Балаға жастайынан жыныстық тәрбие берілуі керек пе, әлде бұл айтудың өзі ұят саналатын жабық тақырып па? Қоғамдағы осы дилемма қазақша БАҚ нысанасына жиі түсіп тұрады. Көп тілшінің материалынан жыныстық сауаттың маңызын білдіретін месседж айқын байқалады. Әйтсе де, бұл мәселеге «ұлттың трагедиясы» деп баға беретіндер де бар. «Жаңа репортер» медиасыншысы Жадыра Аққайыр отандық қазақтілді басылымдарда кейінгі бір жылда жыныстық сауат тақырыбы қалай жазылып жүргеніне шолу жасады.
Нuman story
Бұл тақырыпта жазылатын мақалалардың құрылымын бірнеше түрге бөлуге болады: белгілі бір кейіпкердің оқиғасы желісіндегі human story, зерттеу нәтижесіне, статистикаға сүйеніп жазылатын сараптама, пайдалы кеңестер мен танымдық ақпараттар негізінде әзірленетін мақала және дерек пен дәйегі аз, мораль тұрғысынан эмоциясы басым материалдар. Кейде осы аталғанның бәрі бір жерден табылады. Материал өтімді болуы үшін оның форматын дұрыс таба білген дұрыс. Айталық, жыныстық тәрбие туралы жазатын кезде болашақ мақаланың «сұлбасын» сәтті ойластырған тілші ұтады. Жоғарыда атап өткен «хьюман стори» форматын қазақ журналистері жақсы пайдаланатынын байқадық.
Мысалы, arasha.kz cайтында «Ерте жүктілік: Жыныстық тәрбие беру маңызды» деген материал жарық көрген. Автор Эльвира есімді кейіпкердің оқиғасы арқылы мәселенің шетін шығарады. «Журналистер этикасының жаһандық хартиясында» көрсетілгендей, кейіпкердің жеке өмірін сыйлап, аты-жөнін өзгертіп берген. Эльвираның басынан өткергенін айта келе, артынша спикерлер сөзімен ерте жастан жыныстық сауат ашудың маңызына тоқталады. Жалпы алғанда материалдың берілу тәсілі жақсы. Тек ішіндегі мына жайттарды назардан тыс қалдыра алмаймыз. Гормонды – «гармон», маңызын дегенді «маңыздылығын» деп жазған. Сондай-ақ, «Ұлы сөзде ұят жоқ» деудің орнына «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» деген. Мұндай мысал бұл материалда ғана емес, қазақша мақалаларда жиі кездеседі. Тіпті көбі жыныстық сауат жайлы жазғанда «жыныстық сауаттылық» деп қолданады.
Деректерді ойнату және датамен жұмыс
Келесі бір формат – сандар арқылы мәселенің ауқымын сезіндіру. Көргенде көз сүрінетін сандарды түсінікті тілде жеткізу заманауи журналистикада жоғары бағаланады. Кейінгі бір жылда бүгінгі тақырып бойынша статистиканы әдемі ойнатып берген мақала көзімізге түспеді.
Десе де, «Азаттық рухындағы» дерегі мол мына материалды атап өткіміз келіп отыр. Ұнаған тұсы – жыныстық тәрбиенің маңызын әдемі тізбек арқылы жеткізген. Аңдатпасында Қазақстандағы жас қыздардың үлесі жылдан-жылға азайып келе жатқанын жазады. Оқырман мұндайда «неге олай болды екен?» деп қызығып, әрмен қарай оқиды. Мақалада спикерлер тұщымды ой-пікірлер айтады. Кемшілігіне келсек, сан өте көп. Зерттеуші журналистер мен редакторлар қауымдастығы әзірлеген «Журналистикадағы математикалық әдістер» оқулығында бір абзацта 8 саннан артық болмағаны жөн делінеді. Ал төмендегі скриншотқа назар салсақ, 36 сан бар. Спикердің сөзі болса да, дереккөзін анықтап, тиянақты инфографика түрінде ұсынса, ғажап болар еді. Материалда визуал ретінде дайын кестелер қолданылған, дереккөзі көрсетілген.
Танымдық материалдар тартымды болса…
Ақпаратқа сусап, интернетті ашып қалғанда жасөспірімнің алдынан қандай танымдық мақалалар шығады? Halyqline.kz сайтында «Жыныстық тәрбие жабық тақырып болмауы тиіс» деген материал жарық көрген. Мақалада автор баланың жасына сай қандай әңгіме айтылуы керегіне тоқталады. Айталық, 3 пен 6 жас аралығында «Ұл бала қызды құшақтап, ернінен сүюіне болмайды деп үйрету керек» деген кеңес ұсынады, ешқандай дереккөзге сілтеме жоқ. «Ұят емес» сайтынан жыныстық тәрбие туралы көп ақпарат табуға болады. Платформа екі тілде жасалған. Расында, онда жасөспірімдерге арналған түрлі тақырып қозғалады. Ата-аналар мен оқушыларға жақсы нұсқаулық.
Экспрессив сөздер мен эмоция
Okg.kz cайтындағы «Ерте жүктіліктен елге қарайтын бет қалмады…» деген материалдың мысалында талдап көрелік. Журналист мақаласына жаны ашып, ондағы мәселеге азаматтық ұстаным тұрғысынан күйінуі мүмкін. Бірақ ол позиция «мен мұндалап» тұрмауға тиіс. Іші жанып бара жатса да тілші өзекті мәселе мен өткір ойды спикерге айтқызып, өзі бейтарап қалғаны дұрыс. Мәселен, аталған материалдың лидінде әлемде 16 млн жасөспірім жүкті болып қалатынын айтып, Қазақстан көш басында тұр дейді. Біріншіден, 16 млн деген статистика бүгінде ескірген. Ол 2012 жылы жүргізілген. Екіншіден, әлем бойынша Қазақстан көш бастап тұрған жоқ. ТМД елдері ішінде алдыңғы қатарда екені рас. Ерте жүктілік мәселесін сипаттай келе, автор «тұтас адамзат баласының сүйегіне таңба болып басылатын дерт», «ұлттың трагедиясы» деп бағалайды. Одан қала берді «Қайбір жылы халық сенген қалаулыларымыз мінберде тұрып, «оқушыларға тегін мүшеқап тарату керек. Бұл ерте жүктіліктің алдын алады» деп көкіген» дейді. Мұнда журналист депутаттың ұсынысын жақтырмағанын «көкіген» деп берген. Айта берсек, материалда мұндай мысал өте көп.
Бірнеше ай бұрын YouTube платформасындағы «Өsex» ток-шоуының бірінші шығарылымы біраз дау тудырған. Тілшінің заманауи слэнгпен сөйлегенін сынағандар көп болды. Одан бөлек, сол шығарылымға қатысқан қонақ бағдарламаны өшіруді талап етіп, құқық қорғау органдарына арыз түсірді. Қоғамда резонанс тудырған ток-шоудағы тақырып, журналист этикасы, қазақ тіліндегі бейәдеп сөздер жайлы «Азаттық рухы» жазған. Журналист Айнаш Есали «рейтинг пен кликбейт үшін мыңдаған адамның алдында еш қымсынбай бейәдеп сөздерді айқайлата айтып, кәсіби журналист этикасын сақтамауын құптамаймын» дейді. Ал «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғалия Әженова болса, ток-шоуды көріп шыққанын, ол жерден өрескел қате байқамағанын айтады. Qazaqsha jaz қозғалысының негізін қалаушы Жалғас Ертай «жаңа сөз пайда болса, оны құптау керек» деген пікірде. Дінтанушы Асылтай Тасболат та қалыпты жағдай деп баға берген.
Түйін. Қоғамдағы өзекті тақырыптар қозғалуы керек. Бірақ форматты жаңартып, медианың заманауи тәсілдерін қолдануды үйренген жөн. Визуалдау, Excel кестедегі қаптаған сандар арқылы мәселені жаңа қырынан көтеруді қолға алған кезде мақала құлпырып шыға келеді. Ондай кезде артық ауыз сөз бен экспрессия да шетке ысырылады.