Бұл аптада халықаралық жаңалықтарға шолу басымырақ болды: әлемде мұнай және газ бағасының қымбаттауы, Түркиядағы президент және парламент сайлауы, Си Цзиньпиннің ҚХР төрағасы болып қайта сайлануы және тағы басқалары. Еліміздегі әлеуметтік мәселелер де апталық бағдарламалардың назарынан тыс қалған жоқ: қоқыс полигондары мен қалдықты қайта өңдеу, ажырасу, әйел мен бала тағдыры.
«Жеті күн», Хабар
«Жеті күн» алғашқы ұзақ сюжетін президенттің Батыс Қазақстан облысына сапарына арнады. Мемлекет басшысының өндіріс орындарын аралағанын айтып, «Қарашығанақ» зауыты салынатыны туралы жаңалыққа ерекше мән берді. Cарапшы пікір білдіріп, бүгінге дейін Орынборда өңделіп келген газ елімізде өндіретін мүмкіндік туса, көршідегі зауыттан оқшауланатынымыз туралы айтты. Кезінде көпшілікті автобуспен жүруге шақырып, сынға қалған Энергетика министрінің бұрынғы штаттан тыс кеңесшісі Олжас Байділдинов сюжетке сарапшы ретінде сұхбат берді. Президенттің жастармен және ғалымдармен кездескені, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагерінің үйіне барғаны туралы айтылып, сюжет аяқталды.
Си Цзиньпинь ҚХР төрағасы болып қайта сайланды. Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жеделхатын жолдаған еді. Шығыстанушы Олжас Бейсенбаев осы оқиға туралы пікір білдірді. Қытайда билік басында екі мерзімнен артық отырмау туралы шектеу «Си Цзиньпиннің ыңғайына қарай өзгергені» айтылды.
Жүргізуші бұл мәселеге бекер тоқталмаған екен, ел Конституциясына 6 рет өзгеріс енгізілгенін айтты. Алғашқы бесеуі елімізді «суперпрезиденттікке айналдырса», соңғы өзгеріс керісінше президент құзыретін шектеген.
Келесі сюжет президент пропагандасы іспеттес. Конституцияға енгізілген өзгерістер де осы материалға алғысөз еді. Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылы 16 наурызда Жолдау жасап, бірқатар міндет қойды. Сол тапсырмалардың орындалғаны айтылды. Тілші Индира Жылқыбай реформалар туралы айта келе, «Жаңадан құрылған облыстардың өз бюджеті бар. Ал ақша бар жерде жұмыс бар» деп қайырды. Бұл өңірлердің жергілікті бюджет қоры қанша, аймақты дамытуға жеткілікті болып-болмайтынын талдау керек еді.
Партиялардың үгіт-насихат науқаны туралы сюжетте әдеттегідей атқарылған іс-шаралар қамтылды.
«Банктің пайызы түбі жоқ құдық сияқты. Ай сайын төлем жасап, біраз уақыттан кейін қарызым қанша деп қарасаң, қаққан қазықтай бір орнынан қозғалмағанын көресің» –жүргізушінің сөзі қаржылай сауатты, кәсіби журналистің айтуына ұят әрі кликбейт элементін қолданып, көрермен тартуға негізделген. Өйткені несие пайызының шегін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекітеді. Оның үстіне, кез келген адам несиені төлеу тәртібімен танысады. Несие пайызы мен негізгі қарыз сомасын қалай өтеу керектігінен хабардар болуы тиіс. Сарапшы пікірі бар.
Мемлекеттік кірістер комитетінің ел азаматтарының шетелдегі шоттары туралы ақпарат берілді.
Бұдан кейін жемқорлықтан тәркіленген қаражатқа білім ордалары салынатыны туралы ақпаратқа ойысып, мектеп тапшылығы туралы сюжет берілді. Бала саны көп бірнеше мектептің жағдайы айтылды. Сарапшы шетелде жасырған қаржыны елге әкелудің оңай еместігін атап өтті.
«Жеті күн» былапыт сөзге тиым салып, тілдің лексикалық тобы – бейпіл сөздерден ажырап қалуға алаңдайды. «Әдепсіз әдет» сюжеті жаңа заң туралы жұрттан пікір алудан басталды. Заңгердің, Сенат депутатының, Ішкі істер министрінің комментарийі бар.
Sarap Times, Astana TV
Sarap Times былапыт сөзге айыппұл салу мәселесін басты тақырып етті. Құрылымы жағынан «Жеті күн» сюжетіне ұқсас. Бірақ, Astana TV тілшісі стендап арқылы қай кезде айыппұл салынуы мүмкін екенін түсіндіруге тырысты.
Азық-түлік бағасы қымбат, инфляция жоғары. Үкіметтің шамасы жетпей жатыр. Осы мәселе туралы келесі сюжет негізінен көптің пікірінен құралған, Үкімет отырысындағы Премьер-министрдің сөзінен үзінді бар. Ұзақ сюжет болғанымен, мәселені тиянақты саралау кемшін болды.
Жүргізушінің айтуынша, сағатына шамамен 7 жұп ажырасады екен, оның себебі қымбатшылық, қаражат тамақтан артылмацды. Ажырасуға бұдан өзге себептер болуы мүмкін екені айтылып, сюжетке кезек берілді.
Сюжетте сарапшылардың, психолог, әлеуметтанушы мамандардың көмегімен ажырасу себебіне үңілді. Отбасылық зорлық-зомбылық туралы да айтылды. Тілшінің кадр сыртындағы мәтініне әйел адамды соққыға алып жатқан бейне-кадрлар берілді. Әрине, бұл иммитация екені белгілі. Дегенмен, зорлық-зомбылық кликбейт тақырыптардың бірі екенін ескерсек, автор көрермен тарту үшін әдейі осындай кадр қолданғандай көрінеді. Оның үстіне «отбасын құру оңай шаруа емес» деп басталатын кадр сыртындағы мәтінге таяқ жеп жатқан әйелдің видеоқатарын қою қисынсыз. Бұл бейнелер зорлық-зомбылықты дәріптеп тұрғандай әсер қалдырды.
Саят Жөкен сайлауалды үгіт-насихат барысы туралы саясаттанушы Дәурен Базаровтан сұхбат алыпты.
Астанадағы перзентханалардың бірінде еңбектенетін акушер-гинеколог туралы сюжет берілді. Бұл бағдарламада әр саладағы еңбек адамы туралы материал әзірлеу дәстүрі қалыптастып келеді. Өткен аптадағы шығарылымда да болған.
Astana TV арнасына 30 жыл толды. Соңғы сюжет осы мерейтойға орайластырылды. Телеарна туралы көлемді материал берілді.
«Айна», «Еуразия бірінші арнасы»
«Айнаның» алғашқы сюжетін Ақбөпе Тәңірберген әзірледі. Ол жүргізуші Асаубек Айымбетовпен бірге эксперимент жасап, көшеде әйелдерге гүл сыйлайды. Әйелдердің түрлі салада жұмыс істейтінін, мереке күні демалмай, қызметте жүрген арулар барып айтып, астарлай мәселе көтерген тартымды сюжет.
Әйелге жасалатын зорлық-зомбылық проблемасы көтерілді. Әсем Изатқызы дағдарыс орталығына барып, күйеуінен зәбір көрген жанның, баласымен жалғыз қалған ананың әңгімесін тыңдап қайтты. Елімізде қанша отбасында зорлық-зомбылық жасалатыны туралы статистика, дағдарыс орталығы басшысының пікірі бар.
«Екпені елемесең, еңірейсің!» Сюжеттің алғысөзінде вакцинаны жақтайтындар мен даттайтындардың пікірі тыңдалды. Дегенмен, сюжеттің тақырыбы біржақты үндеп тұр. Айта кету керек, «Айна» медицина тақырыбына ұдайы көңіл бөліп келеді. Сюжетте дәрігерлер балаға екпе салдырмаудың зардабы және екпеден кейін күтінудің маңызы туралы пікір білдіріпті.
«eGov куәгері» тұрғын үй кезегі біріктірілетіні туралы ақпаратты түсіндірді. ИИДМ министрлігінің сарапшысының жауабы бар. Үй кезегіне жергілікті әкімдік емес, «Отбасы банк» тіркейді. Оған қатысты Идустрия министрінің пікірі бар. «Наградталған аналар» ұғымы туралы Еңбек министрінің де түсініктемесі берілді.
«Айна» бағдарламасы партиялардың сайлауалды үгіт-насихат шараларына шолу жасады. Бағдарлама әдеттегідей «Хайпқа бұйырмаңыз» айдарымен аяқталды.
Apta, QAZAQSTAN
Apta бұл аптада халықаралық масштабта болып жатқан жаңалықтарға көп сюжет арнады. Бағдарлама Еуропада энергетикалық дағдарыс туралы ақпардан басталды. Нидерланды биржасында газ бағасы қымбаттады: 1000 текше метріне 516$. Сюжет болмады.
Алғашқы сюжет Тоқаевтың Батыс Қазақстан облысына жасаған сапарына арналды. Мемлекет басшысы мұнай-наз және көлік құрастыру өндірісімен айналысатын кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Президентке «Қарашығанақ» жобасы таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа газ зауытын салудың маңызын атап өтті. Apta журналисі өңірдегі кәсіпорындарға арнайы барған екен, сәтті стендаптар болды.
Бұдан соң Сауд Арабиясында мұнай бағасы қымбаттағаны айтылып, экономист Мақсат Сералы бұған қазіргі геосаяси жағдайдың ықпалын талдап берді.
Келесі сюжет Украиндағы жағдайды баяндады: Ресей Киев, Харьков қалалары мен бірқатар облысқа әуеден шабуыл жасады. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар. Ресейдің қорғаныс министрлігі бұл әрекетін кек алу деп мәлімдеді.
Си Цзиньпин үшінші рет КХР-дың төрағасы болып сайланды. Қытайтанушы Айболат Дәлелхан бұл оқиғасын маңызын түсіндіріп берді.
Режеп Тайип Эрдоған президент және парламент сайлауын өткізуге дайындалу жөнінде бұйрыққа қол қойды. 14 мамыр Түркияда сайлау өтеді. Сондай-ақ, Анадолы елі Ресейге жөнелтілетін санкциялық тауарлар транзитіне шектеу қойды. Бағдарламаның Түркия мен Ресейдегі арнайы тілшілері осы жағдайды талдауға тырысқан.
Тбилиси халқы шетел агенттері туралы заңға қарсылық білдіріп, митиңге шықты. Бұл құжатты билік 7 наурыз күні қабылдаған болатын. Тұрғындар аталмыш заң Грузияның еуроинтеграциялануына кедергі деп санайды. Жаппай шеруден кейін Парламент екінші оқылымда заңды қабылдамай тастады.
Қазақстанда журналистерге шабуыл жасау фактісі бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалды, 22 адам ұсталды. Сюжет болмады.
Сайлауға аз уақыт қалды, кандидаттар белсенді, сайлаушылармен кездесулерін жалғастыруда. Шолу-сюжет болды.
Бағдарламаның екінші бөлігінде еліміздегі өзекті мәселелер көтерілді.
Еліміздегі қоқыс полигондары және қалдықтарды қайта өңдеуге не кедергі? Өскемендегі автоматтандырылған қоқыс сұрыптау зауытынан репортаж жасалды, проблеманың өзектілігі туралы көп сарапшы пікір айтты. Экология министрлігінің өкілі салаға субсидия беруді қайта қолға алу керегін алға тартты.
Қазақстандық құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожинаның АҚШ мемлекеттік хатшысының «Батыл әйел» халықаралық премиясын алғаны туралы ақпарат болды.
Соңғы сюжет еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына арналды. Дағдарыс орталығындағы әйелдердің оқиғасы бар. Сарапшылар гендерлік теңдік, заңды күшейту, тең құқық және тағы басқа жөнінде пікірін ортаға салды. «Психолог Ержан Мырзабай әйелдерді емес, ерлерді тәрбиелеу керек деп санайды» деген «тың» ой айтылды.
Бағдарлама соңына қарай жүргізуші 8 наурыз қарсаңында Алматыда осымен 2 жыл қатарынан феминистердің митиңгі өткенін айтты. Сюжет болмады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың белсенді әйелдермен кездесіп, мерекемен құттықтағаны жайлы ақпаратпен хабар аяқталды.
«Жаңа репортер» редакциясы қазақстандық телеарналардың қорытынды бағдарламаларына тұрақты мониторинг жүргізіп, апта сайын шолу жариялайды.