид болған кезде кей журналистер өзін детектив сезініп кететін секілді. Себебі болған жағдай жайлы эмоциясыз, қысқа-нұсқа ақпарат берудің орнына оқиға орнын суретке түсіріп, туыс не көршілерінен марқұм жайлы жаңа ақпарат сұрап, бөлек жаңалық қылып жариялауға құмар. Желтоқсанның ортасында Абай облысында мектеп оқушысының өз-өзіне қол салғаны туралы ақпарат біраз сайтқа шықты. Дегенмен тақырып арқылы кликбейт жасағандар бар. Мысалы Turkystan.kz сайтында «Абай облысында суицид жасаған оқушылар туралы тың дерек» деген жаңалық жарияланған. Сайт редакциясының қашанда трафикті ойлайтынын түсінуге болады. Бірақ өзіне қол салу секілді нәзік мәселеде абай болған жөн.

31 арнадағы «Сөздің шыны керек» бағдарламасы да осы жаңалықты жариялады. Тілшілер жасөспірімнің үйіне барып, анасынан сұхбат алған. Мектептегі буллиң мәселесінің көтерілгенін құптаймыз. Дегенмен осы ретте кадрға ірі планмен жіпті, қораның ішін көрсеткені дұрыс емес. Олай дейтініміз, оқиғаға қатысты толық ақпарат беру, оның ішінде қалай асылғанын, қай жерде болғанын, оған әзірлік қалай болғанын, тіпті өлер алдында жазған жазбасын жариялауға болмайды. Оқиға орнынан стендап жазу да солай. Осының барлығы келесі бір адамның суицид жасауына дайын сценарий болуы мүмкін. Сол үшін де бұл тақырыпты қозғағанда абай болу керек. Жақындарынан сұхбат алғанда да мәселеге тым тереңдеудің қажеті жоқ. Сонымен бірге тергеу амалы толық аяқталмайынша қандай да бір интерпретация жасауға болмайды. Өйткені бір тараптың ойына ғана сүйеніп, кейін ол басқа сипат алып кетуі мүмкін. «Сөздің шыны керек» бағдарламасының құптарлық ісі – сөз соңында суицид туралы ойланып жүргендерге арналған сенім телефоны мен көмек беретіндер туралы ақпарат берді. Өзіне қол салғандар жайлы жазылған кез келген материалға осындай сілтеме артық етпейді.

exk.kz сайтынан скриншот

Кейде суицид деп айтылған мәселенің артында қылмыс жатуы мүмкін. Әсіресе, марқұмның туыстары жақынының өліміне кінәліні іздеп, шарқ ұрады. Журналистерге хабарласып, итермелеген жағдай жайлы айтады. Мысалы үш баласымен көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен секіріп кеткен әйелдің тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмады. Қоғамда резонанс тудырған бұл оқиға туралы жазбаған БАҚ кемде-кем. Соның ішінде «Экспресс К» аса ерекшеленді. Туыстарынан видео-сұхбат алып, кейін жаназасынан фоторепортаж ұсынған. Редакция осыған ұқсас тағы бір жағдайды аноним оқырман айтқан нұсқа тұрғысынан талдап шыққан. Оқиға болған жерді суретке түсіріп, көлемді зерттеу жасапты. Суицид емес, қылмыс болуы мүмкін дегенді алға тартқандардың нұсқасына сүйеніп, тілші сан түрлі сауал жолдайды: «Сол күні әйел алдымен күйеуіне таңғы ас беріп, оны шығарып салып, небары 10 минуттан кейін балаларын пышақтап өлтірді ме?», «Анасы алдымен ұлын, артынан қызын, одан кейін өзін пышақтап өлтірді ме?», «Оның қызы бірден жан тапсырмай, қиналды ма?», «Кішкентай қыз бірден өле қоймай, қансырап жатса да, анасына қол созып, кеудесіне басын қойып өлген бе?», «Пәтердің іші қанжоса ма?», «Ұл бала төсекте қанға боялып жатты ма?», «Анасы бір дыбыс шығармай, бір рет те айқайламай, балаларын пышақтай салғаны ма?» Оқып отырғанның өзінде ішіңіз алай-дүлей болады, солай емес пе? Мұндай эмоция тудыру арқылы журналистің не көздегені белгісіз. Осы ретте суицид жайлы жазғанда ескеру керек тағы бір жайтты атап өтпесек болмайды. Әдетте бір жаңалықтың соңында тақырыбы үндес келесі бір материалға сілтеме жүреді. Ол сайт жұмысы үшін маңызды екенін түсінеміз. Дегенмен өзіне қол салу фактілері жайлы «естеріңізге сала кетсек» деп ұқсас жағдайға сілтеме беру этикаға қайшы.

tengrinews.kz сайтынан скриншот

Көпшілік талқысына түскен тағы бір жағдай Маңғыстау облысында болды. Үш баласын өзімен бірге о дүниеге ала кеткен ер адамның оқиғасы. Бұған қатысты да түрлі нұсқа айтылып, жазылды. Бір материалдарда әлеуметтік жағдайдың төмендігінен делінсе, енді бірі ер адамға қатысты басқа фактілер айтып, айыптап жатты. Трафик тарту үшін тақырыпты айқайлатып қою бұрыннан бар әдіс. Десек те, онсыз да оқырманы көп Tengrinews.kz сайтының кликбейт қолданғаны жөн болмады. Ал taulik.kz марқұмның бұрын сотталғанын алға тартқан.

Байқағанымыз, кей тілшілер мұндай ауыр тақырыпты жазған кезде сөзіне жауапкершілік алуды ұмытатын сыңайлы. Егер түбінде мұндай жағдайдың барынша азайғанын қалайтын болса, осындай қиын халде жүргендер қайда хабарласа алатынын айтып, болмаса ендігі біреудің өмірін сақтап қалу үшін жақындарына сигнал болатын жайттарды қаперге салса болмас па еді?

Жадыра Аққайыр
Жадыра Аққайыр
Журналистика саласында 8 жылдан астам тәжірибесі бар. Республикалық «Айқын» газетінде бөлім басшысы, «Курсив», 5Q Media порталдарында, «Мұнара» газетінде тұрақты автор.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР