Кешегі аптаны қорытындылаған «7 күн» авторлары Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшқанына 30 жыл толғанын айтып, президент аптасына ауысса, «Айна» редакциясының негізгі тақырыбы — азық-түлік қымбаттауы. Apta ұжымы Қазақстан мен Ресей басшыларының қатысуымен өткен өңіраралық форумды егжей-тегжейлі баяндап, азып-тозған ауылдар мәселесіне екі сюжет арнады.
«7 күн», «Хабар»
30 жыл бұрын, яғни 1991 жылы 2-қазанда Тоқтар Әубәкіров Байқоңыр айлағынан ғарышқа ұшты. «Жеті күн» осы атаулы датадан басталып, әдеттегідей президенттің апта ішіндегі сапарлары мен қабылдауларына ұласты.
Сейсенбіде Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының пленарлық отырысында бейнеүндеу жасап, ядролық қарудан азат, бейбіт өмір қалыптастыруға Қазақстан мүдделі екенін және елде атом өнеркәсібін дамытудың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатқанын айтыпты.
Ал Қауіпсіздік кеңесінің отырысында төраға Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстандағы ахуалдың сын-қатерін талқылады.
Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық форумға жеке сюжет арналды. Форум қалай өткенін баяндайтын сюжетте екі ел президенттерінің Тұран жолбарысы туралы диалогы жоқ. Есесіне Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік мамандардың қазақстандық әріптестеріне ескертпелеріне айтқан пікірі беріліпті.
Бұдан әрі ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың апта ішіндегі қабылдауларын шолып шықты. Кездесулердегі дипломатиялық этикет шеңберінде айтылатын қошеметтеу сөздерінен үзінділер берді.
Президент Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына барып, Ақтоғай кенішіндегі жаңа өндірістің ашылу салтанатына қатысты. «Жеті күн» авторлары әдетінен жаңылмай, осы сапарға баса мән беріп, президентті сөйлете отырып сюжет жасады. «Үгіт-насихат» сюжеттеріне тән тәсілден айнымай, еліміздегі кен өндіру саласының жетістіктері айтылды.
Жүргізуші Дархан Әбдіуахит Президенттің қыркүйекте атқарған шаруаларына шолу жасап, осы аптадағы қабылдауларына кезек берді. Президент «Атамекен» ҰКП съезіне қатысқан. Бұл жеке сюжетке арқау болыпты. Сюжет ерекшелігі — мамандар жиын барысында президент айтқан ұсыныстар мен мәлімдемелерге пікір білдірді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мал шаруашылығындағы алаяқтық жолмен субсидия алу оқиғаларын әшкерелепті. «Субсидия сергелдеңі» деген сюжет тақырыбы — өзекті, алайда дәл қазір қаржыға мұқтаж шаруалар проблемасы қалай шешілетіні жөнінде нақты мәлімдеме жоқ. Агенттік, министрлік өкілдері мен Мәжіліс депутаты мәселені реттеу жоспарланып жатқанын айтады.
«Тарихи миссия» деген сюжет 2022 жылға жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің маңызын айтып, Қазақстанның халықаралық беделі жайлы мақтап-мадақтаудан аспады.
Келесі сюжетте Ауғанстаннан Қазақстанға оралып, Ақмола облысының Мариновка ауылына қоныстанған отбасының тұрмыс-тіршілігін көрсетеді. Тартымды стори. Бір сағаттық эфирінде ресми жиындар мен қабылдауларды көрсетуден аса бермейтін бағдарламадағы көрерменді баурайтын жалғыз материал — осы сюжет болды.
Бағдарлама Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның блогерлер жауапкершілігі туралы заң қабылдау қажет екенін айтқан пікірімен аяқталды. Бұл енді жеке сюжетке лайық тақырып.
«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»
«Айна» сараптамалық ток-шоуының 2-қазандағы саны телеарнаның YouTube—арнасына да жарияланыпты.
Жетісіне бір рет шығатын сараптамалық бағдарлама апта ішіндегі оқиғаларға байланбапты. Бағдарламаның басты тақырыбы — азық-түлік қымбаттауы.
Әр эфирін ерекше етуге ұмтылатын шығармашылық топ бұл жолы да креатив қосады. Жүргізуші Айдана Үсенбай супермаркет аралай жүріп, бағдарламаны бастайды.
Репортаж азық-түлік бағасына делдалдар мен жәрмеңкелер қалай әсер ететінін зерттейді.
Студияда: «Азық-түлік бағасының өсуіне ортадағы делдалдар ықпал етіп отырған жоқ па» деген сауал талқыланды. Алыпсатар кәсіпкер, экономистер, министрлік пен әкімдік өкілдері қатысып, пікір айтты. Студиядағы талқылау делдардарды ғана емес, Ұлттық банктің ақша-несие саясаты, ақша массасын реттеу тұрғысындағы мәселелерін де қамтыды.
27 қыркүйектен бастап той жасауға рұқсат берілді. Карантин кезінде тығылып жасалған тойлардан тараған видео көрсетті.
«Бүгінгі той өзгерек» деген сюжет тойға рұқсат берілгеннен кейін жаңаша тәртіппен өтіп жатқан тойдан жасалған репортаж екен. Тілші тойға барып, би алаңында жүрген қонақтардың бірінен: «Тойды сағындыңыз-ау», деймін билеп тұрсыз?» деп қисынсыз сұрақ қояды. Тағы бір қонақтан «Карантин кезінде тойға бардыңыз ба?» деп сұрап, той иесі мен асабамен бірге той шығынын санамалайды
Студиядағы «Қазаққа той керек пе?» деген сауалды талқылауға қоғам белсендісі Жұмамұрат Шәмші және әлеуметтік антрополог Динара Әбілденова қатысты. Спикерлер ұсынғандай, даңғаза тойды шектеу қажет екен. Ал асаба Маусым Шәкім пандемиядан кәсібін ауыстыруға мәжбүр болыпты. Бір қызығы — жүргізуші қонақтар пікіріне «Дұрыс айтасыз» деген қолпаштау сөзді жиі айтады.
Тағы бір сюжет даңғаза тойдың көп екені, карантин болса да тоқтамағаны, салдарынан кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар қанша айыппұл төлегенін баяндайды. Қазақ халқының тойқұмарлығын сынауға бейім сюжет. Бұл бөлімнің мақсаты — даңғаза тойға сын айту болған сияқты.
«Айна-аймақ» айдары Алматы облысы, Бақалы ауылдық округіндегі Қазыбаев ауылындағы ауыз су мәселесін сөз етеді. Тұрғындар ауыл әкімін «өз үйіне ғана су тартып алды» деп кінәлап отыр. Студияға шағым айтқан тұрғын хабарласып, осы ауыл қарайтын Сарқан ауданы әкімінің орынбасары тікелей байланысқа шығып, түсініктеме берді. Әйтсе де бағдарлама авторлар мәселені толық зерттемей, эфирге шығарғандай әсер қалдырды.
Бір байқағанымыз — «Айна» бағдарламасы апта ішіндегі маңызды саяси тақырыптарды елеусіз қалдырады.
Apta, QAZAQSTAN
Бағдарлама 17-ші Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық форумынан басталды. Сюжетте форумның басты тақырыптары (экология, кеден бекеттеріндегі проблема, АЭС құрылысы, екі ел арасындағы сауда-саттық) қамтылды. Тұран жолбарысы туралы да айтылды. Хаттамалық мәні бар, бірақ қызық сюжет.
Президент Қ.Тоқаев өткен аптада ШҚО-дағы Ақтоғай кен байыту кешеніне барды. Бұл туралы студиядан баяндап, президент синхронымен толықтырды.
Кедейшілік пен орта таптың айырмасы қандай? Қазақстандағы ахуал қалай? Халықаралық стандарттармен салыстырсақ, қазақстандық «орта тап» расымен де орта тап па? Осы сауалдарға жауап іздейтін сюжет эмоционалды әрі түсіндірмелі материал болды. Тұрмысы ауыр, пәтер жалдап, еңбегінің ақысын ала алмай жүрген отбасы мен тұрақты кірісінің біраз бөлігі ипотека мен кредит төлеуге жұмсалатын отбасыны көрсетті. Ал экономист пен әлеуметтанушы экономика үшін орта тап өкілдерінің қандай маңызы бар екенін түсіндірді. Ең төменгі жалақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі туралы да айтылды. Материал еліміздегі ең өзекті мәселені қозғады. Кедей отбасы балаларының бет-жүзін көлегейлеп жауыпты.
Қазақстанда аптасына бір ауыл жойылады екен. Ондаған жылдан бері инфрақұрылым мәселесі (жол, ауыз су және тағы басқасы жоқ) шешілмеген ауылдар туралы сюжеттің алғысөзінде жүргізуші Жайна Сламбек елімізде мұндай ауылдар көп екенін айтты. Ал сюжет Ақмола облысындағы ауылда түсіріліпті. Ауыл тұрғындары сөйлеп, әкім, «Ауыл» партиясының өкілі мен салалық министрлік қызметкері комментарий беріпті.
Қазанның бірінші жексенбісі — Ұстаздар күні. Мінеки, осы кәсіби мерекеге орайластыра «Үздік педагог — 2021» байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарын марапаттады. Ал сюжет қазақ даласындағы тұңғыш мектеп — Жәңгір мектебіне арналды. Батыс Қазақстан облысындағы мектептің ашылғанына 180 жыл толыпты. Алайда мектептің жағдайы мәз емес. Есігі жабық, ғимаратын жөндеу керек, ал балалар Мәдениет үйінің ғимаратында не мектеп-интернатта оқып жүр. Ауыл тұрғындары, мұғалімдер, аудан және облыс әкімдіктері өкілінің комментариі бар.
Сюжетте ескі ғимаратта орналасқан, көмір жағып жылытылатын тағы бір мектепті көрсетті. Жаңа мектеп салынып жатыр екен, бірақ әлі құрылысы аяқталмапты. Айтпақшы, биыл Батыс Қазақстан облысында жеті мектеп жабылған. Өйткені оқитын бала аз. Бәрі ауылдан көшіп жатыр. Салмақты әрі алаңдатар тақырып жөніндегі қызық сюжет.
«Apta қонағы» айдарына «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрбозова келді. «Болашақ» бағдарламасының жаңалықтары, ауыл квотасы туралы айтып берді.
Бағдарлама QAZAQ RADIOSY-ына 100 жыл толып, 1 қазан — Радио күніне ұйымдастырылған концерт өткені жөніндегі жаңалықпен аяқталды.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.