Сабақ немесе тренинг өткізетін әрбір адам ақпаратты аудиторияға қызық әрі түсінікті жеткізудің жолын іздейді. Ал үйреншікті PowerPoint презентацияларынан бас тартып, тың тәсілдерді қолданып көрсек қалай болады?
Ақпарат ұсынудың қандай жаңа форматтары бар? Интерактивті ойын дөңгелегін немесе видеопрезентацияны өз бетіңше қалай жасауға болады? Бұған қанша уақыт кетеді? Осы сұрақтарға медиасауат бойынша «Эдьютон-2021» семинарында медиатренер, «Выбирай. Астана. Караганда» журналының бас редакторы әрі шығарушысы Татьяна Голубцова жауап берді. «Жаңа репортер» оның ақпаратты басқаша формада тәсілдермен ұсынуға арналған шеберлік сабағындағы негізгі кеңестерді жазып алды.

Татьяна Голубцова сабағын Wordwall платформасында жасалған сәттілік дөңгелегінен бастады. Бұл платформада карточкалармен жұмыс істеуге, анаграммалар құрастыруға және аудиторияны белсенді қатыстыруға арналған түрлі интерактив тапсырмалар дайындауға болады.
Тренер «Медиасауатқа байланысты көңіл күйімізді көрсетейік» деп аталатын ойын дөңгелегін айналдырып, әртүрлі эмоция тудыратын жағдайларды көрсетті. Ал Zoom арқылы қосылған қатысушылар сол жағдайға сай көңіл күйді бет-әлпетімен көрсетуі керек болды.

Мынадай жағдай мен көңіл-күй сізге таныс па?
- «Бірдеңе дұрыс болмай тұр». WhatsApp арқылы коронавирусқа қарсы емнің рецепті келді.
- «Күмәнім бар…» Біреу түнде қалаларымыздың көшелеріне ұшақпен антисептик шашатынын айтты.
- «Әбден шаршадым». Электронды поштама лотереядан ұтыс шыққаны туралы тағы бір хат келді. Бұл – бүгінгі 250-хат.
- «Менің жыныма тимеңдер!» Электрондық поштамды біреу бұзып кірген.
- «Абыройымды таптатпаймын!» Біздің аккаунтымыздан достарымызға ақша сұраған хабарлама жіберілген. Бірақ онда басқа адамның банк шоты көрсетілген.
- «Мен ақылдымын!» Сізді «Эдьютонға» шақырған кездегі көңіл күй.
- «Мен қандай кереметпін! Сен де кереметсің!» Сіз «Эдьютонда» грант ұтып алдыңыз.
Осы жаттығуда семинарға қатысушылар ақпаратты қызық әрі көңілді форматта ұсынуға болатынын өз тәжірибесінде көрді. Татьяна оларға осындай ойынды өз сабақтары мен тренингтеріне арнап жасау жолдарын да түсіндірді.

Шеберлік сабағының келесі бөлімінде тренер видеодәрістер мен іс-шара мазмұнын суретпен түсіндіретін скрайбинг бейнелерін қалай дайындайтынын көрсетті. Ол таныстырған бағдарламалардың барлығы тегін немесе тегін пайдалануға болатын нұсқалары бар құралдар еді.
Жұмысты үш кезеңге бөліп ұйымдастыруға болады:
- Қолда бар мүмкіндіктерді бағалау. Командада қанша адам бар? Іс-шараға дейін қанша уақыт қалды? Осыны анықтап алу қажет.
- Іс-шараны жоспарлау. Аудиторияға қандай ақпарат жеткізгіңіз келетінін және оның негізгі мазмұнын алдын ала ойластыру керек.
- Видеодәріс дайындау. Ақпаратты қызықты етіп ұсыну үшін орынды әзілді пайдаланған жөн. Жағымды эмоция ақпараттың есте жақсы сақталуына көмектеседі.
Мысалы, анимациялық бейне жасау үшін Renderforest платформасын қолдануға болады. Татьянаның айтуынша, үш минуттық видеороликті дайындауға шамамен 45 минут жұмсаған.
Шеберлік сабағында ол қатысушылармен бірге сол күні болған Всеволод Пуляның дәрісі негізінде видеопрезентация да әзірледі. Бір сағаттық дәрістің негізгі жеті тұжырымы қысқа бейнероликке сыйғызылды.

Lumen5 бағдарламасында видеопрезентация жасау барысынан көрініс.
Мұндай материалдар дайындауға Lumen5 және Videorobotapp бағдарламаларын да пайдалануға болады. Семинар өткен кезде олардың тегін нұсқалары қолжетімді болған.
Татьянаның айтуынша, бұл бағдарламаларды меңгеру қиын емес. Олардың интерфейсі түсінікті, қолдануға ыңғайлы. Мұны шеберлік сабағына қатысушылар да байқап көрді. Бағдарламалармен жұмыс істеу PowerPoint-та презентация жасаудан қиын емес, ал дайын видеоматериал көрермен назарын бірден аудара алады.
Сабақ соңында медиатренер тағы бір маңызды кеңес берді: видеопрезентацияның ұзақтығы 4–5 минуттан аспағаны жөн. Өйткені одан ұзақ бейнероликтерге аудиторияның қызығушылығы төмендеуі мүмкін.
Продакшн гранттарды бөлу бойынша жоба Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP Орталық Азиялық медиабағдарламасы шеңберінде өткізіледі.
Жәнібек Нұрыш
