Қазақ тіліндегі медиада да әйелдерге қатысты гендерлік стереотиптері бар материалдар жарияланып жатады. Бір қызығы – көптеген мақалада әйелдің қоғамдағы «орнын» мақал-мәтел арқылы көрсетеді.
Мұндай мақалалар: әйелдің рөлі — «отбасы бірінші орында болуы керек», «өмірдегі басты мақсаты – бала туып, тәрбиелеу», «мансапқа қызықпауы тиіс», «шыдамды болуы керек», «зорлық-зомбылыққа ұшыраса, өзі кінәлі, тілінен тапты» деген сияқты түсініктермен шектеледі.
БАҚ бетінде және ток-шоуларда қыз-келіншектерге әртүрлі анықтама береді, мәселен: «кәрі қыздар», «қоғамның соры, қалдығы» және тағы басқа.
«Еркекті құртатын – үйіндегі әйелі»
Жақында «Жігіттер» тобының әншісі, актер Бағлан Әбдрайымовтың : «Ер адамдардың барлық қайғы-қасіретіне әйелдер кінәлі» деген пікірін көптеген басылым жарыса жариялады.
Әнші ер адамдардың жолы болмайтынына әйелдер қауымын айыптап сөйлеген.
«Еркекті банкрот құртпайды, арақ құртпайды. Еркекті құмар ойын, төбелес құртпайды. Еркекті сындыратын бір-ақ нәрсе бар. Еркекті құртатын ол үйіндегі әйелі. Шынымен айтамын. Кез келген еркек менімен қосылады деп ойлаймын. Үйіңдегі келіншегіңмен ұрысып, таласқаннан көрі көшеге шығып, жатып алып біреумен төбелескенің жақсы. Еркектің сағын сындыратын тек әйел кісі ғана. Қалған сынаққа еркек шыдай береді», – деді әнші.
Бұл пікірді кликбейт пен хайпты жиі пайдаланатын «сары» БАҚ қана емес, біршама беделді басылымдар да жариялады.
Әбдрайымовтың бірнеше жыл бойы құмар ойындарға тәуелді болып, қарызға белшесінен батқаны белгілі. Кейін ол өзі туралы фильм түсіріп, онда басты рөлді сомдаған. Бірақ біздің ер адамдар өз қатесін мойындағаннан гөрі, барлық қиындыққа әйелдерді кінәлағанды оңай көреді. Ал медиа мұндай пікірді кеңінен таратады.
«Кәрі қыздар» немесе қоғам «қалдықтары»
Nege.kz порталы қытайлық жас кәсіпкер қыздың Қытайда 27 жасқа толған, тұрмысқа шықпаған қыздарды «қалдық» деп атайтынын айтқан сұхбатын жариялады.
Ал сұхбат алушы біздің елде тұрмысқа шықпай қалған қыздарды қалай атайтынын еске салып өтті.
Ол сұхбатының кіріспесінде: Сондай-ақ «отырып қалған», «кәрі қыз» дейтін де ұғым бар», — деп жазды.
Ал редакция қонағы Қытайдағы осы мәселеге қатысты жағдайды баяндап берді.
«Шынымен де бұл сөздің салмағы ауыр әрі мағынасы теріс. Мұны көбіне үлкен кісілер «отырып қалған қыздар тезірек тұрмысқа шықсын» деген ниетпен түрткі ретінде қолданады. Мәселен «қалдықтардың» кіші тобы әдетте 25 пен 28 жас аралығындағы тұрмысқа шықпаған әйелдерге қатысты айтылады. Бұл топты кейде «қалдық жауынгерлер» деп айта береді. 28-32 жас аралығындағы тұрмысқа шықпаған орта жастағы әйелдерді кейде «міндетті қонақтар» деп атайды. Ал егде әйелдерді (35 жастан асқан) кейбір өңірлерде «китиандық қалдықтар» тобына жатқызады», — деді 22 жастағы Чэн Чан ханым.
Adyrna.kz порталы бір материалында күйеуге шықпай қалған қыздарды: «кәрі қыздар» деп атап, олардың кейбірі отбасын құруға асықпайды деп таң қалады.
«Қазіргі таңда, елімізде тұрмысқа шығуды арман етіп, отбасылы болуды аңсап жүрген кәрі қыздардың саны күннен күнге артуда. Десе де, оң босағада отырған барлық қыз тұрмыс құрып, сәби сүюді қаламайды. «Отырған қыз орнын табады» деп, отырып қалған қыздар жайын қарастырып көрдік», — деп жазады автор. Бір қызығы — автордың өзі де әйел адам.
Мәтінде 27-32 жас аралығындағы тұрмысқа шықпаған қыздардың пікірін келтірген. Олар не себептен әлі тұрмысқа шықпағандарын баяндайды.
Автор статистиканы келтіріп, «кәрі қыздардың» санының артуына алаңдаушылық білдіреді. Тіпті статистикадан дерек келтіреді.е.
«Статистика бойынша сүрбойдақ жігіттерден кәрі қыздардың саны екі есе артық екен. 2014 жылы кәрі қыздардың саны 350 000 болса, 2017-2018 жылдары ол санақ екі есеге артқан. Кәрі қыздардың санының артуына байланысты ғалымдар “Кәрі қыз синдромы” терминін енгізіп, оған жан — жақты зерттеулер жүргізуде», — деп жазады ол.
Қорытындылай келе, автор барлық қазақ қызына «әйел бақытын» табудытілейді.
«Елімізде кәрі қыздардың көбеюі жігіттерге сын ба, әлде, аруларымызға мін бе? Алдағы уақытта, қазақтың әр қызы өз жарын кездестіріп, сәби сүйіп, бақытты өмір сүреді деген тілектеміз. Қазақтың әр қызы бақытқа лайықты, тек сол бақытты болашақ жарынан көре білсе екен».
«Кәрі қыздар» тақырыбы БАҚ-та 10 жыл бұрын да көтерілген. Мысалы, 2014 жылы QazaqUni.kz интернет-сайты былай деп жазған екен.
«Бүгінде түндігі желбіремей, оң жақта отырып қалған қыздардың саны елімізде 350 мыңға жетіп қалыпты. Яғни, жыл сайын кәрі қыздар армиясы көбейіп барады деген сөз. Мұны демографтарымыз қауіпті құбылысқа балап отыр. Мамандар соңғы жылдары отбасын құрған арулардың қатары 6 есеге дейін төмендеп кетті деп дабыл қағуда. Қазіргі жастардың 30-40 пайызы отау құруға құлықты емес. Олар үшін бала табу емес жан бағу бірінші кезекке шықты», — деп бастайды автор.
Ал белгілі демограф Мақаш Тәтімов бұл мәселеге байланысты өзінің түсініктемесінде былай деп жазған.
«Мұның демографиялық анықтамасы бар: 25-тен асқан қыздар «кәрі қыз» деп есептелінеді. Олардың тең-құрбыларының аз болуы да олардың көбеюіне септігін тигізуде».
Ол сондай — ақ, қыздарға ханзаданы күтпей, ұсыныс жасағандарға шығуды, тіпті екінші әйел болуға келісуді ұсынған.
«Төлеген іздеп келмесе, Бекежанға кете беріңдер. Бекежанды ұнатпасаңдар Сансызбайға барыңдар. Бір жолы жатақханаларды аралап жүріп 35-тен асқан кемпірден әрмән қартайып кеткен қыздарды көрдім. Жүрегің ауырады. 40-қа дейін күйеуге тимесе, бала тумаса, солған гүл сияқты, жемісі жоқ ағаш сияқты емес пе? Қазір екінші әйел болып жатқандар да, азаматтық неке деген де бар…».
Ажырасқан әйел қоғамның соры
Қоғамда және БАҚ бетінде тағы бір қалыптасып тағы бір стереотип: ажырасқан әйел – екінші сұрыпты адам. Сондықтан, әйелдер ешқандай жағдайға қарамастан, тіпті оларды ұрып-соғып, қорлап жатса да, шыдап төзіп ажыраспауы керек.
Былтыр «Еуразияның бірінші арнасындағы» «Көреміз» ток-шоуының шығарылымының бірінде студияға спикер боп келген журналист Меруерт Айтенова бағдарлама кейіпкеріне, күйеуі оны ұрып-соқса да, шыдап, ажыраспауға кеңес бергені бар.
Бағдарламада көмек сұрап келген келіншекке: «Сендер, осы ажырасқан әйелдер, қоғамның сорысыңдар. Біз сендерді жек көреміз, мен жеке өзім ажырасқан әйелдерді жек көремін, олардың қасында отырғым келмейді. Мен сияқты отбасын ұстап, қандай жағдайға болса да көніп отырған миллиондаған әйел бар. Олар ажырасқан әйелдермен бір дастарқанда отырғысы келмейді», деп салған.
Бағдарлама жүргізушісі оның сөзін бөлмеген соң барлық қатысушы, соның ішінде кейіпкер де бұл сөзді соңына дейін тыңдауға мәжбүр болған.
Бағдарлама кейіпкері эфирде: күйеуінің жұмыс істемейтінін, ұрып-соғыатынын, анасы екеуі бірге қорлап, кемсітетінін айтып берді.
Айтенова мұндай пікірлерді әртүрлі ток-шоулардың эфирінде бірнеше рет айтқан. Ол әйелдерді әрдайым кінәлап, тіпті оларға қатысты зорлық-зомбылық жасалғанда да: «Мүмкін, осындай жағдайға жеткізген өзің шығарсың», «Үндемей қоя салмадың ба?», «Бір мәрте ұрса, онда тұрған не бар?» —деп айтаны тұрақты сөздері бар.
Меруерт Айтенова дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптейтін «Игілік» журналының бас редакторы және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі екенін атап өту керек.
«Қатын бастаған көш оңбас»
Қоғамда әйелдерді мансап жолына көңіл бөлгені, басшылық лауазымдарға ұмтылғаны үшін жиі кінәлайды, «әйел бастаған көш оңбас» деген мақаланың түрлі жарияланымдарда қолданылуы бұған айқын мысал болып табылады.
Осыған байланысты «Еуразия бірінші арнасы» атышулы ғалым Омар Жәлелдің пікірін келтіреді.
Оның айтуынша, қазақ қоғамы қыздарына дені дұрыс тәрбие беруден қалған.
«…Нәзік жандылар өзінің табиғи міндетін атқарудан қалып бара жатқан көрінеді. Әйел мен еркек тең деп жариялағанан бастап, қазақтың еркегі де, әйелі де аза бастады. Еркек құнсызданып, мал таппайтын болды. Әйел еркектің орнына жұмыс істеп, бала таппайтын болды», — дептді Омар Жәлел.
Қоғамда белсенді қыз келіншектерге ең жиі айтылатын уәждің қатарында: «Әйелдер еркектеніп барады», «Жұмыс істемей, үйде отырып, бала бақсын» деген сөздер де бар. Көптеген мақал-мәтел тұрақты гендерлік стереотиптерге айналған.