Журналистердің көбі өз материалдарында жалпыға ашық деректерді пайдаланады. Алайда, журналист ақпаратқа еркін қол жеткізе алғанымен, оны табу да оңайға түспейді. Ал қолға түскен деректерді өңдеу оларды табудан да қиын болып жатады.
Бұрынырақта Data-журналистикаға қадам басқандарға арналған 12 кеңес ұсынған едік.
Бұл материалда Вирджиния штаты Достастық университеті Бұқаралық коммуникация мектебінің бакалавриат бағдарламасының директоры, профессор Джефф Cayc деректер журналистикасында оңтайлы жұмыс істеу үшін ұсынатын қадамдар туралы айтамыз.
Түрлі дерек көздерден мәлімет жинау
«Әрине, алғашқы қадам деректерді іздеуден басталуы тиіс, – дейді Саус. – Сіз оларды Интернеттен, PDF-форматта таба аласыз. Ондай жағдайда сол деректерді шығарып алу керек болады».
Ақпарат іздеудің әлеуметтік желілер мен іздеу жүйелерін қолдану сияқты үйреншікті тәсілдерінен бөлек, Саус Интернеттен тереңдей іздеу қажеттігін де атайды.
«Қолжетімді онлайн ақпараттың көп бөлігін ашық желіден таба алмайсыз. Ондай ақпарат мемлекеттік деректер базасында сақталады және сіз сол базаларды қалай табуға болатынын білуге тиіссіз. Көптеген мемлекеттік деректер ашық тұрады, алайда, оларды қайдан табуды білмесеңіз, сіз оларды таба алмайсыз».
Қазақстан Республикасындағы ашық деректер ресурстары
Деректерді тазарту
«Көбінесе «таза емес деректермен» істес болуға тура келеді, яғни, олардағы ақпарат шашыраңқы, көп артық мәлімет аралас болады, – дейді Саус. – Ондай деректер базасында бір құжатта менің есімім «Саус, Джефф», басқасында – «Саус, Джеффри», енді бірінде – «Саус, Дж. C.» деп жазылуы мүмкін. Деректер өте «лас» болады, сондықтан оларды пайдаланбас бұрын тазартып алуымыз керек».
Саус деректерді тазарту үшін TextWrangler немесе OpenRefine сынды тегін онлайн-құралдарды пайдалануды ұсынды.
Контекст
Деректерді жинап, тазартып болғаннан кейін, олардың қандай маңызы бар екенін түсіну керек болады. Яғни, өзіңізге «Бұл деректерді кім жинады?», «Қашан жиналған деректер?», «Оларды жинауда қандай әдіс қолданылды?» деген сұрақтар қоюыңыз керек.
Деректерді талдап болғаннан кейін оларды өз материалыңызда жариялай аласыз.
Құрастыру
Журналистер жұмысында көбінесе бір ғана деректер жинағымен шектелмейді. Саус екі тізімді пайдалануға мысал келтіреді: қаладағы барлық автобус жүргізушілерінің тізімі және мас күйінде көлік айдағаны үшін жауапқа тартылған қала тұрғындарының тізімі. Осы екі тізімді біріктірсе, автобус жүргізушілерінің арасында мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапқа тартылғандар көп екені көрінеді. Бұл жақсы материалға негіз болатын дерек.
Сондай-ақ, Саус бұл кезеңде деректерді контекстен ажыратпай пайдаланудың маңыздылығын да ескертеді.
«Корреляция – себебін анықтау емес, – дейді ол. – Деректерге ықпал етуі мүмкін сыртқы факторларды да біліп, ескеру маңызды».
Келесі қаам — визуалдау
«Деректерді визуалдау біздің істеп жүрген жұмысымыз туралы қоғамға айту үшін өте маңызды».
Журналистерге өз баянын әңгімелеп беруге көмектесетін визуал материал әзірлеуде Саус интерактив таймлайн жасайтын Timeline JS. инфографика үшін Infogram, диаграммалар үшін Chartbuilder сынды құралдарды пайдалануға кеңес береді.