ДомойОқып-үйренДеректі фильмнің үш ингредиенті. Белгілі документалист Джон Алперттің кеңесі

Деректі фильмнің үш ингредиенті. Белгілі документалист Джон Алперттің кеңесі

Деректі фильмнің үш ингредиенті. Белгілі документалист Джон Алперттің кеңесі

«Деректі кино. Қысқа метр» мектебі аясында белгілі америкалық документалист Джон Алперттің шығармашылық кездесуі өтті. Репортер, документалист, Қалалық қоғамдық телевизия орталығының (Downtown Community Television Center, DCTV) негізін қалаған Джон Алперт дүниенің түкпір-түкпіріндегі қиын аймақтарға барып, ондаған деректі фильм түсірген. Ол Facebook тікелей эфирінде мектеп қатысушыларымен кездесіп, деректі жобаларын түсіру тәжірибесін баяндап, бірнеше қызық оқиға айтып берді. Оның өз ісіне деген шексіз сүйіспеншілігі деректі кино түсіріп қана қоймай, кейіпкерлерімен достасуына да көмектеседі екен.

Таксистер туралы деректі фильмнен скриншот

— Бірінші фильмімді кездейсоқ түсірдім. Сол кезде Нью-Йоркте таксист едім. 1970 жылдардың басында бұл қауіпті жұмыс саналатын. Бізді нашақор-жолаушылар ғана емес, таксопарк басшылары да тонайтын. Олардың жұмыс шарты таксистерге тиімсіз болды. Басымызды қатерге тігіп, жұмыс істедік. Көліктің де жағдайы мәз емес. Кез келген сәтте тежегіші істемей қалуы мүмкін. Бір бірімізбен үнемі жарысып, жолаушыларға таласатынбыз. Бәрі бір бірімен бәсекелесетін. Бірігіп, жақсы еңбек шартына қол жеткізуге ұмтылмайтын.

Бір күні қолымызға арзан ақ-қара камера түсті. Таксистердің проблемасы мен шешу жолдарын ұсынатын шағын фильм түсірдік. Қаладағы 50 гаражда көрсеттік. Бұл сиқырлы таяқшаның сілтеуіне ұқсады. Кәсіподақ сеніміне ие болып, олар бізді тыңдады. Таксистермен қайта тиімді келісімшарт жасалды.

«Пәлі, мынау қажетке жарайды екен ғой» деп ойладық. Содан кейін білім туралы фильм түсірдім. Муниципалді мектепті жемқорлық жайлаған еді: әкімдік бөлінген бюджетті қалтасына басып, туған-туыстарын жұмысқа алып, жиналыстарда қарапайым адамдарға сөз бермейтін. Жемқорлық туралы айтсақ та бізге сенбеді. Видео түсіріп едік, сенді. Жемқор шенеуніктерді орнынан алып тастады. Біз тағы жеңдік. Енді барлық проблеманы камераның көмегімен шешеміз деп ұйғардық.

Жақсы журналистиканың үш құпия ингредиентін «TAP» (Джон үстеоді тақылдатқанда tap-tap-tap деген дыбыс естілді — автор ескерт.) деп атаймын.

Бірінші ингредиент — Time (уақыт). Фильм түсіретін жерде басқаларға қарағанда ұзақ болуыңыз керек. 

Нью-Йорктегі кедейлерді емдейтін ауруханадан сюжет түсірдік. Ауруханаға Спинелли мырзаны жеткізді. Инфаркт болып, өлім аузында жатыр екен. Аман алып қалды. Ауруханада бірнеше күн қалып, осы науқастың жағдайын бақылауым керек екенін түсіндім. Бірнеше күннен кейін дерті қозып, инфаркт тағы қайталанды. Аман алып қала алмады. Спинелли мырза қайтыс болды. Мұны видеоға түсірдік.

Мұның бірнеше себебі бар: медбикелер жетіспейді, кардиологқа жұмыс істеген уақытына қарай ақы төлейді (шұғыл қажет болғанда ғана үйінен ауруханаға шақырады), жабдықтар тозған (жөндейтін маман да, жөндеуге қажет бөлшектер де тапшы). Нью-Йорк ауруханасындағы жағдай үшінші әлем елдеріне ұқсас еді.

Осылайша Америка телеарналарынан камера алдындағы кісі өлімін алғаш рет көрсетті. «Кеше Спинелли мырза қайтыс болды» деген репортаж бен «Спинелли камера алдында өлді» деген репортаждың айырмасы бар. Сюжет үлкен дауға ұласып, жұртшылықтың ашу-ызасын тудырды. Үкімет ауруханаға қаржы беруге мәжбүр болды. Міне, содан кейін қоғамдық телеарнаның есігі жабылып, қара тізімге ендік. Иә, журналист жұмысында мұндай да жағдайлар болады. Мұны да ескеру керек. Олар кейде «хабаршыны», яғни хабарлаушыны «атып тастайды».

Аурухана туралы деректі фильмнен скриншот

Уақыт ережесі тәуелсіз документалистерге арналған. Басшылығыңызға ауруханада бес күн жүргеніңіз ұнамайды. Иә, телекомпанияларға уақыт — тым қымбат, бірақ сіз үшін түк те емес. Уақыт — жеке ресурсыңыз, оны молынан пайдаланыңыз. Қажет жерде мейлінше ұзақ болыңыз.

Мұның тағы бір себебі — адамдар сізге сенуіне уақыт керек. Бұрын камера жабдықтары өте үлкен болатын. Бесік арбаға салып, алып жүрдік. Адамдар: «Ой, бесік арба! Ха-ха-ха» деп, жақын тартатын. Ғимаратта ұзақ болғанымыз соншалық, бізді ешкім елемейтін де болды. Адамдар ашылып сөйлеуі үшін өте абай болыңыз. Ентелесеңіз, шошытасыз.

Екінші ингредиент — Access (кіру/рұқсат). Уақытыңыз көп, бірақ қажет жерге кіре алмасаңыз, уақыттың пайдасы жоқ. Ешкім кіре алмаған жерге қалай баруға болатынын білген жөн. Кейіпкер сеніміне кіріп, олар ешкімге көрсетпейтін дүниесін сізге көрсеткісі келуі керек. Бұлжұмыстың ең маңызды бөлігі.

1990 жылдардың басында Нұрсұлтан Назарбаев туралы фильм түсірдім. Оған толықтай «кіре алмадым», тек жартылай ашылды. Репортаж да жарым-жартылай шықты.

Джон Алперт Қазақстандағы тренингте, 1993—94 жылдар

Netflix-тегі «Куба және оператор» фильмімді көріңіздер. Фидель Кастро туралы фильм. 45 жыл түсірдім. Фильм кейіпкерлерінің әлеміне кіре алдым, бәрі де достарыма айналды. Тіпті Фидель Кастромен де достастым. Кубаға қызыммен барғанымызда уақытылы елге қайта алмай, сабаққа кешігіп қалды. Фидель Кастродан қызымның мұғаліміне хат жазуын өтіндік. «Кешіріңіз, ол менен сұхбат алып жатқаны себепті кешігіп жатыр. Фидель Кастро» деп жазды. 45 жыл уақыт болды. Кейіпкерлер әлеміне кірдім.

Үшінші ингредиент — Passion (құштарлық). Бір нәрсені ұзақ уақыт, мәселен 45 жыл жасау өте қиын. Әлдекім камераның алдында көз жұмғанын да көру тіпті ауыр. Жұмысыңыз өте маңызды екеніне шын сенбесеңіз, жүрегіңіз «кейіпкерлер» деп соқпаса, онда ештеңе істей алмайсыз. Жеңілесіз. Мықты репортер бола алмайсыз.

Cuba and the cameramen фильмінің түсірілімінде

Қазір бізде, яғни АҚШ-та «ең пайдалы тағам — құрамы үш ингредиенттен аспайтын тағам» деп үйретеді. Түрлі қоспалар мен химикаттардан тұратын ұзынсонар тізім көрсеңіз, бұл зиян. Міне, сондықтан да үш құпия ингридиентті ғана қалдырайық: уақыт, рұқсат, құштарлық.

***

Еске салайық, бұған дейін «Деректі кино. Қысқа метр» мектебінде «Логлайн, синопсис, тизер, трейлер. Не үшін қажет?» деген тақырыпта мақала жариялаған едік.

10 наурызда «Деректі кино. Қысқа метр» мектебі басталды. Теориялық сабақтар 15 сәуірге дейін жалғасып, практикалық сабақтар мен тәлімгерлік 25 маусымға дейін болады. Сабақтар Zoom платформасында онлайн-форматта орыс тілінде өтеді. Қазақ, тәжік, өзбек тілдеріне синхронды аударма жасалады. Деректі кино мектебіне қатысуға Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан жас режиссерлер іріктелді. Олар алты апталық интенсивті курсқа қатысады. Белгілі документалистер мен халықаралық тренерлер дәріс оқиды, үй тапсырмаларын береді, уоркшоптар, кинокөрсетілімдер және талқылаулар болады. Содан кейін түсірілім, монтаж, фильм жасауына екі ай уақыт беріледі. Осы кезде Деректі кино мектебінің тренерлері мен менторлары жетекшілік етеді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР