ДомойМедиа үні«Масс-медиа туралы» заңдағы негізгі өзгерістерге шолу

«Масс-медиа туралы» заңдағы негізгі өзгерістерге шолу

«Масс-медиа туралы» заңдағы негізгі өзгерістерге шолу

ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2024 жылғы 19 маусымда елдегі медиа саласын реттейтін негізгі құжат — «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Екі жылдай талқыланып, кейбір нормалары медиазаңгерлер мен журналистердің қарсылығына ұшыраса да қабылданған бұл заң 2024 жылғы 20 тамызда, кейбір нормалары 2025 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді. Қазіргі «БАҚ туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың күшін жойып, орнын басады. Дегенмен, «Масс-медиа туралы» заң қазіргі қолданыстағы осы екі заңның негізінде жасалған, яғни «жаңа ереже мен нормалар үлесі 10% аспайды» екен. Мұны «Орталық Азияның ақпарат тұтастығын дамытуға ықпал ету (CAIIA)» бағдарламасы аясында «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ ұйымдастырған «Масс-медиа туралы заң қабылданды, енді не өзгереді?» деген вебинарда медиасарапшы-журналистер Қалима Тәжіқұл мен Есенгүл Кәпқызы («Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі) айтты. Олар осы заңды әзірлеу барысында жұмыс тобында болған. «Жаңа репортер» редакциясы вебинарға қатысып, журналистер, редакциялар, жалпы медиақауымдастық өкілдері білгені жөн негізгі өзгерістер туралы шолу дайындады.

«Масс-медиа туралы» заңда жаңа терминдер мен ұғымдар бар. Мәселен:

  • Масс-медиа — бұқаралық ақпарат құралы жəне интернет-ресурс;
  • Бұқаралық ақпарат құралы (БАҚ) — мерзімді баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, интернет-басылым;
  • Интернет-басылым — Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы ҚР аумағында орналасқан бұқаралық ақпарат құралы ретінде уəкілетті органда есепке қою рəсімінен өткен интернет-ресурс, соның ішінде ақпарат агенттігі
  • Аккредиттеудің оңайлатылған тəртібі — аккредиттеу картасын беру арқылы БАҚ-ты және олардың журналистерін (БАҚ өкілдерін) аккредиттеудің автоматтандырылған процесі;
  • Бірыңғай медиаплатформа — мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға арналған ақпараттық жүйе;
  • Журналистің ерекше мəртебесі — журналистің құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, ақпаратты іздеу, сұрату, алу жəне тарату кезінде кеңейтілген құқықтарды, сондай-ақ осы Заңда белгіленген өзге де ерекше құқықтарды көздейтін журналист мəртебесі;
  • Мемлекеттік БАҚ — жарғылық капиталында мемлекетке тиесілі 50% астам дауыс беретін акциялары, жарғылық капиталына қатысу үлестері, пайлары бар бұқаралық ақпарат құралы;
  • Мемлекеттік емес БАҚ — жарғылық капиталында мемлекетке тиесілі елу пайыздан кем дауыс беретін акциялары, жарғылық капиталына қатысу үлестері, пайлары бар бұқаралық ақпарат құралы;

Суицид туралы жазу

Бұл заңдағы жаңа норманың бірі — Суицид туралы жазу. Заңның «Өзін-өзі өлтіруді насихаттайтын ақпарат» деп аталатын 11-бабында:
«Өзін-өзі өлтіруді насихаттайтын ақпаратты, өзін-өзі өлтіруге бару тәсілдері мен өзін-өзі өлтіруге шақыру туралы ақпаратты таратуға және/немесе орналастыруға тыйым салынады» деп жазылған. Заң мәтінінде өзін-өзі өлтіруді насихаттайтын ақпаратқа қандай ақпарат жататынын тарқатып жазған.

— Журналистің суицидке шақыратын, итермелейтін қандай да бір ақпаратты мақалаға қосуына тыйым салынады. Суицид қалай жасалғаны туралы ақпаратты таратуға тыйым салынған. Сондай мақала жарияланатын болса, журналист те, редакция да жауапқа тартылады. Мұнда өзін-өзі өлтіруге бару тәсілдері туралы жазу журналистерге қиын тигелі тұр. Өйткені заң өзіне өзі қол жұмсау оқиғасының қалай болғаны туралы жариялауға мүлде тыйым салады, — дейді Қалима Тәжіқұл.

Диффамация жөнінде шағымдану

Осы заңды әзірлеу барысында медиақауымдастық өкілдері де қабыл алып, қолдаған бір өзгеріс — 38-бап. «Теріске шығару немесе жауап беру құқығы». Мұны «диффамация жөнінде шағымдану» деп те айтады.
Енді ар-намыс, іскерлік беделді қорғау жөніндегі БАҚ материалдарына не мақалалар мен сюжет авторларына шағымданудың мерзімі бір жылға дейін қысқарды. Яғни, азамат немесе заңды тұлға сол БАҚ-та таратылған, шындыққа сай келмейтін және оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығаруды талап етуге құқылы. Бірақ осы бапта көрсетілген құқықтардың бұзылуына байланысты БАҚ-қа қойылатын талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі осындай мәліметтер БАҚ-та жарияланған күннен бастап 1 жылдан аспайды. Бұл бап 2024 жылғы 20 тамыздан бастап күшіне енеді.

— Дегенмен аталған материалға жауап беруді немесе жоққа шығаруды талап ету мерзімі бір жылдан көп болуы мүмкін, өйткені заңда шағым берудің мерзімі туралы ғана айтылған. Ал мұндай шиеленістерді сотқа дейін реттеу тәртібі өзгермеді, яғни БАҚ редакцияларынан жауап қайтаруға мүмкіндік беруді не жоққа шығаруды талап ету мерзімі — бір ай, — дейді Есенгүл Кәпқызы.

Ақпаратты сұрату

Журналистер өзгертуді сұраған, бірақ толықтай орындалмаған бір норма: редакцияның ресми сауалына ақпарат иеленушінің жауап беру мерзімін қысқарту. «БАҚ туралы» заңның 18-1 бабында «Сұрау салуға жауап, егер сұрау салудың өзінде өзгеше көрсетілмесе, ол келіп түскен күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде, келіп түскен сұрау салу нысанында және тілінде ұсынылады» деп жазылған.
Енді «Масс-медиа туралы» заңның 38-бабында «Сұрау салуға жауап, егер сұрау салудың өзінде өзгеше көрсетілмесе, ол келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, келіп түскен сұрау салу нысанында және тілінде ұсынылады» деп өзгерді.
Бұл өзгеріс те 2024 жылғы 20 тамызда күшіне енеді.

— Негізінен, медиақауымдастық ресми сауалдарға 3 жұмыс күннің ішінде жауап беруін сұрады, — деді Е.Кәпқызы.

Айтпақшы, ақпаратты сұратудың басқа процедурасы өзгермеді:

  • Ресми хабарларды түсіндіру сауалдарын қарау мерзімі — 2 жұмыс күні. Алайда жауап беру мерзімі БАҚ редакциясына ескерте отырып, 15 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін.
  • Төтенше жағдай жөніндегі ақпаратты мемлекеттік органдар 3 сағаттың ішінде беруі тиіс.
  • Міндетті хабарламалардың тізімі өзгеріссіз қалды.

Журналистерді аккредиттеу

Заңның 28-бабы «Журналистерді (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін) аккредиттеу» деп аталады.
Жалпы журналистерді аккредиттеу ережелері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2013 жылғы 21 маусымдағы «Журналистерді аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы» № 138 бұйрығына 2021 жылғы 11 наурызда енгізілген өзгерістерге сәйкес орындалады.
Енді процесс автоматтандырылады, яғни аккредиттеуді бірыңғай медиаплатформада жүргізеді. Журналист аккредитация картасын электронды форматта алады. Мұны аккредитацияның жеңілдетілген түрі деп атайды екен.

— Аккредиттеу картасын беру критерийлері қарастырылмаған. Алайда оны берудің тәртібі заң аясында жасалатын акт негізінде айқындалмақ. Аккредитациядан айырудың негіздемесі толықтырылды — енді соттың шешімі ғана жеткіліксіз, ол заңды түрде күшіне ену керек, — дейді Қ.Тәжіқұл.

Демек, егер журналист аккредиттеу қағидаларын бұзса не өзін аккредиттейтін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сай келмейтін мәліметтерді таратса, егер бұл заңды күшіне енген сот шешімімен танылса, аккредиттеуден айырылады.

Шетелдік БАҚ пен шетелдік журналистерді аккредиттеу

«Масс-медиа туралы» заңның 30-бабы «ҚР-дағы шетелдік БАҚ өкiлдерiнiң қызметi» деп аталады. Бұл бап Қазақстан аумағында шетелдік БАҚ пен журналистердің аккредиттеуден өту тәртібін реттейді.
Енді шетелдік БАҚ пен журналистердің аккредитациясы заңмен реттеледі. Бұған дейін бұл мәселе ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұйрығымен реттелетін еді.
Егер шетелдік БАҚ ҚР заңдарына қайшы әрекеттер жасайтын болса — оның Қазақстандағы іс әрекетін сот шешімі негізінде тоқтатуы мүмкін. Шетел БАҚ-тары мен журналистерінің ҚР СІМ аккредитациясынсыз журналистік қызметпен айналысуына тыйым салынады. Аккредиттеуден бас тарту, тоқтату және аккредитация жөніндегі тәртіп ҚР СІМ жасаған және қабылдаған ережелер негізінде жүзеге асады.

ҚР СІМ-нің Аккредитация ережесі туралы бұйрығы жақын күндері өзгереді.

— ҚР СІМ аккредитациядан өткен шетелдік БАҚ өкілдері мен олардың журналистерінің тізімін жасауы тиіс, — деді Е.Кәпқызы

Кәсіби этиканы сақтауға міндеттеу

«Масс медиа туралы» заңның медиақауымдастық өкілдері тарапынан қарсылыққа ұшыраған нормасы — «Журналистің құқықтары мен міндеттері» деп аталатын 26-баптың «Журналист кәсіби әдеп (әдептік мінез-құлық) нормаларын сақтауға міндетті» деген тармағын енгізгені болды. «БАҚ туралы» заңда мұндай норма болмаған.

— Этика мәселесі бізде үлкен проблемаға айналды. Ең басты мәселе — журналистердің міндеттеріне кәсіби этика нормаларын сақтау мәселесі қосылды. Мұнда бір мәселе бар. Түсініктердің шатасуы. Халықаралық медиақауымдастықта «Өзін-өзі реттеу» деген және «журналистердің кәсіби этикасы» деген бар. Өзін-өзі реттеу ұйымдары төменнен құрылады. Әлемдік тәжірибе бойынша оны ешқандай құзырлы мекеме не мемлекеттік орган құрмайды. Журналистердің этика мәселелерін кім және қалай реттейді? Бұл да үлкен проблема. Әлемдік медиақауымдастықта журналистердің этика мәселелерін журналистер өздері реттейді және олар Этикалық кодекстерді өздері қабылдайды. Осы тұрғыдан келгенде бізде түсініктердің шатасуы боп жатыр. Құзырлы министрлік «БАҚ-тың өзін өзі реттеу мәселелері бойынша қоғамдық кәсіби кеңестер құрамыз» деп отыр. Бұл кеңестер республикалық және аймақтық деңгейде типтік Ереже негізінде құрылмақ. Олар Журналистердің этика кодексін жасайды, сосын мемлекеттік органның қарауына енгізеді. Бұдан «биліктің жанынан құрылған қоғамдық кеңестер тәуелсіз бола ала ма» деген мәселе туындап отыр. Біз мұны көп талқыладық. Және өкінішке қарай, осы мәселе талқылау қалпында қалып қойды, — деді Е.Кәпқызы.

Журналист қауіпсіздігіне редакцияның жауапкершілігі

Заңның «Журналистің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің) кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктері» деген 27-бабында:

  • Журналист (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі) міндеттерін денсаулығы мен өмірі үшін жоғары қауіптілікпен ұштасқан жағдайларда орындаған кезде бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі оны қажетті жабдықпен жəне киім-кешекпен қамтамасыз етуге міндетті.
  • Журналистің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің) өз міндеттерін орындауына байланысты өміріне жəне (немесе) денсаулығына зиян келтірілген жағдайда, бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі оған келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көлемде жəне тəртіппен өтеуге міндетті
    деп жазылған.

— Егер сіз қандай да бір қауіпті соғыс аймағына немесе табиғи апат болған жерге жұмыс бабымен барсаңыз, редакцияңыздың иесі сізді толық қауіпсіздікте болатындай жабдықтармен қамтамасыз етуге міндетті. Ол жерде оператор не репортер да болуы мүмкін, — деді Қ.Тәжіқұл.

БАҚ контентіне мониторинг жасау

Бұл қазіргі қолданыстағы заңнамада бар. Бірақ осы бапқа тағы да бір бөлім қосылды. БАҚ контентіне мониторинг жүргізу, яғни «масс-медиа мониторингі — масс-медиа өнімін жинау және оны Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуы тұрғысынан, сондай-ақ қоғамның адамгершілік тұрғыдан дамуына зиян келтіруі және жалпыадамзаттық, ұлттық, мәдени және отбасылық құндылықтарды бұзуы тұрғысынан талдау процесін», сондай контентті тексеру мақсатын көздеп отыр.

— Дегенмен мұның іс жүзінде қалай жүзеге асатынын айту қиын, бірақ осы негізде БАҚ қызметін тоқтатуға болмайды. Бұзушылықтар туралы хабарламаны жіберу тәртібі («қара қағаз») өзгерген жоқ. Айтылған критерийлер бойынша материал жарияланған болса, редакцияға хабарлама жіберіледі. 9-бапта көрсетілгендей, редакция бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, уәкілетті органға ұсыным табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы. Сондықтан материал жазар кезде, аталған критерийлерге мән берген жөн, — дейді Қ.Тәжіқұл.

БАҚ-ты бюджеттен қаржыландыру

Заңның «Мемлекеттік ақпараттық саясат» деп аталатын 4-тарауында БАҚ-ты бюджеттен қаржыландырудың екі тәсілі бар екені жазылған.

Біріншісі, мемлекеттік тапсырыс.

Мұны мемлекеттік ақпараттық саясатты орындау және мемлекеттік БАҚ-ты қолдау үшін тек мемлекеттік БАҚ-қа береді. Республикалық және облыстық деңгейде жүзеге асады. Бюджет қаражатын бөлу және оның жұмсалуын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бақылайды. Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі комиссия тақырыптық бағыттарды бекітеді және қаржыландыруға келіп түскен өтінімдерді қарайды. Мұның барлығы заңның 32-бабында жазылған.

Екіншісі, грант арқылы қаржыландыру.

Заңның 33-бабында «Гранттар отандық контентті дамытуға, Қазақстан Республикасының ақпараттық егемендігін нығайтуға және қорғауға беріледі» деп жазылған.

Гранттар мемлекеттік емес БАҚ-қа, оның ішінде:

балаларға арналған контентті жасауға;
өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарын дамытуға беріледі.

Жалпы грант қаржысының 2/3 бөлігі мемлекеттік тілдегі контентті шығаруға бөлінуі тиіс.

Гранттар екі түрге бөлінеді:

1) қысқа мерзімді гранттар — іске асырылуы 1 жылдан аспайды.
2) ұзақ мерзімді гранттар — іске асырылуы 1 жылдан 3 жылға дейін жалғасады.

Гранттардың тақырыбы мен көлемін Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі республикалық комиссия бекітеді. Комиссия құрамының кемі үштен бірі медиа ұйымдарының өкілдерінен тұрады.

— Гранттық қаржыландыру ашық конкурстық іріктеу негізінде бөлінеді. Грантқа өтінім беру процесі автоматтандырылады және бірыңғай медиаплатформа арқылы іске асырылады. Байқау жеңімпаздарын таңдауды тәуелсіз сараптама комиссиясы жүзеге асырады. Оның құрамын Мәдениет және ақпарат министрлігі айқындайды. БАҚ-ты гранттық қаржыландырудың барлық ережесі 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, — деді Қ.Тәжіқұл.

Медианың контент тіліне қойылатын талап

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін тағы бір бап — «5 бап. Масс-медианың таралу тілі».

ҚР аумағында мемлекеттік тілде хабар тарататын отандық теле-, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі уақыты жағынан:

1) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап — 55 пайыздан кем болмауы;
2) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — 60 пайыздан кем болмауы тиіс.

Мемлекеттік тілдегі теле-, радио бағдарламалардың жергілікті уақыт бойынша нөл сағаттан бастап есептелетін, əрқайсының ұзақтығы алты сағаттық уақыт аралығындағы көлемі:

1) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап — 55 пайыздан кем болмауы;
2) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — 60 пайыздан кем болмауы тиіс.

Осы тармақтың талабы халықаралық келісімдер негізінде хабар тарататын телеарналарға қолданылмайды.

Отандық контент үлесі бойынша талаптар

Телерадио хабарларындағы жергілікті мазмұн үлесіне қойылатын талаптар да 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өзгереді. Бұл туралы «Телерадио хабарларын таратудың ұлттық мүдделерін қорғау» деп аталатын 50-бапта жазылған.

1. Отандық телеарналардың телерадио хабарларын таратудың апта сайынғы көлемінде жарнаманы қоспағанда, отандық телебағдарламалар саны:

1) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап — кемінде 55 пайызды;
2) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кемінде 60 пайызды құрауы тиіс.

Осы тармақтың талабы халықаралық келісімдер негізінде хабар тарататын телеарналарға қолданылмайды.

2. Отандық радиоарналардың радио хабарларын таратудың апта сайынғы көлемінде жарнаманы қоспағанда, қазақстандық авторлардың не орындаушылардың музыкалық туындылары мен отандық радиобағдарламалар саны:

1) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап — кемінде 55 пайызды;
2) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кемінде 60 пайызды құрауы тиіс.

Шетелдік телерадио арналарды ретрансляция жасау көлемі де өзгеріп, отандық теле-, радиоарналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде шетелдік теле-, радиоарналардың теле-, радиобағдарламаларын ретрансляциялау теле-, радиобағдарламалардың жалпы көлемінің 10 пайызынан аспауы тиіс деп бекітілді. Осылайша ретрансляция үлесі 20%-дан 10%-ға дейін қысқарды.

«Масс-медиа туралы» заң жайында білген жөн ең басты өзгерістердің бір парасы осы.


Қалима Тәжіқұл мен Есенгүл Кәпқызы вебинарды:

«БАҚ бәсекелестігі тұрғысынан, мемлекеттік реттеу және ақпараттық кеңістікке мониторинг жасау тұрғысынан «Масс медиа туралы» жаңа заң медианарықтағы жағдайға айтарлықтай әсер етпейді. Журналистерді қорғау және олардың қауіпсіздігі туралы Ереже енгізілмеген. Журналистердің құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған. Телерадио арналарының контентіне қойылатын жаңа талаптар гранттық қаржыландыру негізінде компенсацияланады. Алайда бөлінген субсидияның қаншалықты тиімді болатыны түсініксіз» деп түйіндеді.

Заңның жаңа Ережелерін жүзеге асыру үшін заңдық актілер жақын күндерде қабылданады екен.

Вебинар сұрақ-жауапқа жалғасты. Қатысушылардың: «Этикалық нормалардың құзырлы орындармен реттелуі деген тұсы қызық екен. Журналистік этика қалай реттеледі?» деген сұрағына
«Бұл бапты түгелдей алып тастауды ұсынғанбыз, бірақ алып тастамады. Сенатта талқыладық, бірақ сөзіміз жетпеді. Меніңше алдағы уақытта бұл бап халықаралық ұйымдар тарапынан сынға ұшырайды, өйткені журналистік этиканы заңмен реттемеу керек. Заңдағы бұл бап тек декларативтік норма болады» деп жауап берді спикерлер.

Вебинарды ұйымдастырған «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ-ның («Правовой медиа-центр» ОФ) өкілі, журналистерге тегін құқықтық қолдау көрсететін Media Qoldau құқықтық қызметінің медиазаңгері Гүлмира Біржанова алдағы күзде «Масс-медиа туралы» заңның баптарын тәптіштеп түсіндіретін вебинарлар сериясы өтетінін айтты. Күні мен сағатын, қосымша ақпаратты әлеуметтік желілердегі парақшаларында жариялайды.

Ал 2024 жылғы 24 маусымда өткен қазақ және орыс тілдеріндегі вебинардың видеосын Facebook-тегі «Құқықтық медиа-орталық» парақшасынан көруге болады. Видеода спикерлердің презентациясы, комментарийі мен сұрақ-жауап бөлімі бар.

Қазақ тіліндегі вебинардың видеосы: «Масс-медиа туралы заң қабылданды, енді не өзгереді?» (спикерлер: SDU университетінің ассистент профессоры, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жетекшісі Есенгүл Кәпқызы yesengul@gmail.com мен журналист, медиасарапшы Қалима Тәжіқұл htazhikul@gmail.com)
Орыс тіліндегі вебинардың видеосы: «Что изменится с новым законом о масс-медиа?» (спикерлер: Қазақстандағы Internews өкілдігінің медиазаң жөніндегі консультанты Ольга Диденко odidenko@internews.org мен «Правовой Медиа Центр» ҚҚ медиазаңгері Гүлмира Біржанова bgulmiran@gmail.com)

«Масс-медиа туралы» заңның мәтіні:
«Әділет» порталында және ҚР Сенатының сайтында жарияланған.

Сенаттың сайтында:
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы;
ҚР кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
заңдардың мәтіні бар.

Қазақстандағы Internews өкілдігі 2 жылға жуық үкімет пен парламент деңгейіндегі жұмыс топтарына қатысқан журналистер, сарапшылар, редакторлар, барлық әріптес пен серіктестер: Гүлмира Біржановаға, Диана Окремоваға, Қалима Тәжіқұлға, Есенгүл Кәпқызына, Жұлдыз Әбділдаға, Бақтыгүл Бурбаеваға, Думан Смақовқа, Қарлығаш Жұманқұловаға және осы заңды шығару процессіне атсалысқан басқа да көптеген әріптестерге алғыс білдіреді. Сондай-ақ, осы заңды әзірлеу мен талқылау барысынан ақпарат таратқан барлық журналистер мен медиаға алғыс айтамыз.

Қазақстандағы Internews журналистердің кәсіби құқын қорғау, медианы дамытуды қолдау, медиа мен ақпаратқа қол жеткізу заңдарын жетілдіру үшін тынымсыз жұмыс істеп келе жатыр және осы бағытта жұмысын жалғастыра береді. 

Бұл вебинар Америка халқының АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы берген көмегінің арқасында мүмкін болды. Оның мазмұнына «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ ұйымы жауапты және ол USAID-тің не АҚШ Үкіметінің ұстанымын білдірмеуі мүмкін.
USAID – әлемдегі маңдайалды халықаралық даму агенттігі және дамыту саласында нәтижелерге жетудің катализаторы. Көбірек ақпарат алу үшін агенттіктің сайтына: https://www.usaid.gov/central-asia-regional және Facebook-тегі USAID Central Asia парақшасына өтіңіз: https://www.facebook.com/USAIDCentralAsia

Бұл мақаланы дайындауға SDU-дің «Журналистика» мамандығының
2-курс студенті Бекарыс Сейдахметов қатысты.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР