ДомойМедиасынҚазақ телевидениесі: «шошақ» бөріктілер және адам құқығы

Қазақ телевидениесі: «шошақ» бөріктілер және адам құқығы

Қазақ телевидениесі: «шошақ» бөріктілер және адам құқығы

«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеу орталығы өткен жылдың аяғында Қазақстан телеарналарының интернет медиамен бәсекесі барынша төмендегендігін хабарлады. Зерттеушілер жарнама бюджетінің 90%-ін ұстап отырған Қазақстан телеарналарының өз тұтынушыларынан біртіндеп айырылу себебін бірнеше фактормен байланыстырады. Ең алдымен, бүкіл әлемде орын алып жатқан интернет медианың жылдам өсуімен қатысты болса, екіншіден, ұсынып отырған контенттің сапасыз болуы деген тұжырымға келеді. Алғашқысын «жаһандық құбылыс» деп түсіндірсек, соңғысы туралы тек бір ғана тұжырым – әлеуметтік желілерде сәнге айналған шулы тақырыптарды экранға әкеліп, аудитория жинауға тырысып жүрген қазіргі арналар өздерінің бастапқы телевизия миссияларынан алыстай бастаған сияқты. Сонымен, қазіргі көгілдір экран халыққа не ұсынып отыр? Қоғамда кең талқыланатын, рейтингі жоғары бірнеше телебағдарламаны қарастырып көрейік.

«Өз ойым» бағдарламасының басты миссиясы – отбасы құндылықтарының маңызын арттыру.

Фото: tengrinews.kz сайтынан алынды

«Кел, келінім» – төрт жігіт аналарымен бірге келіп, сегіз қыздың ішінен лайықты жар іздейтін реалити шоу.

Фото: zakon.kz сайтынан

«Қалаулым» – Біздің керемет жүргізушілеріміз, ең үздік бағдарлама, Бірінші Еуразия арнасы. (сайтта берілген бар ақпарат осы екен)

Фото: Бірінші Еуразия арнасының сайтынан

«Өз ойым» бағдарламасы елімізде гомофобия, ксенофобия мен этницизмді өршітіп отырған тартыс алаңына айналса, ал соңғы екеуі қоғамдағы сексистік көзқарастардан құрылса да ұтымды қойылымдары арқылы жұртты шулатып тұр. Тақырыптары төмендегідей: «Жалаңаштану – жарнама ма?», «Талақ, талақ, талақ», «Жезекшөлерді заңдастыру керек пе?», «Трансқа түскен жандар», «Зорлыққа ұшырағандар», «Алданғандар», «Отбасылық өмірден бас тартқандар» деп жалғаса береді. Бұл жоба авторларының ұтқан тұсы – дәл бүгінгі қазақ қоғамының бір құндылықтардан келесі құндылықтарға өту кезеңіндегі әлеуметтік-психологиялық тітіркену, қарсыласу, өзін-өзі қорғау сияқты табиғи қалыпты реакцияларын шоу ретінде пайдаланғаны болып отыр.

Бұл бағдарламалардағы кез келген тақырыпты алып қарасаңыз, барлығы дерлік негізінен әрбір дәстүрлі қоғамның өкілін еріксіз таласқа қарай өз ойын білдіріп қалуға тартады. Олардың бойында өздері ешқашан көрмеген тек жазулар мен суреттер, белгілер мен әуендер, аңыздар мен тыйымдар арқылы ұлы етіп бейнесін жасап алған үлкен кісілердің алдындағы жауапкершілігі оянады және бұл «ұлтшылдық» деп аталады.
Әрине, ұлтшылдық – адамның қалыпты табиғи инстинкті. Өкінішке қарай, дәл осы бағдарламаларда бұл әдетте өркениетті елдердегідей толерантты, азаматтық ұлтшылдық емес, керісінше этникалық ұлтшылдық ретінде көрініс береді. Сонымен қатар, қазір ұлттық арналарда жүретін әртүрлі сұхбаттар мен жаңалықтарды қарап отырсаңыз, қандайда бір этнократиялық көңіл-күйді байқауға болады. Ал, шындығында этникалық ұлтшылдық та, этнократизм де нәсілшілдіктің бір түрі ретінде қарастырылады.

Олар үшін «адам құқы түкке тұрмайды»

Бұл бағдарламалардың сценарийі негізінен өте қарапайым құрылады. Студияға бір аутгруппаның өкілі келеді. Қалғандары: жүргізушілерден бастап қатысушылар, көрермендерге дейін барлығы жабылып, жаңағы «қорқынышты, азғын» кейіпкерді жерден алып, жерге салады. Оны тәрбиелеп, өз қатарларына қосып жіберу үшін молдасын, психологын шақырып, тырысып бағады. Сөйтіп, демократиялық, зайырлы мемлекеттің экранында сексизм мен гомофобияны жәбіркеу ритуалы орындалады.

Тіпті өкініштісі, бейтарап ұстанымда болуы тиіс кәсіби тележүргізушілер де қарапайым сахна этикасынан бастап, адам құқықтары ұғымдарына ешқандай да сауатпен не құрметпен қарамайтыны байқалады (нақты көрінісін мына видеодан көре аласыз: 11:06 – 11:16 мин, 18:20-18:22 мин, 25:01-26:14 мин аралығында).

«Басқа халықтың мәдениетінен өзі үшін маңызды деген белгілерді іздеп, ал егер олар жоқ болса, бұл халықты тұрпайы деп есептейтін аса қауіпті» түсінік туралы Л.Н. Гумилев батыстықтардың көшпенділер өркениетіне байланысты нәсілшілдік көзқарастарына қатысты айтқан болатын. Дәл осы түсінік қазір қазақ қоғамында кері расизмге айналып отырғандай. «Адамзат өркениетінің ортақ нүктесінде пайда болған кейбір құндылықтарды белгілі бір ұлттың, белгілі бір халықтардың кесірінен» деп қарайтын қате түсінік қалыптасты және бұл түсінікті қалыптастыруда кеңестік идеологияның да қалдырған суық ізі бары анық.

Дәл осы жерде «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеу орталығының жоғарыда келтірілген зерттеуінен Қазақстандағы тұрақты телекөрермендердің жас мөлшері туралы көрсеткішті алсақ, жас аралығы былай болмақ: 35-44 (51%), 45+ (57%), 65+ (70%). Демек, экран алдында отырып, жоғарыда айтылған бағдарламаларға тікелей қатысатын көрермендер қай кезеңнің ұрпағы және қандай идеологиядан шыққанын еске алсақ, бұл бағдарламалардың неге соншалықты нацистік келбет алып отырғанын жеңіл түсінуге болады.

Брекзиттердің BBC- дегі ықпалы

Сонымен, телевидение тарихында нәсілшілдік пен ұлтшылдық, ксенофобия қашан басталды, қазір өркениетті елдердің экранында шындығында түп тамырымен жойылды ма? Жауабы – жоқ. Телевидение батыстағы тарихын 61.4% саяси пропагандаға құрған «Гитлер ТВ» кезеңімен бастады емес пе? Қазіргі оның демократияланған үлгісі BBC арнасының өзі болып отыр. Бір ғана мысал, “Question time” саяси ток-шоуы. Ұлтшылдық ұстанымдағы Брекзит қозғалысының Еуропада орнаған миграциялық жағдайға төзімсіздік танытып, ашық ксенофобия көзқарастарын білдіруі және оны ең беделді, тәуелсіз дейтін арнасында күн сайын айғайлатып қоюы шындығында біз сеніп жүрген теңдік, тәуелсіздік деген ұғымдар туралы қайта ойлануға мәжбүрлейді.

Қазіргі қазақ телевидениесінің алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын әрбір эфирдегі жарық берушіге дейін сезінсе ғой. Әрі қарай біз теңдік, тәуелсіздік, әділеттілік деген ұғымдардың тек қиялдағы ғажайып миф екеніне қарамастан оларға сенуді жалғастырамыз.

Мерей Қосын
Мерей Қосын
«Өнертану» ғылымдарының магистрі, драматург, сценарист, журналист


ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР