ДомойМедиасынНавье-Стокс теңдеуінің Қазақстандағы хикаясы

Навье-Стокс теңдеуінің Қазақстандағы хикаясы

Навье-Стокс теңдеуінің Қазақстандағы хикаясы

Өткен мақалада қазақстандық медиаға тіпті орта мектеп деңгейіндегі білім тұрғысынан сын көтермейтін ғылым мен инженерия жаңалықтары шығып кететінін көрсеткен болатынбыз. Ал Навье-Стокс теңдеуіне енді кәдімгідей білік керек. Бірақ Google заманында журналистің ең болмаса фактографиялық қате жібермеуіне болатынын да білеміз.

Навье-Стокс теңдеуі – Клэй математикалық институты «Мыңжылдық мәселесі» деп жариялаған 7 есептің бірі. 2010 жылы Пуанкаре гипотезасы шешілді деп танылып, ол есептердің алтауы қалды. 2014 жылы оның бесеуі қала жаздады.

Себебі сол жылы академик Мұхтарбай Өтелбаев Навье-Стокс теңдеуін шешті деген жаңалықтар шықты. Бұл хабар Қазақстан медиасында бірден трендке айналды. Сол кезеңде шыққан жаңалықтардың бәріне «шешімін ұсынды» деген емес, «шешті» деген нақты тұжырым тән.

tengrinews.kz сайтынан скриншот

Қызығы, бастапқы жаңалықтарда журналистер сілтеме берген Еуразия Ұлттық Университеті сайтындағы ақпараттың тақырып атауында да «шешті» («решена») деп берілген. Бірақ мазмұнында академик «зерттеуін аяқтап, баспаға берді» депті. Дегенмен, «тығын ашылды»: Қазақстан медиасында нағыз шу көтерілді.

Бірден айту керек, академик Мұхтар Өтелбаевтың өзі еш жерде (сол кезде және қазір өзім танысқан материалдарда) «шештім» демеген. Консерватив ғалымға тән ұстамдылықпен тек шешім ұсынғанын айтып жүрді. Бірақ ол өзі ньюсмейкер бола тұра, тақырып атауы мен мазмұны екіұдай бағдарламалар мен мақалалар арынына тосқауыл бола алмады. Мыcалы, Qazaqstan ұлттық арнасының мына бағдарламасында жүргізуші «шешті» десе, бірақ сюжеттегі журналист әлі де мойындалуы тиіс дейді.

Мұнда да солай, кіріспе сөзде – «шешкен», бірақ әңгіме барысында әлі де ұсыныс екені айтылады.

Біз тек қуатты қаржылай қолдауы бар телеарнаны әдейі алып отырмыз. Кликбейт тақырып қуған саржағал сайттар мен арналардан арнайы редактура немесе кәсібилік талап етудің жөні жоқ болғасын. Ал ресмиетте Навье-Стокқа байланысты сөз саптау тек бірнеше айдан кейін түзелген сияқты. Журналист Мұхтар Түменбаев академик Өтелбаев туралы бағдарламасының алғысөзінде: «Басқа әлемді қайдам, бірақ қазақ елі мәселенің төркініне бара бермесе де, бұл жаңалықты ерекше қуана қарсы алды» дейді.

Ғылым саласын жазатын журналистерге неге дәл осы кейс маңызды?

Біріншіден, «мыңжылдық мәселесіне» кіретін есеп шешілді деу – өте-мөте батыл, әлемдік деңгейдегі мәлімдеме. Контексі – қатардағы жаңалықтардан, хабарламалардан тыс. Ол журналист немесе редактор өзімен қоса ғалымның беделіне де әсер етеді.

Екіншіден, Google арқылы қарапайым фактчекиң тұспал мен тұжырымның аражігін айырып берер еді. Мәселен, жаңалық дәл сол – Клэй институтының сайтына шығар еді немесе Григорий Перельман Пуанкаре гипотезасын шешкен кездегідей – әлемдік БАҚ шулап кетер еді.

Үшіншіден, ең маңыздысы, классикалық ғылым тым консерватив: ондағы жаңалықтар мойындалуға бірнеше жыл кетеді. Әлемдік ғылыми бюрократия күрделі, Нобельді, Абельді, Филдсты алу жолында ғылыми еңбек немесе топтама бірнеше сатылы сүзгіден өтеді. Мысалы, айтылмыш Григорий Перельманның еңбегі жариялағаннан мойындалғанға дейін 7 жыл өткен және ол біреулердің қитұрқылығынан емес. Математика популяризаторы Алексей Савватеевтің айтуынша, Перельманның еңбегін оқи алатын әлемде әрі кеткенде 15 адам болуы мүмкін. Өтелбаевтың еңбегі де сондай. Ол жариялай сала 100 беттік есепті оқитын оппонент табыла қойып, шешімінің дұрыстығын растады деу – ғылыми публицистикада өте орынсыз. Оның үстіне, Өтелбаевтың еңбегі орыс тілінде жарияланып, әлемдік ғылыми қауымдастық таныса алмады.

Қорыта келгенде, қазақ уикипедиясындағы мына мақаланың беймәлім редакторынан тұжырымын өзгертіп қоюды сұрар едім.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

CОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР