ДомойМедиасынКәсіп, мектеп, сиыр. 26 тамыз-1 қыркүйек қорытынды бағдарламаларына шолу

Кәсіп, мектеп, сиыр. 26 тамыз-1 қыркүйек қорытынды бағдарламаларына шолу

Кәсіп, мектеп, сиыр. 26 тамыз-1 қыркүйек қорытынды бағдарламаларына шолу

Қазақстандық телеарналардың апталық-сараптамалық бағдарламалары да жазғы демалыстан кейін эфирге шыға бастады. «Жаңа репортер» сол бағдарламаларға мониторингін қайта жалғастырады. Бұл жолы «Хабар», «Еуразияның бірінші арнасы» және QAZAQSTAN телеарналарының апталық ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларын көріп, жаңа телемаусымның жаңа эфирінде қай тақырыптар басты тақырыпқа айналғанын білдік.

Күтілгендей-ақ, журналистер жаңа оқу маусымының басталуы және жалпы білім саласына қатысты тақырыптарды көп қозғапты. «Хабар» телеарнасының қорытынды бағдарламасы форматын өзгертіпті. Десе де ең үлкен өзгеріс QAZAQSTAN телеарнасының APTA бағдарламасында екен.

«Аналитика», «Еуразияның бірінші арнасы»
«Аналитика» бағдарламасы виртуалды студияны қолдана бастапты. Бағдарлама жүргізушісі Альмира Кульмухамедова цифрланған декорация фонында қызық деректер ұсынады. Бағдарламаның бұл шығарылымында жүргізушінің кадр сыртындағы мәтіні мен сарапшылардың дәйексөзінен (синхронынан) құралған материал көп, санаулы ғана авторлық материал еніпті.

Журналистер «Келешек мамандықтар» сюжетінде алдағы уақытта еңбек нарығында қандай кәсіп түрлері сұранысқа ие болатынын анықтайды. Бәлкім, ҚР Білім және ғылым министрлігі осы тақырыпта пікір айтпағынан ба, әлде материалда бұрылыс-қалтарыстар тым көп болғанынан ба, әйтеуір сюжет өз алдына бірнеше бөлікке бөлініп кетіпті. Қоғамға мұғалімдер қажет, ата-аналары баласының өзі жүрген жолды қайталағанын қаламайды, балалар танымал ЖОО-ында, мүмкін болса шетелде білім алғысы келеді. Журналист оқушылар арасында сауалнама жүргізеді, сапалы инфографика қолданады, бірақ материал құрылымының сақталмағынан, жауаптан гөрі сұрақ көп туындайды.

Қазақстандық экстремалдар туралы материалда да фокус сақталмаған. Парашюттен секіретін, биік мұнаралардан құлайтын, тауда жүгіретін адамдардың хикаясын көрсете келіп, кенеттен Медициналық сақтандыру қоры сарапшысының «Бұл адамдар – ықтимал өзін-өзі өлтіретіндер» деген пікірін қоса кетеді. Биік мұнарадан секірген журналистің өзі де, сюжет кейіпкерлері мұндай пікірден кейін сыртқа қалай көрінетінін автор ойламаған сияқты.

Бағдарламада донорлардың арқасында аман қалған адамдар туралы эмоцияға толы материал да бар. Қызығы сол, бұл сюжетті дайындауға түрткі болған – адамның дене мүшесін пайдалануына келісімі туралы ақпаратын денсаулық төлқұжатына қосуды ұсыну жайы материалдың соңында ғана ашылады, соған дейін донор болуға бей-жай қарамайтын, донор шарапатын көрген адамдар жайында әңгімелейді. Мүмкін, бағдарламаның «фишкасы» да осы болса керек.

«Аналитика»-да тағы бірнеше көркем тәсілді қолданыпты. Бағдарламаның шеф-редакторы Олег Журкевич «Не до шуток» айдарында бір мезгілде әрі журналист әрі жол қозғалысы ережесін бұзған таксист рөлдеріне еніп, стендап жасайды. Авторлық айдарда бұл ұтымды шыққанымен барлық материалда видеодәйексөздерді қолдану түсініксіз. Мысалы, келешек мамандықтар туралы сюжетінде «Ы» операциясы және Шуриктің оқиғалары» фильмінен «ішімдікке салынғандар мен жатыпішерлерді» бөлу сәтінен үзінді қосады.

«7 кун», «Хабар»
Ядролық қару, өткені, бүгіні мен болашағы туралы материал – бағдарламаның негізгі сюжеті болыпты. Материал әдеттегідей Қазақстанның тұңғыш президентінен басталып, оның ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан жалғыз мемлекет басшысы екенін еске салады. «Хабардың» бұл тақырыптағы риторикасы соншалық дәстүрлі, тіпті ядролық қару туралы кез келген сюжетінің мәтінін осы телеарнаның басқа да дәл осындай сюжеттерімен алмастырып қоя беруге болатындай.

Мысалы, сюжет Семей полигонын сутек бомбасын жаруға дайындап жатқан үрейлі архив кадрларымен көрсетіледі. Біраздан соң, материал авторы кенеттен кадр ортасына полигонның бір бөлігі ауыл шаруашылық жері мақсатында пайдалануға берілетіні туралы жаңалық қосады. О жердің қаншалық қауіпсіз екені жайында ләм-мим демейді. Осы тұста сарапшының қандай да бір қорытындысын қосса жөн еді.

«Хабар» үшін «мәселелі» сюжет жаңа оқу жылының басталуына арналғаны тосын көрінді. Әдеттегідей оқушылар сап түзеп, жаңа жөнделген, жаңа салынған мектептерге кіріп бара жатқанын баяндайтын сюжет орнына қай мектепте жөндеу жұмыстары әлі аяқталмағанын, қай жерде үш ауысымда білім беру жойылмағанын көрсетеді. Әрмен қарай мәселені тіпті қоюлата түседі. Білім саласындағы реформадан бәрі дерлік, әсіресе мұғалімдер қатты шаршағанын айта келіп, демалыс күндері адам санын толтыруға тартылатынына, көп жұмысқа аз жалақы алатынына, отбасына көңіл бөлуге уақыт табылмайтынына шағым айтқан мұғалімдер жайын қозғайды. Әйткенмен, осының барлығын айта келіп, соңғы түйіні күтпеген шешіммен аяқталды: «Мәселенің туындауына реформа кінәлі емес, тапсырманың жер-жерде орындалмауы кінәлі». Демек, қисынға салсақ, тапсырмалар дұрыс, орындалуы нашар екен.

«Елбасы осы аптада немен айналысты» видеосымен келесі мәселелі сюжетке, яғни газ тақырыбына өтті. Тек жақсыны айтып қоймай, бұрын газға қол жеткізуі тиіс болған, бірақ әлі күнге пеш жағуға мәжбүр зейнеткерді көрсетті. «Тепе-теңдік» сақтау үшін Байқоңырда барлығы тамаша екені, бәріне газ жеткені әрі коммуналды төлемді үнемдейтіні туралы да қосыпты.

Бағдарламаның келесі, яғни үшінші мәселелі сюжеті – тұрғын үй коммуналды шаруашылық төңірегінде екен. Мұнда үйі қираудың шақ алдында тұрған, жергілікті атқарушы биліктің еш әрекет етпей отырғаны туралы хикаялар бар.

Эфирді баланс ретінде бізде бәрі жақсы екенін дәлелдейтін сюжет, дәлірегі қазақстандық брендтер жайлы сюжетпен аяқтады. Отандық аяқ киімді президент сатып алып жатыр, демек Тоқаевтың айтуынша, дамуға жол бар, бірақ қазақстандық тауарларды жарнамалайтын сапалы маркетинг қажет, брендтер жасауды тапсырғанымен әлі күнге нәтиже жоқ екен.

Телемаусымның басталуын тұтастай алып қарасақ, «7 күн» бағдарламасын жасаушылар эфир бағытын аз да болса өзгертуге шешім қабылдапты: бұрын «елімізде ешқандай проблема жоқ, барлығы да президентің арқасы, соған алғыс» ұстанымымен жұмыс істесе, қазір «әрине, елімізде проблема көп, алайда таяу уақытта барлығы шешіледі, президент хабардар» ұстанымына көшіпті.

Apta, QAZAQSTAN
Әзірге ең елеулі өзгерістер Apta ақпараттық-сараптамалық бағдарламасында екен.  Бағдарламаның жүргізушісі ауысыпты. Бұған дейін эфир тізгінін ұстаған Мейіржан Әлібекұлы жазғы демалыс кезінде ҚазТРК-нің Жамбыл облысындағы филиалы JAMBYL телеарнасын басқаруға кетті. Оның орнына Astana TV телеарнасынан, сол телеарнада “Біздің уақыт” бағдарлдамасын жүргізген Жайна Сламбек келді.
Әйтсе де телеарна алмастыруы тележүргізушінің стиліне еш әсер етпепті. Сол баз-баяғыдай бет-әлпетімен, дауыс ырғағымен эфирді эмоцияға толтырып, студияда әрлі-берлі жүріп, әрбір сөйлемін эмоциялы екпінмен аяқтайды.

Apta бағдарламасы аздап сапырылыспен басталды. Аңдатпасындағы тақырып ауысулар түсініксіз шығып, «мұғалімдердің, тәрбиешілердің балаларға қол жұмсауы» туралы сюжетін хабарлағанымен, президент қатысуымен өткен тамыз кеңесін , бала оқытуымен емес, көше сыпыруға мәжбүр болған ауыл мұғалімінің синхронын көрсетті. Содан кейін Франция және Бразилия басшыларының арасындағы сөзталас, Амазония ормандарындағы өртке қаржылық көмек беру жайына ойысып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің жиынына өтті.

Бағдарламаның алғашқы толыққанды сюжетіне эфир басталғаннан 7 минут өткен соң жетті. Сюжет әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жайында екен. Басты идеясы: зорлаушыларды жауапкершілікке тартпайды. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел, оның хикаясы, екі жыл өтсе де өзін жәбірлеушінің жауапқа тартылмағаны жөнінде шағымы бар. Мұндай қылмыс түріне жауапкершілікті қатаңдатумен келісетін тергеушінің пікірі де бар. «Немолчи.кз» қоры сарапшысының да пікірін беріпті. Сюжетте қойылым кадрлар өте көп. Шет мемлекеттерде зорлау ісіне қандай жаза тағайындалатыны туралы инфографика да қосылған. Ақыр соңында сюжеттің Тоқаев жолдауына аңдатпа екені мәлім болды.

Екінші президент тақырыбы Қазақстан экономикасы және оның дамуындағы мәселелер туралы видеода жалғасты. Материалда эфир жүргізушісі тұнған цифрларды экранға шығарып, Тоқаевтың тапсырмаларын тізіп шығады. Қаржы көлемі, пайыздар және тағы басқа цифрлар мен ұзақ та күрделі сөйлемдер көрерменнің қабылдауына ауыр шығыпты.

Апта бұрын ҚР тұңғыш президенті әрі Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның қоғамдық кеңес отырысында мемлекеттен әлеуметтік көмек сұрағандарды сынаған еді. Экс-президент азаматтарға жұмыс істеу керегін айтып, екі сиыр сатып алып, артылған сүтін сатып, отбасын асырауды кеңес еткен.

Оның сол айтқанына Apta ұжымы тұтас бір сюжет арнапты. Жүргізуші сюжет кіріспесінде Ысқақ қажы дегеннің сиыр басын қалай көбейтіп, кедейлерге көмектескені туралы аңыз-әңгіме айтты. Ал сюжет иелегінде 50 сиыр бағып отырған шаруа қожалығының иесінен басталды. 25 жасар жігіт Елбасының сөзін қолдайды. Елбасының сөзін титрына «блогер» деп жазылған Самат Нұртаза да қолдайды. Ол Назарбаевтың сөзіне философиялық тұрғыдан қарап, оның еңбек етіп, табыс табуды дәріптегенін айтады. Айтпақшы, Самат Нұртаза 29 тамызға дейін ҚР ауыл шаруашылығы министрінің баспасөз-хатшысы болып қызмет еткен. Тіпті осы екі сиыр тақырыбында Фейсбук парақшасында пост жазған. Сиыр тақырыбындағы сюжет авторлары Назарбаевтың екі сиыр туралы айтқанына қарсы көзқарастағы пікірлерді ұсынуға ерінген сыңайлы. Содан да сюжет тым біржақты болып шығыпты.

Мектептер мен балабақшаларда балаларды ұрып-соғу жайындағы сюжетте тепе-теңдік мейлінше сақталған. Алайда синхрондардың бірінде сөйлейтін жәбірленуші баланың беті бұлыңғыр етілмей, ашық көрсетілген.

Қазақстан аймақтарындағы мектеп формасы мен оқу құралдарының бағасына шолу жасайтын сюжетте редакцияның еңбегі көрінеді. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі дүкендер мен базарлардан кадрлар түсіріп, ата-аналардан балаларды мектепке дайындаудың қиындығы жайында сұхбат алып, балаларды да сөйлетіпті. Сюжетте салалық министрліктен осы тақырыпқа қатысты қандай да бір пікір берген маман жоқ.
Бағдарлама Ұлытаудағы форум және Жошы хан тұлғасы туралы материалмен аяқталды. Тарихшының ұзақ синхроны, мультфильмнен кадрлар ұсынылғанына қарамастан, тақырыптан хабарсыз көрермен Жошы ханның кім екенін, оған мұншалық көп уақыт жұмсаудың не қажеті болғанын еш түсіне алмайды.

«Жаңа репортер» қазақстандық телевизияның сараптамалық қорытынды бағдарламаларына шолуын жалғастырады. 7 қыркүйекте КТК телеарнасында «Большие новости» бағдарламасы шығады екен. Эфирге шықса, келесі шолуымызға міндетті түрде қосамыз.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР