Бұл аптаның жаңалығы – АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстанға сапары болды: тілшілер екі елдің серіктестігіне, мемлекеттер арасындағы келіссөздерге, бұл оқиғаның қазіргі геосаяси ахуалға қатысына, шетелдік БАҚ-тың не жазғанына тоқталды. Апталық бағдарламалар жеке тұлғалардың банкроттығына өтінім қабылдау басталғанына да жеке-жеке сюжет арнады: кейіпкерлердің оқиғасы мен сарапшылар пікірі біраз жайттан хабар береді.
«Жеті күн», Хабар
«Жеті күн» бағдарламасын бұл жолы Айбек Қосан жүргізді. Басты тақырып АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстанға сапары болды. Оның Тоқаевпен, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездескені, Орта Азия елдері сыртқы істер министрлерімен C5+1 форматында өткен жиынға қатысқаны туралы жүргізуші студияда баяндады. Блинкен кетерінде твиттерде «Қазақ елі» деп басталатын жазба қалдырғанына дейін айтты, тек осыдан кейін сюжетке кезек берді. Материал берілетін болса, алғысөзде мұнша ақпарат баяндаудың не қажеті бар?
Қорған Қонысбайұлы сюжетін Блинкен сапары Ресейдегі геосаяси ахуалға байланысты емес, екі ел бұрыннан маңызды серіктес екенін айтумен бастады. Бірнеше сарапшы бұл сапардың маңызына тоқталды. АҚШ-тың Орта Азиядағы Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан секілді мемлекеттерге назары ерекше екенін айтып өтті. Сарапшылардың бірі осыған дейін елімізге әр жылдары АҚШ мемлекеттік хатшыларынан кімдердің келгенін тізіп берді. Тоқаевтың сөзінен үзінді бар. Сонымен қатар, Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға салдары, АҚШ-тың Орта Азияға 25 млн доллар бөлетіні туралы Блинкеннің сөзі келтірілді. Сонымен қатар, АҚШ хатшысы Астанадағы Өнер университетіне барып, «Хабар» тілшісіне сұхбат берген, содан үзінді беріліп, сюжет аяқталды.
Өткен аптада Үкіметте көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі пысықталды. Келесі сюжет осы мәселеге арналды. Жергілікті сала маманы Сырдария өзеніндегі мұз көшкіні мен көктемгі жауын-шашын кезінде су көбейсе, оны бұратын арналар дайын екенін айтты. Үкімет отырысында Экология министрі қиындық жоқ десе, Төтенше жағдайлар министрі жергілікті әкімдер министрлік нұсқауын орындамай, көктемгі су тасқынына дайын болмай шығатынын жеткізді.
Сайлауалды үгіт-насихат барысына сюжет арналды. Әр партияның апта бойы қандай шара өткізгенін айтты, партия төрағаларының пікірі бар. Барлық жеті партия толық қамтылды.
Елімізде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Алғашқы күні екі мыңнан астам адам өтініш беріпті, несиені өтеп беруді уәде ететін алаяқтар көбейген. Сюжетте елімізде пайда болған алаяқтық түрлері, елімізде одан сақтанудың проблемалары туралы айтылды. Шетелде алаяққа алданғанның шығыны сақтандыру есебінен қайтарылады, елімізде мұндай мүмкіндік жоқ. Әрі қаржылық сауаты төмен халықты алдау оңай. Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі мектепке қаржы сауаты бойынша факультатив енгізу жұмысы жүріп жатқанын айтты. Сарапшылар, Ішкі істер органдары, банк саласының мамандары пікір білдірді. Тілші алаяққа алданбау үшін қаржы сауатына қоса медиасауаттың маңызды екенін алға тартып, сыни пайымдау жөнінде медиамаманнан сұхбат алғаны дұрыс еді. Өйткені алаяққа алдану қаржы сауатының аздығынан екені жаңалық емес. Бұл мәселенің түп-тамыры сыни пайымның төмендігінде де жатыр.
«Отандық автоөндірістің ахуалы» сюжетінің атауына қарасаң, еліміздегі автоөнеркәсіп саласына толық талдау жасауы тиіс еді. Іс жүзінде олай болмай шықты. Қостанайдағы Allur group компаниясының пиар сюжетіне айналды.
8 наурыз мерекесі қарсыңында «Жеті күн» еліміздегі гүл бизнесіне қатысты талдамалы сюжет әзірледі. Елімізге шетелден жылына 4 млрд теңгеден астам сомаға гүл импортталады екен. Алғысөзде Қазақстанға қай елдер қанша тонна гүл әкелетіні монитордан көрсетілді. Сюжетте гүл бизнесінің қазіргі жағдайы туралы кәсіпкерлер пікір айтты. Сондай-ақ, кейіпкер оқиғасы бар: жылыжайда гүл өсірген кәсіпкер пандемия кезінде қызанақ егуге мәжбүр болған, енді бұрынғы кәсібін қайта қолға алған екен. Тұщымды мәліметке толы, тиянақты сюжет.
Sarap Тimes, Astana TV
Sarap Тimes бағдарламасының бас тақырыбы ит етінен ас әзірленген мейрамхана оқиғасына арналды. Ақмолалық азамат қаңғыбас иттерді ұстап, етін елордадағы бірқатар дәмханаға арзан бағаға өткізіп келген. Ішкі істер органдары бұл жағдайға қатысты шара қабылдады. Тілші дүңшіргектерде сатылатын тағам еті халал стандартына сай ма деген сауалнама жүргізген. Дәрігерден ит етінің адам денсаулығына зияны бар-жоғын, шариғатқа сәйкестігін сұрапты.
Пойыз ішінде санитарлық талап сақталмайтыны туралы сюжет берілді. Оған редакцияға келіп түскен көрермендердің шағымы түрткі болған. Жолаушылар вагон ішінен тарақан көріп, оны видеоға түсіріп, редакцияға жолдаған. Тілші вагондарды аралап, 30 жыл бойы елде пойыздардың азы жаңарғанын айтты. «Қазақстан темір жолы» компаниясы өкілінің түсініктемесі және ИИДМ маманының уәжі бар. Мәселе көтерген сюжет.
Энтони Блинкеннің Қазақстанға сапары тек үшінші сюжетте берілді. Блинкеннің Астанадағы кездесулері айтылды, Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Блинкеннің сөзінен үзінді бар. Сарапшы АҚШ мемлекеттік хатшысының Қазақстанға сапарын Ресей-Украина қақтығысымен байланыстырып, Қазақстанға бұл геосаяси мәселеде таңдау жасауы қажет екенін айтты. Тілші бұл сапарға батыс басылымдарының ерекше назар аударғанын айтып, бір-екі мысал келтірді.
Саясаттанушы Мақсат Жақау еліміздегі Мәжіліс пен мәслихат сайлауы алдындағы үгіт-насихат барысы туралы Саят Жөкенге сұхбат берді. Бағдарлама ортасында болатын әңгімені жүргізуші тұтқиылдан бастады, амандасу және қонағын таныстыру деген қарапайым эфир тәртібі сақталмайды. Көрермен сарапшының кім екенін титрдан ғана біледі. Сұхбаттың эфирдегі уақыты – 15 минут, бір бағдарламаның эфирлік уақытына пара-пар, қарапайым эфир этикасы сақталуы тиіс.
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қолданысқа енгені, алғашқы күні қанша адам соттан тыс банкроттық рәсімдеуге өтінім бергені туралы қысқа ақпарат болды.
10 ақпан күні «7-20-25» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктердің бірінде өтінім қабылдауға ашылған лимит аз уақытта таусылып, кезекте тұрғандар наразы болғаны еді. Sarap Тimes осы бағдарламаға бөлінген қаржы көлемі, өтінімі мақұлданғандар туралы сюжет ұсынды. Банк және бағдарлама операторы өкілінің пікірі бар. Кезекте тұрып, өтінім бере алмаған тұрғындардың да ренішін көрсетті. Ал сарапшы бұл бағдарламаның нарықтағы тұрғын үй бағасына ықпал еткенін айтты.
Бағдарламаның соңғы сюжеті коммуналдық қызметте жұмыс істейтін мамандар туралы болды. Ол – қар тазалайтын көлік жүргізушісі. Сюжетте оның әріптестері пікір білдіріп, жұмыс жайы туралы әңгімелеп берді.
«Айна», Еуразия бірінші арнасы
«Айна» бағдарламасын бұл жолы Гүлнәзия Жалғасқызы жүргізді. Алғашқы сюжет алғыс айту күніне арналды. Бағдарлама авторлары құтқару қызметінде жүрген мамандарға алғыс айту керек деген пікірде. Сюжетте жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру қызметі өкілдерімен бірге жұмысқа шыққан Ақбөпе Тәңірберген бұл саланың қиындығын айтты.
«Қазақстан халқына» қорының көмегі туралы Әсем Изатқызының сюжетінде әлеуметтік жауапкершілік сақталмады. Мүмкіндігі шектеулі әрі сырқат балалар туралы материал дайындаған ол арнайы орталықта түсірілім жасап, бүлдіршіндердің бетін ашық көрсетеді. 13 жасар баланың тағдырын баяндап, одан сұхбат алған. Қордың балаларға қамқорлығы туралы айтқысы келген.
Соңғы кезде «Айна» бағдарламасы медицина тақырыбында жиі сюжет әзірлеп жүр. Бұл жолы сүт безі обыры туралы материал әзірленді. Мамандар бұл дерттің жасарып бара жатқанын айтады. Оның алдын алу үшін скринингтің маңызына тоқталды. Қатерлі ісіктен емделген жаннан сұхбат алған. Онколог-маман аты жаман аурудан айыққаннан кейін қалай бала көтеруге болатыны туралы айтты. Сондай-ақ, сырқаттың алғашқы белгілері туралы дәрігердің маңызды нұсқауы бар.
«eGov куәгерінде» 50 жастан асқандарға арналған «Күміс жас» жобасы және оған қатысу шарттары туралы айтылды. Еліміздің бірқатар өңірінде арнайы санаттағы қыз-келіншектерге 8 наурызға сыйлық ақы беріледі екен.
Сайлауалды науқан туралы ақпарат берілді. Редакция барлық 7 партияны қамтыды.
Бағдарламаны әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдары аяқтады.
Apta, QAZAQSTAN
Әлемдік БАҚ АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Бликеннің Қазақстанға сапары мен оның президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздерін ерекше назар салды. Apta бұл оқиға туралы жазған шетелдік басылымдардың бірнешеуін мысалға келтірді: «Блинкен Қазақстанның егемендігін қолдайды» деп жазды FrancePress24. Сюжетте екі елдің серіктестігі мен қазіргі геосаяси ахуал жайлы айтылды. Тоқаевтың, Блинкеннің синхроны және бірнеше сарапшының пікірі бар.
Шымкентте мемлекет басшысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті, екі ел басшылары мемлекеттердің қазіргі серіктестігі мен оны нығайту жайын талқылады.
Қазақстандық мұнайдың алғашқы партиясы – 20 мың тоннасы «Достық» мұнай құбыры арқылы Германияға жөнелтілді. Бұл – еліміз үшін аса маңызды оқиға болғанымен, сюжет арналмады. Сарапшы Рашид Жақсылықов осы жағдайдың саяси-экономикалық тиімділігі туралы айтып берді.
Украинадағы соңғы жаңалықтар мен арнайы операциялар туралы сюжет ұсынылды: әскери сарапшылардың болжамынша, күн жылыған уақытта қақтығыстағы екі тарап та шабуылды күшейтпек.
Сайлауалды дебат және партия өкілдері нені даулады, 7 партияның үгіт-насихат шаралары туралы шолу-сюжет әзірленді.
Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығына өтінім қабылдау басталды. Келесі танымдық сюжет осы жайттың қазіргі ахуалы жайында болды. Кейіпкерлердің оқиғасы мен сарапшылардың пікірі бар. Өзекті тақырып.
Елімізде онкологиялық аурулардың статистикасы өсіп барады. Сюжетте қатерлі ісік ауруларын диагностикалау мен емдеудің проблемалары көтерілді: өңірлердегі жағдай тіптен мүшкіл.
Келесі танымдық сюжет креативті индустрия мен оның елімізде неліктен дамымай отырғаны туралы болды. Идея көп. Сарапшылар бұл саланы реттеудің кешенді жоспары жоғын алға тартады.
Qazaqstan арнасы 65 жылдығын тойлады. Астанада «Қарашаңырақ. Қазақ телевизиясына 65 жыл!» атты мерекелік шара өтті. Соңғы сюжет осыған арналды.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.