Кешегі аптаны қорытындылаған сараптамалық бағдарламалардың басты әрі негізгі тақырыбы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес болды. Жаңаөзендегі жарылыс, бұралқы иттер, мұнайшылар мәселесі мен латын әліпбиіне көшудің бітпес әуресіне де сюжет арнап, қабырғасы қирай бастаған жаңа мектептің жайын айтып, өзекті мәселе көтергені де болды.
«Жеті күн», «Хабар»
«Жеті күн» бағдарламасы Президенттің елдің дамуы жөніндегі кеңесі туралы әңгімелеуден басталды. Алғысөзде бағдарлама жүргізушісі осы кеңестегі Президент сөзінің жалпы мазмұнына қысқаша шолу жасады. Ал, сюжетте Президенттің сөзімен қатар, Алтай Көлгіновтың баяндамасынан да үзінді берілді. Экономист және саясаттанушы сарапшылар пікір білдіріпті. Сонымен қатар, Көлгіновтың баяндамасында келтірілген мәліметтер мен ауылдардағы нақты жағдай салыстырылыпты. Сонымен қатар, тілші жиынға жергілікті мәслихат депутаттары да жиналғанын, олардың кейбірі Үкімет үйіне бірінші рет келіп тұрғанын да атап өтіпті.
Қаңғыбас иттердің проблемасын аталған кеңесте Президент көтерген еді. Сондай-ақ, алдыңғы аптада Мәжілісте бұл мәселені депутат Нартай Аралбайұлы да бұралқы иттерді аулауға қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Бұл мәселені «Жеті күн» де көтеріпті. Жаңаөзен қаласында 5 жасар бүлдіршінді ит қабуына орай, халықтың жануарларды қорғау туралы заңнамаға наразылық білдіргенін айта келе, осы заңның орындалуына қатысты сарапшылар пікіріне жүгініпті. Сюжет ұзақ. Дегенмен, тілші заң талаптарын түсіндіуге басымдық бергені құптарлық.
Қаржы мониторингі агенттігі «ӨзенмұнайГаз» және «Берали Маңғыстау» компанияларында заңбұзушылықтар болғанын анықтаған еді. Жүргізуші осы жайлы ақпарат беріп өтті. Осыдан соң, жүргізуші еліміздегі танымал автобрендтерге назар аударып, жүргізуші оларға қысқаша шолу жасап өтті. Осыдан кейін, Қостанайдағы автокөлік жасау саласында маман даярлайтын колледжде қазақ бөлімі ашылып, аталған сала терминдері қазақ тіліне аударылып, оқулық ретінде студенттерге таратылғаны, оған «Allur» компаниясы ықпал еткені туралы сюжет берілді. Материал мазмұны PR сюжетке көбірек келеді.
Биылдан бастап елімізде шетелдік туристерден 5% салық алынады. Түскен қаражат туристік нысан орналасқан аумақтың инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалатын болады. Бұл шешім қаншалықты тиімді, елімізде қызмет сапасы қай деңгейде? Осы турасында әзірленген материал саладағы бірқатар проблемалар туралы, Bedtax-тің пайдасы, қай елдерде енгізлгені туралы жан-жақты ақпарат береді. Сарапшылардың пікірі, Мәдениет және спорт вице-министрінің уәжі беріліпті.
«Жеті күн» бағдарламасының соңғы сюжеті еліміздің шахмат федерациясының аяқ алысы туралы. Өткен аптада Астанада шахматтан әлем чемпионаты өткен болатын. Онда бір елдің әйелдер құрамасы, әлем құрамасына қарсы ойнаған еді. Осы жайында басталға сюжет Бибісара Асааубаева мен Жансая Әбдімәліктің арасындағы кикілжің бар екенін де хабар беріп, Федерация президенті Тимур Турловтың федерация жұмысы туралы пікірін берді. Сонымен қатар, елімізде шахмат ойыны мектептерде факультатив ретінде енгізілуі мүмкін екенін айтып, ынталы топ өкілін сөйлетті.
«Sarap times», «Astana TV»
«Sarap times» бағдарламасының да алғашқы сюжеті Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы турасында болды. Құрылымы жағынан «Жеті күн» әзірлеген сюжеттен еш айырмашылығы жоқ. Тек, бұл сюжетте Президенттің су, жылу секілді коммуналдық қызет тарифтері көтерілуі мүмкін екені, оған өзіндік себептері бар екенін айтқаны ескеріліп, сарапшыларды сөйлетіпті. Алтай Көлгіновтың баяндамасынан үзінді, тұрғындардың пікірі бар.
Өткен аптада еліміздің сыртқы қарызы туралы ақпарат тараған еді. «Sarap times» сол туралы айтып өтті. Сыртқы қарызды ел азаматтарына бөлсе, әр адамға 1 млн теңгеден астам сома шығуы мүмкін екенін айтты. Алайда, сыртқы қарызға қатысты ақпаратты баяндап қана қойғаннан гөріғ сарапшылардың көмегімен терең талдау жасау керек еді. Өйткені, бұл тақырып жан-жақты сараптауды қажет етеді.
Есесіне, Ұлттық қорға қатысты біршама толымды ақпарат берілді. Жоғарыда аталған кеңейтілген кеңесте Президент Ұлттық қор қараатын жұмсауда барынша мұқият болу туралы айтқан болатын. Сюжетке осы түрткі болыпты. Сарапшылар пікірі де бар.
Батыс облыстарында жастар тек мұнайшы болғысы келеді. Президент баяндамасында осы мәселеге тоқталған еді. Тоқаев, ақпараттық технология саласына басымдық берілуі қает екенін айтқан еді. Сюжетте, Атыраудағы Назарбаев мектебінің оқушысы робот ойлап тапқаны туралы ақпаратпен басталып, оқушының пікірі беріліпті. Ал, жалпы жастардың мұнайшы болуға деген құлшынысына қатысты осы сала бойынша білімалып жжатқан студенттердің пікірі жоқ. ЖОО проректорының уәжі бар. Атырау облысы бойынша жұмыспен қамту саласы мамандары жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында іске асырылып жатқан жобалар туралы әңгімелейді. Жастар жалақысы көп жұмысқа орналасуға талпынатынын кінәлағандай пікірлер беріліпті.
«Аманат» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметі туралы студияда сұхбат болды.
Бұл бағдарлама да қаңғыбас иттердің проблемасын көтерді. Бұл мәселе туралы да Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Президент атап өткен болатын. Осылайша, бағдарламада үшінші сюжет Президент қатысуымен өткен кеңесте көтерілген мәселеге арналып отыр.
Бағдарламаның соңғы сюжет өткен аптадағы Астанаға жауған қалың қар турасында. Табиғат құбылысына қатысты мамандар пікір білдіріпті. Ауа райының тосын мінезінен біршама адам зардап шегіп, сол күндері жол-көлік оқиғасы жиілегені де айтылды.
«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»
«Айна» бағдарламасы әдеттегідей өзіндік басты тақырыпты алып шығыпты. Алматы облысындағы жаңа салынған мектептің көп ұзамай қабырғасы қақырап, төбесі опырылған. Қазір ол жөндеуге жабылып, оқушыларға ескі мектепке оқуға мәжбүр болыпты. Дәулет ауылындағы бұл мектепті салуға 1,5 млрд қаржы бөлінген екен. Сюжетте, сонымен қатар, 4 бөлмелі үйді бастауыш мектеп ретінде пайдаланып отырған ауылдың жағдайы. Жалпы Алматы облысындағы білім ошақтарының мүшкіл халі айтылыпты. Алматы облысындағы жағдайға ерекше тоқталудың өзіндік себебі бар. Өткен аптада осы облыстағы білім бөлімдерінің бірінің есепшісі өте қомақты көлемде бюджет қаражатын ұрлағаны анықталып, ұсталған болатын. Сюжет сол оқиғаны баяндаудан басталған.
Осыдан кейін, адамға көрінетін «аты жаман» құбылыс жын туралы материал беріпті. Депрессия басынан өткізіп, жын көрген адамның хикаясынан басталып, экстрасенстердің түсініктемесімен жалғасады. Дәрігерлер де пікір білдіріп, ол құбылысты шизофрения деп атапты.
Ақбөпе Тәңірберген полициямен бірге түнгі рейдке шығып, жезөкшелер орталығына барып, жеңгетайынан сұхбат алыпты. Тілшінің тақырып табудағы ізденімпаздығы десек те, сұхбат алуда тым артық кетіп қалған жооқ па, деген күдік бар. Ол жеңгетаймен сұхбаттасып, оның ай сайын қанша табатыны туралы ақпарат алуға тырысады. 1,5-2 млн табатынына қатысты ерекше екпін қояды. Бұл тым артық қазбалау, әрі этикаға жат емес пе? Сондай-ақ, сюжетте жезөкшелікпен айналысатын қыздарға жаза қарастырылмағаны айтылған. Ал, сұхбат берген жеңгетай дәл осы қызметті заңдастырып, жезөкшелерге арналған орталық ашып беруді сұрапты.
Президент қатыстан кеңейтілген отырыс жайлы толыққанды сюжет берілмеді. «Айна» Президенттің сөзінен үзінді берумен шектелді. Онда да еліміздің батыс өңіріндегі жастардың мұнайшы болуға деген ұмтылысына қатысты айтқан пікірі берілді.
Сонымен қатар, бағдарламаның «eGov куәгері» және «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарлары берілді. Сондай-ақ, «Айна» соңғы уақытта әлеуметтік эксперимент жасауға ден қойып жүр. Бұл жолы да тұрғындардың бойындағы адамға деген мейірім бар ма, деген сауалға орай әлеуметтік эксперимент жасалыпты.
Apta, QAZAQSTAN
Apta эфирі ресми оқиғадан басталды. 19 сәуірде Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізді. Сегіз минуттық сюжетте тілші стендап жасап, президенттің отырыста айтқан сөзін қайта айтып, мұны президенттің, депутаттың, сарапшылардың, «Атамекен» ҰКП өкілінің, әкімдердің синхронымен толықтырды. Президент сөзін мақұлдай қайталаған комментарийге толы материал.
Апта басында, кеңейтілген кеңес отырысынан бір күн бұрын Жаңаөзенде көпқабатты үйде жарылыс болды. Бұл оқиға туралы былай айтты. Жүргізушінің сөзін қаз-қалпында келтірейік: «Осы отырыста президент Жаңаөзендегі жағдайға да тоқталды. Апта басында тұрғын үйде жарылыс болып, 4 адам зардап шеккен еді. 13 азамат жарақат алды». Шалыс естімеппіз, жүргізуші Альбина Әшім «4 адам зардап шекті» деп айтты.
Жарылыста төрт адам қаза тауып, 13 адам жараланды. Apta редакциясы «қаза тапты» мен «зардап шекті» деген сөздердің мағынасы бірдей емес екенін білсе керек. Жалпы бағдарламаны осы трагедиядан бастаған жөн шығар?! Ал мұнда президент айтқан соң ғана эфирге шығарған сияқты көрініп қалды.
Ізінше Жаңаөзен тақырыбына қайта оралды, бірақ мұнда да Мемлекет басшысының сөзіне сүйенді. Цитата келтірейік: «Жалпы Жаңаөзен қазір үкіметтің де, жұрттың да жіті назарында. Қордаланып қалған проблемалар бірінен соң бірі шығып жатыр. Жаңаөзендегі мұнайшылар мәселесін президент те көтерді. Шетін түйткілді шешу үшін арнайы жоспармен жүріп, бүгінді ғана емес, ертеңді де елеу керек екенін меңзеді».
Егер президент кеңесте Жаңаөзен мәселесін айтпаса, онда Apta редакцицясы Жаңаөзенді еске алып, сюжет жасар ма еді? Өйткені, өткен аптада Жаңаөзен мен жаңаөзендіктердің жағдайы туралы сюжет болмаған еді. Бұл аптада президент айтқан соң ғана елеп-ескеріп, жергілікті мұнайшылардан комментарий алып, тілші Данияр Қайыртай Жаңаөзеннен тікелей байланысқа шықты. Ол арнайы комиссиясының жұмысы, Астанаға келіп, наразылық білдірген мұнайшылар мен оларды арнайы жасақ тұтқындағаны, нәтижесіз келіссөздер мен «Өзенмұнайгаз» АҚ және «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС-ындағы ақша жымқыру фактілері бойынша тергеу туралы айтып шықты.
«Apta қонағы» айдарына Астана Мемлекеттік қызмет хабының төрағасы Әлихан Байменов келді. Кризис-менеджмент, мемлекеттік жүйені реформалау және жергілікті атқарушы органдар неліктен өзіне жауапкершілік алғысы келмейтіні жөнінде әңгімелесті. Төрағаның бір сөзі елең еткізді: «Мәжілісте де, мәслихатта да, министрлікте де, әкімдіктерде де періштелер отырған жоқ. Астанада адал, таза адамдар отыр, ауылдарда арам адам отыр деп айтуға болмайды. Жемқордың ең үлкені Астанада, үлкен қалаларда …», -деді Әлихан Байменов.
160 млрд доллар. 25 жылда елден заңсыз шығарылған сома осы. Сюжетте де, алғысөзде де бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Гүлмира Сатыбалды, Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаев, бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, «Оператор РОП» компаниясының бұрынғы басшысы Медет Құрманғалиев және тағы басқалардың сот істерін айтып өтті. Содан кейін сарапшылар мен депутаттардан елден заңсыз шығарылған қаражатты қайтару мүмкіндігін сұрады.
Apta редакциясы Украинадағы жағдайды елеусіз қалдырмай, әр аптада сюжет арнайды. Сюжетте НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенбергтің Киевке сапарын, Раймштайн отырысын, украин әскерлерінің дайындығын, Украинаның НАТО-ға қосылуына жол бергісі келмейтін Кремль мәлімдемесін, Путиннің Украинадан аннекциялап алған — Луганск пен Херсон облыстарына барғанын қамтыды.
Содан кейін энергетика саласындағы сот істерін тізіп шықты.
- «АрселорМиттал Теміртауға» қатысты заңбұзушылықтар анықталды.
- ҚР Үкіметі Қашаған, Қарашығанақ операторларының үстінен арызданды. Талап сомасы — 16,5 млрд АҚШ доллары.
- Екібастұз әкімі ЖЭО басшысын сотқа берді.
- Петропавлда жылу орталығына айыппұл салынды.
Қазақ тілін кириллицадан латын әліпбиіне көшіру мәселесі жыл сайын бір шуға айналып, ел назарын аудартып қояды. Латын әліпбиіне өту 2017 жылы басталса да әлі күнге дейін дайын әліпби жоқ. Екі апта бұрын президент Тоқаев: «Біз латын әліпбиіне тез арада көшуіміз керек деп, көптеген өрескел қате жібердік» деген еді. Латын әліпбиіне өту процессіне қыруар қаражат бөлінген. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Не боп жатыр? Бағдарламаны түйіндеген сюжет осы сауалға жауап іздейді.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолу әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.