ДомойМедиасынЛокдаун, Елбасы және Елорда күні. 29 маусым – 5 шілде апталық бағдарламаларға...

Локдаун, Елбасы және Елорда күні. 29 маусым – 5 шілде апталық бағдарламаларға шолу

Локдаун, Елбасы және Елорда күні. 29 маусым – 5 шілде апталық бағдарламаларға шолу

Апталық қорытынды бағдарламалардың негізгі тақырыбы — коронавирус пандемиясы. Apta бағдарламасы күшейтілген карантиннен басталса, «7 күн» авторлары Елбасының коронавирустан жазылғанын хабарлады. Basty bagdarlama-ның басты тақырыбы жаңа министр Алексей Цойдың коронавируспен қалай күресеріне арналды.

Дәстүрлі мониторингімізде QAZAQSTAN, «Хабар» және “Еуразия бірінші арнасы” телеарналарының апталық қорытынды бағдарламасын қамтыдық.

Apta, QAZAQSTAN

Apta эфирі бірінші тақырыбында карантин режимі күшейтіліп, қандай шектеулер мен тыйымдар енгізілгенін айтып, елдегі коронавирус статистикасын баяндады. Президент Тоқаевтың

«Азаматтарымыздың дәріханалардағы аса қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына байланысты шағымдары орынды. Пандемия кезінде бұған жол беруге болмайды. Үкімет пен құқық қорғау органдарына аталған мәселені реттеу тапсырылды. Кінәлілер жауапқа тартылады»

деген твитін де ұмытпады.


Сюжет президенттің індетке қарсы күрес шараларына арналған кеңесте айтқанынан басталды. Дәріханалардағы кезек, карантин режимін сақтамау, өкпе қабынуынан қайтыс болғандар туралы көрсетіп, экономиканы қолдау шараларын да көрсетті.

Тақырыпты медицина ғылымдарының докторы Жасан Зекейұлымен сұхбат жалғастырды. Танымдық ақпараты мол сұхбатта: антибиотик зияны, өз бетінше емделу, иммунитетті көтеру үшін қалай дұрыс тамақтану керек екені туралы көп мағлұмат берді.

Мүмкіндігі шектеулі адамдар қаржылық қызметтерге қол жеткізу, жұмысқа орналасу барысында көптеген кедергіге кезігеді. Осы тақырыпты көтерген сюжеттің алғысөзінде жүргізуші Жайна Сламбек: «Елімізде бірінші және екінші топтағы мүгедек жандардың көбі зейнетақы аударымдарының болмауына байланысты банктен несие ала алмайды» деді. Журналистика стандарттарына сәйкес, «мүгедектігі бар адамдар» деп айтқан жөн.

Сюжетте кейіпкерлер хикаясы, министрлік пен банк жауабы бар. Жұмыс берушілер мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алғысы келмейді екен. Осы орайда жұмыс берушілер немесе Жұмыспен қамту орталығынан комментарий болмады.

Тележүргізуші шет мемлекет басшыларының қайсысы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен қалай құттықтағанын хабарлаған соң, шетелдік жаңалықтарға біраз уақыт арнады: Украина, Беларусь және Түркіменстан жаңалықтарын берді. РФ президенті Владимир Путиннің Назарбаевты видеоқұттықтауын да көрсетті.

Түркіменстан президенті 63 жасқа толғанын тойлады. Сол туралы көбірек көрсетті. Елбасының туған күні қарсаңында өте қызық шықты.

Бағдарламашы жігіт Алматыдағы өте табысты қызметін тастап, Батыс Қазақстан облысындағы ауылына оралыпты. Туған жерінде шаруа қожалығын құрып, мал өсіреді. Түрлі IT-қызметтерді пайдаланып, шаруашылығына жаңа форматтар енгізген. Бұл туралы қызық әрі танымдық сюжет болды.

5 шілде – Ұлттық домбыра күні. Бағдарлама соңында «Салтанат» күйінің жан тебірентерлік тарихын айтып, күйден қысқа үзінді берді.

Осылайша Apta бағдарламасы маусымдық демалысқа кетті.

“7 күн”, “Хабар”

Сенбінің кешінде эфирге шығатын «7 күн» бағдарламасы үйден хабар таратуын жалғастырды. Жүргізуші Ринат Думанұлы Елбасының коронавирустан жазылғанын хабарлады. Тұңғыш президент Қазақстан халқына Үндеу жариялағанын айтып, соған тоқталды. Назарбаевтың дәрігерлерге айтқан алғысы, Ұлттық қор құру идеясы және «Қазақстан — әлемдегі сыртқы қарызы аз мемлекеттердің бірі» деген сөздері эфирде сөзбе-сөз оқылды.

Сосын елдегі эпидемологиялық жағдай қиынға айналғанына айтар тақырыпқа ойысты. Сюжет президент өткізген кеңесте айтылған мәселелер туралы екен. Президент тапсырмалары халықтың сырқатын жеңілдетіп, індеттің бетін қайтаруға септігін тигізді ме, жергілікті атқарушы органдар тиісті шараларды дер кезінде қабылдады ма? Сюжетте осы сұрақтарға көбірек мән берсе жөн еді. Өкінішке қарай, сюжет кеңесте айтылған проблемаларды шолып шығудан әрі аспады.

Қазақстанда 14 күндік локдаун енгізілді. Күшейтілген карантин шектеулерін тізіп, қандай нысандардың жұмысы тоқтайтынын да айтты.

Қазіргі жағдайда қаржы жүйесін де қалжыратып алмау маңызды. Тележүргізуші президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық банк басшылығымен кездескенін осылай жеткізді.

“Астана” халықаралық қаржы орталығы басқару кеңесінің кеңейтілген отырысына президент қатысқанына тағы бір сюжет арнады. Ерболат Досаев өткен жылы төл теңгеміздің бағамы тұрақты болғанын айтыпты. Ұлттық банк төл теңгемізді нығайту мен іскерлік белсенділікті ынталандыруға ден қойыпты. Сюжетте аталған міндеттерді атқару жолдары айтылмады. Сондықтан да “Досаев айтты” деген мәлімдеменің салмағы аз болып тұр.

Президент Тоқаев “Астана” ХҚО-ның кеңесіне онлайн қатысып, 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданыпты. Тілшінің сөзінше, енді орталық өрісі кеңейіп, жаңа сипатта дамиды. Президенттің пікірінше, халықаралық қаржы орталығының бұған әлеуеті жетеді екен.

Тілші стратегия нендей міндеттерді қарастырып, қаржы орталығының әлеуетіне терең тоқталып, қалай қарыштап дамитынына назар аударса, көрерменге ұғынықты болар еді.

«7 күн» де Астана күні және Елбасының мерейтойына орай шет мемлекет басшылары, көрнекті саясаткерлерден келіп жатқан құттықтау хаттарға назар аударды. РФ президенті Владимир Путин бейнеқұттықтау жолдапты. Путиннің құттықтауынан үзінді берді.

Нұр-Сұлтандағы Ұлттық Қорғаныс Университеті алаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған монумент ашылды. Авторлар мұны да ұмыт қалдырмады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихи тұлға тағылымы» деген тақырыппен Н.Назарбаев туралы мақала жариялапты. Бұл мақалаға арнайы сюжет дайындапты.

Хабар соңын жүргізуші Ринат Думанұлы көрермендерді алдағы жалпыұлттық мереке «Елорда күні»-не құттықтаумен аяқтады.

Basty bagdarlama, “Еуразия бірінші арнасы”

Basty bagdarlama «аптаның айшықты ақпараттарымен бірге көптің көкейіндегі түйткілдерді» сараптауды жөн көріпті.

ҚР Денсаулық сақтау саласының жаңа министрі Алексей Цой індетпен күресудің жаңа сценарийін ғана емес, «локдаун» атты жаңа термин ұсынған еді. Тілші: «Локдаун нокдаунға жібермей ме?» сұрақты алға тартып, Халық пен COVID-19 арасындағы «бокста» «халық» ойсырай жеңілгенін көрсетіпті.

Локдаун талаптары, дәрі іздеп сеңдей соғылған жұрт, дәрігерге мұқтаж науқастар, ақылы жедел жәрдем. Сюжетте бүгінгі ахуалды көрсетер жағдаяттың бәрі баяндалады. Дәріхана алдында кезекте тұрып, «дәрі алайық” деп жанталасқан жұртшылықты сөйлетті.

Локдаун төтенше жағдай емес. Келер сюжетте пандемия тудырған тығырықтан шығу жолдарын іздейді. Сарапшының айтуынша, пандемия салдарынан ел бюджеті 500 млрд теңгеден қағылды. Жалпы ішкі өнім 40 пайызға құлдырады. Бейресми ақпараттарға сенсек, елдегі жұмыссыздық деңгейі — 15 пайызға, яғни жұмыссыздар саны саны 1,5-2 млн-ға жетіпті.

Тілші сюжетінде экономикалық қиын кезеңде де мүмкін болатын жағдайларды қарастыруды ескерткісі келгендей.

2015 жылы 12 қарашада «Nature» басылымында «Ғалымдар аса қауіпті тұмаудың түрін ойлап тапты» деген мақала жарияланыпты. 10 ғалым Қытайда өмір сүретін жарқанаттың коронавирусынан гибрид жасау үшін түрлі тәжірибелер өткізіп, SHCO 14 бетінен алынған ақуыздарды жарқанаттың өкпесінен алынған SARS вирусымен шағылыстырып, нәтижесінде мутант вирус пайда болғанын анықтапты. Осыны айтқан Basty bagdarlama коронавирустың шығу тегі туралы конспирологиялық теорияларға тоқталды.

Cоңғы сюжет Елорда күніне арналды. Жүргізуші қала тарихын баяндап, дәл осы қаланың астана болуға лайық екенін Алаш арыстары да айтып кеткенін жеткізді. Сюжет авторлары қала күніне байланысты материалды жан-жақты мазмұнда жасауға талпынған. Талпыныс текке кетпепті.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қазақ тіліндегі қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Бірнеше қорытынды бағдарлама маусымдық демалысқа шығуына байланысты біздің мониторингіміз де жаңа телемаусымда қайта оралады. 

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР