Бұл аптада сараптамалық бағдарламалардың басты тақырыбы – 5 маусымда өтетін республикалық референдум туралы болды. Конституцияға енетін өзгерістер, ондағы Елбасы мәртебесі, Конституциялық сот пен оның ерекшелігін талдады, референдумды өткізу тәртібі туралы сарапшылар пікір білдірді. Сондай-ақ, аптаны қорытындылайтын бағдарламалар Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне орай арнайы сюжет ұсынды. Президенттің Ақордада мемлекеттік наградалар табыстағанын, соғыста ерлікпен қаза тапқан үш майдангер – Ыбырайым Сүлейменов, Александр Несмиянов пен Төлеуғали Әбдібековке «Халық қаһарманы» атағы берілгенін көрсетті. «Айна» бағдарламасы әуе-қорғаныс күштерінің №44318 әскери бөліміне барып, сарбаздардың бір күндік тіршілігін көрсетті. Ал Apta «Халық қаһарманы» атағы берілген үш жауынгердің ерлігін егжей-тегжейлі айтып, туысын сөйлетті. «Apta қонағы» айдарында депутат Берік Әбдіғали майдангерлерге атақ беру, 9 мамырды тойлау-тойламау туралы айтып, биыл әскери парад неліктен өтпегенін түсіндірді.
«Жеті күн», «Хабар»
«Жеті күн» 5 маусымда референдум өтетініне, онда халық не үшін дауыс беретініне баса назар аударды. Конституцияға енетін өзгерістер, ондағы Елбасы мәртебесі туралы кадрдан тыс мәтін+синхрон форматында спикерлер сөйледі. Тақырыпқа орай әзірленген сюжетте Конституцияға енгізілетін өзгерістер нәтижесінде құрылатын Конституциялық сот пен оның ерекшелігін талдады.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында Президент Ақордада мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты шарадан ұзақ хаттамалық сюжет әзірленген. Онда Мемлекет басшысы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан үш қазақстандық жауынгерге «Халық Қаһарманы» атағын бергені айтылды.
Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысын өткізіп, онда елдегі су ресурсына қатысты жүргізіліп жатқан саясатты сынға алды. «Жеті күн» аталған жиыннан жеке сюжет ұсынбады, Президент сөзінен үзінді беріп, мәжіліс депутаты Елдос Абақановты сөйлетті. Жүргізуші депутаттардың осы мәселеге орай парламенттік тыңдау өткізуге дайындалып жатқанын айтты. Дегенмен, трансшекаралық өзендер проблемасына жеке сюжет арналғаны дұрыс болар еді.
Жанар-жағар май нарығында бағаның қымбаттауына мұнай өндіруші мен өңдеушінің арасында шикі мұнай сататын делдалдар кінәлі. Гүлжан Мархабаева әзірлеген сюжетте сарапшылар осылай дейді. Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігінің басшысы Серік Жұманғарин саладағы түйткілдерді жою мақсатында шаралар қабылданып жатқанын айтты. Энергетика министрлігінің өкілі кейбір делдал компаниялардың жұмысы орынды екенін жеткізді. Үкіметте де мұнай-газ саласына қатысты жиын өткен. Осы ақпараттарды топтастыра баяндаған тілші сюжетін: «Үлкен өзгерістер мұнай саласын да айналып өтпейтін секілді» деп аяқтады.
Елімізде заңсыз сақталған атыс қаруларын мемлекетке тапсыру шарасы жүргізілуде. Осы мәселеге арналған сюжеттің алғысөзінде Дархан Әбдіуахит: «Тығулы тұрған тапаншаны тауып, табыс табуға болады» деп ескертті. Сюжетте аталмыш шараның мақсаты туралы айтылды. Ішкі істер министрлігі мұндай 11 шара ұйымдастырыпты. Бүгінге дейін қанша қару мен оқ-дәрі өткізіліп, қанша қаражат төленгені туралы дерек келтірілді. Тапсырылған қару-жарақтардың ішінде тарихи жәдігерлер табылып жататыны сөз болып, аңшылық қаруды алудың ережелері айтылды.
Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың аты берілді. Сондай-ақ, қала Алматы облысының орталығы болады. Жандос Айтбайұлы әзірлеген сюжетте тұрғындар қаладағы проблемаларға, оның ішінде ойынханаларға қатысты пікір білдірді, қала әкімін де сөйлеткен. Қаланың қазіргі жағдайы туралы сюжетте жалаң ұран мен жасандылық жоқ, шынайы.
«Электросамокат қауіпті ме?» Ақбөпе Тәңірберген электросамокаттарға арналған арнайы жол ережесі жоқ екенін, сағатына 80 шақырымға дейін жүре алатын бұл құрылғылардың көлік, жаяу жүргінші мен велосипед жолында да кедергі келтіретінін айтып, мәселе көтерді. Сенатор Нұртөре Жүсіп сұхбат беріп, үкіметке сауал жолдағанын айтты. Электросамокатты жалға беретін компания өкілі жол қозғалысы ережесіне мобильдік құрылғы туралы бап енгізілуі керек екенін айтты.
Tengrinews.kz cайты «Жеңімпаздар. Батырларға тағзым» атты жоба бастапты. «Жеті күн» 9 мамырға орайластырса керек, осы жобаға қатысып, порталға өз туысы туралы ақпарат орналастыруды жоспарлап жүрген жандарды сөйлетіп, сюжет әзірлепті. «Майдан жолы» іздестіру жасағының командирін сөзге тартқан.
«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»
«Айна» бағдарламасын бұл жолы Асаубек Айымбетов жүргізді. Отан қорғаушылар күні эфирге шыққан санында мереке құрметіне ерекше сюжет арнады. Махамбет Бейбітшілік әскердегі бір күн туралы әңгімелейді. Ол әуе-қорғаныс күштерінің №44318 әскери бөліміне барыпты. Бұл әскери бөлімшенің ерекшелігі, жауынгерлер не үйренетіні, тіпті қалай тамақтанатыны туралы ақпаратты қамтыған тартымды сюжет. Осыдан кейін бағдарлама жүргізушісі Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерекеге орай арнайы жиынға қатысып, Отан қорғаушыларды құттықтағанын айтты, Президент сөзінен үзінді берілді.
«Айна» бағдарламасының 9 мамыр күніне арналған сюжетін де ерекше атап өтуге болады. Өйткені ол мемлекеттік арналардағы хаттама материалдан ерекшеленді. «Айна» тілшілері ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында болған, алайда тарихта елене бермейтін маңызды оқиға туралы айтады. Берік Дүйсенбай 1942 жылдың қыркүйегінде Сталинград шайқасы кезінде, майданның маңызды тылы болған Батыс Қазақстан облысында да төтенше жағдай енгізіліп, майдан шебіне жатқызылғаны туралы тарихи деректерге сүйене отырып баяндайды. Сарапшы бұл тарихи шындықтың әлі күнге ашық айтылмай келе жатқанына мән берген. Сюжетте сондай-ақ, оқиға куәгерлерінің де естелігі бар.
Ақордада салтанатты жиын өтіп, өз заманында ерлігі еленбеген батырларға «Халық Қаһарманы» атағы берілгенін айтып өткеннен кейін, ІІ Дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан аттанып, із-түссіз кеткен майдангерлердің дерегін іздеу барысы жайлы сюжет берілді. Сюжетте Қазақстанның Норвегиядағы елшілігі, «Майдан жолы» іздестіру жасағы мен «Атамның аманаты» ұйымының осы мақсатта атқарып жатқан ісі туралы баяндалып, олардың көмегімен туыстарының сүйегі жатқан жерін тапқан кейіпкерлер пікір берді.
«Айнаның» 9 мамыр күніне орай әзірлеген үшінші сюжеті көзі тірі ардагерлер туралы болды. Бағдарлама жүргізушісі Ғалым Кәлмен эфирге шықпай, майдангерлерді құттықтап қайтыпты. Елорда әкімдігінің ұйымдастырған шарасы туралы материал болғанымен, «Айна» авторлары сюжеттің хаттама мазмұнын барынша шектеуге назар салған, құптарлық дүние.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қандай қызмет алуға болады? «eGov куәгері» Гүлнәзия Жалғасқызы әзірлеген көлемді материал осы турасында болды. Кімдер тегін көмек алады? МӘМС-ке жарна төлемейтін жандарға қандай медициналық көмек тегін көрсетіледі? Жұмыс істемейтін жүкті әйелдерге қандай көмек бар? Осы және өзге де көптеген сұраққа Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілі жауап берді. «Айна» редакцияға көрерменнен түскен шағым-арыздарды тұрғылықты жері бойынша атқарушы билік өкілдеріне жолдап, мүмкін болса тікелей байланысқа шығып, мәселені шешуге талпынып жүретін. Кейінгі айларда бұл дәстүр үзіліп қалғандай көрінген еді. Бағдарлама авторлары осы бастаманы қайта қолға алғаны қуантты. Былтыр күзде бағдарламаға Екібастұз қаласы Қонаев 72 мекен-жайында тұратын азаматтар хабарласып, ауланы абаттандыруға қатысты проблема барын айтқан. Ол кезде қала әкімдігі тұрғындар шағымы бойынша шара қолдануға уәде бергенімен, әкім ауысып, іс аяқсыз қалыпты. «Айна» бағдарламасына аталған мекен-жай тұрғындары қайта хабарласқан екен, бұл жолы Екібастұздың жаңа әкімі бейнебайланысқа шығып, жүргізуші сұрақтарына жауап берді.
«Айна» референдум туралы сюжетке Қ.Тоқаев мәлімдемесінен үзінді қосыпты. Орталық сайлау комиссиясы референдумды өткізуге қатысты арнайы баспасөз мәслихатын шақырған болатын. Тілші Орталық сайлау комиссиясы өкілдерінің осы жиындағы сөзінен үзінді бере отырып, референдумды өткізу тәртібі мен Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы баяндайды. Саясаттанушы, депутат секілді сарапшылар референдум туралы оң пікір білдіріпті.
Бағдарламаны әдеттегідей желіде қызу талқыға түскен оқиғалар туралы «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.
Apta, QAZAQSTAN
Бағдарлама 5 маусымда республикалық референдум өтетіні туралы жаңалықтан басталды. Референдум өткізу тәртібін де, Елбасы мәртебесі төңірегіндегі сапырылыс жайында да айтты.
Сюжет Конституциялық сот пен Конституциялық кеңестің айырмашылығын түсіндіруге арналды. Заңгерлер мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл сөйледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан үш майдангер – Ыбырайым Сүлейменов, Александр Несмиянов пен Төлеуғали Әбдібековке «Халық қаһарманы» атағын берді. Сюжетте үш қаһарманның ерлігін егжей-тегжейлі айтып, туысын сөйлетті (Apta редакциясы мұны «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп атады, «Ұлы Отан соғысы» деп айтпады).
Тақырып «Apta қонағы» айдарында жалғасып, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали сұхбат берді. Ол депутат емес, тарихшы және «Ұмытылған қаһармандар» кітабының авторы ретінде келіпті. Майдангерлерге атақ беру, 9 мамырды тойлау-тойламау туралы әңгімелесті.
Содан кейін биыл әскери парад неліктен өтпегенін түсіндірді. Соғыс ардагерлеріне берілетін бір реттік жәрдемақының көлемін есептеп, мұны басқа елдердегі төлем мөлшерімен салыстырды. Ресейден бастап Тәжікстанға дейін қамтыды.
Әскери борышын өтеуге аттанып, армияда көз жұмған сарбаз Әлібек Қалбай оқиғасы туралы қысқаша жаңалыққа ойысты. Жүргізуші Альбина Әшім «Маңғыстау облысындағы әскери госпитальде қайтыс болған Әлібек Қалбайдың өліміне қатысы бар деген күдікпен сарбаз қамауға алынды» деді. Мұнда бір қате дерек: Әлібек Қалбай – Маңғыстау облысының тумасы, бірақ ол Маңғыстаудағы әскери госпитальде емес, Жамбыл облысының Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде көз жұмды. Тақырыпты Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың ІІМ-ге жолдаған сұранысымен толықтырды. Депутат армияның проблемаларына назар аударуды сұрайды. Apta редакциясы қамауға алынған күдіктінің анасы Тоқаевқа видео үндеу жолдап, ұлының Әлібек Қалбай өліміне қатысы жоғын айтқанын елеусіз қалдырды.
Apta тілшілері еліміздің Қарулы күштері, әскери дайындығы мен армияны жаңғырту жайында арнайы репортаж дайындапты. Әскери оқу-жаттығудың жақсы кадрлерінен тұратын, офицерлер мен әскери институт оқытушысының комментарийі бар үлкен сюжет. Алайда сарапшы пікірі жетіспеді.
Қазақстанда заң бойынша айрықша және арнайы құқық берілген 42 монополиялық оператор бар. Мәселен, РОП операторы, Кәсіпкерлер тауарларды таңбалаумен айналысатын оператор – «Қазақтелеком» компаниясы, ақылы автотұрақ алымын жинайтын оператор және т.б. Міне, осы операторлардың қалай жұмыс істейтінін түсіндірген сюжетте сарапшылар, мемлекеттік департамент өкілдері мен операторлардың комментарийі бар.
Жыл басынан бері елімізде қант 36 пайызға қымбаттаған. Бізде орташа есеппен бір қазақстандық жылына 30 келі қант тұтынады екен (Ал алманы үш есе аз жейді). Сюжет қанттың денсаулыққа зияны, отандық қант өндірісінің мүмкіндігі мен импортқа тәуелділіктен арылуға арналды. Танымды әрі толымды сюжет. Қызық деректер, сандар мен комментарийлер (мәселен, эндокринолог елдегі қант тапшылығына қуанып отыр) бар.
Apta авторлары Украинада соғыс басталғалы бұл тақырыпты әрбір шығарылымында айтып келеді. Бұл жолы да үлкен шолу жасады. Ресейліктер Белогоровка елдіьмекеніндегі мектепті бомбалағанын, «Азовсталь» металлургиялық зауытынан қарттар, балалар мен әйелдер көшірілгенін, Ресей армиясы Украинаның оңтүстігі мен шығысын алуға әрекеттеніп жатқанын, Украина әскерінің қарымта шабуылға кіріскенін, «Үлкен жетілік» елдерінің лидерлері бүгін президент Владимир Зеленскиймен виртуалдық форматта келіссөз жүргізгенін, Ұлыбритания мен Германияның әскери-қаржылай көмегі жөнінде айтып өтті.
Бағдарлама Бауыржан Момышұлының кітабынан шовинизм, өмір үшін күрес туралы үзінді келтіре отырып, Мемлекеттік әнұранға ҚР Қарулы күштерінің кадрларын қойылған видеоны көрсетіп, соғыс болмасын деген тілекпен аяқталды.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.
Apta бағдарламасына шолуды әзірлеуге Жәнібек Нұрыш қатысты.