ДомойМедиасынЭмомали Рахмон сапары, әскердің әлеуеті, депутаттар сауалы: 1-7 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Эмомали Рахмон сапары, әскердің әлеуеті, депутаттар сауалы: 1-7 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Эмомали Рахмон сапары, әскердің әлеуеті, депутаттар сауалы: 1-7 мамырдағы апталық телебағдарламаларға шолу

Өткен аптада апталық бағдарламалардың басты тақырыбы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға мемлекеттік сапары болды, екі ел ынтамақтастығының жаңа деңгейі сөз етілді. Сондай-ақ, президенттің қатысуымен Бүкілармиялық кеңес өткені, ел егемендігін сақтаудың маңызы, әскердің әлеуетіне жеке сюжеттер арналды.

«Жеті күн», Хабар

«Жеті күннің» басты тақырыбы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға мемлекеттік сапары болды. Бағдарлама жүргізушісі Айбек Қосан алғысөзді әдеттегідей ұзақ толғап, сапардың маңызын ерекше атап өтті.

Қорған Қонысбай Тәжікстан басшысын салтанатты қарсы алу рәсімінде президенттер жүріп бара жатқан сәтте стэндап жазды. Сапардың маңызын осылай ерекшелегісі келген секілді. Сюжет негізінен екі ел ынтымақтастығының тиімді салаларын талдауға арналды. Саяси-экономикалық мәселелер бойынша сарапшылар пікірі, жекелеген министрлердің түсіндірмесі бар. Материал әдеттегідей тым ұзақ.

5 мамырда президенттің қатысуымен Бүкілармиялық кеңес өтті. «Жеті күн» мемлекет басшысының жиындағы сөзінен үзінді берді. Ал 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында елдің әскери әлеуеті жөнінде жеке сюжет әзірленді. Тілші Астана маңындағы әскери бөлімдердің біріне барып, жауынгерлердің күн тәртібі, тамақтану барысы туралы ақпарат берді. Әскери борышын өтегендер үшін жасалатын жеңілдіктер туралы мәлімет бар. Алайда соңғы жылдары жиілеп кеткен сарбаздар өлімі туралы ештеңе демеді. Қару-жарақ туралы да аз айтты, тілші онысын мұндай ақпараттың ашық айтыла бермейтінімен түсіндірді. Сюжеттің соңы президент қатысқан Бүкілармиялық кеңеске ауысты. Әскердің әлеуеті туралы сөз қозғалған соң сарапшылар тарапынан талдау, таразылау болғаны дұрыс еді.

9 мамыр мерекесі қарсаңында еліміздегі ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне жасалатын құрмет жайлы айтып, қысқа қайырды.

1 шілдеден бастап түрлі платформалар арқылы қызмет ететін елдегі такси жүргізушілері мен курьерлер салық төлейді. «Жеті күн» бұл заң жобасы талқыланып жатқан кезде де сюжет дайындаған еді. Онда бұл іс-шараның фрилансерге тиімділігі сөз болған. Ал бұл сюжетте онлайн платформа арқылы тапсырыс алып жүргендердің қалтасына аталмыш салық салмақ болмай ма деген сауал талқыланды. Такси жүргізішілері, мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі, экономист-сарапшы мамандар пікір білдірді. Онлайн платформалар негізінен шетелдік екені, отандық қосымшалар болса табыс та, түсім де ел қоржынында қалар еді деген пікір айтылды. Проблема жан-жақты талданған.

Шаруалар үшін жайылым жердің тапшылығы жиі көтерілетін проблема. Бұл жолы «Жеті күн» Мәжіліс қабырғасында осы мәселені көтерген депутаттардың сауалына сүйеніпті. Ауыл шаруашылығы жерлерін меншікке беруге қатысты Жер кодексіне жаңа түзетулер енгізілмек. Онда жайылым жерлерді иемдену нормаларын өзгерту қарастырылуда. Сюжетте ауыл адамдарын сөзге тартып, нақты проблеманы тізіп, депутаттар мәселені шешу үшін ұсынып отырған нормалар туралы баяндайды.

«Жеті күн» Мәжіліс депутаттарының сауалдарына жіті назар аударуды жөн көрген секілді. Бағдарламаның соңғы сюжеті де Мәжіліс қабырғасында көтерілген проблема турасында болды. Депутаттар Түркістандағы Қожа-Ахмет Яссауи кесенесінің қазіргі жағдайына алаңдап отыр. Өйткені жан-жағына гүл егіліп, жасанды абаттандыру жұмысы жүргізілгеннен кейін, ондағы ылғал мавзолей құрылысына зиянын тигізе бастаған. Сарапшылар, сала мамандары, министрлік өкілдері сөз алған сюжеттен түсінгеніміз, кесене қабырғаларының ылғал тартып, бүліне бастағанына абаттандырудың ықпалы жоқ. Оның айналасында жер асты суларын реттеп тұратын дренаждар болған, солар жұмыс істемей қалған болуы керек. Министрлік өкілі мавзолейдің қазіргі жағдайын зерттеп, проблеманың неден туындағанын анықтауға біршама уақыт кететінін айтты.

Sarap Тimes, Astana TV

Sarap Тimes Тәжікстан президентінің мемлекеттік сапарын қысқа қайырып, Эмомали Рахмоновтың сөзінен үзінді берумен шектелді.

Ал 5 мамырда өткен Бүкілармиялық кеңес отырысына жеке тоқталды. Сюжет осы жиындағы президенттің сөздерін тәпсірлеуден тұрады. Материалда қолданылған видеоқатар жиын барысынан алынған, стэндап та сахнаның фонында жасалған. Президент тапсырмасына қатысты сарапшының, әскери шенеуніктердің пікірі мүлдем жоқ.

Отан қорғаушылар күніне арналған сюжет жеке кейіпкер туралы баяндау үлгісінде жасалды. «Әскери династия» аталатын материалда Ұлттық ұланда қызмет ететін Әлішер Әбдірәсілдің отбасы мен оның мансап жолын қуған ұлы жайында айтылды. Кейіпкер жастардың әскерге баруын міндеттеу керегін, ал олардың әскердегі амандығын қамтамамсыз ету әскерилердің міндеті екенін айтты.

ІІ дүнижүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ең кемі 1,5 млн теңге көмекақы беріледі. Бұл туралы айтқан соң Дастан Сейілханұлы елдегі жеңілдетілген автонесие бағдарламасына өзгеріс енгізілетіні, жаңа шарттар қандай болатыны туралы аз-кем мәлімет берді. Сюжетте ИИДМ басшысы Марат Қарабаевтың осы шарттар туралы сөзін келтіріп, сарапшылар мен қарапайым тұрғындардың пікірін берді. Автонесие бағдарламасын даттаушылар да, қолдаушылар да бар. Дегенмен, еліміздегі автоөнеркәсіптің әлеуетін, халықтың сатып алу қабілетін, ескі-жаңа көліктер санын, олардан ауаға бөлінетін шығарындылар көлемін инфографика түрінде көрсетіп, ұғынықты талдау жетіспеді. Ақпаратты жеткізудің тың тәсілдерін іздеу артық болмас еді.

Sarap Тimes та Мәжілісте көтерілген мәселелерге мән берген: Аннас Баққожаев мәселе көтеріп, блогердің қызметін реттейтін норма керегін айтты. Сюжетте блогер-депутат Дәулет Мұқаевтың, заңгердің, өзге де блогерлердің пікірі бар. Олардың барлығы блогердің қызметтін реттейтін норма нені ескеруі қажеттігіне жауап берді.

Студияға шақырылған қонақ – саясаттанушы Мақсат Жақау блогердің жұмысын реттеуге қатысты пікір білдірді.

Жемқорлардан алынған 121 млрд теңге арнайы есеп-шотта жиналып, сол қаржыға мектептер салынады. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді. Келесі сюжет осы туралы болды.

Есектің сүті ем. Қоғамда осы тақырып қызу талқыланып жатыр. Дастан Сейілханұлы оның «дінде харам» екеніне ерекше назар аударды. Ал тілші есектің сүтін ішіп, сырқатынан айыққандарды сөзге тартқан. Есек сүтінің пайдасы туралы ғалымның пікірі мен дін өкілдерінің пәтуасы бар. Дәрігер сүт құрамының жас баланың ағзасына кері әсері туралы айтты. Ал дінде есектің сүті харам саналғанымен, егер ол жалғыз шипа болса, қолдануға қарсылық жоқ екен. Жалпы нақты деректен гөрі дақпырт пен қауесеттің айналасында сюжет жасау – кәсіби журналистика емес. Қауесетті тексеріп, ол ақпаратқа талдау жасалса, материал анағұрлым құнды болар еді.

Apta, QAZAQSTAN

Алғашқы сюжет Тәжікстан президентінің Астанаға ресми сапарына арналды. Мемлекет басшысы Эмомали Рахмонды өзі қарсы алды. Екі ел басшылары өзара одақдастық іс-қимыл туралы декларация қабылдады. Хаттама сюжет «Жаңа деңгей» аталып, сарапшылар бұл басқосуды тарихи оқиға деп бағалады.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күні, Apta бұл мерекелерге сюжет арнады. Келесі сюжеттің алғысөзінде президенттің Бүкілармиялық кеңес өткізгені туралы ақпарат берді. Қасым-Жомарт Тоқаев әскерилер мен ардагерлерді мейрамымен құттықтады. Мемлекет басшысының бұл жиыннан бірнеше синхроны берілді: «Жау жоқ деме, жар астында» дейді халық даналығы. Ел егемендігін сақтауда кез келген қауіп-қатерге даяр болуымыз керек».

Әскери доктринаға сәйкес қорғанысқа жұмсалатын қаржы жыл санап өсіп келеді. Мысалы, 2021 жылы 700 млрд теңге болған. Бұл қаражат қайда жұмсалып жатыр? 30 жылдың ішінде қару-жарақ пен техника қаншалықты жаңарды? Қорғанысқа жасалған осынша қолдау қауіпсіздіктің сапасын арттыра алды ма? Әскердің әлеуетін күшейту үшін тағы не істеу қажет? «Армиядағы ахуал» сюжетінде Амангелді Сейітхан осы мәселелерді қамтыды. Толымды ақпараттық сюжет.

Қазақстан 26 елмен визасыз режим енгізу туралы келісім жүргізіп жатыр. Мемлекеттердің ішінде Австрия, Сауд арабиясы, Сан-Марино, Бахрейн бар. Бұдан бөлек, Қазақстанға электрондық виза рәсімдей алатын елдер тізімін кеңейту, БАӘ резиденттері үшін виза беруді жеңілдету мәселелері қаралуда. Өткен айда Қазақстан мен Қытай Үкіметтері екі ел азаматтары үшін визасыз режим енгізуді жоспарлап жатқаны белгілі болды. Apta сұхбаты осы тақырыпқа арналады. Сарапшы –  саясаттанушы Шыңғыс Ергөбек.

Келесі сюжет мүгедектігі бар жандардың проблемасына арналды. Олардың әлеуметтік жағдайы жиі айтылады: пандустар, жұмыспен қамту, жәрдемақы және тағы басқалары. Бұл материалда да осы мәселелер көтерілді, айтарлықтай жаңалық болмады. Десек те, Apta бір мәселені жақсы көтерді. 1 шілдеден бастап жаңа әлеуметтік кодекс қабылданады. Бұл құжат мәселені реттеуі тиіс еді. Алайда кемшіліктері жетерлік. Мәселен, 164-бап мүгедектігі бар жандарға керек-жарағын арнайы портал арқылы алуға міндеттейді. Apta тілшілері порталға кіріп, бағаларды шолып көрген. Мысалы, нашар көретіндер азаматтарға арналған оқу машинасының интернеттегі құны – 150-500 мың теңге арасында. Дәл осы маркалы аппарат әлеуметтік порталда 1 миллион 343 мың теңгеге бағаланған. Мүгедектер арбасы да тура осылай саудаланып жатыр. Кейіпкерлер мен сарапшылардың пікірі бар.

Биыл халқы тығыз орналасқан облыстардан еңбек күші тапшы солтүстік және шығыс өңірлерге 8 мың 600-ден астам адам көшірілуі тиіс. 2017-2021 жылдар аралығында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 42 мыңға жуық адам солтүстікке қоныс аударды. Енді «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Алайда көшкендердің ішінде оңтүстікке қайта қоныс аударғандар бар. Өйткені шешілмеген мәселе көп: тұрғын үй сапасы, қоныс аударушылардың кейбірі әлі күнге материалдық көмек ала алмай жүр, жұмыссыздық және тағы басқа. Apta бағдарламасының соңғы сюжеті осы мәселеге арналды. Кейіпкерлердің оқиғасы көп.

Apta Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бүкілармиялық кеңесте сөйлеген сөзінен сихрон берумен аяқталды.

«Айна», Еуразия бірінші арнасы

«Су ма? У ма?». Әлеуметтік желіде Қарағандыда ауыз судан құрт шыққаны көрсетілген видео тараған. Сюжетке осы видео себеп болған. Әсем Изатқызы судың кермектілігін үй жағдайында тексеруге мүмкіндік беретін құрылғысы бар елорда тұрғынымен бірге құбырдағы және автоматтағы судың құрамын тексереді. Бұдан соң тілші құбырдан, водоматтан, дүкенде сатылатын судан, фильтр мен диспенсерден алынған 5 түрлі суға зертханада тәуелсіз тексеру жүргізді. Нәтижесінде фильтр мен диспенсердің суы анағұрлым таза екенін анықталған. Осы сюжет жасалып жатқан кезде сапасыз су беретін водомат құрылғысы ауыстырылыпты. Журналистік зерттеу деп бағалауға болады. Дегенмен аймақтағы су сапасы қалай бақыланады, оның құрамына қандай талаптар қойылатыны жайлы толықтырушы ақпарат жетіспеді.

Балабақша ақысы қымбаттайды. Оған елдегі азық-түліктің қымбаттауы себеп. Сонымен қатар, жарықтың тарифі де көтеріледі. Көпшілік үшін керек әрі маңызды ақпарат.  «Айна» жүргізушісі Ғалым Кәлмен бұл туралы қысқа қайырды.

«Айна» жиі болмаса да шетел жаңалықтарына шолу жасап тұрады. Бұл жолы Руанда, Сербия, Ұлыбританиядағы елең еткізер жаңалықтарды шолып шықты.

Өзге мемлекеттік телеарналар баса мән берген Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңындағы Бүкілармиялық кеңес жиыны туралы кадр сыртындағы баяндау арқылы ақпарат берілді. Сонымен қатар, Ақордада бірқатар әскеридің марапатталғаны туралы айтылып, жиындағы президенттің сөзінен үзінді берілді.

Арнайы жасақтың жұмысы туралы әзірленген сюжет те осы мерекенің құрметіне арналды. Сюжет авторларының жалпы әскери саланы емес, соның ішіндегі нақты бір бөлімшенің жұмысын таныстыруды мақсат еткенін, жаттандылықтан ада, нақтылығын атап өткен жөн. Тілші өзі де арнайы жасақтың жұмысын сынауға атсалысып, «күдікті» ретінде рөл ойнап, стэндап жазды.

«eGov куәгері» айдарында зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алып, сенімгерлік басқаруға беруге болатынын айтты. Сонымен қатар, ArtSport порталының жұмысы биыл өзгерді. Әрбір өңірде портал ашылып, сол арқылы балалар үйірмеге тіркеле алады. Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі, вице-премьердің түсіндірмесі бар.

Бағдарламаның бұл санында да әлеуметтік эксперимент бар. Онда тілші бөтен адамдарға баланы тастап кетіп, тәжірибе жасап көрді.

Бағдарлама әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарымен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР