ДомойМедиасынОтаршыл саясатқа қарсы дала үні: Қазақстанда ежелгі өнер туралы деректі жоба жарияланды

Отаршыл саясатқа қарсы дала үні: Қазақстанда ежелгі өнер туралы деректі жоба жарияланды

Отаршыл саясатқа қарсы дала үні: Қазақстанда ежелгі өнер туралы деректі жоба жарияланды

Драматург, продюсер әрі ArtKӧshe тәуелсіз театрының негізін қалаушы Әннәс Бағдат қазақтың көне өнері әрі қастерлі қазынасы — күй туралы деректі жобасын ұсынды. Ғасырлар бойы қазақ халқы күй арқылы ел басынан өткен қасіретті де, еркіндікке деген арман-тілекті де сақтап, отаршыл саясатқа қарсылық білдіріп келген. 20 бөлімнен тұратын бұл цикл күйдің тек әуен емес, тұтас бір халықтың тарихын, қайғысы мен күресін жеткізетін үні екенін көрсетеді.

Жоба туралы ой қалай келгені мен бүгінгі күні көне күйлерді еске алып, оларды қайта жаңғырту неге маңызды екені жайлы Әннәс Баңдат «Жаңа репортёрға» әңгімелеп берді.

«Шежірелі құлақ күй» деп аталатын 20 сериялы деректі жобаның бас кейіпкері — қазақтың күйлері.
Бұл өнердің қазақ мәдениетінде айрықша маңызы бар. Өйткені ол халықтың жазылмаған шежіресі іспетті. Күй арқылы соғыстардың зұлматы, күштеп қоныс аудартудың зардабы, тілсіз жау мен адам тағдыры туралы шер ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Күйші тартқан әуенде қайғы мен қуаныш қатар өріледі. Сөзбен тіл қатпаса да, әр күйдің мәні терең, белгілі тарихи оқиғалардан хабар береді. Бүгінде күй өнері Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының маңызды бөлігі ретінде мойындалып, ұлттық болмыстың айрықша нышаны саналады.


Бұл жобада авторлар алдымен Ресей империясының, кейін совет саясатының қазақ дәстүрлі музыкасына, қоғам санасына, ұлттың мәдени коды мен болмысына қалай әсер еткенін баяндайды. Олар цензура тақырыбын, күйшілерге жасалған қысым мен қуғын-сүргінді көрсетіп, осы өнер жайлы аңыздар қалай бұрмаланғанын айтады.

«Күй дегеніміз — жай әуен емес, ол — халықтың тарихының үні, қайғы мен қарсылық естілетін жанайқай», — дейді жобаның жетекшісі Әннәс Бағдат.


Бұл деректі фильмде мұрағат деректері мен ауызша аңыз-әңгімелер пайдаланылып, тақырыпты талқылауға тарихшылар, музыкатанушылар, әлеуметтанушылар және күйшілердің өзі де қатысқан. Жобаны ArtKöshe театры Internews ұйымы Еуропа одағының қолдауымен іске асырып жатқан «Шынайы әңгімелер көмегімен аудиторияның төзімділігін арттыру (CARAVAN)» атты аймақтық бастамасы аясында дайындап жатыр.

«Бұл жобаның идеясы менде жайдан-жай туған жоқ, — дейді Бағдат. — Мен бұл туралы он жылға жуық ойланып жүрдім. Бірақ оны іске асыратын уақыт енді жеткен сияқты. Өйткені отаршылдық концепциясын көпшілік кейінгі жылдары ғана талқылай бастады. Яғни, көрермен бұл жобаны тек көріп қоймай, ой қосып, талқыға араласады. Уақыт өте келе менің де күй өнері тарихы мен деколониал дискурс жайлы білімім тереңдеп, оны жұртпен бөлісуге дайын болдым».

Автордың айтуынша, өзі күйші болмаса да, оның атасы, әкесі мен ағасы күй шерткен.



«Мен күй тыңдап өстім. Олар күй шерпес бұрын оның тарихын айтып, сосын ғана орындаушы еді. Дәстүр сондай болатын. Кейін студент болып Алматыға келгенімде күйшілердің кештеріне баратынмын. Сонда жүргізуші сахна сыртынан күйдің аты мен күйшіні таныстырады. Артынша домбырашы шығады да, тарсылдатып күй тартып, ештеңе түсіндірместен кетіп қалатын. Бұл маған оғаш көрінді, ондайды көрмегенмін. Сол кезде-ақ ішімде мұның себебі не деген сұрақ туды. Сол сұрақ мені жылдар бойы мазалап келді де, ақыры «Шежірелі құлақ күй» жобасына ұласты», — дейді Әннәс Бағдат.

Бұл жобаның командасында жеті адам ғана жұмыс істейді. Кейде эпизод мазмұнына қарай баяндаушы мен сарапшылар қосылады. Айтпақшы, Қазақстанда деколонизация тақырыбы әлі күнге дейін шетін тақырып саналады. Бағдаттың айтуынша, билік бұл мәселеге әзірге бет бұруға дайын емес, ал мұндай ұстаным жергілікті сарапшылар қауымына жақсы белгілі. Мәселен, «Шежірелі құлақ күй» жобасының авторлары сұхбаттасуға шақырған респонденттердің көбі деколонизация тақырыбында пікір білдіруден бас тартқан.

Совет нарративтері әлі теріске шығарылмаған

Әннәс Бағдат күйлер мұрасымен жұмыс істеп жүргенде, қазақ халқы Ресей империясы мен одан кейінгі Кеңес өкіметінің отаршылдық саясатынан орасан зардап шеккеніне көз жеткізген. ХХ ғасырдағы ең үлкен апаттардың бірі — 1930 жылдардағы Ашаршылық. Түрлі деректер бойынша, аштық зұлматы бір миллионнан төрт миллионға дейін адамның өмірін жалмаған. Алайда отаршылдық тек адамдардың тағдырына емес, өнерге, мәдениетке, дәстүрге де қатты ықпал етіп, көбін бұрмалап жіберген. Мәселен, Орталық Азияда кеңестік насихат күштеп енгізген бір қате түсінік бар: халық сүйген ақын-жыраулар жергілікті отарлаушыларға қарсы күрескендерді емес, қайта соларға қарсы шыққан хан-сұлтандарды әшкерелегендей етіп көрсетілді. Шындығында, жағдай мүлде басқаша еді. «Шежірелі құлақ күй» жобасының бір эпизоды күй атасы Құрманғазыға арналған. Халық композиторы әрі күйші Ресей патшалығының отаршыл саясатына қарсы күрескені үшін азап шекті, бірақ кеңестік кезеңде ол империяға емес, қазақ хандарына қарсы шыққан тұлға ретінде сипатталған.

«Кеңес идеологиясы Құрманғазыны қазақ ханы мен оның төңірегіндегілерге қарсы қойылған тұлға ретінде көрсеткен. Шын мәнінде Құрманғазы ғана емес, Исатай Тайманұлы бастаған 1836–1838 жылдардағы көтерілістің серігі, ақын әрі күйші Махамбет те отаршыл Ресей саясатына қарсы тұрған. Оны совет насихаты Жәңгір ханның (Бөкей ордасының билеушісі, 1823–1845 жж. – ред.) қарсыласы ретінде көрсетіп келді, бірақ ол патшалық Ресейдің отаршылдығына қарсы шыққан. Хандармен жанжалдасса да, дау отарлау мәселесіне байланысты туған», — деп түсіндірді драматург.

Оның айтуынша, мұндай кеңестік нарративтер әлі күнге дейін толық жоққа шығарылмаған. Бұрмаланған тарих түрлі салада кездесіп, тіпті іздеу жүйелерінен де шығып жүр. Бұл жағдай таяу уақытта өзгере қоймайды, өйткені сол нарративтер әлі күнге дейін әдейі таратылып жатыр.


«Кейінгі жылдары бәріміз де деколониал дискурс түрлі салада дами бастағанын көріп жүрміз. Бірақ бұл талқылаулардың деңгейі әркелкі. Біз әлі де көп нәрсені толық түсінбей келеміз. Сол себепті деколонизацияны жиі отарлаушы тілімен, оның қалыптастырған таптаурындарына сүйеніп талқылаймыз. Әрине, бұл — ұзақ процесс. Дегенмен кейде деколонизацияны өз мүддесіне пайдаланатындар да бар сияқты. Мысалы, деколонизация жайлы жобаны отарлаушы тілінде жасап, жыл сайын «қазақ тілін үйреніп жүрмін» деп қайталай беретін адамдар бар. «Тіл қандай болса да, ең бастысы — маңызды тақырыпты көтеру» деген пікірді жиі естимін. Бірақ менің түсінігімде, тіл — дүниетанымды қалыптастыру мен жеткізудің ең маңызды құралы», — дейді Әннәс Бағдат.
Жобаның негізгі аудиториясы ретінде авторлар ең алдымен күйшілер мен осы өнерді бағалай білетін ересек қазақстандықтарды көреді. Дегенмен бейнематериалдың барлығы ағылшын және орыс тілдерінде субтитрмен беріледі.

«Посткеңестік елдің бәрі біздің тарихымызды көрсе екен деймін», — дейді драматург.

«Шежірелі құлақ күй» циклі Еуропа одағы қаржыландыратын, Internews іске асырып жатқан «Шынайы әңгімелер көмегімен аудиторияның төзімділігін арттыру (CARAVAN)» аймақтық жобасы аясында түсіріліп жатыр.

Редакция
Редакция
Редакционный аккаунт сайта "Новый репортер".

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР