Деректі фильм режиссерлері, тренерлер Шахида Тулаганова мен Елена Демидова 30 наурыз күні Деректі кино мектебінде «Логлайн, синопсис, тизер, трейлер дегеніміз не? Бұл не үшін қажет және қалай тиімді қолдануға болады» деген тақырыпта шеберлік сабағын өткізді. Түсірген фильмдерін мысалға алып, осы ұғымдардың мағынасын түсіндірді. «Жаңа репортер» редакциясы сарапшылардың айтқанын тыңдап, ең маңызды кеңестерін жазып алды.
— Логлайн — фильміңіз не туралы болатынын бір-екі сөйлеммен түсіндіру. Логлайніңіз неғұрлым қызық әрі тартымды болса, продюсерлерді соғұрлым қызықтырасыз. Осылайша фильміңізді түсіруге қажет қаржы көзін табасыз. Продюсерлердің уақыты аз. Олардың назарын аудару үшін логлайніңізді қысқа-нұсқа жазып, маркетинг тәсіліне айналдырасыз. Шығармашылық жолын енді бастаған мамандарға логлайн өте маңызды. Фильміңіз не туралы екенін өзіңіз түсінсеңіз, онда басқалар да түсінеді. Ағылшын тілін үйреніңіз. Фестивалге өтініштің барлығы ағылшын тілінде жазылады. Келіссөздердің көбі ағылшын тілінде жүргізіледі.
— Синопсис — қозғағалы отырған проблеманың бэкграундын тарқатып айту. Фильміңіздің хикаясы неліктен бірегей екенін, сол хикаяны баяндауға сіздің ғана шамаңыз жетіп, сол тақырыпта фильм түсіруге сіз ғана лайық екеніңізді дәлелдеп, жауап бере алуыңыз керек. Синопсис төрт абзацтан аспайды. Ұзақ болса, ешкім де оқымайды. Қазір кейіпкерлерді таныстыру үшін синопсис ішіне 1-3 фото қосады. Синопсис те өте маңызды, өйткені түрлі гранттарға өтініш бергенде (әлемде грант көп, әрқайсысы процесстің түрлі кезеңін қаржыландырады) көп онлайн-форма толтырасыз. Грант берушілер өтінішіңізді қарап, бәрін жан-жақты ойластырғаныңызды түсінеді. Кейіпкерлеріңіз кім, оларға қалай шығасыз, түсірілімге келісе ме, қаржылай жоспарыңыз қандай, потенциалды дистрибьюторларыңыз кім? Мұның барлығына жауап беру маңызды. Грантқа алуға бәсеке өте жоғары. Неғұрлым тыңғылықты дайындалсаңыз, соғұрлым қаржы алу мүмкіндігіңіз ұлғаяды.
— Тизер мен трейлер не үшін қажет? Адамдар кейіпкеріңіздің түр-сипатын көріп, фильміңіз қандай боларын вижуалды түрде елестете алуы керек. Мұның барлығы да фильміңізді питчингте продюсерлерге таныстыру үшін керек. Тизерде фильмнің вижуалы қандай боларын көрсетсеңіз, трейлерде хикаяны таныстырасыз. Трейлер — тизер емес. Трейлер дегеніміз — көйлекті қандай өрнекпен тігетініңізді көрсету. Базарда сатып алушыны алдамас үшін тауарыңызды көрсетесіз. Бұл да соған ұқсайды.
— Жалғыз режиссерге ешкім де ақша бермейді. Команда керек. Командада режиссер, продюсер және тағы басқа мамандар болады. Түсірілімге кіріспен бұрын фильміңіздің әмбебаптығы (неліктен барлығына қызық) мен ерекшелегі (еліңізде) неде екенін әбден пысықтап, тұжырымдаңыз. Тритмент, яғни алдын ала сценарийін жазып, жариялауға да болады. Сонда адамдар мәтінді оқып, фильмді көргендей болады. Мұның барлығын фильмнің уорд түріндегі төлқұжатына кірістіре аласыз.
Шахида Тулаганова — Өзбекстаннан шыққан журналист. Қазір Лондонда тұрады. Лондондағы BBC арнасында және Прагадағы «Азаттық радиосында» көп жыл жұмыс істеді. Соңғы жылдары әлемнің «от шарпыған нүктелерінде» тәуелсіз журналистикамен айналысады.
Елена Демидова — ресейлік режиссер, оператор, монтажер және продюсер. Бауман атындағы ММТУ-інде оқыған. Internews киномектебінде (Марина Разбежкинаның шеберлік мектебі) режиссура бойынша білім алды. РФ Кинематографистер гильдиясының және Деректі кино гильдиясының мүшесі. 2006 жылдан бері 10-нан астам деректі фильм түсірді.
10 наурызда «Деректі кино. Қысқа метр» мектебі басталды. Теориялық сабақтар 15 сәуірге дейін жалғасады, практикалық сабақтар мен тәлімгерлік 25 маусымға дейін болады. Сабақтар Zoom платформасында онлайн-форматта орыс тілінде өтеді. Қазақ, тәжік, өзбек тілдеріне синхронды аударма жасалады. Деректі кино мектебіне қатысуға Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан жас режиссерлер іріктелді. Олар алты апталық интенсивті курсқа қатысады. Белгілі документалистер мен халықаралық тренерлер дәріс оқиды, үй тапсырмаларын береді, уоркшоптар, кинокөрсетілімдер және талқылаулар болады. Содан кейін түсірілім, монтаж, фильм жасауына екі ай уақыт беріледі. Осы кезде Деректі кино мектебінің тренерлері мен менторлары жетекшілік етеді.
Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) қолдауымен MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.