Жаңа шыққан бағдарламаларды көріп, алып-қосарымыз болса, айтатын дәстүріміз бар. Сол қалыптан жаңылмай, «Жаңа репортердің» медиасыншысы Жадыра Аққайыр «Жетінші арнадағы» «Қыздар-ай» шоуына шолу жасады. Торт жеп тұрып, тісіне тұрып қалған тамақты тілімен ысыра салатын, бағдарламаның қонағына дискриминация жасайтын жүргізушінің кей қылығын назардан тыс қалдыра алмадық.
Наурыздың аяғында «Жетінші арнада» жаңа күндізгі шоудың тұсауы кесілді. Ол – «Қыздар-ай» бағдарламасы. Хронометражы – 45 минут. 12 жастан асқан көрерменге арналған жоба жайында телеарна сайтында: «Қыздар-ай» – құрбылар бас қосып сырласатын, жүрек сырын ақтаратын, ешкімге айтпаған құпиясын бөлісетін, көзіне жас алып мұңаятын, қуанып шаттанатын, қоғамда резонанс тудырған тақырыпты талқылайтын күндізгі шоу. Үш бөлімнен тұратын бағдарламаға сол күні қозғалатын тақырыпқа байланысты білікті мамандар сарапшы ретінде қонаққа шақырылады. Ал бағдарламаның кейіпкерлері үй шаруасындағы әйелдерден бастап, медиа тұлғалар, әншілер, актрисалар, блогерлер болады» деп сипаттама берілген. Шоу тізгінінде тележүргізушілер – Жанар Айжанова мен Аша Матай.
«Қыздар-ай, қыздар-ай, Жанар мен Аша Матай» деп әндетіп басталатын жеңіл бағдарламада әзілдесе отырып, шай үстінде әңгіме айтылатыны бірден байқалады. Жүргізушілердің амандасқандағы сыңғыр күлкісі, биі де содан хабар береді. Алғашқы шығарылымда Аша Матай «қазақ телевизиясында бұрын-соңды болмаған, аналогы жоқ, бірегей бағдарлама» дейді. Расында, шай ішіп, торт жеп, дастарханда отыратын бағдарлама бұған дейін болмаған да шығар. Әйтсе де, күрмеуі қиын, қоғамда резонанс тудырған тақырыптарды талқылайтын, қыздардың жүрек сырын ақтаратын алғашқы бағдарлама емесі белгілі. «Қыздар-айдағы» көп тақырып бұған дейін «Әйел бақытында» қозғалды, танымал адамдардың жан сыры «Қарақатпен шай», «Жүрекжарды», «Сырласуды» талай айтылды. Яғни форматы жағынан осы аталғандарды біріктіріп, жаңасын шығарған деуге болады.
Еркіндік жақсы. Қалыптан шығып, тың нәрсе жасаған дұрыс. Бірақ көрерменмен сәлемдесуге шығып, аузындағы тамағын жұтпаған күйі сөйлеуде қандай жаңашылдық барын ұқпадық. Аша Матай тамақ шайнап тұрып сөйлеу эфир этикасына жат екенін білуі керек еді. Көп сөйлеп, ауыз құрғап кеткенде бір жұтым шай ішкенді түсінеміз. Тісіне тәтті тұрып қалып, оны тілімен тазалап тұрғаны этикаға тіптен қайшы. Жалпы Ашаның бұрын «Қалаулымды» жүргізген кезінде де тамақ жеп отыратынын көргенбіз. Ол кезде «бірнеше сағаттық эфир, бәлкім, расында жүрек жалғауы керек болар» деп ақтадық-мыс. Журналистика факультетінің түлегі, өзін әнші дегеннен гөрі журналист ретінде көбірек позициялайтын тележүргізушінің эфир мәдениетін білуі шарт, сақтауы ләзім.
Енді бірнеше шығарылымды шолып шықсақ. «Гүлмира Ізбасқан: Ауылда тұрмау үшін жігітіммен айырылыстым» деген саны жарық көрді. Тақырып еркекшора қыздар хақында. Болмыс тұрғысынан қыздарды бұлай атауға болып-болмайтыны бөлек әңгіме. Десе де, қоғамда бар дүниені талқылағанда тұрған ештеңе жоқ деп тақырыпқа сын айтпадық. Студия қонағы әнші Гүлмира Ізбасқан болды. Бағдарлама форматы бойынша екі жүргізушінің бірі қонақпен бөлек сырласып, сұхбаттасады. Гүлмирамен Аша Матай тілдесті. Тележүргізушінің қойған сұрағын қаз-қалпында жеткізсек: «Мынадай қаңқу сөздер бар, Гүлмиражан. Пікірлерде «қыздардың қасында көп жүресің, мүмкін саған қыздар ұнайды?» деп жатады. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Қалай бар, солай айт». Әншінің бұл сұрақты естігендегі эмоциясы бетіне шықты. Шошып кетіп, «Ойбай, Құдай сақтасын» деді. Желіде айтылады екен деп бұлай сұрақ қою мәдениеттен тыс.
Назарымыз ауған келесі шығарылым – «Динара Алжан: Күйеуім болса, тоқал алып берер едім». Әңгіме ер адамның тоқал алуы жайлы. Студия қонағын Жанар Айжанова «атышулы тоқал» деп таныстырды. Мұнысы құлаққа түрпідей тиді. Жүргізушінің, сценаристің мәтін жазғанда ескеруі керек ережесі бар. Қанша жерден әлеуметтік желіні шулатып, талқыға түссе де, «атышулы тоқал» деп таныстыру артық болды.
Осы шығарылымдағы Ашаның эмоциясын, өзін-өзі ұстауын айтып өту керек. Мынадай бір құбылысты байқадық: келген қонаққа бейтарап болу, таныс не бейтаныс деп бөлмей қарау Аша Матайға қиынға соғатындай. Олай дейтініміз, жүргізуші Динара Алжан қатысқан шығарылымға келген психолог, сексологтың кей сөзіне дарақы күліп, кейде көзін алартып, менсінбегендей кейіп танытады. Айталық, кейіпкер «саусақтарды билететін техникалар болады» дегенде Жанар Айжанова да, Аша Матай да ерсілеу қылық көрсетеді. Техниканың дұрыс жасалу жолын үйренгісі келген адамнан гөрі сыртынан күлгендей көрінді. Жүргізушілердің бұл әрекеті қонаққа ұнамағаны байқалды. Өйткені «жоқ, жатын бөлмеген олай кірмейміз» деп қатқыл жауап қатты. Этика сақтау, алдыңда отырған адамның көңіліне келетін қылық жасамауды ескеру қажет.
Сексологтың сөзіне күліп, көзін жоғары-төмен айналдырып отырған Аша Матай «Мадина Оспан: Жүкті кезімді еске алғым келмейді» шығарылымында құрбысын қайта-қайта еркелетіп, «жаным, жаным, менің құрбым» деп отырады. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл дискриминация. Айталық, ТикТок арқылы танылған Жеңісгүл Құлниязова қонаққа келгенде Ашадан мұндай жылылықты аса байқамадық.
Қорытындылай келе айтпағымыз, эфир мәдениеті сақталуы керек. Жайдары жүзбен, баланс сақтап отырып, сыр тартуға болады. Тақырыпты тереңірек талдап, бір кейіпкердің оқиғасы арқылы резонанс та тудыруға телевизияның күші жетеді. Тек журналистиканың этикасын сақтауға мән берсек болғаны.