ДомойМедиасынҚаралы митинг, президенттің Ресейге сапары, «технарь қазақ»: 7-13 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қаралы митинг, президенттің Ресейге сапары, «технарь қазақ»: 7-13 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Қаралы митинг, президенттің Ресейге сапары, «технарь қазақ»: 7-13 ақпандағы апталық телебағдарламаларға шолу

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Президенттің Ресей мен Татарстанға жұмыс сапары туралы болды.  Сондай-ақ, «Жеті күннің» бұл саны толығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасаған мәлімдемелерін талдауға арналды: елдегі қымбатшылық, орташа жалақы, тұрғын үй құрылысындағы күмәнді статистика және тағы басқа. «Айна» бағдарламасы Президенттің  халық арасындағы беделіне ерекше назар аударыпты. «Президент шешімдері»,  «Халық айтса…» топтамасы осыған дәлел. Ал Apta Алматыдағы Республика алаңында қаңтар трагедиясында қаза тапқандарды еске алуға арналған қаралы митингтен кадрлер көрсетті. Сондай-ақ, Тоқаевтың «Хазірет Сұлтан» мешітіне барып, қаңтар трагедиясында қаза тапқандарға құран бағыштағанын көрсетті. Сонымен қатар, апталық бағдарламалар қаңтар оқиғасынан кейін абақтыда азапталғандардың жағдайы туралы да материал ұсынды. 

«Жеті күн», «Хабар»

«Жеті күн» бағдарламасы күткеніміздей Президенттің Ресейге сапарын егжей-тегжейлі баяндаудан басталды. Тілші Талғатбек Әбдіқожа сюжетін «…Кремльге Батыс жақтан саяси салқындық сезіледі, ал көршілес Ресей мен Қазақстан арасында жағымды достық қатынас бұрыннан қалыптасқан» деп бастады. Автор Ресейде техникалық  маман даярлау бойынша қол жеткен келісімге ерекше тоқталып, бұл қадамның маңызы туралы сарапшылар пікірін ұсынды.

Мемлекет басшысының Ресейге барғаны туралы екінші сюжет – Татарстан сапары жайлы материалды Қорған Қонысбайұлы әзірлепті. Іс-сапар барысынан кеңінен ақпарат берген. Материалда Татарстанмен бірлескен кәсіпорын ашу, маман даярлау бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы мол мәлімет қамтылған. 

Өткен аптаның басында Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Бұл жиын туралы Гүлжан Мархабаева сюжет әзірлеп, онда Мемлекет басшысының елдегі орташа жалақы туралы мәлімдемесіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметке берген тапсырмаларынан синхрон берілді. Ал сарапшылар Президенттің мәлімдемесін қолдап, пікір білдірген. Сюжет авторы Президент бұл жиында «көзбояушылық» сөзін жиі қолданғанын айтып, «… халықтың сеніміне ие болып үлгермеген үкіметке ең алдымен Президенттің сенімін селдіретіп алмау үшін де күш жұмылдыру керек секілді» деп аяқтады. 

«Ауыздықпен алысқан инфляция жайбасар жалақыға жеткізбей барады». Дархан Әбдіуахит «Қалтаны қаққан қымбатшылық» сюжетінің алғысөзінде осылай деп, статистиканың көзбояушылық екеніне тағы бір ден қойды. Сюжет  Нұр-Сұлтан тұрғындарының жалақы туралы пікірін білуден басталды. Осы арқылы Ұлттық статистика бюросының елдегі орташа жалақыға қатысты есептеуіне мән берген тілші бюро мамандарынан бұл көрсеткіштің неге сүйеніп әзірленетінін сұрапты. Сюжетте автор сарапшылар пікірін ұсына отырып,  инфляция себебіне үңілуге тырысады. Ең төменгі күн көріс деңгейі, импортқа тәуелділік, азық-түлік бағасының қымбаттауы, халық табысының басым бөлігі азық-түлікке жұмсалатыны туралы бірқатар мәселеге тоқталды. Айтарлықтай жаңалық болмаса да, жалаң ұрансыз, сюжетте шынайы картинаны беруге талпыныс бар.

«Қаралы қаңтар». «Жеті күн» қаңтар оқиғаларына қатысты тың мәліметтер турасында осындай атаумен сюжет әзірледі. Ақбөпе Тәңірберген қаңтар оқиғаларының қалай басталғанына шолу жасап, қозғалған қылмыстық істерге байланысты Бас Прокуратура келтірген мәліметтерден үзінді берді. «Аманат»  комиссиясы өкілдерінің де мәлімдемесі бар. Алайда, қаңтар оқиғасынан басталған сюжет Мәжіліс депутаттары мен тұрғындарды сөйлету арқылы бірте-бірте Мемлекет басшысы қабылдаған шешімдердің дұрыс екенін айтуға ойысады. Тіпті, Президент жанындағы ҚСЗИ жүргізген Президент пен әскерге халықтың сенімі туралы сауалнама нәтижесі де көрсетілді. Автор қаңтар оқиғасы елдегі әлеуметтік проблемаларды ашып бергенін айта келе, сюжетін «…ел тұрғындары оң өзгерістерден үміт күтеді» деп аяқтады. 

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент елдегі тұрғын үй құрылысына қатысты келтірілген статистикаға да күмәнмен қарайтынын мәлімдеді. «Қарқын мен сапа» аталатын сюжетте Сәкен Сейітханұлы осы мәселені зерттеуге тырысқан. Құрылысшылар Одағының төрағасы статистиканың бұрмаланғанын растап отыр, дегенмен «неге бұрмаланды?» деген сауалға сюжет соңына дейін жауап алмадық. Статистикаға жауапты мамандар пікірі берілмеді. Ал, Президент салынған құрылыс нысандарына  коммуналдық инфрақұрылым ілесе алмай жатқанын айтты, бұған елордадағы жағдай дәлел болып отыр деп еді. Тілші Таразда салынған тұрғын үй кешеніндегі осыған ұқсас жағдайды баяндады. Нұр-Сұлтан қалалық Сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары басқармасының маманынан тұрғын үйлер жанынан әлеуметтік нысандардың салынбауына, яки сай болмауына қатысты пікір сұрапты. Бірақ, елдегі тұрғын үй нарығының қарқыны шын мәнінде қандай екені, сапа қай деңгейде тұрғаны жайлы тұщымды ақпарат алмадық.

«Технарь қазақ». Мақпал Мадиярова әзірлеген сюжет те Президенттің бастамасына орайластырылыпты. Елімізде техникалық сала мамандарының жетіспейтіні, Қазақстанда техникалық бағытта білім беретін 5 ресейлік ЖОО-ның филиалы ашылатыны туралы айтылды. Білім министрінен бастап, ректорлардың, өндірістік мекеме мамандарының пікірі бар.

Келесі сюжеттің алғысөзінде Дархан Әбдіуахит автоөндіріске қатысты көпшілік арасында кең тараған күдікті ойды тексеру қажеттігі туралы Президент пікірін айтты. «Отандық автоөндіріс» барысын шолып қайтқан тілші Мағауия Қалиев әлеуметтік желілердегі пікірлер жаңсақ екенін дәлелдеуге тырысады. Автокөлікті жинау барысы қалай өтетінін баяндады, автомобиль өндіруші компаниялардың өкілдерінен сұхбат алып, алдағы жоспарларын біліпті. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы» 

«Бейбіт митинг бұзақылыққа ұласты». «Айна» ұжымы қаңтар оқиғаларының қырық күндігіне баса мән беріпті. Онда қаңтардың алғашқы 10 күніндегі оқиғалардың хронологиясы баяндалды. 

Келесі сюжетте «Жеті күн» секілді «Айна» бағдарламасы да Мемлекет басшысының имиджін нығайтуға үлес қосыпты. «Айна» бұл сюжетін  «Президент шешімдері» деп атап, төтесінен тартыпты. Екі бағдарламаның сюжетінде ұқсастық бар – eкеуі де қаңтар оқиғасынан басталады. Тек «Айна» қаңтар айының басындағы тәртіпсіздіктер кезінде Президенттің ҰҚШҰ әскерін шақыруын қолдай, сарапшылар пікірін беріпті. Сондай-ақ, қаңтар оқиғасынан кейін Президент бастамасымен елімізде жасалып жатқан оң өзгерістер туралы баяндалды. 

Президентің ел алдындағы беделін көтеруді «Айна» ұжымы ерекше қолға алған сыңайлы. Бұл тақырыпқа тағы 5 минуттан артық уақыт арнап, тұрғындардың, елге танымал тұлғалардың Президент жайлы пікірін жинақтапты. «Халық айтса…» топтамасы осы мақсатқа арналғандай. 

«Қаңтар оқиғаларынан» кейін күдікке ілінгендердің құқын қорғау мақсатында құрылған «Аманат» комиссиясы 20 күндік жұмысын қорытындылады. «Тергеу тегеурінді жүруде» аталатын сюжетте әлеуметтік желілерде абақтыда зардап шеккен азаматтар жайлы ақпарат жиілегенін, алайда Прокуратура мәліметінше кездейсоқ ешкім қамалмағаны айтылды.  Абзал Құспан бастаған «Аманат» комиссиясының жұмыс нәтижесіне шолу жасалды. Уақытша қамау орындарындағы мұндай заңыздықтарға қатысты қылмыстық істер қозғағаны туралы Прокуратураның ақпараты берілді. Құзырлы сала мамандарының пікірі берілді. 

«Ең қызығы көлік жөндеп, темір тұлпар жуатын жандар дәл қаңтар оқиғасынан соң сәнді киіне бастаған».  «Кәсіпкерлерге көмек көрсетілуде» атты сюжеттің алғысөзінде жүргізушісі Ғалым Кәлмен қарапайым жұмысшылардың қымбат киіне бастағанын, мұндай киімді қайдан алғанын өздерінен сұрағанын айтты. Жүргізші республикалық арна эфирінен мұндай мәлімдеме жасауы – жұмсарта айтқанда, артық. Сюжетте бірнеше кәсіпкер Алматыдағы қаңтар оқиғасынан кейін бизнесінің зардап шеккені, шығынға батқаны туралы айтады. Дегенмен, сюжеттің алғысөзінде айтылған сәнді киінген жұмысшыларды сөзге тартқан тілшіні көрмедік. Әлеуметтік желіде тараған бір видео бар, онда олимпиада спортшыларына арнап тігілген күртеше киген жігіттен, «оны қайдан алдың?» деп сұралады. Алайда, сол форма сатылатын дүкен иесінің немесе қызметкерінің пікірі жоқ. 

«Тегін гранттар беріледі». «eGov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі жауапты маманнан елімізде кәсіп бастау үшін берілетін тегін гранттар туралы сұрап біліпті.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өзінің отставкасын талап еткен маңғыстаулық шаруаның үйіне барыпты. «Субсидия алу жеңілдейді» аталатын сюжет маңғыстаулық шаруа Әділбек Сағындық пен  министрдің диалогынан басталды. Көрерменді елең еткізуге таптырмас тәсіл.  Сюжетте тілші ауыл шаруашылығын субсидиялау бойынша құрылған «Қолдау» жүйесінің ақылы болғанын, қазір министрлік жаңа ақпараттық жүйе әзірлеп жатқанын айтып, Ауыл шаруашылығы министрін, сенатор Ақылбек Күрішбаевты, өзге де сала мамандарын сөзге тартыпты. Аталмыш саланы жемқорлық жайлағаны туралы Президенттің сөзін келтіріпті. 

«Ресеймен қай салаларда әріптестік арта түсетінін және одан біздің не ұтатынымызды Артур Мағзомов баяндайды» деп «Айна» Ғалым Кәлмен, «Екі ел арасындағы байланыс  нығаяды» атты сюжетке кезек берді. «Жеті күндік» әріптестеріне қарағанда, «Айна» авторлары Президенттің екі күндік сапарын бір сюжетке сыйдырған. Материалда екі Президенттің бірлескен мәлімдемесі, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Татарстанға алғашқы сапары, өндіріс орындарын аралауы баяндалды. Сарапшылар пікір білдірмеді. 

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама басы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Хазірет Сұлтан» мешітіне барып, қаңтар трагедиясында қаза тапқандарды еске алып, құран бағыштағанына арналды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына үндеуінен үзінді көрсетті. 

Өткен аптада Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Экранда Бас прокуратураның қаңтар оқиғаларын тергеу ісінен дерек келтірді.

Тергеу орындарындағы азаптау оқиғалары жөнінде ресми статистика келтіріп, абақтыда азапталған, көз жұмған бірнеше адамның фотосын көрсетті. Адамдарды азаптау істері бойынша жұмыс істейтін қоғамдық қозғалыс жетекшілерінің бірін басқаратын адвокат Абзал Құспанның синхронын берді.

Жексенбі күні Алматыдағы Республика алаңында қаңтар трагедиясында қаза тапқандарды еске алуға арналған қаралы митинг өтті. Бұл туралы студиядан хабарлап, алаңға шыққандардың кейбір талаптарын айтты. Студиядағы экранға ақ қағазға қойылған алма перфомансынан кадрлер шықты (бұл перфоманстағы алма саны 2022 жылғы қаңтар трагедиясында көз жұмған 227 адам санына тең).

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты қазақстандықтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қаншалықты қолдайтыны жөнінде сауалнама жүргізіпті. Қорытындысын эфирден көрсетті. 

Содан кейін Ресей жаңалықтарына ойысты. Франция президенті Э.Макронның Ресейге сапарын, Ресей президенті В.Путинмен кездескенін айтты. Ал қос сюжет президент Қ.Тоқаевтың Ресейге, дәлірегі Мәскеу мен Татарстан астанасы Қазанға жұмыс сапары қалай өткенін көрсетті. 

Келесі тақырып – Тоқаев төрағалымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысын сөз етті. Отырыс турасында президенттің синхрондарын берді. Ал шолу сюжет соңғы уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде жиілеген еңбек даулары, жұмысшылар ереуіліне арналды. Жұмысшылардың талабын айтып, әлеуметтанушыларды, жұмыс берушілер мен сарапшыларды сөйлетті. Үлкен толымды материалда мәселе де, талаптар да, мүмкін шешімдер мен қауіп-қатері де айтылды. 

Тоқаев үкімет отырысында АЭС салу жөнінде айтқан болатын. Apta авторлары бұл тақырыпқа үлкен сюжет әзірлеп, еліміздегі электр энергиясының тапшылығы, энергия көздері мен атом энергиясының артықшылықтарын тізіп шықты. 

Президент «Самұрық-Қазына» қорын реформалау мен «»Алтын орда» базары жөнінде айтқан болатын. Бұл елдегі сауда-саттық саласын талдаған тағы бір сюжетке арқау болды. Көп мағлұматы бар егжей-тегжейлі материал

Бағдарламада Түркіменстанда наурыз айында президент сайлауы өтетіні айтылды. Apta авторлары қаншама шетелдік жаңалықтың ішінен неліктен осы ақпаратты таңдады екен?

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР