ДомойМедиа үніҚазақ киносындағы комедияның дәуірі аяқталар күн алыс емес - Қанағат Мұстафин

Қазақ киносындағы комедияның дәуірі аяқталар күн алыс емес — Қанағат Мұстафин

Қазақ киносындағы комедияның дәуірі аяқталар күн алыс емес — Қанағат Мұстафин

Соңғы жылдары Қазақстан киносы шетелдік киносүйер қауымның ерекше құрметіне бөленіп, жоғары бағаланып келеді. Отандық кинотеатрлар «бұл фильмдердің аудиториясы басқа» деген сылтаумен халыққа ұсынуға ықылас таныта бермейді. Керісінше, теледидарды қоссаңыз да, кинотеатрға бара қалсаңыз да «той комедиясы» күтіп тұрады. Режиссерден бұл үрдістің мәнін сұрай қалсаңыз, «комедия – шағын бюджетті жанр, көрерменнің сұранысы осы» деп сендіруге тырысады. Ал қоғамдағы саяси-әлеуметтік құрылымдардың толықтай өзгерісін талап етіп жатқан халық шындығында экраннан не көргісі келеді? Жақын арада экранда жанрлық өзгерістер бола ма? Осы жайында соңғы жылдарда шыққан «Ең сұлу», «16 қыз», «Той любой ценой» комедия фильмдері мен «Бір кем дүние», «Айналайын», «Прямой эфир» сериалдарының режиссері Қанағат Мұстафиннің ойын тыңдап көрдік.

«Осыдан он жыл бұрын рэкетир, бригада, бумер тақырыбы аса сәнде болды. Мұның жарқын көрінісі ретінде Ақан Сатаевтың «Рэкетир» фильмін айтуға болады. Қазір халық арасында комедия жанры жақсы сұраныста болып тұр. Келесі кезекте хоррор, триллер, ужас, боевик жанрларының кез-келгеніне сұраныс болуы мүмкін, бірақ бұл жанрларда фильм түсіру үлкен көлемдегі қаржылық шығынды талап ететіні белгілі»

Шағын продакшндер өте көбейіп кетті. Соған қарамастан, өнімнің сапасыз екені туралы мәселе әлі айтылып келеді. Жақында «Хабар» арнасы осы жағдайға қатысты өте жақсы шешім қабылдапты. Қателеспесем, бұл еңбек шартының бір пунктіне арнайы кіргізілген екен. «Егер тапсырыс алушы продакшнның ұсынып отырған сериалы телеарнаға қажетті рейтингке жете алмаса, продакшн жоба шығынының 25% қайтаруға міндетті» деп есептеледі. Меніңше, бұл отандық телехикаялардың сапасын көтеруде жасалған бірден-бір ұтымды шешім.

Иә, дұрыс айтасыз, соңғы кезде шынымен де той туралы фильмдер өте көп түсірілді. Өзім де комедия жанрында қазақтың қыз ұзатуы туралы «Той любой ценой» фильмін түсірдім. Кинотеатрларда өте жақсы жүрді, кассасын айтарлықтай жинады. Қазіргі таңда той туралы комедиялар шынымен де өте көп. Қазақ киносындағы комедияның дәуірі аяқталатын күн алыс емес. Есіңізде болса, осыдан он жыл бұрын рэкетир, бригада, бумер тақырыбы аса сәнде болды. Оның жарқын көрінісі ретінде Ақан Сатаевтың «Рэкетир» фильмін айтуға болады. Қазір енді халық арасында комедия жанры жақсы сұраныста болып тұр. «Қзақстандық аудиторияны қандай жанр қызықтыра алады» деген сұраққа мен нақты жауап бере алмаймын. Бұл — хоррор, триллер, ужас, боевик жанрларының кез-келгені болуы мүмкін. Бұл жанрларда фильм түсіру үлкен көлемдегі қаржылық шығынды талап ететіндігі белгілі. Ал комедияны өте шағын бюджетпен алып шығуға болады. Дегенімен, алдағы бірнеше жылда қазақ киносында үлкен өзгерістерге жол ашылып, жаңа тенденциялар пайда болатынына сенемін.

«Бізде таза коммерциялық кино бар» деп айтудың өзі қиын»

Ең алдымен «Қазақстанда коммерциялық киноның өзі бар ма?» деген сұрақ туындайды. Халық саны аз, бар болғаны 17-18 миллионбыз. Мысалға алсақ, бір Мәскеудегі кинотеатрлар саны Қазақстандағы барлық кинотеатр санымен бірдей. Сол себептен өзіңіз ойлап қараңыз, Ресейде Мәскеуден басқа да қаншама үлкен қалалар бар. Сондықтан біз барлық кинотеатрларға ең көп дегенде 70 данамен шығатын болсақ, ал оларда 500-600. Бізден 5-6 есе көп. Сондықтан да «бізде таза коммерциялық кино бар» деп айтудың өзі қиын. Соған қарамастан, отандық туындылар шетелдік фильмдерден еш кем емес. Бірте-бірте саннан сапаға қарай жылжып келеді. Қазір кинода жүрген жастардың басым көпшілігі шет елдерде оқып келген кәсіби мамандар. Қолда бар аз бюджетке кино түсіріп, көрермендерін тауып жатыр. Үйін сатып, кредит алып фильм түсірген әріптестерімді білемін. Нәтижесінде касса шығынды жаба алмай, біразы үлкен қаржылық қиыншылықтарға тап болды. Сондықтан ойыңдағы идеяны экранға әкелу сенен үлкен тәуекелді талап етеді.

«Негізгі көрермендерім – жастар. Олардың экраннан өз ұлтының шынайы бейнесін, салт-дәстүрлерін көруіне қақылары бар ғой. Бұл — кинодағы менің өз қағидам.»

«Он алты қыз» фильмі арқылы «Бел құда» салтын жаңғыртып, өсіп келе жатқан жастарға көрсеткім келді. Осынау салттың не екенін білмейтін көрермендер мұны гуглден іздейді және кинодан шыққаннан кейін сол жастардың арасында бұл салт туралы түсінік қалыптасады ғой. «Ең сұлу» фильмім де дәл солай. Менің мұндағы мақсатым — экранды салт-жоралғылармен толтыру немесе боямалау емес, өзіңіз байқағандай, дәстүр көріністері тек кейбір сахналарда ғана көрсетіледі. Егер ұлттық құндылықтардың белгілерін экранда орнымен дұрыс қоя білсеңіз және соны көрерменнің бойына еш жарнамасыз, айқайсыз табиғи түрде сіңіре алсаңыз, бұл үлкен жетістік емес пе?! Әрине, мұны әрбір қазақ режиссеріне міндеттемеймін. Кез келген нәрсе әркімнің өз қызығушылығына қарай болады. Негізгі көрермендерім – жастар. Олардың экраннан өз ұлтының шынайы бейнесін, салт-дәстүрлерін көруіне қақылары бар ғой. Бұл — кинодағы менің өз қағидам.Қазір киноға баратын көрермендердің жас шамасы негізінен 14-17 жасты құрайды. Басым бөлігі — орыс тілінде тәрбиеленген, ұлттық дәстүрлерден алыс өскен кісілер. Сондықтан да, әрине, біздегі қазіргі бала тәрбиесінде сұрақтар көп. Тіпті, өз аудиториямызда сауалнама жүргізіп те көрдік. Соңында қатысушылардың жартысынан астамы көп нәрседен хабарсыз екеніне көзім жетті. Болашақта қай жанрда жұмыс жасасам да осы қағидамды берік ұстауға тырысамын.

«Иә, психопаттар мен социопаттар туралы артхаус фильмдер түсіріп жүрген біраз кісіні білемін. Менің ойымша, белгілі бір шағын аудиторияға арналған мұндай фильмдер мемлекет қаржысына түсірілмеуі тиіс.»

Кейіпкерлерімді өмірден алуға тырысамын. Фильмдерімнің басым көпшілігіне өзім сценарист ретінде де қатысамын. Адам бойындағы шынайылықты аса құрметтеймін. Өнерде де солай. Кейіпкерлерімді ойдан, қолдан жасағым келмейді. Маған айналамдағы қарапайым адамдардың өмірі қызық. Оларды сырттай бақылаймын, зерттеймін, содан кейін барып, көз алдымда образдар галереясы қалыптасады. Актерлерден де сол адамның өмірін өзі сүріп жатқандай экран алдында еркін, шынайы ойнағанын талап етемін. Иә, психопаттар мен социопаттар туралы артхаус фильмдер түсіріп жүрген біраз кісіні білемін. Менің ойымша, белгілі бір шағын аудиторияға арналған мұндай фильмдер мемлекет қаржысына түсірілмеуі тиіс. Әрине, өнерде орын алып қалу үшін әркім әрқалай тырысады ғой. Дегенмен «мемлекет ақшасына түсірілген сондай туындылардың кейбірі шет елдерде қазақ өмірін жұрт шошырлықтай сүреңкі етіп көрсететіндері қаншалықты әділ» деген сұрақ туындайды.

«Кино – үлкен құрал. Қатып қалған заңдарға деген қоғамдық көзқарасты экран арқылы өзгертіп, шындығында үлкен толқын тудыруға болады.»

Алғашқы мамандығым – баскетболдан жаттықтырушы. Заңгерлік — менің екінші мамандығым. Қазір де Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының магистратурасына оқып жүрмін. Режиссер ретінде фильмде өз көрерменіңді 2+2=4 емес, 2+2=5 болатынына сендіруге мүмкіндігің бар. Егер сен заңгер болсаң, таңнан кешке дейін бір жерде қағазбен отырасың, күндерің қайталана береді. Әрі 2+2=5 деп жазып көр, ертеңіне жұмыстан қуыласың, солай емес пе? Сол сияқты ғой. Жалпы, маған не үшін кинорежиссер мамандығы ұнайды? Енді жарты жылдан кейін қайда болатынымды білмеймін, ешқашан кесіп айта алмаймын. Үнемі ізденіс үстінде жүресің, жаңа жобалар күтіп тұрады. Үнемі қозғалыста болу дегеніңіз, бұл – шығармашылық пен жасампаздық. Киноның құдіреті де сонда, мықты шығармашылық потенциал арқылы алдындағы көрерменді бәріне сендіре алады. Сондықтан кино – үлкен құрал. Қатып қалған заңдарға деген қоғамдық көзқарасты экран арқылы өзгертіп, шындығында үлкен толқын тудыруға болады.

фотосурет: baribar.kz

Мерей Қосын
Мерей Қосын
«Өнертану» ғылымдарының магистрі, драматург, сценарист, журналист


ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР