ДомойМедиасынРеферендум, сарбаз өлімі, Қазығұрттағы сел, «газ соғысы»: 25 сәуір – 1 мамыр...

Референдум, сарбаз өлімі, Қазығұрттағы сел, «газ соғысы»: 25 сәуір – 1 мамыр аралығындағы аптаның қорытынды бағдарламалары

Референдум, сарбаз өлімі, Қазығұрттағы сел, «газ соғысы»: 25 сәуір – 1 мамыр аралығындағы аптаның қорытынды бағдарламалары

Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – Amanat партиясының кезектен тыс съезі болды. Құрамына Adal партиясының қосылуы, Ерлан Қошановтың төраға болуы, партияның жаңа міндеттері, елдегі партиялық жүйедегі өзгерістер туралы айтылды. Сарапшылар, депутаттар пікір білдірді. Сондай-ақ, аптаны қорытындылайтын бағдарламалар Президент жолдауындағы Конституциялық реформаға қатысты, Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті отырысы туралы арнайы сюжеттер ұсынды. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруін, «Еңбек» бағдарламасының тиімсіз тұстарын талдады. Қазығұрт ауданында нөсер жаңбыр салдарынан сел жүріп, жұрт үйсіз-күйсіз қалды. Апталық бағдарламалар осы жағдайды көрсетті. Тұрғындардың, әкімдік өкілдерінің айтары бар. Сондай-ақ, маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың қазасы да назардан тыс қалмады.

«Жеті күн», «Хабар»

Бағдарлама Amanat партиясының кезекті сьезіндегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» туралы тезистерінен басталды. Президент халықтың мемлекет мекемелерге деген сенімсіздігі туралы айтты. Жүргізуші Дархан Әбдіуахит осы мәселеге ерекше назар аударды. Тақырыпқа орай, билік өкілдерінің қызметіне шағымданған бірнеше кейіпкерді сөйлетті. 

«Amanat» партиясының кезекті съезі Гүлжан Мархабаева әзірлеген жеке сюжетке де арқау болды. Оған Adal партиясының қосылуы, Ерлан Қошановтың төраға болуы, партияның жаңа міндеттері, елдегі партиялық жүйедегі өзгерістер туралы сюжетте жаңа төраға, саяси сарапшылар пікір білдіріп, талдау жасады. 

«Жеті күн» Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы сюжет ұсынды. Президент жолдауындағы Конституциялық реформаға қатысты заңгерлердің пікірінен құрылған материал. Сарапшылар негізінен ұсыныстардың орынды екенін айтқан. Тілші Конституцияға қандай өзгерістер енгізілетінін өзі баяндады. Осы орайда, графикамен әрлей отырып, Конституцияның ескі және жаңа баптарын салыстыра, заңгердің түсіндіруімен талдау жасалса артық болмас еді. 

Өткен аптада Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті отырысы өтті. Осы жиын туралы және онда сөз сөйлеген Мемлекет басшысының тезистері топтастырылған хаттама сюжет берілді. Осылайша бағдарламаның алғашқы жарты сағатқа жуық бөлімі негізінен Президент тақырыбына арналды. 

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 14 пайызға көтеруі туралы Ақбөпе Тәңірберген сюжет әзірлеп, Ұлттық банк басшысының түсіндірмесін қосыпты. Бес несиесі бар кейіпкерді сөзге тартқан. Кейіпкер енді алатын несиенің пайыздық мөлшерлемесіне алаңдайды екен. Автор сюжет кейіпкерін дұрыс таңдамаған сыңайлы. Бес несиесі бар адам жақын арада тағы несие рәсімдеуі екіталай емес пе? Экономистер базалық мөлшерлемеге қатысты пікір білдірген. Алдыңғы аптада Премьер-министрдің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев базалық мөлшерлемені төмендету ел экономикасы үшін оң шешім болатынын айтқан еді. Соған қарамастан Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді. Сюжетте Үкімет пен Бас банктің екі түрлі ұстанымын негізге ала отырып талдау жасағаны дұрыс болар ма еді? Өйткені, елімізде биылдың өзінде мөлшерлеме екінші рет көтерілді. Ал инфляцияның төмендейтін түрі жоқ. Журналистік зерттеуді қажет ететін тақырып деп санаймыз. 

«Әскери борыш» аталатын сюжетте қазіргі жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыз екені сөз болды. Оған себеп те жоқ емес. Қарулы күштердің №30212 бөлімінде әскери борышын өтеп жатқанына бір апта болмаған Әлібек Қалбай есімді азамат көз жұмды. Марқұмның туыстары оны әскерге мәжбүрлеп алып кеткені туралы айтты. Осы жайында баяндай келе: «…Кей жағдайда әскерилер мәжбүрлі амалға барады. Бірақ, олар жұмыссыз жүрген жастарды (әскерге) күштеп әкету бұрыннан бар әдіс екенін айтады…» деді тілші. Кадрда жеңіл көлікке біреуді мәжбүрлеп отырғызып жатқаны көрсетілді. Видео түнде түсірілген, адамның жүзін анық көру мүмкін емес. Қараңғыда түсірілген көрініс болса да, мәжбүрлеуді насихаттайтын мұндай кадрды көрсету этикаға сай ма? Видео режиссура ұсынған қойылым (постановка) емес, шынайы оқиға екені бірден байқалады. 

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданында «Еңбек» бағдарламасы аясында елдің оңтүстік өңірлерінен солтүстікке қоныс аударған тұрғындарға арнап салынған үйлердің сапасы, бағдарламаның жүзеге асу барысы жайлы сюжет дайындалыпты. Тұрғындарға несиеге берілген үй сапасының нашарлығы, бағдарлама аясында уәде етілген жұмыс орындарының ашылмауы, субсидия берудегі қиындықтар жайлы проблема көтерген материал. Әкімдік өкілін, тұрғындарды, Мәжіліс депутатын сөйлетіпті. 

«Жеті күннің» соңғы сюжеті ұлттық киімдерді дәріптеуге бағытталды. Қазір трендке айналған тақияны, жалпы ұлттық киім тігетін дизайнерлер туралы ұзақ баяндалды. Сюжеттің алғысөзінде айтылған киімге тігілетін оюға қатысты жауапкершілік туралы терең талдау жасалмады. Тілші этнографтан пікір алған. Алайда, қай оюды қандай киімге салғаны орынды болатыны туралы «нұсқаулық» жетіспеді. 

«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»

«Аманатқа адал». Берік Дүйсенбай өткен аптаның басты жаңалығы – Amanat партиясының кезектен тыс съезі туралы сюжетті осылай атады. Материалда партияның жаңа мүшелері – Adal өкілдері не істей алады деген сұраққа баса мән берілді, оның мүшесі Мақсат Толықбай пікір білдірді. Президенттің сөзіне басымдық берілмеген. Сюжет жаңа құрам, жаңа төрағасы бар партия ендігі қызметі қандай болады деген сауалға жауап іздеген.  

Өткен аптада Президент қатысқан тағы бір жиын – Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысы да «Айна» назарынан тыс қалмады. Президенттің жиында айтқан тезистерінен жасалған хаттама сюжет. 

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруіне орай әзірленген сюжет «Кредит неге қымбат?» деп аталған. «Айна» авторлары Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың базалық ставканы төмендету туралы ұсынысына мән беріп, Ұлттық банктің әрекетіне қатысты сарапшы пікірін ұсынды. Сонымен қатар, банктерде жылдық тиімді мөлшерлеме арқылы несиеде жасырын пайыздар болуы мүмкін екеніне де мән берген. Ақпараты мол сюжет. 

«Айна» қаржы нарығына қатысты қор биржасындағы сауда – трейдинг туралы тағы бір сюжет ұсынды. Автор сөзге тартқан трейдерлер мен экономист сарапшы бұл саланың елімізде кенжелеп отырғанын, оның болашағы зор екенін айтып, трейдингке оң баға берді. Дегенмен, биржада ақша табуға қатысты ұсыныс аз, материал жарнамалық сюжетке көбірек ұқсайды.

Өткен жексенбіде Қазығұрт ауданында нөсер жаңбыр салдарынан сел жүріп, үйлерді алып кетті, мал қырылды. «Айна» осы жағдайға қатысты сюжет ұсынды. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қақпақ ауылдық округіне қарасты Заңғар ауылының тұрғыны селден кейінгі баспанасының күйін көрсетті. Тұрғындардың ауылды балшықтан тазарту ісіне көңілі толмайды екен. Әкімдік өкілі сұхбат беріпті. 

Мемлекеттен берілетін тегін дәрі-дәрмекті кімдер алады?. «E-Gov куәгері» айдарында Гүлнәзия Жалғасқызы осы туралы баяндай отырып, емханада бар, тегін дәріні ала алмай жүрген кейіпкерлерді сөйлетіпті. Құптарлығы, кейіпкер туралы әңгімелегенде балалардың жүзін ашық көрсетпей түсіруге бас мән берілген. Министрдің, жауапты мамандардың түсініктемесі бар.  

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Жанашырлық жан талғамайды» аталатын сюжет әзірленіпті. Сюжет жүрек донорын күтіп жүрген орыс жігітінің оқиғасын әңгімелеуден басталады. Одан әрі ұлты қазақ кейуана осыдан 8 жыл бұрын қайтыс болған ұлының жүрегін орыс жігітіне салуға рұқсат бергені айтылды. Ал, сюжеттің соңғы бөлімінде Қарағандыда тұратын шешен ұлтының өкілдерін сөйлетіпті. 

«Хайпқа бұйырмаңыз» айдары апта бойы желіде қызу талқыланған, «белсенді» болған әкімдер жайында болды. 

Apta, QAZAQSTAN

Бағдарлама «Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді» деген жаңалықтан басталды. Авторлар бұған дейін болған референдумдарды еске түсірді. Бірінші сюжет Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына (Тоқаев референдум өткізу ұсынысын айтқан) арналып, қалай өткенін толыққанды баяндады.

Конституциялық реформа тақырыбы екінші сюжетте де жалғасты. Реформаға сәйкес, парламент, мәслихат пен үкімет жұмысы қалай өзгеретінін түсіндіріп, Қасым-Жомарт Тоқаев «суперпрезиденттік» басқару жүйесінен бас тартып, қолындағы билікті бөліп беретінін және тағы басқасын тізіп шықты. Сюжетте саясаттанушы Самат Нұртаза, Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеушісі Аян Сакошев (титрда қате бар, алдыңғы спикердің аты-жөні, қызметі қайталанған) және мәслихат депутаты Қырмызы Жаңбыршина сөйледі. Қай-қайсысының да айтары көпке мәлім, еш ерекшелігі жоқ пікір боп шықты. Парламентімізге Ресейде Жироновский жасағандай хайп қажеті жоғын, монополия жақсылыққа апармайтынын, депутаттар халық үнін естіп, мәслихат жұрт пікірін қорғай білуі керек екенін айтты. Жөн сөз, бірақ әліппе әңгіме.

Қоғам Конституциядағы 91-баптың 2 бөлімін қызу талқылап жатыр. Эфир жүргізушісі Альбина Әшім «Жұмыс тобы бұған дейінгі «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі» деген тұсын алып тастап отыр. Тек «Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы» деген тіркесті қалдырғысы келеді» деп, көшеде сауалнама жүргізген екен. Жауап бергендер референдум өткізуді қолдайды. Алайда балама пікірге сөз бермеді.

Референдум «Apta қонағы» айдарының да тақырыбына айналды. Студия қонағы – Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. Ол Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен референдумның пайдалы жақтарын шабыттана айтты. Ол сөзін: «Референдум еліміздегі 30 жылдың ішіндегі ең сүбелі саяси оқиға деп айтуға негіз бар. Бұл халыққа өзінің билігін қайтарып беру деген сөз» деп түйіндеді.

Апта басында Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың қаза болуына байланысты оның жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Бас прокуратураға, Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жан-жақты тексеру жүргізуді, шынайы себебін анықтауды тапсырды. Сарбаз өлімі 23 сәуірде, яғни арғы аптада болған. Бірақ өткен жексенбідегі Apta эфиріне енбей, елеусіз қалған еді. Apta авторлары ел боп талқылаған оқиға жөнінде ләм-мим демеді. Енді міне мемлекет басшысы назар аударып, тапсырма бергеннен кейін ғана осы оқиға жөнінде қысқа ғана көрсеткендей болды. Марқұм сарбаздың туысы мен Қорғаныс министрлігінің өкілін сөйлетті. Сюжет те арнамады.

Халықаралық жаңалықтар бөлімі Еуропадағы «газ соғысына» арналды. Ресейдің газ ақысын рубльмен төлеуді талап етуінен бастап Еуроодақ елдеріндегі газ тапшылығына дейін айтты.

Қазақстанда да газ мәселесі өзекті. Өйткені «Елімізді газдандыру жайы 20 жылдан бері әлі толық шешілмей келеді». Сюжетте ауыл іргесіне жетіп тұрған газға қосыла алмай отырған елдімекендерді, газ құбырын жүргізу ақысын төлеп, бірақ әлі газсыз отырған ауыл тұрғындарын сөйлетті. Депутаттар мен министр комментарийі бар.

Сарапшылардың сөзінше, Ресейге салынған санкциялардың салқынын күзге таман сеземіз. Қазақстанның импортқа тәуелділігі ел экономикасының осал тұсы болып отыр. Сюжет отандық өндірісті дамыту, импортқа тәуелділік, Қазақстанның экономикалық тұрғыдан Ресейге тым тәуелді екеніне арналды. Бірнеше сарапшыны сөйлетті.

Маңғыстау мен Түркістан облыстары еліміздегі ең кедей өңірлерге жатады. Түркістан облысы тұрғындарының 10 пайызы 30 мың теңгеге де жетпейтін ақшаға өмір сүруге мәжбүр. Келесі сюжеттің алғысөзі осылай басталды. Қисыннан ауытқымасақ, кедейшілік туралы сюжет көретініміз аян. Бірақ тақырып басқа арнаға бұрылды. Осы аптада Түркістан облысының 2 ауданы, ондағы он шақты елдімекен жаңбыр суының астында қалды. Төрт түлігі қырылып, үйі мен қорасынан айырылғандары да бар. Су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың жай-күйін жеткізетін репортажда ақпарат мол, кейіпкер де көп.

Apta «Украинадағы ахуалды» назардан тыс қалдырмай, әр эфирінде шолу жасайтын жалғыз апталық қорытынды бағдарлама боп отыр. Шолуда Батыс елдері Киевке қару-жарақ жеткізуді күшейткенін, Ресей Украинаның қалаларын қалай бомбалап жатқанын да айтты. Зеленский мен Путинді де сөйлетті.

Бағдарлама Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтағаны және журналист Александра Мыскина бастаған «Қазақстан менің жерұйығым» деген челленджімен аяқталды.

«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.

Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.

Риза Исаева
Риза Исаева
Медиасыншы, журналистика саласында 18 жылға жуық уақыт бойы қызмет етіп келеді. "Қазақ", "Шалқар" радиолары, "31 Радио", "Азаттық", "NS Радиосы", "31 арна", "Almaty" телеарналарында,"Абыз" газеті мен "Бөпем" журналында журналист, жүргізуші, редактор болып қызмет еткен, KIMEP Униерситетінің халықаралық журналистика магистрі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР